Жалғасбаева А.
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың
2-курс магистранты
Құжаттық мәтіндердің
зерттелуі
Ресми
құжаттардың, іс қағаздардың
халықтың қоғамдық өмірінде саяси, тарихи,
құқықтық, экономикалық, т.б. секілді маңызды рөл атқаратыны
аян. Құжаттар, іс қағаздары күнделікті тіршілікте
орын алып жатқан өмірлік құбылыстарды, сан алуан
оқиғаларды бұлтартпай дәлелдеуші, бақылаушы, түрлі ақпарат алмасулар
арқылы қоғамдық қызметтерді қадағалаушы, реттеуші
күшке ие екендігі белгілі. Ұлттық әдеби тілдің
қалыптасу процесіне ресми құжаттардың ықпал
еткені талассыз. Сонау V-Х ғасырдағы көне әдеби
жәдігерлерден құжаттар тілінің элементтерін
кездестіреміз. Орта ғасырлық
түркі мәдениетінен, Махмұд
Қашқаридың «Диуани Лұғатит-түрік»,
Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу Білік»,
Қожа Ахмет Яссауидың «Диуани Хикметі», т.б. әдеби,
мәдени мұраларда хандар жарлықтарының т.б.
құжат нұсқаларының элементтері
сақталғандығы туралы мол мәлімет алуға болады.
Деректерге
сүйенсек, қазақ ресми құжаттарының
үлгілері ХҮІІІ- ХІХ ғ.ғ. да кең
пайдаланылған. Патша әкімшілігінің
бұйрық-жарлықтарын жергілікті басқару органдарына,
қараша халыққа сол
аймаққа түсінікті, жергілікті тілде жеткізу, ел басқару ісін жеңілдету
мақсаты қазақ тілінде
ақпарат тарататын басылымдардың біртіндеп жарық көруіне
ықпал еткені белгілі. Бұның жарқын мысалы ретінде
Ташкентте 1870 жылы алғаш басылып шыққан «Түркістан
уәлаятының газеті», Омбыда 1882 жылдан бастап жарық
көрген «Дала
уәлаятының газеті», Троицкіде басылған «Торғай газеті»,
бертініректе жарық көрген «Айқап» журналы сынды
көптеген басылымдарды атауға болады. Бұл газеттердің
ең негізгі қызметі - патша
өкіметінің ресми көзқарастарын халық арасында
кеңірек насихаттау, биліктің бұйрық-жарлықтарын,
сот орындарының үкімдерін, Ресей және оған отар
елдердің қоғамдық, мәдени өміріндегі
жаңалықтарды, оқиғаларды, шаруашылық, сауда
хабарларын жазып тұру болғанымен, екінші жағынан қазақ
әдеби тілін дамытуға айтарлықтай септігін тигізді. Патша үкіметінің
Қазақстан жерін отарлау арқылы ел басқару билігін
қолына алуына байланысты әр аймаққа арналған
жарғылар шығарыла бастады. Орта жүз бен Сібірді мекендеген
қазақтар үшін 1822 жылы «Сібір қазақтары туралы
Устав» шығарылса, 1831 жылы Кіші жүз қазақтарын билеу
үшін «Ел басқарудың дистанциялық системасы» деген
құжат пайда болды. Қазақ тіл ғылымы
зерттеулеріндегі өткен ғасырларға тиесілі осындай
әрқилы жарғы, қарар, қаулы, рапорт, нұсқаулық, т.б. секілді құжаттар, сот
істеріне байланысты ереже, бұйрық, анықтама, т.б., жекелеген
адамдардың ресми органдарға жазған арыз, өтініштері,
хат, хабарлары сол кезеңдегі саяси-әлеуметтік жағдайды
сипаттауға септігін тигізумен қатар қазақ іс
қағаздары тарихының әріден бастау алып,
қалыптасқандығын көрсетеді.
