ҚАЗАҚ-ҮНДІ
ОЙШЫЛДАРЫНЫҢ ҚОҒАМ ДАМУЫНА ҚОСҚАН АҒАРТУШЫЛЫҚ
ҮЛЕСТЕРІ (АБАЙ ЖӘНЕ Р. ТАГОР МЫСАЛЫНДА)
Д.М. Кокеева ¹,
З.Е. Искакова ², М.М.
Пернекулова³
Әл-Фараби
атындағы Қазақ ұлттық университеті, Алматы
¹ dmkbuddy@mail.ru,
²zaure_india@mail.ru, ³wavemika@mail.ru
Аннотация. Мақалада
қазақ-үнді ойшылдарының философиялық
еңбектеріндегі негізгі әлеуметтік-философиялық,
ағартушылық бағыттар айқындалған.
Сондай-ақ, адам өмірінде негізгі орын алатын іс-әрекеттер мен
әлеуметтік құндылықтарға талдау жасалынған.
Кілт сөздер. Философия, дін, қоғам, әдебиет, таным.
Мақала 2015-2017 жж арналған «Қазақ-үнді
ойшылдар мұрасындағы рухани үндестік» шетелдік
ғалымдармен бірлескен қолданбалы
ғылыми зерттеу жұмысын қаржыландыру жобасы негізінде дайындалды.
Өз
философиясын Батыс пен Шығыс дүниетанымымен қанықтырған
Абай алғаш рет қазақтың қоғамдық ой тарихында
даму және қозғалыс идеясының мәнін түсінді.
Бұл көзқарас тұрғысынан ол өз халқының
тағдыры мен болашағын, қазақтардың мәдени-шаруашылық
нұсқасын өзгерту мүмкіндіктерін, ондағы
көшпенді, отырықшы және жартылай көшпенді шаруашылық
әдістерінің орнын пайымдады, қоғамның рухани, саяси,
экономикалық өмірін қатаң сынға алды. Келешекте
қазақ этносының даму жолдарын болжап, ғылым мен білімнің
қоғам дамуындағы орны, еңбектің тіршілік
көзі ретіндегі маңызы жайлы ойларын халық талқысына салды.
Өз халқының
тағдыры, ұлттық рухы, бостандығы,
мінез-құлқы ұлы ақынды ерте толғандырды. Ол
қазақты мақтаныш тұтты және оған
көңілі толмай налыды, этностың имандылыққа жетуі
жайын ойлап мазаланды.
Абай үшін адам
мәселесі негізгі философиялық мәселе болып табылады, осыдан
оның ізденістерінің этикалық бағытын түсінеміз.
Толық, жетілген адам – арлы, адамгершілік қасиеті жоғары,
еңбекқор, білімді, сабырлы, иманды, қанағат пен
ұятты білетін, танымды, игі жүректі болуға тиіс. Ол өз
халқын осыған шақырды, адамдарды өзім деп, жат деп, бай
мен кедей деп бөлмеуге, іріткі салмауға, жалпыадамзаттық
ізгілікке үндеді. Адамдар арасындағы достық пен
сүйіспеншілік – құдай алдында жауап беретін пенде үшін
ең басты қасиет. Ол діннің маңызын, әсіресе шариғатты
мойындады. Әйтсе де, оның құдайы өз
жүрегінде ұялады, түйсік тереңінде болды. Сондықтан
да ол діннің мәнін түсінумен, шариғат шарттарын орындаумен
шектелмей, тереңдеп жүйелі оқуға ұмтылуды уағыздады.
Абайдың
шығармашылығында философиялық, этикалық, эстетикалық,
танымдық және әзіл-сықақ, кеңес беру
түрінде жазылған «қара сөздер» маңызды орын алады.
Онда ойшылдың мәні мен мақсаты, адам тіршілігінің
негізі туралы түсініктері іштей қаысқан. Мұнда философ ақын
адамдардың рухани толысуын, адамдық қасиеттер жүйесін,
әлеметтік этика мен қоғамды көркейтудің жолдарын
көрсетпекші болды. Таза философиялық терминдерге бой ұрмай
әралуан әлеуметтік топтағы адамдарға жетілуді
түсінікті түрде ұғындырып, қоғамдық сананың
дертін айқын да бейнелі түрде жеткізді. Оның сөздері
қазақтың жүрегіне өтімді, өйткені ол
ұлттық психологияның негізіне, барлығын да тарихи жадында
сақтап қалған халықтың ойына бағытталған.
Абай ойы қазақ арсында зор мәнге ие болып, күнделікті
өмірде қолданылатын мақал-мәтел дәрежесіне
көтерілді.
