Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасы – патриоттық тәрбие негізі

 

Ерімбетова Г.Х., п.ғ.к., аға оқытушы

Ясауи атындағы ХҚТУ,  Түркістан қаласы

 

Еліміздегі ғылыми-техникалық және әлеуметтік саяси өзгерістер барысында, қоғамдық өміріміздің барлық салаларына патриоттық тәрбие берудің қажеттілігі айқын сезіле түсуде және бұл қажеттіліктің онан әрі өсе   түсетіндігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Тәрбиенің кең салаларының бірі - патриоттық тәрбие екенін еліміздің тұңғыш президенті Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлының өзекті мәселелердің қатарына қоюы тегін емес және Қазақстандық патриотизмнің теориялық негізін тереңдете түсті [1].

Бауыржан Момышұлы - даңқты қолбасшы, КСРО-ның жоғарғы әскери академиясының профессоры, ұлтын сүйген патриот болуымен қатар, қазақ халқының ұлттық рухын қорғауда қаламды қару еткен қайраткер жазушы. Оның өнегелі өмір жолы, әскери портреті талай қаламгердің қаламымен өрнектелгені белгілі. Олардың ішінде әдеби көркем шығармалармен қатар естеліктер, ғылыми еңбектер де кездеседі. Бұл тақырыпқа А.Бек, А.Кривицкийден бастап, М.Әуезов, М.Ғабдуллин, Ш.Мұртаза, Е.Ысмайылов, Ә.Нұршайықов, Ш.Елеукенов, М.Мырзахметұлы, Б.Момышұлы (ұлы), З.Ахметова, М.Қалдыбаев  т.б. ғалым-жазушылар қалам тербеп, батыр бейнесін сомдауда үлкен еңбек сіңірді.

Бауыржантанудың негізін салушы ф.ғ.д., профессор Мекемтас Мырзахметұлының еңбегі осы салада жүргізіліп жатқан зерттеулерімен ерекшеленеді.

Біздің зерттеу нысанымыз болып отырған Бауыржан Момышұлы шғармашылығы ұлттық рухтың жоғары болуына айрықша назар аударды. Осыған орай, бірнеше еңбектерін жарыққа шығарды. Мәселен, «Қанмен жазылған кітап», «Ұшқан ұя», «Жонарқа», «Төлеген Тоқтаров», «Бір түннің оқиғасы», «Генерал Панфилов», «Москва үшін шайқас», «Олар менің есімде»,  «Ел басына күн туса» атты туындылары  дүниеге келді.

Бауыржан Момышұлының  «Ұшқан ұясы» – оның жазушылық шеберлігін халқымызға мойындатқан алғашқы шығармасы.  

Бауыржан Момышұлының тұлғалық болмысы халықтық педагогика негізінде дамытылып, патриоттық тәрбиені саналы меңгеруден тұрады. Бауыржан Момышұлына алдымен тұлға ретінде қалыптасу үшін әсер еткен басты фактор - өзінің түлеп ұшқан ұясы. Сондықтан да, Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығы негізінде оқушыларды патриоттыққа тәрбиелеудегі мүмкіндіктер қарымды қаламгердің «Ұшқан ұя» еңбегінде  кеңінен қамтылған. Өйткені, шығармадағы күллі дүние батырдың қабылдауы, сезім-түйсігі арқылы өтеді. Бұған қоса, повесте автордың балалық шағы қамтылады, демек, онда Бауыржан Момышұлының қалыптасу, шығармашылық процесі көрініс тапқан. 

Белгілі ғалым-сыншы М.Қаратаев сөзімен келтірсек: «Бұл Бауыржанның балалық шағын баяндаған, өскен, тәрбие алған ортасын суреттеген өмірбаяндық шығармасы. «Ұшқан ұяда» Бауыржан Момышұлының өзіндік көркем суреттеуі көзге түседі. Бұл повесть жазушының өзіне тән суреткерлік бетін танытты. Шыншылдық, нақтылық, өмір материалын жетік білушілік – жазушыға көптен-көп қажет қасиеттер. Қалың халық ортасында, қарапайым семьяда туып өскен, жастай шешесі өліп, ақылды ана, қарт ана, үлкен шешесінің қолында тәрбиеленген Бауыржанның жасынан сезімтал, елгезек, ойшыл болып өскенін көреміз. Бала кезінен көрген-білгені, өмірден алған әсері жүрегіне жазыла берген тәрізді де, қар суындай бойына сіңе берген тәрізді, енді келіп сол жан түпкіріне іркілген қор есейген шағында, өмірдң ауыр кешуінен өткен шағында бұлақ суындай қайнап, бұрқылдап сыртқа шыққан тәрізді. «Ұшқан ұяны» қызығып оқисың, сүйсініп оқисың. Бауыржанның жастық шағын өз басыңнан өткергендей сезімге бөленесің» [1, 339-340]. Біздіңше, бұл тұжырым –көрнекті туындылардың бірі «Ұшқан ұяға» берілген әділ баға.

Аталмыш шығармада Бауыржан Момышұлы өз ортасынан алған тәрбиесін өзіне ғана тән көркемдік дәлдікпен суреттеген. Бұл шығарманы оңтүстік қазақтары туралы нағыз этнографиялық шығарма десек артық айтпаймыз. Өзге жұрт, кейінгі ұрпақ қазақ халқының бай салт-дәстүрін «Абай жолынан» оқып-білгендігі анық. Алайда бұған қоса «Ұшқан ұяны» оқыған адамның қазақ туралы пайымы одан да нақтылана түсетіні ақиқат.