Белгілі
тілші ғалымдар А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, М. Томанов,
Н. Сауранбаев, С. Аманжолов, Ә. Қайдар, Б. Әбілқасымов,
А. Ибатов, Р. Сыздықова, Д. Әлкебаева, т.б. қазақ тіл
ғылымына қатысты зерттеу еңбектерінде
құжаттық мәтіндердің тілдік ерекшеліктеріне
арнайы тоқталған. Аталған ғалымдар өз
еңбектерінде құжаттық мәтіндердің лексикалық қабаттарына,
сөз тіркестеріне, грамматикалық құрылысына
жан-жақты талдау жасаған.
Ғалым
Б. Әбілқасымов «Дала уәлаятының газеті»,
«Түркістан уәлаятының газеті» сынды басылымдарда алғаш
жарық көрген қазақша құжаттық
мәтіндердің тілдік құрылымын зерттей келе, сол
басылымдардағы құжаттарға ортақ негізгі
ерекшеліктерге тоқталады:
* Хатта
көптеген әкімшілік терминдерді қазақша түсінікті
етіп беруге тырысқан (служебные переписки – қызмет бабында
болатұғын қағаздар, должностные лица – лауазым иелері,
дело – іс, канцелярия – махкама, столоначальник – стол бастығы, т.с.с.).
Қазақ тілінің сол кездегі әлеуеті барлық
әкімшілік терминдерін аударуға жете бермеген. Сондықтан
кейбір әкімшілік атауларын не орысша (комиссия, генерал-гуернатор,
советник), не араб-парсы сөздерімен аударып берген (пограничная комиссия
– хыдудиа мекемесі, письмо – водитель – катіб, обьявляет – ағлан
қылады т.б.).
* Түркі
әдеби тілінің емле заңдылығына сай түбір мен
қосымшаның жігінде үндестік заңының
сақталмауы, сөздің соңғы буынына
қысаң дауыстылар орнына ерін дауыстыларының жиірек келуі,
араб-парсы сөздерінің негізгі тұлғасының
сақталып жазылуы сияқты мәселелер кездеседі. Көне
түріктік дүр, илан, лар тәрізді қосымшалар
ұшырасады.
*
Құжатта араб тілінің дәстүрлі -уа,
-һәм шылаулары қазіргі тіліміздегі және, мен
шылауларының қызметінің орнына жұмсалған.
*
Құжаттардың орфографиясында түркі әдеби тіл
әсері, яғни г орнына к, ш орнына ч, п орнына б жазу
дәстүрі сақталған.
*
Құжаттың синтаксистік құрылысында қазіргі
әдеби тіліміздің сөйлем жүйелерінен
өзгешеленетіндей жайттар жоқ. Сөйлемнің басқа
түрлерінен гөрі оның сабақтаса және араласа
байланысқан түрлері жиірек кездеседі.
* Аударма құжаттың тілі
жатық, сөйлем құрылыстары қазақ тілі
грамматика заңдылығына сай, лексикасы біршама таза. Орыс
тілінің әкімшілік терминдері қазаққа
түсінікті етіп аударылған [1; 99-100].
Ресми
құжаттар тілінің маңызды бөлшегін термин
сөздер құрайтыны
белгілі. Х1Х ғ. архивтік материалдардан табылған кей
құжаттардың бірсыпырасын жергілікті халыққа
түсініксіз кірме сөздер, ұғынуға күрделі
терминдер құрайды.
Бұған қарағанда Қазақстанның кей аймақтарында
құжаттар мәтініндегі олпы-солпылықтардың жетіп
артылатынын аңғару қиын емес. Зерттеуші Б.
Әбілқасымов осы мәселеге байланысты мынадай мысал келтіреді: «1808 жылы жазылған бір
құжат «Билет уа йахуд бүтүкнама» деп аталыпты.
Бұл құжат Орынбордың коменданты полковник Тарарикин
атынан Жайық өзенінің ішкі Бөкей Ордасына жаз жайлау үшін
өткен адамдарға берілген рұқсат қағаз
болғанға ұқсайды. Бұл құжат тілдік
жағынан өте ауыр, түсініксіз. Оның басты себебі,
лексикасының басым көпшілігі – араб және парсы сөздері.
