Заркенова Л.С., Кударинова А.С.

Қарағанды қ., Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

 

Нүктелі массаждың тиімділігі

 

Бәсекеге қабілетті елу елмен иық тіресу экономикалық көрсеткіштерді көтеру ғана емес. Ең басты көрсеткіш - адамдық фактор. Қазақстан Республикасының білім  туралы  Заңының  2-тарау, 8-бабының  6-тармақшасында  «Мемлекет  даму   мүмкіндігі  шектеулі   азаматтардың   білім  алуын,  дамуындағы  ауытқуды   түзетуін   және  әлеуметтік   жағдай  жасауды  қамтамасыз  етеді»  делінген [1]. Мемлекет   қазіргі   таңда   даму  мүмкіндігі  шектеулі    жандарға  айрықша  назар  аударып,  қамқорлық  көрсетіп   отыр. Бұл  қамқорлықтың  бәрі  Елбасының   халыққа  жолдауында, ҚР  Білім  туралы  заңында,  «Кемтар  балаларды  әлеуметтік-медициналық-педагогикалық   түзеу  арқылы  қолдау  туралы» т.б.   заңдарында  айтылып,   дамуында  бұзылысы  бар  балаларға    көмек  көрсетудің   тиімді  жүйесін,  оларды  оқыту,  тәрбиелеу, еңбекке  баулу  және  кәсіби  даярлығын  шешуде,   бала  мүгедектігінің  алдын-алуға  бағытталған   көптеген   көкейкесті    мәселелері жан-жақты   қарастырылып келеді. Мүмкіндігі шектеулі балаларға қатысты мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі мәселелердің бірі оларды қоғамдық өмірге дайындау, әлеуметтік бейімдеу, жан-жақты дамуларына көмек көрсету, әлеуметтік  өмір шеңберінде тең құқылы тіршілік ете алуларына  жағдай жасау.

2002 жылдың 11шілдесінде қабылданған Қазақстан Республикасындағы «Мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік және медициналық-психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету туралы» Заңына сәйкес даму және денсаулық мүмкіндіктері шектеулі балалар білім алуға және шығармашылық, дүниетанымдық мәдениеттерін дамытуға тең құқылы [2]. Қазіргі кезде арнайы түзету мектептері мүмкіндігі шектелген балалар бойындағы сақталған анализаторлардың қызметін жоғалтпауға, оларға реабилитациялық көмек көрсетуге, қоғам ортасына бейімдеуге, бағытталған көптеген түзетушілік (коррекциялық) жұмыстар жасауда. Көмекші мектептердің осы бағыттағы негізгі жұмыстарының бірі оқытуды ұйымдастырудың әдіс-тәсілдері мен түрлерін жандандыру, кейбір оқушыларға қажет  болатын жаңа мүмкіншіліктерді ашуды талап ету, сонымен қатар бұл мәселе басқа да білім түрлерінде  өзекті болып саналуда.

Нүктелі массаждың денеге әсерін, оның физиологиялық қасиетін атақты ғалымдар И.М.Сеченов, И.П.Павлов, Н.А.Ухтомский тағы басқа ғалымдар өз еңбектерінде айқын көрсеткен. Массаж халықтық медицинаның үлкен бір бөлігі. Ол барлық жер шарына кең тараған, сондықтан емдеу әдістерінің ең негізгі тарауы болып құрамына кіреді. Қазіргі кезде шығыс және батыс массажы деп екіге бөледі. Батыс массажына классикалық және сегментарлық, ал шығыс массажына нүктелі (бір нүктеге қадап) және жүйелі (дененің бөлігіне жасау) массаждар жатады. Нүктелі массаждың физиологиялық әрекеті дене жабындары мен ішкі органдардың арасындағы заңдылық байланыс негізінде болады. Қазіргі заманауи көзқарас бойынша нүктелі массаждың негізіне шартсыз рефлекторлық  реакциялар жатыр, олар бел омыртқасының, бас миының, перифериялық және вегетативті жүйке жүйесінің әр түрлі қатарына негізделген әрекеттер. Түп негізі сонау б.з.б ғасырлардан болса да, ол өзінің тиімділігі мен қажеттілігін әлі де жоғалтқан жоқ. Қазіргі таңда нүктелі массажды көптеген сырқаттарға түрлі дәрі - дәрмектердің орнына ем ретінде қолдануда. Сондай-ақ, соңғы кезде тіл кемшіліктерін түзетуде де қолдану белсенді жүріп келеді. Себебі, бұл біріншіден нүктелі массаждың әсерлі және өте пайдалы екендігін көрсетеді,  екіншіден тіл кемшілігі бар балалар саны күн санап өсіп келе жатқан соң оларды түзетудің тың әдістерін табудың қажеттілігінің де артуында. Отандық ғалымдардан Ш.А.Булекбаева, Г.М.Султанова, Т.С. Джаниева, Ж.У.Басыгарина, Б.Н.Белибаева өздерінің еңбектерінде логопедиялық массаждың қыр-сыры мен әдіс-тәсілдерін ұсынуда. Ал Ресейлік ғалымдардан Е.А.Дьякова, Е.Краузе, В.С.Ибрагимова өздерінің еңбектерінде нүктелі массажды қолданудың тәсілдері мен ұсыныстарын көрсетті. Дизартрияның өзі және оны түзетуде қолданатын нүктелі массаждың әсерін ғалымдар арасында кең, ауқымды зерттегенімен, қолданыс аясы тар. Сондықтан да нүктелі массажды қолдану аясын кеңейту мақсатында зерттеу жұмысымыздың практикалық маңыздылығы артады.

