Филологические науки / Родной язык и литература

 

Ишанов Пірмағамбет зулпхарұлы

Е.А.Бөкетов атындағы қарму-ң ассоциативті профессоры, ҚазаҚстан

ШАКИРОВА ҚАТИРА МИРАМҚЫЗЫ

Е.А.Бөкетов атындағы қарму-ң магистры,Қазақстан

 

АДАМГЕРШІЛІК ТӘРБИЕГЕ БАҒЫТТАП ОҚЫТУДАҒЫ КӨРКЕМ ШЫҒАРМАНЫҢ МАҢЫЗЫ

 

                         

       Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі – жас ұрпаққа адамгершілік – рухани тәрбие беру.

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында көрсетілгендей, білім беру жүйесін жаңғыртудың маңызды міндеттерінің бірі – бәсекеге қабілетті, ой – өрісі дамыған ғана емес, сондай – ақ, жоғары азаматтық, адамгершілік ұстанымы, отансүйгіштік сезімі мен әлеуметтік жауапкершілігі қалыптасқан зияткер ұрпақты қалыптастыру.

Қазіргі уақытта ұлттық құндылықтарды, ізгі дәстүрлер мен ұлттық сананы сақтау – басты міндеттердің бірі. Жеке тұлғаның ұлттық сана – сезімі мен мінез –құлқы ана тілін, ата тарихын, төл мәдениеті мен әдебиетін, ұлттық салт – дәстүрлерді меңгеруі негізінде қалыптасады. Ұлттық тәрбие адам бойында қалыптасқан имандылық қадір – қасиеттер, яғни рухани құндылықтар арқылы жүзеге асады.

Қай қоғамда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мұраттардың ең негізгісі –өз ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Саналы ұрпақ өзі өмір сүрген қоғамда өзінің білімімен қатар адамгершілік қасиеттерімен, қайырымдылығымен, адами болмысымен ардақталатыны белгілі. Осындай адами құндылық, қасиеттерді бала бойына қалыптастыруды мұрат еткен жазушы – драматург Қапан Сатыбалдиннің туындыларында білімділік пен адамгершілік, еңбекқорлық, қажыр – қайраттылық біртұтас өріліп отырады. Драматург адам тәрбиесіне қажет сабырлылық, төзімділік, қанағатшылық, мейірімділік, әділеттілік қасиеттерді шебер суреттейді.

Қапан Сатыбалдин шығармаларының көркемдігі, шеберлігі туралы қазақ драматургиясының даму бағыттарындағы басты ерекшеліктерді ескере отырып айту шарт.

Драмалық туындының өзіндік шарттары, жасалу заңдылықтары Қапан Сатыбалдин шығармаларында белгілі бір деңгейде өзіндік көркемдік шешімімен көрініс тауып отырды. Сауатты драматург Қапан Сатыбалдин жанр шарттары сақталған әлемдік классикалық драматургия үлгілерінің айқын сипаттарын шығармашылықпен сіңіре отырып, өзіндік жаңашыл ізденістерін орнықтыру мақсатында бірталай еңбектенді.

Жанр шарттары тұрғысынан келгенде, Қапан Сатыбалдин сауатты драмалық шығармалар жазды.

«Пьесада өрістеген драмалық конфликтінің романдағы яки повестегі конфликтіден айырмашылығы бар. Драматург пьесада, романдарда болатындай, көп салалы оқиғаны бірден қамтып, қатар өргізе алмайды, адам өміріндегі ең шиеленіскен оқиғаны алады да, қаһарманның күшті жан толқынын, оның қияға самғап ұмтылғанын, яки болмаса, құлдырап, күйреуге бет бұрғанын сол оқиға арқылы көрсетеді. Бүгінгі күнде өзіміз өнеге тұтатын, әр дәуірде жасалған үздік драматургиялық шығармалардың қай-қайсысында болмасын осы сипат айрықша бар» [2, 149 б.].

Драматургиялық шығармалар жанрлық ерекшеліктеріне орай драма, трагедия, комедия деп бөлінетіні белгілі. Пьеса өзіндік сюжет, композиция, іс-әрекет, сөйлеу тілі өзгешеліктеріне сәйкес нақтылы бір драматургиялық жанрға телінеді. Жанрда өмір шындығын, адам болмысын суреттеу ерекшелігі айқын көрініс табатыны айтылып келеді.

«Трагедия – адам жанының терең күйін көрсетеді, оқушы мен көрерменді небір асыл ойларға, философиялық толғаныстарға бойлатып, ұшқыр қиял әлеміне алып кіреді» [2, 152 б.].

Дәл осы тұрғыдан келгенде, Қапан Сатыбалдин драматургиясында трагедияның қанық бояулы үлгілері дара бой көтермейді. Автордың драматургиясында жанрлар жалғастығы, жанрлық көпқырлылық сипаты басым.

