Шалбаева Макпал Молдабаевна
АӘИУ «Жалпы педагогика» кафедрасының І курс магистранты
Алдиярова Сұлтанбибі Мүсілімқызы
М.Тынышбаев атындағы ҚККА Шымкент Көлік Колледжі
«Оқушыларды көркем еңбек арқылы талғамын
арттырып,
қолөнерге баулу»
Қоғамның
қазіргі кезеңде мектеп алдына қойып отырған негізгі
міндеті - жастарға әлемдік ғылым мен прогресс деңгейіне
сәйкес білім мен тәрбие беру, оның рухани байлығы мен
мәдениеттілігін, ойлай білу мүмкіндігін, инабаттылық
қасиетін жетілдіру, сонымен қатар әр адамның
кәсіби біліктілігі мен білімділігін, іскерлігін арттыру. Осы міндетті
жүзеге асыруда көптеген іс-шаралардың атқарылып
отырғанын көпшілік қауым, әсіресе педагогтар қуаттайды.
Қазақстан
Республикасының Білім министрлігінің тәлім-тәрбие
тұжырымдамасында: «Ұлттық мәдениет пен өнер
негізінде жан-жақты тәрбие беру, сұлулыққа,
тазалыққа үйету, адамзат қоғамындағы
бұрын-соңды жасалмаған мәдени мұраны жүйелі
меңгеруге жалпы әлемдік рухани игіліктерді бағалай білуге
тәрбиелеу» жақтары нақты қарастырылған.
Адамның жеке басының
қалыптасып, саналы еңбек ететін азамат болып өсуіне ата-баба
мұрасының мол байлықтарын сақтай білу,
дәстүріміздің, салтымыздың,
қолөнеріміздің жақсы жақтарын бойларына
сіңіре отырып өсіру қажеттігінен туындайды. Қоғам
байлықтарының барлығы да адамның еңбегімен
жасалады. Міне осы халқымыздың тәрбие негіздерін жалпы білім
беретін мектептерде болашақ ұрпағымызды ұлттық
қолөнерге баулуда оқу-тәрбие үрдісіне терең
енгізе оқыту бүгінгі күннің өзекті
мәселелерінің бірі болып отыр.
Халықтың
дүниені танып білуі, өзі өмір сүріп отырғын
ақиқат дүниеге деген көзқарасы күнделікті
тұрмыс-тіршілігіндегі, шаруашылығы мен кәсіби
қызметіндегі тәжірибеге негізделген. Қандай да болсын белгілі
бір зат пен құбылысты тану, оның сыртқы бейнесі мен
адамға тигізетін пайда-зиянын ажырата білу, оның түрлі
әсерін бақылап, түйсіну, күнделікті тәжірибеде
қолданудың нәтижесінде жүзеге асады. Танылған
заттар мен құбылыстар айрықша қасиеттеріне,
өзіндік ерекшелігі мен пішініне, адам санасында қалдырған
әсеріне қарай белгілі бір атауға ие болады.
Бұрынғы тұрмыстағы адам ақыл-ойы мен
еңбегінің арқасында жасалған сан алуан заттар,
бұйымдар, құбылыстар халқымыздың
этнографиялық мұрасы болып табылады. Олай болса этнографизмдер дегеніміз -
этнографиялық заттар мен құбылыстардың атауы.
Басқаша айтқанда, «этнографизмдер дегеніміз - өткен
тұрмысымызда болған, көбі әлі де қолданылып келе
жатқан тұрмыстық бұйымдардың, белгілі бір
кәсіпке, шаруашылыққа, салт-дәстүрге,
әдет-ғұрыпқа, наным-сенімге, баспанаға,
киім-кешекке, ішер асқа, туыстық қатынасқа, ел билеу
ерекшелігіне, заң тәртібіне, әдеттік правоға байланысты
қолданылатын, халқымыздың тұрмыстық және
тілдік өзіндік ерекшелігін көрсететін арнаулы атаулар мен сөз
тіркестері» [1,18].
Негізгі
күнкөріс көзі мал шаруашылығы болған
ата-бабаларымыздың киімін тігетін көне материалдарға,
негізінен қой терісі мен
оның жүнімен қоса түйе, ешкі жүні жатқан.
Ал ХҮІІІ ғасырда киім тігілетін айрықша материал ретінде
матаның ерекше бағалануын орыс елшілерінің қымбат
маталарды қазақтың хан-сұлтандарына, беделді адамдарына
сыйлық есебінде ұсынғанынан байқауға болады. Халық
шығармашылығының қандай түрі болса да,
халық өмірімен, сол халықтың қоғамдық
тарихымен, күн көрісімен, кәсібімен тығыз байланысты.