Дизартрияны түзетуде массажды кеңінен қолданады. Оның ішінде зондпен жасалынатын массаж түрі мен логопедиялық массаж. Ал соңғы кезде нүктелі массаждың да әсері жайлы көп айтылуда. Шығыс елдерінде массаж өз ерекшелігімен  көзге түседі. Өйткені ол қолмен ғана емес, аяқпен де жасалынады. Массаждың негізі өткен ғасырлардан бастау алады. Оның ең бір кең тараған, алғаш аты аталған жері Қытай елі болатын. «Най-цзин» (ішкі құрылыс туралы кітап) атты қолжазбада (осыдан 3000 жыл бұрын жазылған) және көп ескі әдеби еңбектерде массаждың қандай ауруларға қолданылғаны туралы жазылған. Массаждың техникасы, методикасы, әдіс-тәсілі осыдан 100 жыл бұрын реттеліп, баспа бетінде берілген. Ежелгі Үндістанда «Аюр Веды» (ғылыми өмір) атты үш кітаптың біздің дәуірімізге дейін, 1800 жыл бұрын шыққан бөлімінде массаж туралы толық жазылып, оны қандай ауруға қалай қолданатыны жайлы атап көрсетілген. Славян елдерінде массажды моншада бейнке (сыпырғыш) арқылы сабалап жасаған. Массаж туралы туындылар көп болғанымен, бізге жеткендері шамалы. Қазірдің өзінде біреу білсе, екіншісі білмейді. Тек 19-шы ғасырдың екінші жарытысында массаждың физиологиялық қасиетін ашпақ болған. Оның әсерін ғылыми тұрғыда, тек И.П.Павловтың жоғарғы нерв жүйесінің теориясы жарық көрген кезде ғана айта алатын халге жетті. Массаж халықтық медицинаның үлкен бір бөлігі. Ол барлық жер шарына кең тараған, сондықтан емдеу әдістерінің ең негізгі тарауы болып құрамына кіреді. Қазіргі кезде шығыс және батыс массажы деп екіге бөледі. Батыс массажына классикалық және сегментарлық, ал шығыс массажына нүктелі (бір нүктеге қадап) және жүйелі (дененің бөлігіне жасау) массаждар жатады.

Қанша ғасырлар бойы адам өз бойындағы денсаулықты сауықтыруға арналған кереметтей емдік құралы бар екенін байқамаған. Тек 20 ғасырдың аяғына қарай бұл жаңалық ашылды. 1986 жылы Сеул профессоры Пак Чжи Фу адам денесінің қол басы мен аяқ табанының бір-бірімен тура сәйкес келетінін тапты. Бұл ғажайып ашуды «Су Джок» терапия немесе нүктелі массаж деп атады. Кейбір жаңалықтардың ашылуа да тез, жабылуы да тез. Бірақ, бұл жаңалықтың болашағы бар және ол одан әрі дамып, көркейеді. Әрбір адам, жас баладан, егде кісіге дейін осы әдіс арқылы өз-өзін емдей алады. Су-Джок терапияның екі жағы бар: физикалық және метафизикалық әлі де батыс медицинаға белгісіз.  Адам, аспан және жер, олар қоршаған ортаның басты бөліктері болып табылады. Аспан үстінде, жер астында болса, ал адам екеуінің ортасында. Осы бөліктегідей адам денесін де үш бқлікке бқліп қарастыруға болады: бас, мойын, кеуде. Қол мен аяқта осындай үш бөліктен тұрады. Адам басы аспанға сәйкес келеді. Аспан метафизикалық құбылыс. Адам басында ми орналасқан, ал бұл мидың өзіндік метафизикалық қасиеттері бар. Кеудедегі қол, адам денесінің орналасуына ұқсайды. Ал адамның аяғы жерге сәйкес келеді. Бұл системаның маңызы зор. Ол тек қана ішкі ағзадағы бұзылыстарды білуге ғана емес, сондай-ақ емдеуге мүмкіншілік береді.

Нүктелі массаждың көмегімен адам денесінің қандай да бір бөлігін емдеуге болады. Осы ғажайып әдіс табиғаттан берілген сый. Себебі нүктелі массажда қолданылатын әдіс қауіпсіз. Егер де емді дұрыс емес емдесе, одан ағзаға ешқандай зиян келмейді, тек емдік әсер берілмейді. Нүктелі массаждың әдістерін көп уакыт жұмсап, еске сақтаудың кажеті жок, бір рет жақсылап оқып түсініп алған жеткілікті. Массаж арқылы өзіннің, өзіңе жақын адамдардың денсаулығын нығайтып алуға болады.

 

Қолданылған әдебиеттер:

1.   Қазақстан Республикасының Білім беру туралы Заңы (№ 319-III 27 шілде 2007 ж.)

2.   ҚР «Мүмкіндіктері шектеулі балаларды әлеуметтік, медициналық және педагогикалық қолдау» туралы Заңы (№ 343 11 шілде 2002 ж.)

3.   Булекбаева Ш.А. Султанова Г.М. Джаниева Т.С. Басыгарина Ж.У. Белгибаева Б.Н. Применение логопедического массажа в коррекционной работе с детьми с детским церебральным параличом. - Астана, 2012. - Б. 36-46