Педагогические науки / Научная индустрия европейского континента

 

Әбілқасымова Г.

Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ доценті, п.ғ.к.

Қасымов Қ.Т.

Қарағанды қ. №86 ЖББО

алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушы

 

Алғашқы әскери дайындық сабақтарында оқушыларды

қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу

 

«Қазақстан – 2030» Жолдауында Республика Президенті еліміздің ұлттық қауіпсіздігін, тәуелсіздік пен егемендігін танытатын мемлекетіміздің ұзақ уақытты дамуын анықтады. Білім беру мен тәрбиенің негізгі міндеті бұл өз елінің азаматы, патриотын тәрбиелеу болса, осыған сәйкес «патриоттық-азаматтық» оқушылардың тәрбиелік деңгейін бағалуадағы көрсеткіш болып қарастырылады.

Қазақстан Республикасының егеменді ел болып өсіп өркендеуі, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылу бүгінгі таңдағы басты міндеттердің бірі, осы негізде патриоттық-азаматтық тәрбие беру, бүгінгі күннің өзекті мәселелердің бірі болуда.

Республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге, қоғамның саяси және рухани өмірі саласындағы міндеттерді қайта жаңартуға бағытталған идеялық-тәрбие жұмыстары мемлекеттің стратегиялық бағдарымен анықталды. Еліміздің тәуелсіздік алып, егемендікке жетуі қазақ халқының және республикада тұратын басқа да халықтардың ұлттық дүние танымының өсуіне жағдай жасады.

«Қазақстан – дүниедегі әр қазақтың қастерлі құбыласы! Қазақстан бұл әлемдегі барша қазақтың құтты қарашаңырағы! Қазақ баласы дүниенің қай түкпірінде жүрсе де, тұтас қазақ халқының бір бөлшегі екенін біз еш уақытта ұмытпауымыз керек», – деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев дүние жүзі қазақтарының IV құрылтайында сөйлеген сөзінде. Мемлекет басшысы патриотизмнің жер бетіндегі кез келген ұлттың жетістіктерінің бірі екенін қадап айтты. Яғни, бұл кез келген қазақстандықтың табысын мақтаныш тұту, сондай табысқа қол жеткізуге өзіңді де қайрау деген сөз. Әрбір қазақстандық өзінің жетістіктерін туған Отанына, еліне арнауы керек.

Оқушыларға алғашқы әскери даярлық беру жастарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге, өз Отанына деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға, қоғамдық іске жауапкершілікпен қарауға, әскери борышын өтеу үшін даярлауға бағытталған. Алғашқы әскери дайындық сабағы бойынша өтетін арнайы теориялық, практикалық, тактикалық және бақылау сабақтарында оқушыларға әскери-патриоттық тәрбие беру назарда болады. Әрбір сабақта Қазақстан Республикасының Ата Заңы мен Қазақстан Қарулы Күштерінің негізгі қызметі туралы мағлұмат бере отырып, оқушылардың назарын өздерінің Отан қорғаудағы Конституциялық құқықтарына аудару қажет. Мұның өзі олардың Отан алдындағы борышын саналы түсінуге жетелейді.

Сабақта Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2005 жылғы 18 ақпанда Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты Жолдауындағы сөздері арқылы да әскери-патриоттық тәрбие беру мүмкіндіктері бар. «Біз баршаға барынша мүмкіндіктер беретін қоғам: әрбір адамның жеке басы мен бостандығын құрметтейтін, өзіне-өзі қызмет етуге жағдайы жоқ жандарды қамқорлыққа бөлейтін, қандай еңбекті болса да қадірлейтін, ана мен баланы қорғайтын, зейнеткерлерге қамқор болатын, ардагерлер мен Отан қорғаушыларды ардақ тұтатын қоғам құруды аяқтауға тиіспіз.

Сонымен, қазақстандық патриотизм дегеніміз не? Отандық патриотизм бұл елдікті, мемлекеттілікті саналы түрде сезіну. Мәселен, кез келген адамның өзі туып-өскен жеріне бауыр басуы, ана тілін толық меңгеріп, оған құрметпен қарауы, өз Отаныңның мүддесін ойлау, туған жеріңе деген адалдық және азаматтық сезімдер, өз еліңнің саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени саладағы жетістіктерін мақтан ету, өз Отаныңның бостандығы мен тәуелсіздігін қорғау, ата-бабаларың мен Отаныңның тарихына құрметпен қарау, сондай-ақ, өзіңнің табанақы, маңдайтеріңді туған еліңнің гүлденуіне арнау, осылардың барлығы да қазақстандық патриотизм деген ұғымның ішіне сыяды. Дегенмен, бұл мәселені ашу үшін, мынадай мақсаттар қоюға болады:

1. Жастардың бойында жоғары патриоттық сезімді, өз Отанына деген адалдықты қалыптастыру қажет. Ол үшін әр адам өз Отанының мүддесін қорғауда азаматтық борыштары  мен конституциялық міндеттерін атқаруға әрқашан дайын болуы тиіс;

2. Әр тұлғаның бойында белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру. Бұл ұстаным бала жастан, отбасындағы, өскен ортасындағы тәлім-тәрбиеден бастау алатыны баршаға мәлім;

3. Оқушылардың рухын шыңдайтын әскери-патриоттық тәрбие беру;

4. Әртүрлі ұлт, нәсіл, конфессиялардың өзара қарым-қатынасының принципі ретінде төзімділікке тәрбиелеу;

5. Қоғам мен тұлғаның әлеуметтік жағынан маңызды құндылықтарын қалыптастыру және дамыту.

