Бұлдыбай Анарбай
Сағиұлы
Әл Фараби атындағы
ҚазҰУ, профессор.
Түркі халықтарындағы айтыс өнері
Қазақ халқы мен
түркі
халықтарындағы
бүгінгі күнге жеткен айтыс жанрының ортақ
сипаттары мен дара ерекшеліктерін тұтастықта қарастыру айтыс
жанрының қыры мен сырын аша түсері анық.
Осы тұрғыдан келгенде
басқа халықтарында
кездесетін айтыс жанрларының түрлерін айқындау, кешенді түгендеп, жинақтау, оны
жіктеу, топтау, саралау, зерделеу де
қызықты мәселе.
Айтыстың байырғы замандағы ілкі
түрлері жар-жар, бәдік, өлі мен тірінің айтысы
түрлері әлемнің басқа елдеріндегі рухани
мұралармен бірлікте зерттеу айтыс жанрының көкжиегін
кеңейте түседі. Сонымен бірге қазақ пен түркі тектес халықтар айтысы әу баста салтпен
тұтастықта өмір сүріп, кейіннен жанр ретінде даму
барысында жеке ақындардың сөз сайысына айналғаны
шындық. Қайымдасулар, қағысулар, жұмбақ
айтыс, жекпе-жек айтыс түрлері
түркі тектес халықтарда ортақ сипатта екендігі айқын.
Түркі халықтарының рухани
өмірінде айтыстың орны ерекше. Айтыс түрлі салтанаттарда,
мейрам күндерінде ұйымдастырылып, халық назарына
ұсынылып, үнемі халықтың көңілінен
шығып отырған. Қазіргі таңда айтыс теледидардан
әр апта сайын беріліп, кейінгі ұрпақтың бұл
дәстүрді танып білуі көзделіп, ескіден келе жатқан
мұра жаңғыруда.
Түркі
халықтарының ішінде қазақ айтысы төкпелігімен,
эпикалық сарынымен көркем сипатта.
– Қазақ пен түрік, сонымен бірге
әзербайжан, қырғыз, қарақалпақта айтыс екі
ақынның бірін-бірі
суырыпсалма түрде жыр сайысында жеңетін жеке жанр ретінде
дамып, көркем өнер
түріне айналған. Яғни, ақындар айтысының ата дәстүрі қазақ
пен түрік, әзербайжанда бүгінгі күнге ұласып
отыр.
«Бәдік»,
«өлі мен тірінің айтысы», «Жар-жар» секілді байырғы
айтысқа баспалдақ болған ғұрыптық сөз
үлгілерін (әдет-салт айтысы) тексерген қазақ
ғалымдары айтыс жанры әу баста қандай бір рәсімді
атқаратын кезде топтық (хормен) түрде айтылатын белгілі
дәрежеде формулалы өлең болған, кейіннен дами келе екі
айтыскердің өнер сайысына
(ақындар айтысы) айналған деген қорытынды
жасаған. Бұл ғылыми түйіннің түрік
айтысының эволюциясын анықтауда да бағасы зор. Мәселен,
түріктегі той-думанда орындалатын чың, атпа секілді қарсылықты
өлеңдер топпен айтылады, ал ақындар (ашықтар) айтысы
екі айтыскердің жыр бәсекесіне айналған.
Сонымен, айтыс жанрының бағзы
бастауында ғұрыптық сөз үлгілері елеулі орын
иеленгені анық, әйткенмен осы өнер түрінің
алғашқы жазба мұраларда белгіленуі Махмұт
Қашқаридың "Диуани
лұғат-ит-түрк"
атты кітабындағы Қыс
пен Жаздың айтысы, Жүсіп Баласағұнның
"Құтты білік" дастанындағы бастан-аяқ
сұрақ-жауап түрінде келетін талас-тартысты Күнтуды Елік
(Әділдік), Айтолды (Дәулет), Өгдүлміш (Ақыл), Одғүрмыш
(Қанағат) арасындағы
өмір, қоғам, табиғат төңірегінде
пікірталас, сонымен бірге Қожа Ахмет Иасауидің "Диуани
хикметінде" кездесетін жұмақ пен тозақтың таласын
айтыс үлгісі деуге болады. Бұл жайт мысал түріндегі
айтыстардың ежелгі заманнан бері классикалық дәрежеде дамып
қалыптасып, түркі халықтарының ортақ жазба
әдебиетінде де көрініс тапқанын білдіреді.
