Жүсіп
Баласағұн «Құтты білік» дастанының
тәрбиелік мәні
Серигхан Айман
Серигханқызы
Мұқажанова
Айғаным Мұқажанқызы
Қазақ және орыс филологиясы факультеті
Қазақ
тілі мен әдебиеті мамандығы 3 курс студенті
Ғылыми
жетекшісі: Ерманова
Сания Бөленбайқызы
магистр, қазақ тілі мен
әдебиеті
кафедрасы,
ҚМПИ, Қостанай, Қазақстан
Түркі мәдениетінің ұлы да
ұлағатты әдеби ескерткіші «Құтты білік» дастанын
жазған Жүсіп Хас-Хажыб Баласағұн ХІ
ғасырдың аса көрнекті ақыны, есімі күллі
шығыс елдеріне мәшћүр болған данышпан ойшыл,
энциклопедист - ғалымы, белгілі қоғам қайраткері.
Оның өмірі мен қызметі, мақсаты жас шамасы
хақындағы там-тұмдаған деректерді негізінен
шығарманың өз тексінен ғана табамыз. Дастанның ел
өміріндегі маңызы, сипаты мен қасиеті,
мұрат-мақсаты мен тілі жайлы мағлұматтар да тексте
кездесетін автордың өз пайымдауларынан жақсы
аңғарылады [1,10]
Жүсіп Хас-Хажыб әдебиетте әділетті,
ырысты елдің, құтты мемлекеттің
үлгісін жасаған өз өмірі,
күйініш-сүйініші жайлы,
өмірдегі өкініші, кәрілік пен жастық жайлы,
халықтың салт-дәстүріндегі ерекшеліктерді де,
тұрмыс ерекшеліктерін де астастыра отырып, өзі тамаша білетін
түркі фольклорының
маржандарын таланттылықпен сіңіре өрбітіп, өз
дәуірінің барынша кемел суреттерін түсірген [2,73].
Ақын
«Құтты білікте»
қандай адам «ұлы
хас-хажиб» болып істеуі
мүмкін деген сауал қойып, оған өзі
егжей-тегжейлі жауап
айтады. Ұлы Хас-Хажиб -
әмірші патшаның көрер
көзі, есітер құлағы,
ол мемлекет заңдары мен сол
елдің
әдет-ғұрпының
дұрыс орындалуын
қадағалап отырады.
Сондай-ақ ұлы уәзір -
қазына ісін басқарушы адамға, сарайда қызмет ететін хат
көшірушілер мен қол
өнершілерге патша атынан әмір береді, елшілерді қабылдап, шығарып салып отырады,
ресми түрдегі салтанатты
жиындардың
заңға сәйкес өтуін қадағалайды,
әрі кедейлер мен жетім-жесірлердің арызын тыңдап, оны
Табғаш Қара Богра ханға жеткізіп отыруы тиіс.
Бұған қарап Жүсіп
Баласағұнның
патша сарайында
қандай қызмет атқарғанын ғана емес, сонымен бірге
ақын «Құтты
білікте» өзіне өте
жақсы таныс
мәселелерді мейлінше терең біліп барып жазғанын да
аңғарамыз. «Автор өз шығармасының кіріспесінде дастанның қайсы
тілде жазылғанын айта келіп,
былай дейді:
Арабша, тәжікше кітаптар
көп,
Ал, бұл - біздің
тіліміздегі тұңғыш даналық жинағы.
«Біздің тіліміз» ақын түркі тілін айтып
отырғаны мәлім.
Сондай-ақ, бұл дастанға қара сөзбен жазылған
кіріспеде шығарманың тілі
жөнінде айтылған мынадай пікір бар:«Шығыс елдерінде,
бүкіл Түркістан халықтарында түркі сөздерімен,
бограхан тілінде жазылған бұдан артық кітап жоқ»
Табғаш Қара Бограхан әулеті Қарахан мемлекетінде билік
жүргізген дәуірде кеңінен тараған жазба-әдеби тіл
кезінде «бограхан тілі» деп те
айтылған», - дейді А.Егеубай
[1,64].
