Лирикалық шығармаларды  талдау

 

 

Қабатай Б.Т., Абай атындағы     ҚазҰПУ

 

 

     

 Кез келген көркем мәтін  бірнеше рухани шындықтың қиылысы ретінде қарастырылады: мәтінді тудырушы автордың көзқарасы мен сол мәтінді қабылдаушы оқырманның, бақылаушының, тыңдаушының ішкі жан дүниесі. Бастауыш сатыда  қабылдаушы кішкентай оқырманды тәрбиелеу, мәтін арқылы оның сезіміне әсер ету, рухани дамыту басты назарда болады. Оқырманды тәрбиелеу  ісі сауатты оқушы жағдайында ғана мүмкін болмақ.

Балаларға арналған әдебиет туындыларының ерекшеліктері қандай болуы керектігі жөнінде нақты қалыпқа салынған форма жоқ. Қазақ балалар әдебиетін ғылыми тұрғыда алғаш зерттеген Ш.Ахметов балалар шығармаларының ересектер туындыларынан өзгешеліктері ретінде мынандай алты түрін көрсетеді:

1) көркем образдың нақтылығы;

2) лиризм болуы шарт. «Баланың ішкі дүниесіне, ой-санасына бірден әсер ететін күшті де мағыналы сөздер айтылуы қажетті;

3) міндетті шарттардың бірі – адам характерін суреттеуде динамиканың қажеттілігі. Бұл да балдырған табиғатынан шығатын қажеттілік. Балалар үшін өсу, дамудағы басты керекті процесс – қимыл, динамика – баланың өз әрекетін суреттеп, бейнелеуші ретінде көркем шығарманың құрамды бөлшектерінің бірі болады.

      4) көркем пейзаждардың көп болуы. Пейзаждық суреттеу кез келген әдеби шығармада шебер қолданыла білгенде ғана әсерлі. Табиғат суреттері арқылы балалар әдебиетінде кейіпкердің психологиясын көрсетіп, егіздей бейнелеу бар да, балдырған тәрбиесіне қажетті эстетикалық қуат дарытумен бірге танымын қалыптастыру бар.

      5) мазұн мен идеяның бала өміріндегі белсенді ролі. Мазмұнның өзі тақырып пен идеядан құрылса, тың тақырып таба білу, қызықты оқиғаны есте қалатындай суреттей білу – қаламгер шеберлігі.       

      6) тілінің ойнақы қысқа, түсінікті, айқын, әсерлі болуы балалардың сөздік қорын байытуға жәрдемдесетін бірден – бір құрал болып табылады(1,10). Десек те, зерттеуші ұсынған шарттарының барлығын қабылдаудың жөні жоқ. Бірінші ерекшелік деп берілген дәлдік, нақтылық дегеніміз оқырман ақыл – ойына көркем шындықты сендіріп айтудың жолы, бұл жалпы әдебиетке тән. Екінші, мағыналы сөздер айтылуы керек деген пікір алғашқы пікірге қайшы келеді. Пейзаждық сурет пен мазмұнның идеямен бірлігі барлық кезеңдегі қандай әдебиеттің болсын, оқырманына, кейіпкеріне қарамастан, әрқашан өзгермейтін, көркем тәсілдер қатарында бола беретіндіктен тек балалар шығармаларына қатысты деген түйінмен шектеу дұрыс болмас. Ал, балалар шығармаларындағы оқиғаның өзгермелілігі, динамика, сондай-ақ көркем сөз қолдану, тілдік ерекшелік – міндетті шарттар.