Жазушы «Ұшқан ұя» шығармасында балалық шағында, көрген куә болған, есте қалған оқиғалар арқылы жалпы сол тұстағы әлеуметтік кезеңді, қоғамдық өмірді суреттеу мәселелерін басты міндет етіп қояды. Қаламгер өзінің ес біле бастаған кезінен мектеп табалдырығын аттағанға дейінгі өмірін еркін әңгімелейді.

Повесте қазақ ауылының көрінісі байыпты да терең бейнеленеді. Шығармада кеңестік идеологияның ыңғайына бейімделген, идея үшін боямаланған, қазақ өміріне қисынсыз келетін, ойдан қрастырылған оқиғалар кездеспейді. Өткен оқиғаларды әңгімелейтін шығарманың құндылығы да, өміршеңдігі де тарихи шындықтан, тарихи оқиғалардан алшақ кетпеуінде десек, Бауыржан Момышұлы да өзі өмір сүрген дәуірді шыншыл суреттеп, бастан өткенді ой елегінен өткізіп, өмір сыйлаған қуанышты, қиындықтарды шыншылдықпен жаза алды.

«Ұшқан ұя» повесі қамтитын уақыт кезеңі – Кеңес өкіметі қалыптасуының алғашқы жылдары. Повесте сол замандағы қазақтардың экономикалық өмірі, оның ерекшелігі және ағайыншылықпен бүркемеленген малдының малсызды қанау тәсілі айқын көрсетілген. «Ал тақыр кедейлер байлардан күш-көлік, киім-кешек, тамақ алып дән сепсе, өз жерінің өніміне өзі қожа бола алмай түсімнің төрттен бірін ғана иемденіп жүрді.

Көшпелі тірліктің көлемі тарылып, ауқымы азая бастаған сайын егішілік ұлғая берді. Малды ауыл қыс бойы Қаратаудың ар жағын жайлап, ерте көктемде елге оралар еді. Сөйтіп кедейлерге қос беретінді шығарды» [2, 44]. Автор қазақтардың өміріндегі үлкен бетбұрыстың басталуын, атап айтқанда, егіншілікке, отырықшылыққа бірте-бірте көшуді суреттейді. Жазушы нақты материал арқылы қарапайым еңбек адамдарының қарым-қатынастарында туған қазақ және орыс халықтарының достығын көрсетеді.

«Ұшқан ұядағы» жылы сезім, шуақты көңілдің нұрынан жаралған образ деп, Бауыржан Момышұлының әжесі Қызтумастың образын айтамыз. Бауыржанның әжесі айнала ортаның, ащы өмірдің, қатал тағдырдың азап, зардабының бәрін  бастан кешсе де соған төтеп берген, бойына дарытпаған ақылды, қайсар, саналы да саялы әзиз ананың образы болып шыққан дей келіп, ғалым-сыншы әжесінің немересіне дарытқан асыл қасиеттеріне былай тұжырым жасайды: «Болашақ батырдың ең алғаш дүние тануына, характерінің жастай қалыптасып, адал, табанды, ержүрек боп өсуіне игі әсер еткен осы әже. М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы Зере сықылды Бауыржанның әжесі де қазақ халқының қашаннан өмір қазанында қорыған ұзақ тәжірибеде шыңдалған даналық ұғымдарын, ізгі салт, дәстүрлерін бойында сақтаған адам, өмірдің сұлулығын, еңбектің поэзиясын, достық пен бірліктің, адамгершілік пен адал семьяның қадірін, қажеттігін ұғынған жан және осы ұрпақтарды өз төңірегіне, әсіресе сүйікті немересінің жүрегіне бала кезінен бастап еккен ана» [3, 51].

Бауыржан Момышұлы өз өмірбаянын өзі жазып кеткен адам. Сондықтанда біз автордың өз шығармаларына сүйене отырып батырдың ғұмырнамасы мен шығармашылық жолын және өскен ортасын, алған тәрбиесін көрсетуге тырыстық.

Бауыржан Момышұлының айтулы шығармаларында көненің көзіндей болып әдет-ғұрыптарымыз, салт-дәстүрлеріміз жазылып тұр. Әрине, Бауыржан Момышұлы өз жанынан әдет-ғұрыпты ойлап шығарған жоқ. Халық арасында қолданғандарын екшеп алған. Алғанда, жай ала салмаған. Оларды өз шығармаларында тайға таңба басқандай етіп қалдырған. Сондықтан да Бауыржан Момышұлы туралы жазылған өзгелердің де, өз туындыларында да оның адамдық болмысы қазақ халқының ұлттық болмысымен бірігіп астасып жатады.

Ойымызды түйіндесек, Бауыржан Момышұлының шығармаларының құндылығы бүгінгі таңда баға жетпес мұра болып табылады. Себебі, жастарды, жаңа ұрпақты сергек және өз ісіне сенетін, кедергілерден қорықпайтын, оның қандайын болса да, жеңе білетін күрескерлік рухта тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты талабы.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.                      Назарбаев Н. Қазақстан халқына жолдауы // Егемен Қазақстан. -2007.-№55.- наурыз – 1.

2.   Қаратаев М. Шеберлік шынына. – Алматы: Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, 1963. - 339-340 б.

3.   Момышұлы Б. Ұшқан ұя. –Алматы: Жазушы, 1975. -44 б.

4.    Дәдебаев Ж. Жазушы еңбегі.  – Алматы: Қазақ университеті, 2001. -51 б.