Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті.Әлеуметтік ғылымдар факультеті. Философия кафедрасының докторанты

 

Қабул Оралбай Құрманбайұлы

 

Ғылыми жетекші: ф.ғ.д., профессор ҚР ҰҒА академигі Ғарифолла Есім.

 

Қазақ ұлтының ой сабақтастығының негізгі мәселелері.

 

        Аннотация:       Современная философия преемственности, определяется как охватывающего всю теорию современных мыслящих философских произведений, написанных о непрерывности гармонии мысли и мышления и большого творческого наследия выдающихся мыслителей и их вкладом в философию.

 

 

 

      Әдетте, адамдардың барлығы да ізденуші өмірге қажеттінің бәрін өзімен бірге ала келген жоқ. Тарихты адам жасайды, адамзат тарихы дегеніміз – дарияның асау тасқыны да, толқынға қарсы жүзетін кеме де, кемені қозғаушы жекен де осы адамның бір өзі ғана. Демек өмірдің мәні де, қожасыда адам. Рас, адам өмірі ешбір бөгетсіз сырғи бермейді. Ежелгі заманнан өмір сүріп келе жатқан түркі тайпалары негізінде қалыптасқан іргелі халықтардың бірі қазақтар, ғасырлар бойында жазба мәдениеті болмаса да, ауызша әдіспен, ой сабақтастығы арқылы өзіне тән бай рухани мұра жасай білді. Ал жазба әдебиет пайда болғаннан кейін бұл мұра өте үлкен қарқынмен дами отырып,әрқилы ерешеліктерге толы күрделі тарихи жолдардан өтті. Осы рухани мұра жүйесінде қазақтың ертедегі философиялық ойлау элементтерінен бастап, қазіргі заманғы толысқан философиялық теориясын түгелдей қамтитын сабақтастық философиясы мол орын алды. Оның негізгі бағыттары ретінде тұрпайы-диалектикалық ойларды, дүниеге шынайы түрдегі көзқарасты, дінді тану және басқа да еркін ойлау процестерін, адамгершілік мәселелер мен адам туралы ілімдерді, күш көрсетпеу идеясы және оның күш көрсету саясатына қарсы бағыттарды насихаттау, тағы басқа мәселелері болды. Тәуелсіздікке көзі жеткен Қазақстан Республикасы алдында руханиат саласында орасан зор әрі қасиетті мақсат – халық рухын, оның өзегі – ұлттық философияны жаңғырту немесе қайтадан қалпына келтіру мақсаты тұрған еді. Қаншама экономикалық және саяси жетістіктерге жеткенмен де, мәдени қайта өркендеусіз, Қазақстан өркениетті елдер қатарына еш қосыла алмайды. Біздер ауызша да, жазбаша да «рухы күшті халық», «рухани биік халық» деп бағалаймыз. Қазақылықты немесе ұлттық рухты анықтауға тікелей қатысы бар басқа да қасиеттер болуы мүмкін. Қалай болғанда да олардың қазақ халқының тұтастығынан туындайтындығына күмән келтіруге болмайды. "Қандай қиын қыстау жағдайда да адамдар үшін өзекті болып қала беретін даусыз құндылықтар әрдайым болған және бола береді. Қоғамның адамгершілік деңгейін анықтайтын рухани байлық пен мәдениет осылардың қатарына жатады. Мүмкін осы қиындыққа толы қым-қуыт жылдарда өзіміздің құндылықтарымызды сақтап қала білгендігіміз біздің басты жетістігіміз болар" деп елбасымыз айтқандай  құндылықтар объективті жүріп жатқан  процестің даму үрдісінің мән-мағынасы мен бағыт-бағдарын айқындап отырады [1]. Оны бейнелейтін, санасына сіңіретін адам. Зерттеліп отырған тарихи кезеңдегі және алға қойылған мақсат негізінде төмендегідей міндеттер бейнелегім келеді: Зерттелмеген жақтарын ашу. Бүгін де осының дұрыстығын анықтау; Деректемелер мен әдебиеттерді топтастыра отырып, ерекшеліктерін жан-жақты ашып көрсету. Ойлау ой үндестігі, жалғастығы туралы жазылған еңбектер ерте заманнан белгілі. Ұлы ғұлама ойшыладардың шығармашылық мұраларын, олардың философияға қосқан үлестері, көтерген өзекті мәселелері жайлы әр елдің, әр заманның дарабоз хакімдері айқындап кеткен тұжырымдар, келелі ақыл  мен сезімге негізделген ойлары баршылық. Оларда қоғамдық сананың ерекше түрі ретінде дүниеге келуіне басқадай алғышарттардың бастысы болып, мифологияның, діннің халықтың қарапайым санасының, ғылымның тигізген әсерлері толыққанды да ерекше сипатталған.