      Міне осы шарттар тұрғысынан алып қарағанда әсіресе лирикалық өлеңдерді бала түсінігіне лайық келетіндігін оның сезіммен астарластығымен, психологиямен байланыстылығымен түсіндіруге болады. Қалыптасқан ұғым бойынша, лирика дегеніміз – ақынның ойы мен сезімінің ұштасып, ұласып келіп, тұтас келіп, тұтас көрінуі. Лириканың пәні де, бейнелер ойлары да, бейнелеп көрсетері де – ақынның өз көңіл – күйі. «Лирикалық өлеңде, - дейді белгілі сыншы Н.А.Добролюбов лирикаға байланысты тұжырымдамасында, - ақын өзінің табиғаттағы немесе өмірдегі белгілі бір құбылыстан алған тікелей сезім – түйсігін айтып береді. Бірақ, мұндағы басты нәрсе – сол түйсіктің өзі де, оны ақынның енжар қабылдауы да емес,  ақынның сол сыртқы әсерге іштей ұйып, құлай ықылас қоюында. Әдеміліктің, көктем таңының саф мөлдір ауасын жұтудың, кешкілікте қол ұстасып сауық – сайран құрудың рахатын, тағы – тағыларды сезу әркімнің – ақ қолынан келер; ал осы әсерлердің бәрін жан – жүрегіне сол қалпы құйып алып, басқаларға да дәл өзіндей әсер етерлік етіп айтып беру көп адамның қолынан келе қоймайды»(2,5). Бұл үшін, әрине, ең алдымен талант керек, содан кейін талғам керек. Әсершілдік, әсіре қызылшылдық және шын жүректен тереңнен толқып, тебірену де бар. Құбылыстың сыртқы қабын, бояуын ғана көру жеткіліксіз. Оның ішкі мәнін де танып, ұға білу қажет. Нағыз ақын құбылысты, фактіні өзінің ой елегінен, сезім сүзгісінен өткізеді. Лирик ақын өз өлеңінде әртүрлі оқиғалардың негізінде туған күйзелістің мәнін түсіндіріп беруге тырысады. Міне, осылай әрбір ақынның даралығы, жеке стилі қалыптасады.

      Поэзия – адам сезімінің айнасы. Ол адамзатты поэзияға ғана тән белгісіз жұмбақ күш пен сезімнің алуан түрлі рахатына бөлейді; жақсы көру, жек көру, сүйсіну, қуану, мұңға бату – осының бәрі тұтастай алғанда адам жанының табиғи нәрі, рахат сәттері. Өйткені мұңның да, қуаныштың да өзіндік ләззаттары бар. Бір сөзбен айтқанда, сезінуге, сезім шалқарлығына тәрбиелейді, адам жүрегінің кез –келген қарабайыр құбылысқа үн қоса бермейтін нәзік қылына жан бітіреді. Поэзияның жұмбақ та керемет күші, міне, осында. Ал сезінудің өзі – адамның жан-дүниесі үшін ең басты ерекшелік, сезіну – бақыт және ол кім көрінгеннің еншісіне тие бермесе  керек. Поэзия көп тобырдың бәріне бірдей түсінікті болса, ол ғұмырсыз поэзия болғаны. Ал лирика – сол поэзияның жүрек лүпілі. Сайып келгенде, «поэзия» дегеннің өзі «лирика» деген ұғыммен тұтасып жатады.

     Жазба әдебиетіміздегі сыршыл поэзияның, яғни, әдеби мағынасындағы нағыз лириканың болмыс – табиғаты туралы кемел пікір, толымды түсінікті төл әдебиеттануымызда алғаш негіздеген – Ахмет Байтұрсынұлы. Лирикаға толғау деген балама термин қолдана отырып, «толғау – сөз өнерінің барып тұрған жері, яғн ең биік шыңы»- деп баға берді. «Толғау көңілдің көркем сырларын көрнекті сөздермен айтып білдіріп, адамның көрік ләззаты басқа сөздердің бәрінен де артық болады»(3,453), - дейді.

     Айтыс – тартыс (драма) пен толғаудың (лирика) айырмашылығы туралы айта отырып, ғалым, біздің тақырыбымызға да қатысы бар мына бір жайды дәл көрсетіп, айқындай кетеді: «Толғау ақынның ішкі ғаламының сөзі болғандықтан, мұнда да сөзімен өзін көрсетіп отырады. Толғауда ақынды қабағын қарс жауып, қайырып тұрған күйінде де, беті гүл-гүл жайнап, қуанып тұрған күйіңде де, сүйінген, күйінген күйінде де, тарыққан, зарыққан, жабыққан күйінде де , шаттанған, марқайған, масайраған күйінде де көріп отырамыз. Айтыс – тартыста ол жоқ»(3,458). Бұл жерде әңгіме, бүгінгі тілмен айтқанда, лирикалық мінез туралы болып отырғанын көреміз.