Сонымен бірге түркі халықтарының
барлығында ортақ кездесетін
жұмбақ айтыс
үлгісі де айтыстың жаңаша нұсқасы емес, керісінше
ең ескі бір үлгісі екендігі байқалады. Себебі,
жұмбақ айтыста қозғалатын мәселелер, мысалы
жердің, ай-күннің, жұлдыз бен ғарыштың
жаратылу тарихы, өсімдіктер әлемі туралы, әулие-әнбие,
пайғамбарлар жайында қойылатын күрделі
діни-пәлсапалық сұрақ-жауаптар мифтік дәуірге
жетелейтін көне ұғымдарды елестетеді. Мұндай жаратылыс
туралы мағыналы сұрақтарды жұмбақ етіп жасыру
әлем халықтарының сөз мұрасында да мол кездеседі.
Мәселен, веда абыздары бір-бірімен
осындай тақырыпта жиі-жиі жұмбақ айтысатын
болған [1, 66-б.].
Жалпы, айтыста елдің бағзы
тұрмыс-тіршілігінде болған ескілікті таным туралы деректер де жиі ұшырасып отырады. Мәселен,
әзербайжан айтысының «ғыфылбенд» деген
сұрақ-жауап бөлімінде ақын Лезки Ахмет пен Хаста
Гасымның сөздерінде ежелгі «Авестаға» қатысты пікірлер
бар екендігі анықталды. Бұл айтыскерлер Заратуштра діні мен жерлеу
салты туралы дерек келтірген.
Ттүркі халықтарында
айтыс есте жоқ ескі заманда қалыптасып, рулық заман
тұсында тіпті күшейіп, дербес жанр ретінде дамығаны
түйінделген. Оның негізгі қасиеті суырыпсалмалық
әлемнің өзге де халықтарында болғанымен,
уақыт өте келе ұмыт болған. Түркі
халықтарында айтыс көшпелі мәдениетін терең
сақтаған қазақ, қарақалпақ,
қырғызда эпикалық кең тыныспен өріс алған.
Түрік пен әзербайжан айтысы да дәстүрден қол
үзбей бүгінгі күнге ұласуы – бұл жанрдың өміршең
қабілет-қарымын танытады. Мысал, жұмбақ айтыс
түрлері де байырғы танымға иек сүйеп өмір
сүретіні тұжырымдалды. Байырғы әдет-салт айтысы топпен
орындалса, ақындар айтысы екі
айтыскердің суырыпсалма өнер сайысы деңгейіне біртіндеп көшкені қазақ,
әзербайжан, түрік елдерінің жыр мұрасын салыстыра
тексергенде тіпті айқындала түсті.
Бүгінгі таңда түркі
халықтарының арасында атаулары басқа, өмір
сүру ерекшеліктері мен
деңгейі өзге болса да, айтыстың әлі де өз құнын
жоғалтпағанын көруге болады. Қазақ және
қарақалпақ халықтарында аталмыш жанр «айтыс» деп
аталса, қырғыздарда «айтыш», түріктерде «атышма» немесе
«дейішме», әзербайжандарда «дейішме», «мейхана» деп аталады. Ал,
басқа түркі тектестерде ескі замандарда айтыс болған,
бірақ қазір ұмытылып барады. Солардың ішінде
айтысқа ұқсас құмықтарда «такмак»,
өзбектерде «яр-яр» немесе «аския», қырым-ноғай
түріктерінде «дейішмеже», қарашай-балкар түріктерінде
«айтыш», қырым түріктерінде «чын» немесе «манэ» деп аталатын
түрлер бар. Бұл жанр көптеген түркі халықтарында
әдет-салт айтысы деңгейінде қалса, қазақ,
әзербайжан, түрікте ақындар айтысы дәрежесінде
бүгінгі күнге ұласып отыр.
Бір кезде бәрі де көшпелі өмір
кешкен, тілі мен әдет-ғұрып, салт-санасы бір-біріне өте
жақын қырғыз бен қарақалпақ елінде айтыс
өнері дәл қазақтардағы сияқты кемелденіп
жетіле қоймаған.
Түркі халықтарының айтысын қазақ
халқының айтыстарымен
салыстырып, алғаш рет М.Жармұхамедұлы
құнды пікір білдіреді [2,
17-б.].
Белгілі
түрік ғалымы Т.Гүнай: «Түрік
халқының әдебиетінде айтыс «atışma» деп аталады.
Айтыстың алғашқы үлгілері халық әдебиетінің
байырғы түрлерінің
нәтижесінде қалыптасқаны көрінеді.