    Мақаланың деректік негізі ХХI-ғасыр басында шыққан  әдебиеттер пайдаланылды. Сонымен қатар, Ғарифолла Есім «Қазақ философиясының тарихы », Е. Шаймерденұлы, М. Қойгелдиевтың, Г. Нұрадин сынды зерттеушілердің еңбектері қаралды. Е.Шаймерденұлының «Қазақ афоризмдері» атты кітабы. Ал М.Қойгелдиевтың «Қазақ Елі: ұлыттық бірегейлікті сақтау жолындағы күрес» монографиялық  еңбегінде  рухани мәдениеттің тарихи бітімдері айқындалып, олардың дүниетанымдық типтік ерекшеліктері баяндалды. Г. Нұрадиннің «­ Өркениет : дәстүр және сабақтастық» еңбегінде философиялық ой-толғамдар оқырманды қызықтырып, өзінше баға беруге итермелейді.  Сабақтастық философиясы  тәуелсіз мемлекет үшін маңызы аса зор. Өйткені өзінің жеке байланыстыратын сабақтасу ойы  болмаған елдің дербес рухани тұрмыс пен өркендеуге мүмкіндігі болмай, бөгде тектік факторларға тәуелділігі күшейе түседі және сабақтастық  философиясы – халқымыздың сабақтасып жатқан тарихымызды  жан-жақты түсіну үшін үлкен негіз және әдістемелік құрал.                 Ол қоғамдық сананың басқа да түрлерімен тығыз байланыста. Сондықтан оны зерттеп үйренбейінше қазақ ғылымының , саяси идеологиясын, өнерін, әдебиетін, адамгершілік қағидаларын, діндарлығын және тағы басқа пайымдау мүмкін емес. Қазақ топырағында қалыптасқан сабақтастық, философиялық ойлардың құрамдас бөлігі ретінде, осыдан 2,5 мың жыл шамасында бұрын өмір сүріп, грек философиясында скифтердің ой-үрдістерінен өшпес із қадырған скифтік Анахарсисті (Анарыс) айтуға болады. Анахарсис елді жаңа құрылыс орнатпақ болып, заң жүйелерін өзгертуге ұмтылған. Грекиядағы Анахарсиске қойылған мүсін бар. Онда: «Басқа пәле тілден» деген қанатты сөз қашап жазылған. Ұлы бабамыздың кезінде гректің атақты «жеті ғұламасының» тобына кіргенін ескерсек, оның философиялық ойларының терең де салиқалылығын, аумақтылығын зерттеу болашақтың ісі екендігіне көз жеткіземіз.  VI ғасырдан бастап Қазақстанның қазіргі аумағында алғашқы қауымдық құрылыс ыдырап оның орнына феодалдық әлеуметтік-экономикалық формация орныға бастады. Философиядағы ой сабақтастығының пайда болуының тарихи алғышарты - миф. Бірақ оны философия эпос арқылы өзгерген және жүйелеген кезінде ғана пайдаланды. Әрбір заманға байланысты эпос мифтің түрін өзгертіп отырды және сонымен қатар өнер мен бастапқы ғылым элементтерінің әсерімен философияның шығу процесін, оның қоғамдық сананың шығу және жаңа бір түрі ретінде қалыптасуын жеделдетті. Бұл әрекет адамның жан-жақты ойлауы және оның интеллектуалды интуициясымен бірегей қабысқан нәтижесінде туады.