Мәтіндегі 225 сөздің 113-і, яғни тең жартысынан
артығы – араб және парсы сөздері. Түркі немесе
қазақ сөздерінің саны 70-тей яғни 30-35%,
қалған 15 пайыздайы орыс сөздері мен ономастикалық
атаулардың үлесіне тиеді. Араб және парсы
сөздерінің ішінде сөйлеу тілінде айтылмайтын кәндір,
ғалишан, мужиб, бинан, азуланмиш, т.б. тәрізді лексемалар мен дахил
уа малақат, ғалиасиаға муафих сияқты сөз тіркестері
ұшырайды» [2; 31-32].
Құжат
мәтіндері мағыналық-құрылымдық
реңкінің тұрақтылығы мен тар шеңберлі
тілдік қолданысымен ерекшеленеді.Мазмұны обьективті және
баяндау мәнерінің бейтараптығы, қысқалығы,
ақпараттың толымдылығы мен
нақтылығы, тіл құралдарының бірізділігі
және терминдердің бірқалыпты қолданылуы
қатаң сақталу керек. Уақыт өткен сайын
мазмұндық сипатына қарай түрленіп, жаңарып
отырғанмен, тарихи тұрғыдан қалыптасқан
жанрлық түрлері, лексикасы мен фразеологиясы, синтаксистік
құрылымдары өз қалпында сақталады.
Ғалым
Б. Әбілқасымов ресми
құжаттардың қалыптасуына көршілес елдердің
тарихи ықпалы мен ХІХ-ХХ ғ.ғ. құжаттық
стильдердегі көне түркі әдеби тілдік, дәстүрлі
грамматикалық формаларын жоққа шығармайды. Зерттеуші
бұл жайлы: «Жалпы іс қағаздарының сыртқы формасы
мен стильдік жүйесі дүние жүзінің бірсыпыра тілдерінде,
оның ішінде көршілес елдер тілдерінде өзара ортақ
болатын тәрізді. Сондықтан қазақ тіліндегі ресми іс
қағаздарының қалыптасуына негіз болған көне
түркілік іс қағаздары үлгілері мен орыс тіліндегі іс
қағаздары үлгілері бірін-бірі жоққа
шығарған жоқ, қайта бірін-бірі толықтырып, тез
тіл табысып кетті.
Іс
қағаздарына тән ерекшелік – олардың негізгі баяндау
формасы мен стилінде тұрақтылық, дәстүр
жалғасы сақталатындықтан ХІХ ғасырдың екінші
жартысындағы, тіпті ХХ ғасырдың бас кезіндегі
қазақша іс қағаздарының тілінде көне
түркі әдеби тілдік, дәстүрлі грамматикалық
формалар мен сөз өрнектері көп уақыт сақталып
келді. Дегенмен олар уақыт озған сайын, қазақ арасынан
шыққан оқыған интеллигенттердің саны
көбеюімен байланысты өзгеріске ұшырап, ондағы
өзге тілдік элементтер халықтық формалармен алмастырыла
бастағанын көреміз», - дейді[1; 115].
Осылайша,
ХІХ ғасырдағы қазақша ресми іс қағаздары
стилінің қалыптасу жағдайын, өзіндік ерекшеліктерін
байқадық. Қазақ тіл біліміндегі біраз зерттеу
еңбектерге шолу жасау
арқылы ресми құжаттардың стандарттық
қалыпқа түскенін, формасының тұрақтала
бастағанын, мағыналық, құрылымдық
өзгешеліктерін бүгінгі іс қағаздары тілінің
тілдік құрылымымен байланыста, сабақтастықта екеніне,
қазақ тілі заңдылықтарына сай жетілгеніне көз
жеткіземіз.
Қазақ
тіл білімінде ресми стиль, оған қатысты іс қағаздары
үлгілері, оған тән лексика-грамматикалық ерекшеліктер,
терминдік қолданыстар туралы әртүрлі пікірлер, көзқарастар
бар. Белгілі тілші ғалымдар М.
Балақаев, Р. Сыздықова, Е. Жанпейісов «Қазақ
әдеби тілінің тарихы» атты оқулықта ресми іс
қағаздары үлгісіне бұйрық, циркуляр, үндеу,
указ, әр түрлі анықтамалық құжаттармен
қатар әкімшілік орындарына жазылған арыздарды, қызмет
орнындағы адамдардың өзара жазысқан хаттарын
жатқызады[3].