Қаратеңіз аумағында атма деп аталатын
дәстүрлі халық әндері
кең таралған», – деп жазады [3, 73-б.].
Атмада екі адам жеті-сегіз буынды тармақтарға негізделген өлеңді қарама-қарсы тұрып орындайды. Қыздар мен еркектер екі жікке бөлініп, қарсылықты халық әндерін той-мерекеде жиі орындайды. Бұндай өнер ел арасында «қаршыбері» (karşıberi) деп те аталған. Әрине, бұл үлгілер топпен айтылатын әдет-салт айтысы.
Бауырлас алтай халқында да айтыс болғаны туралы ғалымдар жазып келеді. Ондағы айтыс өлеңдері "Сөгуш қожондари", "Макташкандар" деп екіге бөлініп, айтысуды – "чечеркешкен" деп атайды. «Чечеркешкен» деген сөз қазақша «шешендескен», бір сөзбен айтқанда шешендік талас деген ұғымды білдіреді. Алтай халқындағы айтыс жанры бүгінгі күнге жалғаспаған, негізінен оларда айтыс салтпен сабақтас дамығаны белгілі.
Қарақалпақтарда айтыс
қазақ айтысына ұқсас түрде дәстүрін
жалғастырып келеді. Қарақалпақ айтысын ғалымдар
үш топқа бөліп қарастырған: 1) Жауап айтыс
(айтыс-жұмбақ) 2) Шешендер айтысы 3) Ақындар айтысы.
Қазақ пен қарақалпақ айтысы
бір-біріне қатты ұқсас; екі елге кең тараған
қазақ және қарақалпақ
ақындарының айтысы да бар.
Ал, қырғыз әдебиетіндегі айтыс
«айтыш» деп аталады. Зерттеуші Ж.Таштемиров
қырғыз айтысын 1. Адат-салт айтышы. 2. Чечендер айтышы. 3. Ақындар айтышы деген үш
түрге бөледі [4,
Б.208-211]. Зерттеушілер
әдет-салт айтысына: бәдік, қайым, сармерден, қыз-жігіт
айтысы т.б; ақындар айтысына: алымсабақ, табышмақ, кордоо,
учурашуу түрлерінің енетінін жазады. Бірақ бұл
түрлер қатаң жіктелмейді, кейде бірінің белгілері
бірінде болатынын айтады. Мысалы, табышмақта ақындар бір-біріне
философиялық сұрақ қойып, жұмбақ
түрін қолданса, алымсабақта негізінен жас ақындар
өнерін өсіруді, ұштауды көздеген.
Әзербайжанда айтыс «деишме» деп аталады.
Бұнымен қатар соңғы жылдарда айтыстың көп
таралған «мейхана» деген түрі де жаңғыра бастады.
Тіпті, Әзербайжандағы «деишме» Кеңестік кезеңде
қатты азайып, көбінесе мейрам-салтанаттарда, маңызды
күндерде ұйымдастырылып өткізілген. Мейхана ішімдікпен
байланысты болғандықтан совет дәуірінде тыйым
салынғанымен, қазір ел арасына кең жайылуда.
Әзербайжан
халық әдебиетін зерттеуші Азад Набиев «Әзербайжан халық
әдебиеті» атты еңбегінде «деишмеге» ежелгі «дедім-деді» деген
түрдің елеулі ықпалы болғанын жазады [5. 246-252].
Қазақ айтыс дәстүрінің тәуелсіздіктен
кейін жаңадан жандануына мемлекеттің және де жеке
тұлғалардың да айтарлықтай үлестері бар.
Алғашқы жылдары жеңген ақындарға көлік, баспана сияқты үлкен сыйлықтар беріліп,
айтыстар көлемді жарнамалар арқылы халыққа
хабарландырылып отырған.
Ғалым М.Жолдасбеков
«Халыққа жаттанды сөз емес, суырып салып айтатын, көз
алдында туатын нағыз өнер керек» деп айтыстағы
жаттандылық пен жасандылықты сынайды [6, 7-8 б ]. Бұдан қазіргі айтыста кең өріс алып
кетпегенімен жаттандылық сипат бар екенін байқауға болады. Ол
туралы айтыскер ақындардың өздері де бір-біріне сын-ескертпе
айтып отырады.
Айтыскер ақындар қай елде болсын
бағзы заманнан бері сайысқа
дайындықпен келетіні де даусыз. Қазіргі айтыс мәтіндерін
өзара салыстырғанда белгілі айтыскер ақындардың бір
айтыста айтқан жыр шумақтарын басқа бір сайыста, басқа
бір әріптесіне сол қалпында өлеңдеткен деректеріне де
тап болдық. Әйткенмен, бұл жаппай өріс алған
дағдылы құбылыс емес екенін бірден айту керек.