     Қазақ тарихында көп кездесетін «рулық» генетизм осы қоғамның әлеуметтік, таптық бөлінуі пайда болған кезінде күшейеді. Осы рулардан шыққан ойшылдардың әлеуметтік идеялары қоғамның даму үрдісін біршама дұрыс бейнеледі. Осыдан келіп олардың көзқарасы, қоғамның тарихи дамуының мүддесіне сай келгендіктен, қоғамдық пікір ретінде қалыптасты. Мәселен, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және тағы басқа сабақтастық ой жүйесі, олардың ақыл кеңесі, айтқан тұжырымдары осыған дәлел. Жалпы  тарихтан белгілі болғандай, қоғам дамуының көп сатыларында экономикалық мүдделер мен саяси қызмет тағы басқа мәселелер алдыңғы орынға шығады. Саяси күрескер Ж.Мыңбаев:«...Біз қырғыз елі алдында, тарих алдында әшкере болғымыз келмейді. Біздің мақсатымыз түрлі деректер мен нұсқауларға қол қоюшылар ғана болу емес, іс бітіріп, болашақ ұрпақ «иә, олар шынымен де тырысып еді дейтіндей дәрежеге жету»,-деген еді [2].  Міне  елін сүйген нағыз қазақтың  алаштың сөзі. Олар – азаттық және адам еркіндігі, діни сенім және ақыл-ой, өмір сүру және адамгершілік қасиеті, бостандық пен құлдық керек болса «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған», «алтын ғасыр» және «жарқын заман» туралы және басқа мәселелер толғанытты. Қоғамдық ойдың көптеген жалғасу сабақтасу мәселелері өзінің ауқымы жағынан ұлттық шеңберден асып жатады. Мәселен, ағартушылық бағыты таза ұлттық қасиетке ғана ие емес оның түрлі ұлттық ерекшеліктері әлемдік жалпылықпен астарланып жатады. Қазақ ағартушылығының ерекшелігі – ұлттық мәселені басты проблема етіп қоюы, қоғамдық практикамен тығыз байланысында.

     Жүсіп Баласағұн айтқандай «Ханның ақысы болса, қараның хақысы бар».  

Қазақтың ата-тегі болып табылатын сақтар, ғұндар, үйсіндердің түп төркіндеріндегі қарама-қайшылықтарға қарамастан көшпенділік әмбебапшылығы басымдылыққа ие болды. Солай бола тұра, жер өңдеушілердің де дүниетанымдық көзқарастары үнемі елеулі ықпалын жүргізіп отырды. Ұлттық сананың өсуі, мәдениеттің қайта өрлеуі көп  ғасырлық тарихы бар халықтың рухани бастауларға көңіл аударуын туындатуы заңды еді. Қазақтың ата-тегінің арғы философиясынан бастап дінге сенімінде, тәңірге табынушылығында және сақтар, ғұндар, үйсіндер мифологиясында алдыңғы орынға философиялық дүниетанымдық мәселе отырықшы тайпалардың тіршілік бағыттарының, жолдарының ара қатысы шығады. Бұл көне түрік жазу мәдениетінің дүниеге келуімен белгілі.
Ашина (көк бөрі) ұрпақтары VІ ғасыр хандықтың басқару жүйесін құқықтық негізде құрды. Өкілетті билік пен заң шығару ісі ақсақалдар алқасының (кейінгі қазақ хандығында – билер алқасы мен хан кеңесі) құзырында болды, сабырлықпен шешті. «Ауыр күнде өтеді, оған сабыр-шыдам қыл» дана Махмұд Қашқаридың сөзімен астасып тұр. Ал хан жарлығы атқарушылық міндеті үлкенді-кішілі лауазымдар иесіне жүктелді. Бұл мансаптар мұрагерлік жолмен хандық билік, әскери демократия арқылы жүзеге асырылған,ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған. Халықтық құқықтық санасының әрі мемлекеттік басқару жүйесінің арқауы кең ауқымды жеті баптан тұратын. Тәуке ханның «Жеті жарғысы» деген атқа ие болған ел заңы.
Бұл аталмыш құқықтық сабақтастық,  жәдігерліктердің барлығының да мазмұнын  ол олардың дүниетанымдық өзегі ретінде көрінеді. Оны оқиғалар желісінің реалистік, тарихи шындыққа біршама жанасымды тұрғыда баяндалатынынан-ақ пайымдауға болады.