     Өлеңдегі психологизм туралы пікірлерді қазақ әдебиеттанушылары ХХ ғасырдың басында қозғай бастайды. А.Байтұрсынұлы қазақ әдебиеті туралы ойларында «адамның жан қоштау керегінен шыққан нәрселер...», «көңіліміздің күйін сөз арқылы айта білсек...»(3,340), т.б. дегенде психологиялық сәттерді бейнелеу мен оның өнердегі мәнін айтып отыр.

      А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» еңбегінде лириканы «толғау» деп алуының мәні зор. Себебі лирика қасиеті шұбырған оқиғаларда емес, ақынның өзекжарды арман, терең ой, әсерлі сезім иірімдерімен өмір сырын, өмір құбылыстарын шынайы бейнелеп, тереңнен көрсетуінде. «Толғағанда айтатын нәрсесін толғаушы тысқарғы ғаламнан алмай, ішкергі ғаламнан алады. Толғаушы ақын әуелі көңілінің күйіне түсіріп, халін түсіндіру мақсатпен толғайды. Толғау қысқасынан айтқанда іш қазандай қайнаған уақытта шығатын жүректің лебі, көңіл құсының сайрауы, жанның тартатын күйі. Ақындық жалғыз өз көңілінің күйін толғай білуде емес, басқалардың да халін танып, күйіне салып толғай алуында»(3,407) .

     Шынында ойлану, толғану, тебірену, күйіну, сүйіну, күлу, жылау, шаттану, шалқу сияқты психологиялық күйлердің бәрі де лирика жанарынан тыс қалмайды. Лириканы түр-түрге бөлерде А.Байтұрсынұлының эстетикалық ойлауының биік деңгейін анық байқаймыз. Көңілді сүйінішті, күйінішті күйге түсірудің басты себептеріне тоқталып: «Күйініш көңілге наразылық тудырады.Көңіл наразылығы мұң туғызады, мұң ой туғызады»(3) - дей келіп, лириканы мынадай түрлерге ажыратады: Сап толғау, марқайыс толғау, налыс толғау, намыс толғау, сұқтаныс толғау, сөгіс толғау, күліс толғау. Және бұл жіктеулерді одан әрі іштей мазақ, мысқыл, қулық, сықақ, әзіл деп саралауы, сипаттауы қазақ лирикасындағы психологизм жайлы алғашқы негізді құны бар пікір-тұжырым.

       ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінде осындай ойларды Ж.Аймауытов та жалғастырады. «Абайдан соңғы ақындар» деген мақаласында сезім, көңіл суретін бейнелеуші ақындардың Абайдан кейінгі аздығын айта келе, олардың басты міні сыршыл еместігінде дей келе, көңіл пернесін дөп басып айту қажеттігіне тоқталады. «Мағжанның ақындығы туралы» деген еңбегінде психологизм проблемаларына тіпті тереңдейді: «Ол табиғатты суреттей ме, әйелді жаза ма, тарихи адамдарды ала ма, ертегі айта ма, ұран сала ма – бәрінде де ақынның ойлағаны, сезгені, жүрегінің қапырығы, жанның күйзелуі, көңілінің кірбеңі көрініп тұрады. Қай өлеңін оқысаң да, не ақынмен, не өз жүрегіңмен сырласқандай боласың»(4,168-169). Осы тәріздес ой-пікірлер желісі ешқашан да үзілген емес.

Бастауыш сыныптарда бала жаны ерекше қабылдайтын мәтіндердің бірі – тербеліс – сезімге толы табиғат лирикасы.

Лирика ақынның тек жеке өзінің көңіл күйін, күйініш-сүйінішін ғана емес, жалпы адамзатқа ортақ сезімді білдіреді. Мысалы, ақын Ф.Оңғарсынованың төмендегі өлеңіне назар аударайық:

«Отан деген не?» - дейсің, ұлым, маған.

Ол – ғұмырлы анаң

Жөргегіңнен жаныңа сіңіп қалған

әнің мен жырың, балам!