Зерттеуші
Н. Ерғазиева «Қазақ тіліндегі ресми іс қағаздары
стилінің қалыптасуы және дамуы» деген тақырыптағы
кандидаттық диссертациялық еңбегінде жалпы ресми
құжаттардың тілдік құрамы, лексикалық
ерекшелігі, оның ішінде ресми құжаттарға тән
терминдердің жасалу жолдары, қалыптасып, даму процесіне
көбірек назар аударады[4].
Құжат
мәтінін даярлағанда мамандар қазақ тілінде сөйлем
құраудың, сөз саптаудың ерекшеліктеріне
сүйенуге тиіс. Кейбір құжаттардың мәтінінде
бірізділіктің сақталмауы, жарыспалы сөздердің мол болуы
құжат тілін түсінуге ауыр болатыны бар. Бұл
мәселедегі қиындықтар, әсіресе, құжаттар
орыс тілінде дайындалып, қазақ тіліне аударылғанда көп
кездеседі. Бұл туралы аудармашы Б. Жағыпарұлы былай дейді:
«Айталық, «информационный центр», «инвестиционный фонд» деген
сөздер кейде «ақпарат орталығы», «инвестиция қоры»
болып, кейде «ақпараттық орталық», «инвестициялық қор» болып аударылып жүр.
Бұл жерде дұрысы соңғы нұсқалар.
Өйткені «ақпарат орталығы», «инвестиция қоры» деген
сөздерді орыс тіліне қайта аударар болсақ, «центр
информации», «фонд инвестиции» болып шығар еді. Осылайша аудармада
қосымшаларды дұрыс қолданбаудың салдарынан мәтінде
әртүрлі ала-құлалықтар да болып жатады. Мысалы,
«Единая система организационных и технических мер» деген тіркес
«Ұйымдастыру және техникалық шаралардың
бірыңғай жүйесі» деп те аударылып жүр.
Мұндағы «ұйымдастыру» және «техникалық» деген
сөздердің «шаралардың» сөзімен байланысатынын ескерсек,
«ұйымдастыру шаралардың»
деген сөздер бір-бірімен қабыспайтыны көрініп тұр,
демек дұрысы «Ұйымдастырушылық және техникалық
шаралардың бірыңғай жүйесі» болуға тиіс»[5; 31-32].
Терминдер
құжаттық мәтіндердің негізгі лексикасы, тілдік
бөлшегі екені белгілі. Термин сөздердің тууына
экстралингвистикалық факторлар әсер етеді, ғылым мен
техникалық өзгерістерден пайда болады. Термин жасаудағы
жаңа сөздер әдеби тілімізде бар әрі
қолданыстағы сөздер. Олардың жасалу жолдары
әртүрлі. Қазақ тіл білімінде термин сөздер:
-
семантикалық;
-
морфологиялық;
-
синтаксистік;
-
калькалау, т.б. тәсілдері арқылы жасалады.
Мұндағы
ескерерлік жай - термин сөздер жасалуымен қатар ғылыми
айналымға түсуінің, жалпыхалықтық
қолданыстан шықпауының, ұмытылмауының
қажеттілігі болу керек. Яғни номинативті-дефинитивтік
функциясының маңызы зор.
Бүгінгі
ғылыми-ақпараттық заманда қоғамдық
қажеттілікке сай электронды құжаттар пайда бола бастады.
Әлемдік тәжірибеде жетекші, ғылым-білімі озық
мемлекеттер іс қағаздарын электронды жүйеге
ыңғайластырып, осы бағытта дамуда. Әлемдегі рейтингі
жоғары мұрағаттар
болып: Австралия мұрағаты, онда Australian Standard Management,
1996 ж.; Дания SSD, яғни тарихи мәліметтерді зерттеулердің
сипаттау Стандарты, 1994 ж.; Ақпараттық қорларды сипаттайтын
(NDAD) Ұлыбритания мәлімет базасын сақтайтын
ұлттық электронды мұрағаты да өз стандартын
қабылдады.