   Қазақтың болмыс шындығына, бақыланушы және қабылданушы әлемге жақындығы, бұл болмысқа етенелігі уақытты, кеңістікті адамның ішкі әлемін, тіршіліктің басқа әлемін, болмыс мәнін, ар-ұждан бастауларынан түсінулерінен көрініс тапты. Мұның барлығы дүниенің негізгі шындық-түптамырға ие, осыдан келіп басқа ешбір әлем түсінігіне ұқсамайтын әлемнің ұлттық образы, дүниетанымы туындайды деген қағидға келіп саяды.
     Қазақ халқының даналық өрісінде дүние мен адам туралы дүниетанымдық көзқарастардың сабақтастығы қалыптасқан даму жүйесін қамтиды. Қазақ тіліндегі даналық түсінігі мәні жағынан сабақтастық  философиясына жақын. Қазақтың даналық ой-пікірлерінің сабақтастығы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде Анахарсис, Қорқыт, Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Йасауи, Әбу Наср әл-Фараби, Махмұт Қашқари, т.б. данышпандар даналық дәстүрлерін жасады, олар табиғи түрде қазақ ұлтының дүниетанымдық идеясына айналған. «Идея дегеніміз-шындықтың айқындығы»
[3]. Екінші кезеңде қазақ халқының төл дүниетанымы мен философиясы қалыптасып, дамыды. Қазақ ой сабақтастығының төл тарихы Асан Қайғы мен Мұхаммед Хайдар Дулаттан басталады.  Асан Сәбитұлы – жырау, ойшыл, мемлекет қайраткері. Ол қазақ этносын әрі мемлекетін қалыптастырып, нығайтуда «Жерұйық» ілімін дүниеге әкелді. Бұл – халықтың қауымдасып ұлттық мемлекет құру идеясы болатын. Асан Қайғы өз жыр-толғауларында, шешендік сөздерінде хандық мемлекетті нығайту, елдің қорғаныс қабілетін арттыру қажеттілігін насихаттайды. Оның Асан Қайғы атануы – ғұламаның ойшылдығының, парасаттылығының айғағы. Асанның қайғысы тек өз заманына қатысты емес, оны қайғыға салып отырған – болашақ туралы болжамдары, халық қайда бара жатыр, ертеңі қандай болады деген күрделі сұрақтар. Асан Қайғы – түркі жұртының әйгілі ойшылы Қорқыттың дүниетанымын жалғастырушы. Қазақ философиясы бастау алатын екінші ойшыл, қоғам қайраткері – М.Х.Дулаттың «Тарих-и-Рашиди» еңбегінде түркі дүниесінің рухани тұтастығы және оның дүние жүзі халықтары өркениетімен тығыз байланысы нақтылы мысалдармен баяндалған. Дулат философиялық антропологияның басты мәселесінің бірі күнә ұғымына сол заман ойшылдары еңбектеріне сүйеніп, талдау жасаған. Асан Қайғыдан басталған жыраулар легі (Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Үмбетей, Бұқар, т.б.) қазақ қауымында хандық мемлекет жойылғанша болды. Хандық жойылған соң жыраулар дәстүрі жалғаспай қалды. Қазақ ақын-жырауларының шығармалары көшпелі болмысты, ата-қоныс, адам, қоғам, сол кездегі әлеум. жағдайларға, батырлық, көркемдік, адамгершілік, өмір мәселелеріне байланысты бола тұра, терең мағыналы философиялық ойларға толы. Қазақ поэзиясындағы философиялық бағыттың негізін салушылардың бірі – Шалкиіз жырау Тіленшіұлының шығармасында философиялық ой кешу, жыр толғау әдістері ерекше. Жырау дүниеде тұрақты, мәңгілік ештеңе де жоқ деп тұжырымдайды. Ақтамберді Сарыұлы өз жыр-толғауларында елді ерлікке, бірлікке шақырады. Оның жырларынан қазақ халқының ой-арманы, мақсат-мүдделері, олардың бар болмысы, ерекшеліктері, дүниеге өзіндік көзқарасы аңғарылады. 