Айтыс – фольклор мен авторлық ауыз
әдебиетінің, сонымен бірге
жазба әдебиет дәстүрін бойына қатар
сіңіріп, дамып отырған
синкретті өнер. Ал, халық мұрасында дайын
үлгіні, белгілі сарындарды қайталау, қайта
жаңғырту, сонымен бірге
авторлық ауыз әдебиетінің өкілдері
(ақын-жыраулар) өзін өзі
қайталау, немесе басқа ақын-жырауларды қайталау
– ерсілік емес, керісінше табиғи
құбылыс екені ғылымда анықталған. Мәселен,
әнші-ақындар шығармашылығына қайталаулар
тән және бұл заңды қасиет болып табылады. Сол себептен де айтыскерлердің
мәтін қайталау мәселесін ауызша поэзияның өмір
сүру заңдылығымен байланыстыра арнайы зерттеуді қажет
етеді деп пікір білдіруге болады.
Айтыстың түркі
халықтарында кездесетін параллель түрлері болып табылатын
түріктердегі атышма, қырым татарларындағы шың және мане, татардағы
әйтіш, әзербайжандағы
дейішме, мейхана, өзбектегі
аския,
ұйғырдағы чакчак, құмықтардағы
тақмақ пен мазақ, башқұрттағы айтеш, түрікмендегі
айдышма, ноғайлардағы шын секілді
түрлер кешенді салыстырылып, олардың жанрлық
ерекшеліктері мен орындалу шарты, қызметі мен міндеттері сарапталды.
Әзербайжан мен түрік айтыскерлік
дәстүрінде ақынның өлеңдеріндегі
ұйқас пен өлшем өте маңызды. Осы екі елде
ұйқас ұсынудың қатаң ережесі бар,
яғни, әріптестер бір-біріне өздері тарапынан
ұсынылған ұйқастың шеңберінде айтысады
және сұрақ-жауап бір
шумақтан аспауы тиіс.
Қазақ пен
түрік айтысының мақсаты, өткізілу шарты,
өлең өрімі, айтыстың композициялық
құрылымы, көрермендер мен төрешілердің қатынасы
мәселесі талданды.
Түрік
пен әзербайжан айтысындағы елеулі бір ерекшелік – жеңілген
ақын жеңімпаздың қолын сүюі және оған
бағламасын ұсынуы тиіс. Жеңген ақын әріптесінен
көңілі қалса, онда оның басын бағламасымен
ұрып, аспапты сындырады. Әрине, мұндай қатаң салт
қазақта болмаған және бүгінгі түрік
айтысында да кездеспейді. Қазақ дәстүрінде
жеңілген ақын сол айтысты өзі жаңғыртып, ел
арасына таратып отырған.
Жаңа
ғасырдың электрондық технологиясы айтыстың аудиториясын
ұлғайтып отыр, бірақ ақындар айтысын уақытпен
шектеп те отыр. Осыдан барып айтыста жасандылық пайда болып, бір
сөзбен айтқанда, дәстүрді бұзушылық орын
алатыны көрсетілді. Қазіргі ақындардың жаттанды
шумақтарды қайталау мәселесі де ойлануды керек етеді.
ӘДЕБИЕТТЕР
:
1. Әуезов М. Айтыс өлеңдері // Қазақ
әдебиетінің тарихы. Фольклор. Алматы: Қазақ ССР
Ғылым академиясының баспасы, 1948. – Т.1. – Б.229-266.
2. Жармұхамедұлы М. Айтыс өлеңдерінің арғы тегі мен дамуы. – Алматы: Мұраттас, 2001. – 293 б.
3. Günay T. Doğu Karadeniz Bölgesinde Atma Türkü Geleneği // I.Uluslararası Türk Folklor Kongresi Bildirileri. – Ankara: Kültür Bakanlığı Yayınları, 1976. – S.73-85
4. Таштемиров Ж. Айтыштар // Кыргыз
элинин оозеки чыгармачылык тарыхынын очерки. – Фрунзе: Илим, 1973. – 705 б. –
Б.208-244
5. Нәбіyеv А. Azәrbaycan Xalq әdәbiyyatı. – Bakı: Elm, 2006. – 310 б.
6. Жолдасбеков М. Асыл арналар. Алматы,2010. – 356 бет
Резюме:
В статье рассматривается типология казаахского фольклорного жанра айтыс.