ТМД елдері арасында, ең алғаш электронды құжаттарды
мемлекеттік сақтауға алған, осы бағытта өнімді
жұмыс жасаған Беларусь Республикасы болды. Онда 1996 ж. Беларусь
электронды құжаттаманың ғылыми зерттеу орталығы
құрылды. Ал, кейінгі уақытта Ресей Федерациясында да арнайы
электронды мұрағаттар пайда бола бастады. Олар: Чуваш
Республикасының электронды құжаттама орталығы,
Қалмық Республикасының электронды құжаттама
орталығы және Мәскеу қаласының электронды
тасымалдаушылардағы Орталық мұрағат.
Электронды
құжаттар Қазақстанда да саяси,
құқықтық, әлеуметтік және
мәдени-ағартушылық салаларда дәстүрлі
қағаздық нұсқамен қатар
жалпыхалықтық қолданысқа енді. Елбасы Н. Ә.
Назарбаевтың 2003 жылы қабылдаған «Мәдени мұра»
бағдарламасы аясында аудиовизуалды құжаттарды пайдалану ісіне
байланысты көптеген жұмыстар атқарылуда. Цифрлеу әдісі
арқылы ескірген құжаттардың көшірмелерін
сақтау, шет елден Қазақстан тарихына қатысты
көптеген маңызды құжаттарды қайтару ісінде
жұмыстар атқарылуда. Осы бағыттағы
Қазақстан Республикасының арнайы заңдары:
- «Электронды
құжат және электронды-сандық қолтаңба
туралы»;
- «Ұлттық мұрағат
қоры және мұрағат туралы» деп аталады.
Қазіргі
таңда лексикалық қорымыз қоғамдағы осындай
ғылыми-техникалық өзгерістерге байланысты пайда болып, тілдік қолданысымызға енген
«электронды құжат», «электронды қолтаңба», «электронды
үкімет», «электронды сайлау» т.б. секілді терминдермен толығуда.
Елдің
рухани, мәдени жағынан дамуында аудиовизуалды
құжаттардың әлеуметтік маңыздылығын
ескеруіміз шарт. Мұнда бүгінгі таңдағы
қазақ тілінің қоғамдық
қызметінің күшеюі, ақпараттық
қызметінің кеңеюі,
қазақ іс қағаздарының өзге дамушы
елдердегідей ыңғайлы электронды жүйеде жүргізілуі
сияқты әлеуметтік, қоғамдық-саяси мәні зор
мәселелер бар.
Ендеше,
электронды құжат деген не және оның түрлері
(киноқұжат, фотоқұжат, т.б.) қандай?Олардың
дәстүрлі қағаз құжаттардан ерекшеліктері
неде? Электронды құжаттардың негізгі стильдік ерекшеліктері?
Тілдік, мағыналық құрылымдық өзгешеліктері,
әдеби тілдің нормаларымен, синтаксистік, морфологиялық заңдылықтармен сәйкестігі,
мәтіндерде кездесетін терминдердің ғылыми дефинициясын
айқындау, т.б. секілді өзекті сауалдаралдағы
уақытта тілші ғалымдар
тарапынан зерттелуге тиісті
жұмыстардың мәселесі.
Пайдаланылған
әдебиеттер
1. Әбілқасымов Б. «ХІХ ғасырдың екінші
жартысындағы қазақ әдеби тілі» - Алматы, «Ғылым»,
1982.
2. Әбілқасымов Б. ХIХ
ғасырдағы іс қағаздардың тілі
жайында//Түркі тілдерінің грамматикасы: қазіргі ахуалы мен
болашағы. Алматы, 2010. – б.30-42.
3. Балақаев М., Сыздықова Р., Жанпейісов Е. Қазақ әдеби тілінің тарихы. Алматы, 1968.
4. Ергазиева Н. Формирование и развитие официально-деловой речи в казахском
языке. Автореф. дис., канд. филол. наук. – Алма-Ата, 1972 (на правах рукписи).
5. Жағыпарұлы Б. «Құжат аудармасындағы кейбір
мәселелер». – ҚазМУ Хабаршысы № 1 (27).