«Драмада трагедияның да, комедияның да элементтері болады, сонымен қатар, оның өзіне ғана тән үлкен ерекшеліктері бар. трагедияда қаһарман әлі келмес зор қарсылыққа кездесіп, соны жеңе алмай, азап тартады. Қайғылы халге душар болады. Драмада қаһарманның алдынан шығар қарсылықтың сипаты бұдан өзгеше. Трагедиялық геройдан драма кейіпкерінің айырмасы – мұның басына жеңуге болмастай зор қатер төніп тұрмайды. Ал комедияда өмірдегі жағымсыз қылықтар, дағдыға қайшы мінез-құлықтар мысқылданады. Драмада мұндай мысқыл жоқ» [2, 152 б.].

Бұл жерде драмалық, трагедиялық туындыда да юмор, сатира элементтері болатыны туралы ойды есте ұстаған жөн шығар. Негізінде, әдеби жанр, оның анықтама, айқындамасы туралы осы уақытқа шейін шешімін толық таппаған күрделі ғылыми мәселелер, жасалып болмаған айқындамалар аз емес. Соның өзінде жанрлық дара сипаттар туралы жекелеген нақты айғақтамалардың мәнін естен шығаруға болмайды.

«Драма кейіпкері – күнбе күнгі тіршілік харекеті бар дағдылы адам. Оның өз наным-сенімі, аңсаған арманы, алдына қойған мақсаты, идеясы бар. Ол сол мұратқа жету үшін күреседі. Күрес жолында герой талай-талай кедергі-бөгеттерге килігеді, қиын-қыстау шақтарға тап болады. Осындай шиеленіскен драмалық жағдайда геройдың қайрат-жігерінің, еркінің, ақыл-ойының қуаты көрінеді. Драма адамдардың жекелік һәм қоғамдық өміріндегі конфликтерді бейнелеп, адамды дағдылы тіршілік-тұрмыстық харакетте, еңбекте, күресте көрсетеді» [2, 152 б.].

Қапан Сатыбалдин туындыларының ішінде кесек кейіпкерлері де, кембағал кейіпкерлері де аз емес. Отаншылдық, елдік, азаматтық аңсармен жазылған шығармалардың негізгі тұлғалары – кесек.

Парақорлық, пайдакүнемдік, қызғаныш, бақастық, сауатсыздық, т.б. сынды кесапат мінез-құлықтың иелері – кембағал.

Қапан Сатыбалдиннің «Ұзақ жол» драмалық повесінің кейіпкері – Сәкен Сейфуллин. Ол – кесек кейіпкер.

Шығарма экспозициясында тарихи тартыс өтіп жатқан қазақ даласының көрінісі. Семинарияны аяқтап елге келе жатқан жастардың өзара ойын күресі. Дене күресі. Кейін осы күрес рухани күреске, әлеуметтік күреске ұласады. Бұл туындыда тартыс екі кейіпкер арасында ғана емес, екі түрлі қоғам, екі түрлі әлеуметтік бағдар, беталыс аясында өрбиді.

Шығармада тұспал, астар, үш шәкірттің үш тарау жолына меңзеу бар. Ахмет Байтұрсынов айтатын кесек кейіпкердің, арманы да, мақсаты да үлкен, мінезді кейіпкердің тұлғасын бұл пьесада Сәкен Сейфуллин бейнесінен көреміз. Мінезі асқақ, арманы биік – қызыл сұңқар Сәкен.

Пьесадағы оқиғалар ауқымында Сәкеннің турашыл, бірбеткей мінезі, азаматтық болмысы, кісілік келбеті бірте-бірте ашыла түсіп отырады. Сәкен тұрғанда Жәмиләдай сұлу бізге қайда деп қағытқан Бәкенге қазақ қызының бәрінің туған ағасы болып құшақтағым келеді деп ақтарылады ақ жүрек Сәкен. Сәкен арада қарсы жаққа ақпар жеткізіп жүрген біреу барын білгенде «Адам жүрген жерде жылан жүрмейді. Жүруге тиісті емес» деген бейнелі, ойлы сөз айтып, және бір қырын байқатады. Бір сәт «Тіршілікті» шығарып отырған газетші Сәкен көрінеді.

Сәкеннің анасымен жолығысқан сәтінде қанша драма, қандай лиризм жатыр.

Енді бір көріністе Сәкен жауға мейірімі жоқ қатал жан.

Тағы бір көріністе Сәкен ақын, Сәкен күйші. «Жас қазақ Марсельезасының» авторы.

Драматург астарлап отырып, талай ақиқаттың басын ашқан. Тек патша заманының емес, кеңестік жүйенің де опа әкелмеген, орға жыққан сұрапыл сұмдығын, жеребе тартқанда Сәкенге «Барса келмес» жолдың түсуінің өзі-ақ жеткізіп тұр. Асанның Афанасий болуы, Оспановтың «опынан» үркуі – ойын емес, опасыз заманалардың орны өшпестей болып қалған сипаттарының бір сырлары ғой.