ХІХ
ғасырдың екінші жартысында қазақ даласында
қазақ ағартушылары Ш.Уәлиханов,
А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин ұлттық тәрбиені
әлеуметтік процесс дәрежесіне көтеру мақсатын
алға қойды. Бұл міндеттерді тәрбиенің
құрамды бөліктері ретінде алып қарауға болады. Ол
еңбек тәрбиесі, адамгершілік, ақыл-ой, эстетикалық
(әсемдік), дене және идеялық-саяси тәрбиенің
ықпалын күшейте түсу болып табылады.
Бүгінгі заман
талабына сай жастарды ұлттық қолөнерге баулу маңызды мәселелердің бірі
болып отыр. Қоғамның даму барысында мәдени,
экономикалық, саяси жағдайлардың бәрі, ұлттық
психология мен көзқарас адам сана сезімінің дамуына үлкен
әсер етеді. Қай халықтың болмасын қолөнері,
оның тарихынан, әдет-ғұрып,
салт-дәстүрлерімен қатар өркендеп, дамиды.
Сондықтан жас жеткіншектерді халқымыздың мазмұнға
бай тәрбиесі негізінде өсіруге, ой-өрісін, жоғары
эстетикалық тағлымын, биік адамгершілік тұлғасын
қалыптастыруға көп көңіл бөлу шарт.
Қазіргі кезде
сол ұлттық қолөнерді жас ұрпақтың
бойына дарытып, үйрететін мектептерде жүргізілетін технология пәні.
«Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген халық
даналығын басшылыққа алып, жас ұрпақты
тәрбиелеуде, дамытуда, қалыптастыруда халқымыздың
ғасырлар бойы қалыптасқан тәрбие құралдарын
(тіл, дін, өнер, үлгі-өнеге) орнымен пайдалану бүгінгі
күн үшін де өте маңызды.
Мектеп
қабырғасында оқушыларға ұлттық-қолданбалы
өнерді үйретуде әсіресе еңбек технологиясы
пәнінің үлесі зор. Бұл пәндер үшін
әдістемелік нұсқаулар, оқу құралдарын
дайындау және лабороториялық жұмыстарды өткізу
деңгейіне сәйкес шеберханаларды, зертханаларды жабдықтау
мәселелері туады. Оқу шеберханаларында өтетін технология
сабақтары еңбекке баулудың негізгі міндеттерін шешуге
және оның мақсаттарына жетуге мүмкіндік береді. Адамның
жан-жақты және үйлесімді дамуында еңбек шешуші
факторлардың бірі. Ал халық педагогикасында еңбекті
бүкіл тәрбие жүйесінің күре тамыры деп
қарастырады. Адам еңбексіз дамымайды, кері кетеді, азады. Еңбек
арқылы адамның денесі, көзқарасы, эстетикалық
және ақыл-ой деңгейі дамып, жетіледі, еңбектің
мәні және құндылығы арта түседі.
Балалар мен
жастардың еңбек тәрбиесі ежелден-ақ ата-ана парызы,
бүкіл халық міндеті болды. Оқушылардың еңбек
сабақтарын ұйымдастыру мәселелерін, халықтың ұлттық
өнерін, тарихын көптеген ғалымдарымыз
Ә.Марғұлан, Ө.Жәнібеков, Х.Арғынбаев,
С.Қасиманов, Ғ.Иляев, А.Ғалымбаева, А.Мұқанов
және т.б. зерттеп, ізденудің нәтижесінде көптеген еңбектер
жарыққа шықты.
Оқушыларға
білім беру және тәрбиелеу мәселелерін Т.Ильина, Ю.Бабанский,
И.Харламов, Ж.Қоянбаев, Қ.Қожахметова және т.б. зерттесе,
оқушыларды еңбекке баулудың психологиялық,
физиологиялық мәселелерін Қ.Жарықбаев,
Ә.Тәжібаев және т.б. зерттеген.
Еңбек
сабақтарында оқушыларды қолөнеріне баулу және
сәндік қолданбалы өнер негіздері бойынша
М.Қозыбақов, Ш.Әбдуалиева, С.Жолдасбекова, Б.Ортаев, т.б.
зерттеу жұмыстарын жүргізген.
Оқушының
көру және есту қабілеттерін есте сақтауда, белгілі
ағартушы, ғалым Ы.Алтынсариннің пікірінше,
педагогикалық жұмыстың ең маңыздысы- еңбек
өнімділігі. Шығармашылық қабілетті дамытудың
психологиялық, педагогикалық ерекшеліктері баланың бойында
ұтқырлықты дамытады екен. Психологтардың зерттеуі
бойынша әрбір жас жеткіншек тапсырманы оқытушының беру
жолдарына, түсінікті, ұғынықты етіп түсіндіруіне
байланысты меңгереді екен. Қабілеттілік – оқушының жеке
психологиялық ерекшелігі. Балаларды еңбекке психологиялық
және практикалық тұрғыдан ерте кезден-ақ баулу
қажет. Еңбек етуге әдеттену бұл, еңбек
тәрбиесі үшін өте маңызды. Мектеп
қабырғасындағы оқу үрдісі барысында балалардың
өзіндік қабілеттері шыңдала түседі. Ол да тікелей білімге байланысты, ал білім -
шығармашылықтың тірегі.