 

Отан – мынау, өз үйің, қара, жаным,

ойнаған дала, бағың.

Атаң шыққан бұл үйден, әкең шыққан,

өскен мұнда баяғы бабаларың (5).

 

      Бұл өлеңді ақынның жеке ойымен, сезімімен сәйкес келіп отыр деп қабылдау міндетті емес, ақын ана мен бала арасындағы диалогты психологиялық құрал ретінде қолдана отырып, кейіпкерлер атынан «Отан» деген ұғымның мағынасын анықтайды.

Лириканың өзіндік қасиеттерін түсіндіргеннен кейін баланың оған деген көзқарасында, қарым-қатынасында белгілі бір сезім байқалады. Лирикалық шығармаларда ақын өз ойын, өз сезімін, өз күйін тікелей кейіптеу сөздері арқылы жазады. Мұғалім баланың жүрегіне нәзік сезім мен ұшқыр ойды тұтата білгенде ғана баланың қызығушылығы артады. Лирикалық шығармаларды құлақпен емес жүрекпен, сезіммен, ақынжандылықпен қабылдау керек.

         Ал шығармаларды бала қалай меңгереді, нені сезеді, неге тебіренеді, қандай көңіл күйде болады деген сияқты жағдайларды мұғалімнің өзі алдын ала ойластырғаны жөн. Шығарманың тақырыбына байланысты сазды-назды музыка қойып, оқушыларды үзілістің өзінде-ақ сабаққа әзірлеп, көңіл күйін, сезімін тебірендірудің  маңызы өте зор.

         Лириканы оқытудың басты мақсаты оқушыларды поэзияны сүюге, оның кестелі тілін сезіне білуге, эстетикалық ләззат ала білуге, әдемі, көркем сөйлей білуге баулу болып табылады. Оқушылардың өздеріне ұнаған шумақтарды, әдемі де сұлу бейнелі сөздерді, ұтымды шебер шыққан сөз тіркестерін жаттап алуының немесе дәптерге жазып алуының маңызы зор. Мұндай жұмыстар оқушылардың өлеңнің табиғатын түсінуіне және жағымды сезімдердің дамуына үлкен әсер етеді.

           Лирикалық шығармаларды оқытуға қойылатын басты талаптар:

а) Өлеңді әуенмен, сазымен мәнерлеп оқуға, жатқа оқуға ерекше көңіл бөлу;

ә) Өлеңдегі ақынның көңіл күйін бағдарлату, оқушылардың өз сезіміне, өлеңнің әсеріне де назар аудару;

б) Тақырыпқа сай музыканы, бейнелеу өнерін, басқа да өнер туындыларын тиімді пайдалану;

в)  Өлеңді оқушының қабылдауына жағдай жасау;

г)   Өлеңнің поэтикалық көркем тіліне назар аудару;

ж) Шығармашылық жұмыстар жүргізу арқылы оқушының өлең оқуға қызығушылығын арттыру, шабыттарын ояту (6).

     Ең бастысы лирикалық шығармалардың пихологиялық иірімдері баланың рухани дүниесінің байытуға әсері зор екендігін  естен шығармаған абзал.

 

Пайдаланылған әдебиет:

 

1.     Ахметов Ш. Қазақ балалар әдебиеті тарихының очеркі.-Алматы, «Мектеп», 1965 ж.

2.     Добролюбов Н.А. Үш томдық шығ.жинағы. – Алматы, «Жазушы», 1952 ж.

3.     Байтұрсынов А. Ақ жол. – Алматы, «Жалын», 1991 ж.

4.     Аймауытов Ж. Бес томдық шығ.жинағы. 5-т: Алматы, «Ғылым», 1999 ж. 

5.     Оңғарсынова Ф. Екі томдық шығ.жинағы.2-т: Алматы, «Жазушы», 1987 ж.

6.     Рахметова С., Қабатай Б., Әмірова Ә. Әдебиеттік оқу. Жалпы білім беретін 12 жылдық мектептің 4-сынып мұғалімдеріне арналған әдістемелік құрал (байқау нұсқасы). – Алматы, «Атамұра», 2006 ж.