18 ғасыр жыраулары ішіндегі аса көрнекті тұлға – Бұқар жырау Қалқаманұлы да дүниедегінің барлығы өзгеріске ұшырап отыратындығын атап көрсетеді. Шығыстық ойлау жүйесі хакімдік діни философияны теріске шығармаған. Мысалы, Қожа Ахмет Йасауидің сопылық ілімі ұлттық ойлау мәдениетіне нық еніп, оның қалыптасуының бір рухани негізі болды. Қазақ тіліндегі ақыл, парасат, тәуба, қанағат, шүкіршілік, хал, амал, сыр, шапағат, т.б. көптеген сөздер – сопылық дүниетанымның ұғымдары мен түсініктері. Төрт ғасырға тарта дербес мемлекет құрып, хандық дәуірде өмір сүрген қазақ халқының заманға сай құндылықтар жүйесі қалыптасты («Алпамыс батыр», «Ер Тарғын», «Ер Едіге», «Қамбар батыр», «Ер Қосай», «Қырымның қырық батыры», т.б. жыр-дастандарындағы ерлік философиясы). Ерлік философиясы Махамбет Өтемісұлы жырларында өз жалғасын тапты. Шығыс поэзиясының, сопылықтың ықпалы және төл түсініктер негізінде қалыптасқан ғашықтық философиясына қатысты құндылықтар «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Еңлік – Кебек», «Қалқаман – Мамыр», т.б. жырларға негізгі өзек болды. Қазақтың дербес мемлекеттілігі жойылғаннан кейін жүз жылға созылған Зар заман дәуірінің ақындары (Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, т.б.) халықтың басына түскен отаршылдық нәубетін сары уайымға салыну, торығу сарынымен жырлады. Дулат Бабатайұлы өз шығармаларында қайырымдылық пен зұлымдық, мырзалық пен сараңдық, білім мен надандық мәселелерін талдап, шығармаларына негізгі арқау етті. Дулаттың әлеуметтік философиясы – жер, суды, елдің бірлігін сақтап қалу идеясы, басқа жұртқа күш көрсетпеу философиясы. Зар заман ақындарының ірі өкілі Мұрат Мөңкеұлы шығармаларындағы басты сарын – жер мәселесі, ата қоныс, бас бостандығынан айырылған тұтас елдің мұң-зары. Шортанбай заманақыр таяғанда табиғат та азады десе, Мұрат керісінше, заманның азуын адамнан көреді.
Қазақ философиясы тарихында әйгілі ғалым Ш.Уәлихановтың орны ерекше. Ол «Даладағы мұсылмандық жөнінде», «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы», «Тәңір (құдай)» деген еңбектерінде философияның негізгі мәселесіне қатысты пікірлер айтқан. Уәлиханов сыртқы дүниенің адам санасынан тыс өмір сүретіндігіне шек келтірмейді. Ол қазақ жерінде шамандықтың орын алу себебін түсіндіргенде «сыртқы дүние: күн, ай, жұлдыздар және жер – алғашқы құдірет болып табылады» деп көрсетеді. Оның еңбектерінен себептілік заңдылығын құптайтындығы, себепсіз құбылыс болмайтындығына кәміл сенетіндігі байқалады.