Бұл шығарма аса ауқымды оқиғалар заманының шындық болмысын бірнеше кейіпкер, бірнеше көрініске сыйғызу шеберлігімен, ықшамдылығымен ерекшеленеді. Бұл пьеса – драмалық шығармадағы композициялық, психологиялық талдауға қойылатын, мінез сомдау шарттарына, талаптарына сай шебер жазылған туынды.

Пьесада мінездер қақтығысы, адам тағдыры бар. Кездейсоқ кейіпкер жоқ. Кім де болса сол дәуірдің ақиқатын бір қырынан ашып өтеді.

Алам деген қыздан айрылып, сенделіп жүрген молда бейнесі де, кетем деген әйелін алдап-сулап, қулық сауып жүрген Жарасбай бейнесі де – шынайы. Құранды жатқа біліп отырған орыс әйелдің бейнесі де сенімді шыққан. Заман ыңғайымен мұраттаспын деп жүргендерін бір айналымға жарамай, сатып кеткен Ордалы бейнесі де – типтік деңгейде ашылған бейне. Шығарма көріністері замананың суық желін де, жылы лепті де сезіндіріп, оқиғаға араластырып отырады. Аумалы-төкпелі саясат шылауында құрбан болған қайран жақсылар туралы көңілге ой келеді.

Пьеса қатар өрбіген бірнеше өрім халық тағдыры, тұлға тағдыры тұрғысында тоқайласқан.

«Қаһарманның жан күйін айқара ашып бейнелеу үшін оны бір қиыннан бір қиынға салу психологиялық жүкті үсті-үстіне молайту – драматургияның ең күшті көркемдік құралдардың бірі. Король Лирдің сұмдықтан кейін сұмдықты көруі, Егор Булычов басындағы қиналыстардың бірден-бірге молаюы осы орайда еске түседі» [3, 167 б.].

 «Ұзақ жол» драмалық повесть аталған. Біздіңше, бұл – трагедиялық туынды. Сәкен Сейфуллин тағдырының ащы ақиқаты жатқан, қасіретті мұңы басым шығарма.

Сәкен мен анасы Жамал қатар көрген түс – Сәкеннің, арда туған асыл азаматтың азапты ғұмыр шындығы.

Қапан Сатыбалдин осы пьесада реализм талаптарын да, романтикалық желіні де өмір ақиқатына телиді. Шығарма сенімді шығуы үшін драматург ықшам оқиғаларды сұрыптап жеткізуге, ашуға ден қойған. Жүріс-тұрысымен, сөйлеген сөзімен, әрекетімен нандыратын бірнеше кейіпкер – сол дәуірдегі халықтың қатпар-қатпар тіршілік өрісінің өкілдері.

Пьеса тарихи тұлға Сәкен Сейфуллиннің халқын сүйген жүрегін ашады, тауқыметті тағдырының бел-белестерін көрсетеді. Шығарманың ғұмырбаяндық арқауы анық. «Тар жол, тайғақ кешудегі» тұрлаулы тағдыр, ұлтының сүйген ұлы, қимас перзенті Сәкен бейнесі тарихи арпалыстар, аласапыран заманалар аясында шынайы болмысымен жарқырай ашылады. Шығармада Сәкеннің ақын жаны, азаттық аңсаған арманшыл бағыты, кішіге аға, үлкенге бауыр бола білген ізгілік, кісілік болмысы, ананы ардақ тұтқан перзенттік жүрегі әр қырынан жарқырай ашылған мінез-болмысы нанымды шешім тапқан. Дәуірлер алмасып жатқан, құбылған дүниенің теке-тірес тартыста ширыққан, шыңдалған перзенті Сәкен Сейфуллин туралы бұл пьеса – драматург Қапан Сатыбалдиннің елеулі туындысының бірі.

 

 

 

 

 

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

        1 Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған  Мемлекеттік бағдарламасы. – Астана, 2010

2 Ғабдуллин Н. Ғабит Мүсірепов – драматург: Монография. – Алматы: Өнер, 1982. – 192 б.

3  Нұрғали Р. Драма өнері. – Алматы: Санат, 2001. – 480 б.

4  Ордалиев С. Конфликт және характер: Зерттеулер. – Алматы: Жазушы, 1970. – 184 б.

5 Нұрғалиев Р. Трагедия табиғаты / Мұхтар Әуезов – драматург: Монография. – Алматы: Жазушы, 1960. – 176 б.

6 Тәжібаев Ә. Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы. – Алматы: Жазушы, 1971. – 416 б.

7 Дүйсенов М. Қазақ драматургиясының жанр, стиль мәселесі. – Алматы: Ғылым, 1977. – 176 б.

8  Сатыбалдин Қ. Таңдамалы шығармалар. 4 томдық. – Алматы: Жазушы, 1975. – 4 т.: Очерктер. – 300 б.

9  Сейфуллин С. Тар жол, тайғақ кешу. – Алматы: Жазушы, 1977. – 392 б.