Қазақстан Республикасында білім беру саласы бойынша қоғамның бүгінгі күнгі талабы әрбір адамды Отанын сүюге, туған жерін құрметтеуге, ата-бабаның озық салт-дәстүрлерінің құндылығын мақтаныш тұтуға, әлемде халықтар арасындағы бейбітшілік үшін достықты нығайтуға бағыт беруде талмай еңбек етуді қажет санайды.

Осыған орай, отансүйгіштік деген кіршіксіз сезім әр адамның туған ауылынан басталады. Яғни, өз ауылының, халқының, елінің тарихын, дәстүрін жақсы білетін адам - патриот болады. Балаларды, жастарды патриоттыққа тәрбиелегенде біз елімізді қорғаған алдыңғы ұрпақ патриоттардың ісін, ерлігін үлгі етуіміз керек. Кез келген адам нағыз патриот болуы үшін, өз елінің, өз халқының тарихымен, бүгінгі жетістіктерімен мақтана білуі керек.

Қазақстандық патриотизмнің негізгі компоненттері:

1.    Отанға деген сүйіспеншілік;

2.    Отан тағдырына деген жауапкершілік сезімін арттыру;

3.    Отан мүддесіне қызмет етуге дайын болу;

4.    Отанды қорғау;

5.    Отанның қол жеткен жетістіктерін ішкі және халықаралық аренада мақтанышпен көрсете білу;

6.    Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде үйрену;

7.    Қазақстанда тұратын ұлт өкілдерінің құқықтарына құрметпен қарау;

8.    Ана тілін білу;

9.    Қазақстанда тұратын ұлт өкілдерінің ұлттық салт – дәстүріне және әдет – ғұрпына құрметпен қарай білу;

10.             Қазақстан халықтарының келісімі  мен ұлтаралық бірлігін сақтау;

Қазақстандық патриотизмнің негізін қалыптастыру – мемлекеттің және барлық азаматтардың экономикалық өмірі мен қауіпсіздік жағдайын жасау болып табылады. Қазақстандық патриотизмнің ұлтшылдықтан айырмашылығы ол басқа халықтарға деген құрмет сезімінің, бүкіл адамзат туралы адамгершілік түсінікке қайшы келмейтін Отанға деген сүйіспеншіліктің үлгісі бола алады.

Халқымыз ғасырлар бойы ұрпағын өз елін сүюге, ізгілікке баулып келеді. Бұл ұлтымыздың дәстүрлі ұлттық тәрбиесінің өзегі деуге болады.

Сондықтан қай елде патриоттық тәрбие жоғары болса, сол елде саяси тұрақтылық пен экономикалық даму өрістейтіні белгілі. Жалпы, патриотизмді қалыптастыру бұл мемлекеттік міндет, қоғамның әлеуметтік тапсырысы. Патриотизм міндетті түрде тұлғаның жоғары әлеуметтік белсенділігін көздейді. Өйткені, оның өзі еңбекте табыстарға жету үшін, қоғам өркендеп, талап күшейіп, талғам артып халыққа қызмет етуде үлкен бір серпіліс болуы қажет.

Қазіргі таңда жас ұрпақты Отанды қорғауға, көзқарашығындай ардақтай білуге, батыл болуға насихаттау жұмыстары тәлім – тәрбие берудің түрлі әдістемелік жолымен жүзеге асырылып жатқанын алғашқы әскери дайындық сабағынан аңғаруға болады. Бүгінгі жастарымыздың келешекте ел сенімін, ата – ананың үмітін ақтай алатын ер жүректі азамат етіп қалыптастыруда тәжірибелі, білікті педагог қызметкерлер маңызды роль атқарады.

Сондықтан қазақстандық патриотизм – бүкіл қазақстандықтарды кемел болашағына сендіру, оларды жасампаз еңбекке шақыру, береке-бірлікті, баянды ынтымақты орнықтыру. Қарағанды қаласының №86 жалпы білім беретін орта мектеп оқушыларының алғашқы әскери дайындық сабағында тек қана ұл балаларға ғана әскери білім беріліп қоймай, қыз балалар да Отанға қызмет етуге, қорғауға тәрбиеленіп, сапта тік тұру, тәртіппен жүре білу, қаруды бөлшектеп, қайта жинақтау сияқты қызықты жаттығулар жасап, шапшаңдыққа дағдыландыруды етеді.

 

Әдебиеттер тізімі

1. Н.Ә.Назарбаев. Л.Н.Гумилев атындағы Ұлттық Еуразия университетінде ҚР Президентінің лекциясы. // Егемен Қазақстан.- 27 мамыр 2006 ж. 2015 жылға дейін Қазақстан Республикасының білім жүйесін дамыту концепциясы. - Астана, 2004.

2. 2010 жылға дейін Қазақстан Республикасының білімді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы. - Астана, 2004.

3. Н.Ә. Назарбаев. Қазақстанның бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына ену стратегиясы. Ең негізгі ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары жайлы Қазақстан халқына жолдауы. - Астана, 2006.

4. Қазақстан Республикасының  бiлiм беру ұйымдарында 2006-2011 жылдарға арналған кешендi  тәрбие бағдарламасы

5. С.А.Мұсаева, Т.Б.Бегалиев. Жас ерекшелік педагогикасы. «Фолиант» баспасы, Астана, 2006.