«Құтты білік» дастанында
соншалық мол мазмұнды арқау еткенімен, негізгі айтар ойы -
адамның адами жетілуі мен кісілік кемелденуі, сол арқылы мемлекет
пен қоғамды қуатты, құтты ету. Дастан
мазмұны өте астарлы, танымы терең де
тұңғиық ұғым-түсініктерге толы.
Оған ерекше үңіліп, зерттей қарар болсақ,
шығарманың өзегі - толық адам екенін танимыз.
Дастандағы құт-береке бақ - толық , жетілген
адамның еншісі. Ақынның
айтуынша құттың кілті
- кісінің ділі, тілі,
қылығын бірдей қамтыған жан-жақты жетілуі мен
кемелденуі. Түптің түбінде, дастан мазмұнынан құт-береке, бақытқа
өз әлемін асыл етумен ғана жетуге болатынын
ұқтырады. Адамның адами жетілуі мен кісілік кемелденуі -
дастанның ең басты идеясы.
«Бұл дастанда «Өзіңді
сақта» дегені кісінің өзін танытар қасиеті -
адамдығы мол кісілігіне байланысты айтылған. Затың - адам,
атың - адам болған соң, қасиетіңе лайық бол, діліңе дақ түспесін,
адал бол, адам бол деп жар салудан ақын жалыққан емес.
Адамның өзі адамдық, кісілік қасиетінсіз
қаңырап бос қалады. Оның адам атанып жүруі де
қасиетін танытар адамгершілігінің бар кезінде ғана болатын
жағдай. Дастанда шын мәніндегі көңіл тоярлық
кісіліктің сиректігі, жоқтығы жиі айтылады. Ақын
шығармасы да осы зәрулік пен қажеттілікке байланысты туса
керек. Дастан мазмұны кісіліктің қадір-қасиетін
жан-жақты танытуға құрылған. Өйткені адам
да, қауым да кісілікке зәру»,-дейді М.Әліпханов өз
еңбегінде. [3,3].
Кісілер көп, кісілікке кендеміз
Адалы - аз адам атты пендеміз
Толып жатыр жүрген жандар жер басып,
Көңілі ашық, әділ ерге - ел
ғашық.
Кісі сирек емес, сирек - кісілік,
Кісіліктің қадірін біл, түсі
«Құтты білік»
дастанының мазмұнынан
ұғарымыз кісі өзін-өзі құрметтеп, кісілікті
болып көрінсе, өзіне ғана тән қасиеті мен
тірлігін танытады, кісілерге жақсылық жасап,адамдығын
асырады. Әйтеуір тірі жүріп кісі атана қою қиын,
әркім де кісілік жасап қана адам атанады. Тірліктің де, адам
болудың да ақтауы мен кепілі - кісілік пен адамдық. Ал, кісілік пен адамдық
Әл-Фараби айтқандай, даналық пен
қайырымдылықтан,яғни ізгілік пен танымнан тұрады.
Адамдағы барлық асыл қасиет танып-білу мен ізгі болудан
бастау алады. Жүсіп Баласағұнның адамдық пен
кісілікті шексіз құрметтеп, дәріптеуі осы танымнан туса
керек. Дастанның бүкіл мазмұны кісіліктің қадір-қасиеті,
мән-мағынасы, қыр-сырын әңгімелеуге құрылған. Сөйтсе де, ақын
шығармасының әр-әр тұсында түпкі ойын
тыңдаушысына соншалық жалаңаштап, жеңілдетіп,
ашық айтып жеткізуге тырысады.
Көбіне қат-қабат
қыртысты, күрделі күйде келетін астарлы асыл
ойларын әр түрлі
әдеби тәсілмен онан сайын
тура, ашық айтады [3.21].
