КӨРКЕМ ПУБЛИЦИСТИКАНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ
Мырзахмет Балхия Серікбайқызы
Жарылқасын Отарбаев атындағы
қазақ орта мектебі, Сарысу ауданы, Қазақстан
Республикасы
Адамзаттың
асыл қасиеттерінің бірі - сөз өнері. Сонау көне
замандардан бастап қазірге дейінгі адам ақыл-ойының
маржандары сөз арқылы бізге жетті. Өмірде болған небір
оқиғалар мен құбылыстарды, тіршіліктің алуан
түсті бояулары мен айшықтарын келер ұрпаққа
жеткізетін де сол өлмейтін сөз.
«Бір нәрсе турасындағы
пікірімізді, яғни қиялымызды, яки көңіліміздің күйін
сөз арқылы жақсылап айта білсек, сол сөз өнері
болады. Ішіндегі пікірді, қиялды, көңілдің күйін
тәртіптеп қисынын, қырын, кестесін келістіріп сөз
арқылы тысқа шығару – сөз шығару болады.
Шығарма дегеніміз - осылай шығарған сөз...» -деп жазыпты Ахмет Байтұрсынов.
Публицистика да - сөз
өнерінің үлкен бір саласы. Ол - көркем әдебиетпен
бірге туып, қалыптасып, өсіп, өркендеп келе жатқан
шығармашылықтың ерекше бір тармағы.
Өткеніміз бен бүгінімізге
тәуелсіз ел тұғырынан қарайтын бақытты
күндер туды. Қазақтың публицистикасы қазақ
халқының өсіп-өркендеу жолындағы жолбасшысы,
ойсерігі, бағдаршамы іспеттес. Ұлттық публицистика
өнеріне неғұрлым шынайы, неғұрлым еркін
қарап, бағалап, парықтау мүмкіндігіне жол ашылып отыр.
Бұл қажеттіліктен туған мүмкіндік, әрі мүмкіндіктен
туған қажеттілік.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев
өзінің мемлекеттік тіл туралы бір толғанысында:
«...Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай
қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған,
өмірдің кез-келген орайында әрі қару, әрі
қалқан, әрі байырғы, әрі мәңгі жас,
отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін
бұл дүниеде қымбат не бар екен!?" [2,38 б.] - деп
тебіреніпті. Сол туған тіліміздің барлық
қадір-қасиетін "бойына сіңірген қазақ
публицистикасы еліміз жүріп өткен ұзақ жолдың
шежіресі бола білді. Жұрт қиналса, демеу болып, жігер отын жандырды,
намыс рухын оятты, ұлт қуанса, медеу болып жарқын жолға
бастады, биік белестерді бағындыруға шақырды. Сөйтіп,
қазақ публицистикасы
ұлттың рухани байлығының ажырамас бөлігіне
айналды. Оның ғажаптығының өзі сонда -
публицистика белгілі бір кезеңдегі болған белгілі бір нақтылы
оқиғаны айна-қатесіз бүгін көз
алдымызға" әкеледі. Сол кезде не болды, қалай болды,
кімдер өмір сүрді, олар қандай әрекет, мінез
көрсетті? Міне осы сауалдардың бәріне публицистикалық
шығармалардан жауап таба аламыз. Өткенді бүгінге,
бүгінді болашаққа жалғап тұрған
ақиқат көпірін көргіңіз келсе — ол публицистика
өнері.
ХХ ғасыр басындағы ұлт
тәуелсіздігі жолындағы саяси күреске шыққан
қазақ зиялылары публицистиканың
қоғамдық-саяси ой-пікірге тигізер орасан зор әсерін дер
кезінде зерделей білді. Сондықтан ХХ ғасыр басындағы
қазақ жазушылары, ақындары, жалпы ұлттық
әдебиет пен мәдениет қайраткерлері ішінде бұл
жанрға қалам тартпағандары сирек болды.
Әдебиеттің осы жауынгер жанры арқылы олар ғасыр
басындағы ел тіршілігінің ауыр халін барша жұртшылыққа
баян етіп, жоғары үкімет орындарына жеткізудің,
қараңғылықта қалған халқын оятып, оқу-білімге,
алдыңғы қатарлы елдер мәдениетінен
үлгі-өнеге алуға шақырудың, азаттық жолында
тәуелсіз мемлекет болу арманын жүзеге асырудың
құралы етті.
"ХХ ғасырдың басындағы
әдебиет өзінің даму жолында... бұрын
қалыптасқан гуманистік, демократтық, ағартушылық,
реалистік сыр-сипаттарды сақтап, дамыта алды. Әдебиет
өкілдері ұлт ойшыл ақын Абайдың реалистік
дәстүрлерін жалғастырды, байытты, халықты
жаңалыққа, прогреске шақыратын бүкіл
азаматтық сарындарды күшейтті, көркем сөз қорын
поэзия, проза, публицистика, драматургия жанрларымен молайтты" деп
әдебиеттанушы-ғалым Ш.Қ. Сәтбаева кезең
әдебиетінің даму ерекшеліктерін нақты сипаттағандай зерттеу нысаны болып отырған
тақырып өзегі қазақ публицистикасының
қалыптасуымен ерекшеленеді. Осы екі әдеби жанрдың басы-қасында
болып, қазақ әдебиетінде елеулі құбылысқа
айналуына зор үлес қосқан ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялы
қауымы көшбасшыларының бірі, аса көрнекті ғалым,
ақын, жазушы, аудармашы, публицист, ағартушы, әдебиет
зертеуші тіл білімінің реформаторы А.Байтұрсынов
"Әдебиет танытқыш" атты классикалық ғылыми
еңбегінде ұлттық әдебиеттанудың ғылыми
негіздері мен әдістемелік арналарын, басты терминдері мен категорияларын
қалыптастырғаны белгілі. Ғалым осы кітабында
әдебиеттің барлық жанрлары мен көркем терминдеріне байланысты
орысша атауларға мән-мағынасын дәлме-дәл беретін
қазақша баламалар жасап берді. Осы ретте публицистиканы
"көсемсөз" деп, нақ баламасын тапты.
Жалпы қазақ публицистикасын
зерттеу ісінің басы-қасында журналистика ғылымының
негізін салушы көрнекті ғалымдар, әдебиет, сөз
өнері тарихын зерттеген білгір мамандар Х.Бекхожин мен Т.Амандосов болып,
ерекше еңбек сіңіргенін айтқан жөн. Екеуі де тікелей
ұлттық журналистиканың қалыптасып даму тарихын жазу
ісімен айналысқанымен осы салаға да, әдебиетке де ортақ
жанр-публицистика мәселесін назардан тыс қалдырмай, қоса
қабат зерттеді. Х.Бекхожин "Қазақ
баспасөзінің даму
жолдары" атты монографиясын да тұтастай дерлік қазақ
публицистикасы туралы сөз қозғамағанымен
ұлттық көркемсөз өнері тарихында осы жанрға
алғаш қалам тербеген
Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин еңбектеріне тоқталып етті. Ал,
Т.Амандосов өзінің "Қазақ совет
баспасөзінің жанрлары" және "Публицистика -
дәуір үні" атты монографияларында кеңестік кезеңдегі қазақ
публицистикасының дамуы мен жанрлық ерекшеліктерін зерттеу нысаны
етті.