 Қазақ ағартушылығының көрнекті өкілі Ы.Алтынсарин бала дүниетанымының философиялық мәселелерімен алғаш шұғылданып, осы бағытта тамаша үлгі жасады. Хикмет сөз, яғни даналық айту дәстүрі Абай Құнанбаев заманына дейін үзілмеген. Абай адам болмысын тануда тың дүниетанымдық ойлар айтты. Адамзатты Алла махаббатпен жаратқан, демек, махаббат адамға дейін болған, Алланың тек өзіне ғана тән құдіреті деп білген Абай Адам мен Алланың арасындағы қатынасты сүю деп атайды. Өзін махаббатпен жаратқан Алласын адамның сүюі парыз. Абай сүюдің үш түрін айтады, олар: Алланы сүю, оның жаратқан кереметі – адамды сүю және хақ жолы деп әділеттілікті сүю. Осы үш сүюді Абай имани гүл дейді. Хакім Абай «толық адам» немесе кәмелетті адам тұжырымдамасын жасады. Олар: нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат. Адамды толық ететін – ақыл, жүрек, қайрат. Абай сияқты Шәкерім Құдайбердіұлы да қазақ елін қалай мәдениетті елдер қатарына қосамын деп талпынады. Шәкерім Абайдың имани гүл ілімін «Үш анық» кітабында ұят туралы ілімге айналдырды. Осы еңбекте Шәкерім сол кездегі еуропа ағымдардан деректер келтіре отырып, этикалық максимализмге негізделген ар-ұятты дәріптеу ілімін жасады. Ойшылдың тарихи-философиялық еңбектерінің («Қазақ айнасы», «Мұсылмандық шарты», «Түрік, қырғыз, қазақ hәм хандар шежіресі», «Үш анық») дүниетанымы мен негізгі әлеуметтік сарыны ағартушылық, адамгершілік идеяларымен сабақтасып жатыр.«Ой мен сөз! Сөз бен ой! Адамды адам еткен қос құдырет! Ой адам рухының тұғыры һәм адамзат өркениетінің қозғаушы күші болса, сөз-сол ойды ұрпақтар игілігіне айналдырушы асыл айна һәм зерен зерде»[4].  19–20 ғасырларда Қазақ философиясындағы ой-толғаныстар мен көтерілген негізгі мәселелер дәстүрлі қазақ ойшылдығына сүйенгенімен, олардың ойлау кеңістігі кеңейіп, Қазақ философиясын еуропа дәстүрмен ұштастырып отырды. Бұл бағыт Абайдан басталып, ХХ- ғасырдың басындағы басқа да қазақ ойшылдарының шығармаларында жалғасын тауып, кең өріс алды.  С.Торайғыров, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, т.б. озық ойлы қоғам қайраткерлері саяси сахнаға шығып, ең алдымен «Зар заман» (М.Әуезов) дәуірі өкілдерінің ой-пікірлерін дамытты. Олар өз шығармаларында отаршылдық бұғаудан құтылу, қазақ халқын өз алдына тәуелсіз ел ету, халықтың санасын ояту, надандықтан арылу мәселелерін көтерді. 20 ғасырдың 30-жылдары қазақ зиялы қауымының қуғын-сүргінге ұшырауымен Қазақстанның философиялық ой-пікірлер жүйесінің дамуы үзілді. 20 ғасырда қазақ халқының болмысына ерекше әсер еткен тұлға – М.О.Әуезов. Ол қазақ халқының келешегін айқындауда құнды мәдени-философиялық тұжырымдамалар ұсынды. Әуезов «бесігіңді түзе, бесігін түзей алмаған халықтың болашағы жоқ» деген терең ой айтты. Қазақстан үшін 1917 жылдан бастап отаршылдықтың жаңа түрі – кеңестік құндылықтар қалыптаса бастап, коммунизм туралы ілім негізге алынды, маркстік-лениндік философия үстемдік етті. Мұндай жағдайда қазақ халқының даналық ой-пікірлерін зерттеуге мүмкіндік болмады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бастап құлдық психологияның орнына демократия, өркениеттік құндылықтар орныға бастады. «Ескіні»жаңаның ығыстыруы, жаңаның уақытқа қызмет етуі, бұл-мәңгілік процесс. Ибн-Халдун мемлекет туралы ойын алға тарта отырып, оның даму процесін адамдық өмірмен салыстырады. «Білу керек, адамдардың жаратылыстағы жас өлшемі дәрігер мен астрологтардың пайымдауынша жүз жиырма жылды құрайды.                           Мемлекеттердің жас өлшемі жағдайға тәуелді әртүрлі болып айрықшаланғанымен, көп жағдайда үш ұрпақтың жас жиынтығынан аспайды [5]. Сабақтастық философиясын   оқу дегеніміз табиғи және тарихи құбылыстар мен оқиғалардың өзара тоғысуын және олардың адам санасында бейнеленуінің әмбебапты білімдерін (мифологиялық, діни, көркем-өнерлік, теориялық, философиялық тағы басқа) тұлғалық тұрғыдан сабақтастығын тұтас қарастыру. Сабақтастық – мәдениет болмысын айқындауға апаратын жол. Шын мәнінде философия әмбебапты дүниетаным және оның рухани тамырлары дүниежүзілік сұхбат аймағынан нәр алады. Қорыта келгенде зерттеудің нәтижесін екі түбегейлі мәселелер төңірегінде түйіндеуге болады: көшпелілік өркениетке арқа сүйеген қазақ философиясының уақыт пен кеңістік арнасындағы білмдерін топшылау және мәдениеттің типтік ерекшелктерін анықтау. Әрбір халықтың өзіндік Отаны бар, әрбір адам өз табиғатының аясында, өзінің ата-бабаларының тәжірибесіне сүйене отырып өмір сүреді. Бірде-бір мәдениет кеңістікке бекер келмеген. Мәдени кеңістік әмбебапты сипатта болады, өйткені ол уақыт және тарихпен сабақтаса қамтылып тұрады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1. Назарбаев Н.Ә. Рухани байлық және мәдениет – қоғамның басты құндылықтары. //Егемен Қазақстан, 2000ж, 18 ақпан.

2. Қойгелдиев М., Омарбеков Т. Тарих тағылымы не дейді?-Алматы: Ана тілі,1993.-208 бет.

3. Ғарифолла Есім.Қазақ философиясының тарихы: Оқулық.-Алматы:Қазақ университеті,2006.-216 б.

4. Қазақ афоризмдері(Ақыл ой антологиясы: бағзыдан –бүгінге дейін). Құрастырушысы Е.Шаймерденұлы-Алматы:Алматы кітап баспасы,2012ж.,-320 бет.

5. Нұрадин Г.Б. Өркениет: дәстүр және сабақтастық.-Алматы.ТОО «Издательский дом «АСА» -159 б