Дастандағы
өзіңді ұмытпай, қасиетіңді сақтап
жүру қағидасының
ең биік шыңын басты бағыт, нысана саналған
құт, береке, бақытпен байланысты танимыз. Ақын әр
адамның аты мен затына
лайық кісілік, адамгершілікпен өмір сүруін құт-береке, бақыт деп біледі. Ақиқатты әркім өз ақыл ойымен,
өресінің жеткен әсеріне дейін ғана танып келеді десек
те, ақынның адамдық
пен кісілікті құт көруі - көпшілік көңіл
қойып қабылдай қоятын шындық.
Ақын үнемі асыл
қасиеттер мен кеселді қасиеттерді қатар алып, салыстырып,
жарыстырып суреттейді. Алғашқысы адамдарды асқақтатып,
ардақты етсе, құтты
етсе, кейінгісі
төмендетіп, арзандатып, күлкі күйге
түсіреді. Дастанның бүкіл мазмұны осы асыл
қасиеттер мен кесел қасиеттердің қыр-сырын ашуға құрылса
да, теңіздей танымның тамшыдай
түйінін байқаймыз.
Ақын дастанның
әр-әр тұсында ебін тауып, кеселді қасиеттерді жекелеп,
я тобымен аптап отырады. "Біраз нәрсе
кісінің қас дұшпаны" деп мыналарды тізіп айтады:
тілдің жалған айтылуы, айтқан сөзден қайтуы,
шарапқа аңсары ауғаны, жүгенсіз іс-қылық,
зымияндық, ашулы тіл. Осы тобымен бұл қасиеттердің
дастанның әр-әр тұсында қайталанып келетіні бар.
Әсіресе жалған айту, өтірік сөз кісілікке артықша
зиянды болып көрінеді [3.27].
«Құтты білік»
жазбасының мәдени мәні орасан зор. Х-ХI ғасырларда
араб-парсы Орта Азиядағы түркі тайпаларының тілін жұтып
қоюға дейін барып тұрғанда, Жүсіп
Баласағұнның түркі тілінде көлемді де күрделі
дастан жазуы өз кезеңі үшін үлкен тарихи
жаңалық болды. Дастанның көркемдік ерекшеліктері айтарлықтай
биік болмаса да, осы тарихи қызметі жағынан жазба биік
бағаланады. Өйткені, «Құтты білік» Х-ХI
ғасырдағы Жетісу жерінде тұрған түркі
тайпаларының барлық салт-санасын, әдет-ғұрпын,
олардың арасындағы түрлі жіктерді,
қарым-қатынасты, мәдениетін және тілін толық
қамтыған шығарма. Бұл реттен дастанды бір ғана
хан-хақандар салтын жырлайтын шығарма деп бағалауға
болмайды. Онда түркі тайпаларының салт-санасы да көрініс
тапқан. Кейбір жыр деректеріне қарағанда Қарахандар
мемлекетінде тап теңсіздігінің үлкен орын алғаны
байқалады. Бір жағынан хан сарайы, екінші жағынан
бұқара халықтың өмірі суреттеледі. Сол себепті,
Е.Бертельс Жүсіп дастанындағы әділдік идеясын халық
арманынан туған тілек деп дұрыс бағалайды.
Жүсіптің өзі де ақсүйектерден шыққан
үстем тап өкілі емес, көбіне бұқара
халыққа арқа сүйеген ақын. Оның
ақындар туралы сөзінде көшпелі елдерге тән
ақындық өнерді дәріптеу салты да бар. Ақын
өзін хандарға ақылшымын, халық өкілімін деп
ұғындырады.
Ақындар
келер алдыңа,
Сөз
шебері сәуегей.
Сөздері
өткір қылыштан,
Қылдан
нәзік қиялы,
Тыңдасаң
тыңда ақынды,
Нәзік
сөздің бұлағы.
