Математика/ 1.Дифференциальные и интегральные уравне­ния.

                                                    ф.-м.ғ.к.  Ысмағұл Р.С.

Қостанай мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

Кредиттік оқыту жүйесі бойынша студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастыру        

 

        Студенттердің өзіндік жұмысы оқу үрдісінің басты бір бөлігі болып табылады. Студенттердің өзіндік жұмысының дұрыс ұйымдастырылуы білім сапасына тікелей ықпал етеді, өйткені ол студенттердің танымдық және кәсіби әрекеттеріне қызығушылығының дамуына, білімдерін тереңдетуге, кәсіби біліктіліктері мен дағдыларының қалыптасуына мүмкіндік береді. Ал сапалы, білімді мамандарды даярлау – бүгінгі таңдағы өзекті мәселе. Сондықтан да жоғары оқу орындарында кредиттік оқыту жүйесінің енгізілуі студенттердің өзіндік жұмысын жаңаша, тиімді ұйымдастырудың мәселелерін алға қойып отыр [1]. Бұл жүйенің енгізілуі жоғары оқу орнының алдына оқу уақытын ұтымды пайдалану, студенттердің өзіндік жұмысын жаңаша тиімді ұйымдастыру, оқу үрдісінде жаңа педагогикалық технологиялар мен интерактивті әдістерді қолдану, оқыту сапасын арттыру сияқты мәселелерді қойып отыр. Сонымен бірге, оқытушылардың алдына студенттердің жалпы білім деңгейін көтеру, олардың өз бетінше ізденіп, жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру және алған білімдерін практикада пайдалануына бейімдеу  міндетін қояды

     Кредиттік оқыту жүйесі бойынша студенттің оқытушымен жүргізілетін өзіндік жұмысына және студенттің өзіндік жұмысына оқу жоспарына сәйкес сағаттар бөлінеді.

    Студенттің оқытушымен жүргізілетін өзіндік жұмысы– арнайы белгіленген уақытта оқытушының ұйымдастыруымен жүретін, студенттердің алған білімін жинақтау және жүйелеуге, біліктіліктері мен дағдыларын қалыптастыру және дамытуға бағытталған студенттердің іс-әрекеті.

     Студенттің оқытушымен жүргізілетін өзіндік жұмысын ұтымды пайдалану үшін 3 бөлікке бөлуге болады: негізгі, қосымша және қорытынды.

     Негізгі бөлікте дәріс материалдарын бекітеміз, яғни практикалық есептер шығартамыз.

     Қосымша бөлікте жеке жұмыс орындатамыз, мұнда студенттің жеке ерекшеліктерін ескере отырып, деңгейлік тапсырмалар орындату, сөйтіп, бірте-бірте олардың білім деңгейін көтеруге болады. Студентке қиыншылық болған жағдайда, түсіндіре отырып, кеңес беру арқылы, материалды меңгертуге болады.

     Қорытынды бөлікте әртүрлі нұсқада бақылау жұмысын немесе тестік тапсырмаларды орындатып, өтілген материалды студенттердің игеру деңгейін тексеріп, баллдар қойылады. Әрбір сабақта студенттің белсенділігі, берілген сұрақтарға жауап беру сапасы бағалануы керек.

     Жаңа технология бойынша студенттердің күнделікті оқумен айналысуы және оқытушының барлық тапсырмасын орындауы қажет, себебі оқу бағдарламасына сай қажетті білімнің барлығын шектеулі уақытта студенттерге жеткізу мүмкін емес.  Студенттерді өздік жұмыс процесінде (өз бетінше есептер шығаруға, өздік үй тапсырмаларын орындауға, кітапханада оқуға, жұмыс жасауға, рефераттар даярлауға, т.б.) білім алуға, өз бетінше жұмыс істуге қалыптастыру қажет.     .

     Студенттердің өзін-өзі ұйымдастыру, өздігінен білім алу мүмкіндіктерін дамыту үшін оқытушы мынадай жұмыстар атқаруы керек:

1)           таныстырушы, яғни студенттің өз бетінше әрі қарай алып кетуіне қажетті жұмыс жағдайын жасау, ол үшін тақырып бойынша орындалатын жұмыстың мақсатын, міндетін, оның практикалық маңызымен таныстырып, орындауға әдістемелік нұсқау беру;

2)           бақылаушы-түзетуші, яғни өздік жұмыстың жүргізілуіне, орындалуына бақылау жасау, жекелей консультация жүргізу және жұмысындағы  қателіктерге түзетулер жасау;

3)     бағалаушы және сарапшы-консультант, яғни студенттердің білімі мен біліктіліктерін бағалау, студентке қиын болған жағдайда сарапшы немесе консультант ретінде жұмыстың эталондық үлгісін көрсету [2].   

     Студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастыруы үшін оларға пәннің барлық тапсырмаларын қамтамасыз ететін әдістемелік нұсқаулар, нақты тапсырмалар, оқулықтар, анықтама, әдістемелік, ғылыми әдебиеттердің тізімін беру қажет.  Әдістемелік нұсқауларда дәрістің қысқаша тезистері, яғни теориялық мағлұматтар, әр тақырып бойынша есептердің шығарылу жолдарын көрсететін мысалдар, өз бетінше орындауға арналған тапсырмалар, әдебиеттердің тізімі беріледі, бұл студенттің өз бетінше білімін тиянақтауына, тереңдетуіне жағдай жасайды. 

     Студенттердің өінздік жұмысы үшін неғұрлым тиімді болып саналатын жұмыстардың түрлері рефераттар, мақалалар дайындау, есептер шығару, тестік тапсырмаларды орындау, т.б. Білімді тексеру түрлеріне есептер шығару, тестік тапсырмалар, бақылау жұмыстары, коллоквиум, т.б. жатады.

      Бұндай жүйе студенттерді өз бетінше жұмыс істеуге, білім алуға ұмтылуға, мамандықтары бойынша нақты дағдыларды алуына жұмылдырады

     Жаңа жүйе бойынша дәріс өткізетін аудиторияларда оқытушының оқу-әдістемелік материалдарын демонстрациялауына жағдай жасалынуы керек, ол үшін дәріс аудиториялары бүгінгі күн талабына сай құралдармен жабдықталуы қажет. Сонда ғана сабақ өткізудің тиімділігі, сапалылығы артады, сабақта сызба материалдарды  көрсету мүмкіндігі туады. Сабақты өткізудің бұндай  түрлері оқытушыдан жоғары профессионалдылықты талап етеді. Сондықтан жаңа оқыту жүйесі бойынша оқытушы үнемі ізденісте болуы тиіс.

.

 

                                                  Әдебиеттер:

1.     Правила кредитной системы обучения (Проект) – МОН и РК, 2003. – 20-бет.

2.     Педагогические технологии,  Журнал  №1, 2005..