Абайдың
мұраттары мен мүдделерін одан әрі дамытып, жаңа
қоғамдық-саяси жағдайға сай толықтырып, нақтылап,
өмірлік істерінде ұдайы қолданған көптеген
шәкірттері болды. Олардың ішіндегі көрнектілері:
Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлихан Бөкейханов,
Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан
Жұмабаев және басқалар. Бұл тақырып арнайы
және ауқымды зерттеуді қажет етеді, өйткені
көптеген мәселелер Абай шәкірттері мен ізбасарларының
еңбектерінде кеңінен ашылып, одан әрі жетілдірілді. Егер
Шәкәрім мен Әлихан Бөкейханов шығармаларын
зерттеуге арналған кейбір еңбектер болса, Ахмет Байтұрсынов
және басқалардың шығармашылығының
философиялық қырлары мүлде зерттелген жоқ. Бұл
ғылыми ізденістерге кең жол ашады.
Абайдың
халықты ғылымға үндеуі – тек бір ғана ғылым
мәселесін қозғаған бір жақты үндеу емес, ол
заман жайында, өз халқының тіршілігіне, оның
келешегіне, өз елінің алдыңғы қатарлы озық
елдердің қатарына қосылуына байланысты сан алуан келелі
мәселелерді қозғаған.
Елдің алға басып, дамуы
– адамның қолында екендігін терең түсінген Абай , өз өлеңдерінде
адамның мінезіндегі орынсыз мақтаншақтық, ойсыздык, салғырттық,
күншілдік
сияқты жаман керітартпа әдеттерден арылуды үндегенін мына өлең жолдарынан байқай
аламыз:
...Бес нәрседен қашық
бол,
Бес
нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз
Тілеуің
өмірің алдыңда
Оған
қайғы жесеңіз
Өсек,
өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер
мал шашпақ-
Бес дұшпаның білсеңіз, –
дей келіп, адамға
өмірлік азық болар, айнымас серігі болатын бес іс – ол талап, еңбек,
терең ой, қанағат, рақым екенін қолмен қойғандай көрсетіп берген [1].
Рабиндранат Тагордың алыстарды шарлаған атағы мен даңқына
шын пейілімен қуана қол соққан үнді қауымының,
ұлы суреткерге деген ықылас-пейілінің уақыт пен замананың
барлық сынынан сүрінбей өтіп келе жатуының да бір
жұмбағы осы ұлттық-адами тереңдіктерде жатса
керек. Рабиндранат десе: «Адамзаттың Тагоры», дейтін сөз тіркесі
көлденеңдейді. Бұл, заңғар суреткерге үнді
бауырларының дуалы аузымен телінген толағай теңеу болатын.
Өз дәуірінің өзегін жарып шыққан дара
перзенттерге тән ерекше қасиеттердің көшбасында олардың
істеген еңбегі мен атқарған қызметі, жазған
шығармашылықтары жалпы адамзатқа түсінікті болуы жатады.
Рабиндранат Тагор – шығармашылығы отанының
әдеби, сонымен қатар қоғамдық дамуында
үлкен рөл атқарған, ал шығармалары әлем
әдебиетінің асыл қазынасына енген үнді халқының
ұлы ақыны, ойшылы. Тагордың Үндістанға
көрсеткен үлкен көмегі, яғни ол халықты
өздерінің белгілі бір тар ойлау деңгейлерінен шығарып,
оларды адамзатқа қатысты ауқымды мәселелерді толғандыра
алатындай дәрежеге дейін көтере алғандығы болды. Тагор
Үндістанның ұлы гуманисті болған. Тагор әлемге
ең алдымен Үндістанның әдеби кемеңгері – ақын,
прозаик және драматургы ретінде танымал. Дегенмен оның үнді
мәдениеті мен өнерінің өзге де салаларына
қосқан үлесі аз емес. Ол көрнекті публицист, филолог,
философ, педагог, суретші және композитор болған. Ол болмысты
көркем ұғынудың, табиғат әдемілігі мен адам
жанын түсінудің жаңа жолдары мен әдістерін ашып
отырған. Тагордың шығармашылық мұрасы
көптеген мемлекеттердің зерттеушілерінің, және ең
алдымен, әрине оның өз отандастарының басты назарында.
«Тагор кітаптарының Үндістан халқының барлық
тілдеріне аударылған миллиондаған даналары қазіргі таңда
біздің елімізде жаңа әдеби өрлеудің орнауы
үшін ауадай қажет», – деп 1961 ж. Калькуттадағы Тагордың
100 жылдық мерейтойына арналған Жалпы Үнділік жазушылар
конференциясында танымал үнді әдебиетшісі Мулк Радж Ананд айтқан
болатын [2].