Ақындарды
сыйлай біл,
Даңқыңды
жұртқа жырлайды,
Қабағы
қатса қуандыр,
Қарны
ашса тойындыр.
Ақындардың
сөзінен,
Пайдалы
нәрсе болмайды,-
деген Жүсіп ақындық өнерді шабыттана жырлайды,
оған үлкен әлеуметтік баға береді. Бұл жолдарда
ақынның хан сарайына деген көзқарасы да ашылған.
Жүсіп өзін олардан бөлек ұстайды. Тіпті,
хан-хақандарға сатира элементін қолдануға да бар.
Е.Бертельс Жүсіптің осы сөздерінің арғы тегінде
Фердаусидің Махмұт Ғазнауи сұлтанға жазған
сатирасының рухы бар деп бекер айтпаған [4,74].
Сонымен, өз
дәуірінің көкейтесті мәселелерін
қоғамдық әлеуметтік тұрғыдан
терең түсінген ғұлама
ақынның «Құтты білік» дастанында көтерген
ең басты мәселелердің бірі - ел басқару мәселесі.
Елді, мемлекетті қалай басқару керек, ел басқаратын адамда
қандай қасиеттер болуы шарт. Міне, автор осы сауалдарға
өз заманының оқыған, көзі ашық, ойшыл
азаматы ретінде әрі феодал табының мүддесін
қорғайтын өкілі ретінде жауап береді.
«Құтты білік» дастаны Қарахан әулеті
үстемдік жүргізген орта ғасырдағы аса маңызды
қоғамдық-саяси мәселелерге арналған. Жүсіп
Баласағұн мемлекет пен патша, әкімдер мен қарапайым
халық, патша сарайының қызметкерлері, олардың
құқықтары мен міндеттері, феодалдық топ пен қалың бұқара
арасындағы қарым-қатынас туралы оқырманға ой
салады.
Ақынның
білімді қаншалықты жоғары бағалайтынын дастанның
атынан аңғару қиын емес. Жүсіп Баласағұн
өз шығармасын «Құтты білік» деп тегін қоймаса
керек. Дастанда оқу-білім, ғылым мәселелеріне арналған
арнайы тараулар бар. Сонымен бірге, ақын мемлекет, қоғам, ел
басқарған әкімдер, хан, этика деген мәселелерге
арналған тараулары да білімнің күш-құдіретін
ардақтап ғалымдарды көкке көтере мақтайды.
Ақыл-шырақ, қара тілді
ашатын,
Білім- жарық, нұрын саған шашатын.
Ақыл болса, асыл болар - болса ер,
Білім болса, бектік қылар қылса ер.
Ақыл кімде болса - болар асыл Ол,
Білім кімде болса - бек ћәм басың ол.
Кісі ұланы қара жерге қол салды,
Көтерді бәрін, білімін ол қолданды
Ақын ғалымдарды мадақтай келе, олардың орны әрқашанда төрде болуы керек дейді. Ал, елді жоғары қызметке ие болып жүрген білімсіз, қараңғы, надан жандардың төрден алған орнының өзі босаға секілденіп қалатынын ескертеді:
Наданға төрден орын тисе, қор етеді,
Данышпанға босағадан орын тисе, төр етеді.
Дастанда мынадай ой-пікір бар:Патша ел-жұртын қылыштың күшімен қатал тәртіппен басқарып отырады, ал ғалымдар - қалың бұқараны ақыл-парасатымен басқару керек.Әрине, Жүсіп Баласағұн халыққа үстем таптың өкілі ретінде қарайды. Сондықтан ол қарапайым халықты қоралы қойға, ал білімді адамды - сол қойлардың соңына ерткен серкеге теңейді. Ақын дастанда өзі өмір сүрген дәуір талап еткенде бірқатар маңызды мәселелерге өзінше жауап беруге әрекет жасаған. Жүсіп Баласағұн өзінің дидактикалық сарында жазылған шығармасында мораль, этика, әдептілік, тәлім-тәрбие туралы өсиет-ғибрат сөздер айтады. Қоғамдағы адамдардың өзара қарым-қатынасы, сөйлесуі, сыйласуы, әсіресе, тіл әдептілігі егжей-тегжейлі сөз болады. Ақын маскүнемдікті, жалқаулықты, әдепсіздікті, дөрекілікті, жылпостықты, жаман мінез-қылықтарды өлтіре сынайды.
