Д.Ж. Жабдикова

 

Қазақстан, Қарағанды қаласы

Даму мүмкіншілігі шектеулі балаларға арналған балалар үйінің

тәрбиешісі

 

Тәрбиеші – бала жанының жарық сәулесі.

 

 

«Бір баланың маңдайынан сипаған

қол бақытқа кенелер»

Халық даналығы

Балалар үйіндегі тәрбие жұмысының қыр – сыры өте күрделі. Ондағы тәрбиеленіп жатқан балалармен жұмыс істеу асқан төзімділікті, шыдамдылықты, жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан, балалар үйіне жұмысқа кірерде, оның табалдырығын аттамыс бұрын, «осындағы балалардың жан дүниесін түсіне аламын ба, оларды бауырыма тартып, кеуделеріне үміт отын жағуға шамам жете ме?» деген сұрақтардың төңірегінде ойлану керек. Өзгенің бақытын аялаған, өзінің  қабілетін аямаған адам ғана балалар үйінде жұмыс істей алады. Ондағы жұмысқа уақытпен санаспай өзін ұстаз ретінде емес, тәрбиеші ана ретінде кірісуі абзал. «Жұмыс уақыты біткенше тобымдағы балалардың өміріне тәрбиеші ретінде жауаптамын» - деп ойлайтын тәрбиешілер қателеседі.

Балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан тәрбиеленушілердің мінез – құлықтары әр түрлі, олардың арасында ерке, шолжаң, бұзық, қаншама тырысқанмен тәрбиеге көнбейтіндер де кездеседі.

Тәрбиеші балаларды бауырына тартып,басынан сипап, еркелететін кезде еркелетіп, ақыл айтып жан дүниелерін түсінуге тырысса,олар да жақын көріп, анасы сияқты сырын айтып, өз баландай болып кететіні күмәнсіз.Сондақтан, тәрбиеші өзі тәрбиелілікті , жақсы мінез – құлықты талап етіп, ал өзі балаға үлгі көрсете алмаса, онда оның талаптары көздеген мақсатына жетпейді.

Тәрбиешінің жұмысының алға басуы оның шеберлігіне байланысты. Тәрбиеші ең алдымен балалардың жеке өзін сыйлауды, оған сергек және көңіл қойып карауды, мінез – құлқын мезі қылмайтын бақылау жасауды көздейді. Тәжірибелі тәрбиешілер әдетте кінәлау мен айтқыштыққа шамадан тыс әуестенбейді. Тәрбиеленушінің күнделікті сабағы, бос уақыты, әртүрлі істермен шұғылдануы тәрбиешінің мойнында. Оны күнделікті өз тәжі рибемде көріп жүрмін.Егер тәрбиеші бірін – бірі дұрыс ұғына білсе, сонда ғана тәрбиешінің ісі алға басады.

Балалар үйінде  тәрбиеленуші балалардың психикасы нәзік. Олар көбіне құбылмалы келеді. Мысалы, өзім қызмет ететін даму мүмкіншіліктері шектеулі балаларға арналған  балалар үйінде тағдыр тәлкегін көрген балалар тәрбиеленуде. Топта жас ерекшелігі әртүрлі 11 ұл бала тәрбиеленуде.  Оның  үшеуі жетім, қалғандары  ата – ананың  қарауынсыз қалғандар. Топта әлсіз, оқуға қызықпайтын, тік мінезді, шыдамсыз,тұйық, үрейлі, өзіне сенімсіз балалармен жұмыс істеуге тура келеді. Ешқандай себепсіз қуаныштан ренішке тез ауысады. Тез қозуымен, тежелуі басым, берілген тапсырманы көңіл-күйі болғанда ғана жасайды. Жұмысты орындағысы келмей, бас тартып қалғанды жақсы көріп тұрады. Тәрбиенің  әдістері – тәрбиелеу міндеттерін шешуге бағытталған тәрбиешілер мен тәрбиеленушілердің өзара байланысты іс – әрекетінің тәсілдері. Абай атамыз: «Бала тап – таза болып туады. Оның тәрбие алған ортасы, отбасынан көрген  жақсы тәрбиеден үйреніп, жаман әдеттен аулақ болады» деген ой айтқан.

«Ойшылдық – адамды адам етеді, ойсыздық – адамды надан етеді» деген сөз тегін айтылмаған. Ойлауды  өмірден  үйреніп, өмірді тану арқылы «елім, ұлтым» десе жан аямайтын, тәрбиелі, білімді, намысты ұрпақ болар еді.Тәрбие саласындағы  басты мақсатымыз – рухани адамгершілігі терең ұрпақ тәрбиелеу болса, оған апарар жол баланың өзін – өзі тануына, қабілетін ашуына баулу. Өзін – өзі тану өзгені тануға жол ашады, өмірдегі өз орның табуға көмектеседі деп ойлаймын. Тәрбие кешіктірілсе, кешірілмейтін, дұрыс бағыт алмаса, қайта қалпына келмейтін нәзік те күрделі, кәделі де сауапты, игілікті де ізгілікті істеріміздің бірі.

 

Пайдаланылған  әдебиет  

Айтмағамбетова Б.Р, Бейсенбаева А.А. Жеке адамның дамуы, тәрбиесі. Алматы: КазПИ, 1991. Бабаев С.Б. Оңалбек Ж.К. Жалпы педагогика. Алматы. 2005.