1930
жылы Тагор Ресейге сапар шегіп, елдің даму қарқынына
және іс жүзінде кедейлік пен экономикалық теңсіздікті
жоюға бағытталған әректтерге таң қалды. Бірақ
оны ең таңқалдырған нәрсе – бұрынғы
Ресей империя кеңістігіндегі кең өріс алған сауатсыздықты
жою бағдарламасы. Ресейден бенгал тілінде жазылып жіберілген хаттар 1931
жылы басылды. Хаттарда Тагор Үндістанда британдық
әкімшіліктің қолдауымен жайылып кеткен сауатсыздықты
және Ресейдегі білім саласын дамыту үшін жұмсалған
күшті салыстырды: «Ресейге табан тіреген кезде менің назар аударғаным
білім саласы болды. Бірнеше жылдың ішінде шаруа мен
жұмысшының алға басқаны соншалық, біздің
елде ондай жетістікке жоғарғы таптық өкілдері
соңғы жүз елу жылда да қол жеткізе алған
жоқ... Бұл жерде басшылар алыс Азиядағы түркмендерге де
білім беруге қорықпайды. Керісінше, олар білім беруге орасан зор
күш-жігер жұмсайды» – делінген [3].
Тагор өз заманының тағы басқа
белгілі жазушыларына өте үлкен әсерін тигізген. У.Б. Йитс,
Эзра Паунд және Ромен Роллан сияқты ағылшын ақындары Тагордың
үлкен табынушылары болды. Кейінірек, аргентиналық жазушы Виктория
Окампо, ұлы ғалым Альберт Эйнштейн, әдебиет саласынан Нобель
сыйлығына ие болған жапон жазушысы Ясунари Кавабата және атақты
орыс жазушылары Анна Ахматова мен Борис Пастернак сол табынушылардың
қатарына қосылды. Оған қоса, Түркияның
бұрынғы Премьер-министрі Булент Эчивит «Гитанджалиді» түрік
тіліне аударған болатын [4]. Тагор үнді халқының рухани ақыны десек болады,
себебі оның шығармаларының барлығында руханилық,
болмыстық, дүниетанымдық, мистикалық сарындар
баршылық, әсіресе «адам және құдай»
арасындағы қарым-қатынас. Тагордың
шығармашылығындағы философиясында біз «садхана» яғни
индуизм және буддизмде мұны рухани практика немесе белгілі бір
күйге жетудің құралы деп аталатын санскриттік
ұғымның жиі қолданатынын байқаймыз [5]. Тагор
адам өзінің жанын, рухани өмірін күнделікті
өмірлік қарбалыста тануына мүмкіншілік таба алмайтынына
өзінің өмірлік тәжірибесінен сенімді болды. Ол
адамның Құдаймен қосылуы үшін, оны түсініп
білуі және адамның өмірінің мәнін түсіне
білуі үшін келесідей ұғымдар мен жолдарды ұсынды –
«тұлғаның Әлемге деген көзқарасы», «жан мен
сана», «күнә мәселесі», «өзімшілдік», «махаббатта
жетілу», «жұмыста жетілу», «сұлулықта немесе әдемілікте
жетілу» және «шексіздікке ұмтылу» деген сегіз жолды
көрсетеді.
С. Радхакришнан өзінің Рабиндранат
Тагор философиясы атты кітабында былай дейді: «Рабиндранаттың өмір
философиясы бірден-бір Үндістанның ерте философиясында жатыр.
Және ол қазіргі заманауи қажеттіліктерді өтеу
үшін қайта қарастырылған. Оның еңбектері
осы заманның жеке тұлғалары арқылы әсер еткен
Упанишадтарға түсіндірмелер ретінде берілген. Ерте
Үндістанның жаны оларда көрініс тапқан» [6].
Ұлы
ақындарды жақындастыратын – рухани байлығы олардың
шындыққа, өмірге деген көзқарастарында бір жерден
ұштасып жатыр. Ақындардың өмірлік және әдеби
тәжірибелері әлем мәдениетіне ортақ рухани қазына
беріп, коғам дамуына өздерінің өшпес үлестерін
қосып, келешекте қоғамның ағартушылығымен
айналысатын жанашырлары үшін сусындайтын із қалдырды.
Әдебиеттер
1.
Абай
Құнанбаев. Екі томдық шығармалар жинағы. – Алматы, 1986. – 320 б.
2.
Калинникова Е.Я. Мулк Радж Ананд. М.:
Восточная литература РАН, 1986. – 199 с.
3.
Сасадхар Синха. Тагор: Ресей туралы
хаттар. – Калькутта:
висва-Бхарати, 1960. – 468 б.
4.
Kinzer,
S (5 November 2006), «Bülent Ecevit, who turned Turkey toward the West, dies», The New York
Times.
5.
Flood Gavin. An Introduction to Hinduism. Cambridge
University Press: Cambridge, 1996. pp. 92.
6.
Radhakrishnan
S. The philosophy of Rabindranath Tagore. Kessinger
Publishing, 2010. Pp.
304.