Шығармада жақсылық пен жамандық, әдептілік пен дөрекілік, шындық пен өтірік, аңқаулық пен қулық өзара қарама-қарсы қойылған. Сол арқылы автор айтар пікірін тереңдете түседі. Мәселен, ақын: ауырмаса - денсаулықтың қадірін білмейді, өлім болмаса - тірі кездің қадірін білмейді, қайғысыз адам - қуаныш сезімінің құдіретін толық сезе алмайды деген секілді бірқатар философиялық пікірлер қозғайды.
Н.Келімбетов: «Құтты білік» дастанында автор ерекше мән беріп, зор шабытпен жазылған аса маңызды мәселелердің бірі - адамдардың бірін-бірі құрметтеуі, ізет көрсетуі, сыйлауы болып табылады. Атап айтқанда, мұнда жастардың қарттарға, қариялардың жастарға, әкімдердің өз қол астындағы қызметшілеріне, жалшылардың өз қожаларына, балалардың өз әке-шешесіне, ата-ананың өз перзенттеріне деген ізгі құрметі қандай болу керек деген сауалға жауап берілген [5,17].
Жүсіп Баласағұн әдептілікті жырлай келіп, солардың ізіндегі ең бастысы - тіл әдептілігі деген қорытынды жасайды. Дастанның бір тарауы, дәлірек айтсақ, жетінші тарауы түгелдей осы мәселеге - тіл әдептілігіне, яғни мәнерлі, мәнді, сыпайы сөйлей білу өнеріне арналған. Автор оқушысын абайлап, ойланып-толғанып барып сөйлеуге, тілге сақ болуға шақырады. Қысқаша әрі мазмұнды сөйлей білу - әдептілік басы деген пікір айтады.
Ақын кісіні адамгершілік арнасынан шығарып, жұртқа әдепсіз, дөрекі, надан етіп көрсететін кейбір мінез-қылықтарға көркем сөзбен сипаттама береді. Мұндай жағымсыз мінездер мал-мүлікке тоймайтын аш көздік, сараңдық, мейірімсіздік, ашушаңдық деп көрсетеді. Әке-шешеден тәрбие көрген, әдепті жандар қашанда нәпсісін тия білетін, жомарт, бауырмал, сабырлы, инабатты болып келетінін айтады [5,171].
Сөйтіп, Жүсіп Хас-Хажыб Баласағұн қоғамдық-әлеуметтік көзқарасында кейбір қайшылықтары бола тұрса да өз дәуірі үшін прогрессивті роль атқарған бірқатар ағартушылық моральдық, этикалық принциптерді жырлап, оларды әлеуметтік мәселе ретінде көтере білген көрнекті қоғам қайраткері еді.
Пайдаланылған
әдебиеттер
1. Егеубаев А. Жүсіп Баласағұнның «Құтты
білігі» // Қазақстан мектебі. №11
1993.
2. Егеубаев А. Жүсіп
Баласағұн. «Құтадғу білік» (Х1 ғ.) //
Жұлдыз. № 3 1996.
3. Әліпханов М. Құттың кілті - кісілік.
–Түркістан: Мұра. 1997.
4. Қоңыратбаев Ә,
Қоңыратбаев Т. Көне мәдениет жазбалары. – Алматы:
Қазақ университеті, 1991.
5. Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті.- Алматы: Ана тілі,
1991.