Мысалы, зерттеуші, ғалым
Ж.Қараевтың
«Деңгейлеп саралап, оқыту» технологиясы бойынша сыныпта еңбеккке баулу сабағын
қызықты етіп өтуге
болады. Өтілетін сабақты қызықты етіп өтуге
болады. Сабақтың түрі
- дәстүрлі, формасы:ұжымдық,
топтық, жеке, көрнекілігі - дайын әртүрлі
бұйымдар /себет, картина, гүлдер және т.б/ инетерактивті
тақта, суреттер, журналдар, пән аралық байланысы - бейнелеу өнері, сызу.
Сабақтың
барысы мен мақсатында ою-өрнектің
түрлері, олардың шығу тарихы туралы мәлімет беру
және ою-өрнек туралы мақал-мәтелдер жаттау, оның
қиындыларынан ою
құрастыру, атын атау.
Жалпы
ою-өрнекті бас киімді әсемдеу үшін,
көркемдеу үшін тігетінімізді оқушыларға
ұғындыру. Ата-бабадан мол мұра болып келе жатқан рухани
құндылықтарды оқушыларға ұғындыру
арқылы біз олардың қиялы мен шығармашылығын,
ойын, сөздік қорын дамытуға атсалысамыз. Қазақтың
ұлттық ою-өрнегімен таныстыра отырып, халық
өнерін қастерлеуге үйретеміз, ұқыптылыққа,
еңбексүйгіштікке, татулыққа тәрбиелейміз. Жалпы көркем
еңбек туралы мағлұмат береміз.
Қоғамдық дамудың қай
сатысында болсын, қоғаммен бірге дамыған қазақтың
қолөнері әр дәуірде өзінің өшпес ізін
қалдырып, әлеуметтік-көркемдік жағынан дәуір
тынысын қалт жібермей өзінің де ұлттық киім
үлгісі болсын, қай жерінде болмасын әсәсерін тигізіп
отыр. Ұлттық қолөнер халықтың
күнделікті тыныс-тіршілігін, таным-талғамын, түрлі
қайталанбас ерекшеліктерін бейнелеумен бірге халықты
эстетикалық жағынан тәрбиелеуге ықпал етеді.
Қазіргі кездегі қыз-келіншектердің сәнді киімдеріне
салынатын ұлттық нақыштағы ою-өрнектеріміз де
ата-баба дәстүрінен толықтай хабар беріп тұрады. Оған
келтіретін нақты дәлелдер тарихта аса мол. Көшпенді
өмір салтын ұстап, төрт түлік малына жайлы қоныс
іздеп көшіп-қонып жүрген ата-бабамыз үшін
ыңғайлы деп тапқан жаңа қонысында тігуге де,
керек бір сәтте жығуға да, түйеге артып жүруге де
тиімдісі киіз үй болғаны мәлім.
Қазақтың намыс туына
айналған Бауыржан Момышұлынан неден қорқатыны туралы
сұрағанда, ол кісі «бесік жырын айтпайтын келіндерден, ертегі айта
білмейтін әжелерден қорқатынын», - білдірген екен. Шынында да
бесік жырын, «әлди, әлди, бөпешімді» айтпақ
түгіл, ондай-ондайға
осқырына қарап, өз тілін өзекке теуіп тастап,
өзге тілде бала тәрбиелеп үйренгендердің мыңдап
саналуы - қазіргі қазақ қоғамының
шындығы. Ұлт болашағы ел егемендігімен тығыз байланысты
шешуі күрделі, өзекті мәселе екені белгілі. Ал қазақ
қолөнеріне байланысты атаулардың таңбалануы
ақиқат өмірімізбен тығыз байланысты.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі:
1.Арғынбаев Х.
Қазақ халқының қолөнері. - Алматы, 1987.
2.Шойбеков Р. Қазақ
зергерлік өнерінің лексикасы. - Алматы, 1993.
3.Қасиманов С.
Қазақ халқының қолөнері. - Алматы, 1995.
4.Шойбеков
Р. Қолөнер лексикасының кейбір қырлары // ҚР
ҰҒА Хабарлары. Филология сериясы. - Алматы, №3, 2006.
5.Кенжеахметұлы
С. Ұлттық әдет-ғұрыптың беймәлім 220
түрі. - Алматы, 1998.
6.Жылқыбаева А.Ш.
Салт дәстүрлердің тілдегі көрінісі. - Өскемен,
2004.
7.Фрумкина Р. Психолингвистика. -
М: 2001.