П.ғ.к. Албытова Н.П.

Л.Н.Гумилев ат.ЕҰУ, Қазақстан Республикасы

ЕЛЖАНДЫЛЫҚ – ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУ ЖОЛЫ

Елжандылық пен ұлтаралық мәдениет тұлғаның әлеуметтік және құндылық дамуында мәнді орын алады.

         Педагогикалық әдебиеттерге жасалған шолу елжандылықты патриот деп қолдану қалыптасқандығын байқатады. Оларда патриот және патриотизм ұғымдарының 1789-1793 жылдары ұлы француз революциясы кезеңінде қолданылғанын аңғартады.Сол кезеңде халық ісі үшін күрескерлер өздерін патриоттар деп атаған[1, б. 343]. Сөздіктерде гректің «patris» сөзі қазақшаға атамекен деп аударылып, мағынасын Отанға, атамекенге, жерге деген шексіз сүйіспеншілік, оның өткені мен болашағына бас ию,  қорғау деп түсіндіреді. Сондай-ақ патриотизмнің философиялық, психологиялық, педагогикалық мазмұны оның адмгершілік қасиеттермен, гуманизммен ажырамас бірлікте болатындығын танытады. Сондықтан оны тұлғаның Отанға деген сүйіспеншілігі және өзге ұлттарға қарым-қатынасы ретінде дүниетанымның ажырамас құрамдас бөлігі деп айта аламыз.

         ХХ ғасырдың 80 жылдарында АҚШ-та қолданыла бастаған жаһандану ұғымы елдің ол туралы түсінігін әр түрлі бағытта қалыптастыруда. Посткеңестік мемлекеттердегі экономикалық, саяси реформалар әлеуметтік байланыстар мен қатынастардың дегуманизациялануына әкеліп соқтырды. Адамдарда құндылық вакуумының қалаптасуынан, дүниетанымның деформациялануынан,  халықтың үлкен топтарында өмірлік бағдарларының рационалистік позициядан тайып кеткенінен көруге болады. Мәселен, «аяғым қайда болса, Отаным сонда»[2, б. 21] дейтін қазақтар  соның айғағы.Сондай-ақ,«космополиттік мемлекет», «космополиттік ұлт», «ғалам азаматы», «дүниежүзі – бір ел» деген түсініктер кең өріс алып келеді.  Әрине, барлық әлем халықтары өзара араласып, ықпалдасып, ортақ мәселелерді шешуге ықылас танытуы бүгінгі күннің қажеттілігінен туындайды. Сондай-ақ оның саяси, экономикалық т.б. жақтары болатындығы белгілі.  Дегенмен  олардың астарын ажыратып, келешегін нақтылау ел егемендігін нығайтудың ажырамас бөлігі. Олай болса, елжандылық пен ұлтаралық мәдениет мәселесіне қайта ораламыз. Азаматтық тәрбиенің өзегі елжандылыққа (патриотизмге) – өзін-өзі танып, өзін-өзі таныта білуінде деп, ұлттық дүниетанымға дегенге жаңаша сілкініспен қайта қарайтын жол іздейміз.

Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінде «ұлттың да, халықтың да, мемлекеттің де дербес тұлғаға айналуы «мен қазақпын», «мен қазақстандықпын», «мен Қазақстан Республикасынанмын» деген мақтаныш сезімінен басталады. Осынау қасиетті сөзді айту үшін әрбір қазақ, әрбір қазақстандық өз елінің бай тарихы мен мәдениетін игеріп, өз халқының дүниетанымы мен салт-дәстүрін қанына сіңіріп, өзге әлемге қазақ ұлтының көзімен қарау қажет» [3, б. 250].

Зерттеу нәтижелері [1;2;3;4] ұлттықты сақтауда, ұлтаралық қатынастарда көзге түсетін үш мықты қасиетті, яғни, тіл, мәдениет, дінді ұлттарды бір-бірінен ажырататын табиғи белгі деп көрсетеді.

Талантты ғалым С.Қондыбай (1968-2004): «Уа, Тәңірім! Қазақтың табысынан бұрын намысын қайтарып бере гөр! Тәңірім, қазақты және Қазақстанды жарылқа!» деп, ұлттықты сақтап, тәуелсіздікті баянды ететінжол – қазақ санасының өлмес архетиптегін ояту, заманында арыстан бабаларымызға қанат бітіріп, ерлікке бастаған «басқа» («мәңгілік қазақ») – «ішкі қазақты» немесе «арғықазақты» тірілту, бүгінде демі үзілуге шақ қалып тұрған, әйтсе де қанымызда өлмей сақталған биік қасиеттерді ояту» [5,Т.2.б. 7] екендігін айқындайтын еңбектер жазып қалдырды. Автор бір кітабында қазіргімізді, өздеріміздің кім екендігімізді (яғни мұсылмандағымызды) естен шығармай, өткен заманның ұмыт болған қабаттарының бетін аршып алуға, естен шыққан рухты, киені, ділді, танымды еске түсіруге мүмкіндік беретін мифологияға оралуды ұсынады.

Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша 2007 жылдың 4-маусымы рәміздер күні болып белгіленді және олардың сипаттамасы, ресми пайдаланылуы,  әркімнің оларды құрметтеуге  міндеттілігі конституциялық заңмен белгіленді. Осындай жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде өзіндік орны бар міндетті шараларды Серікбол Қондыбай мұраларында берілген  ұлттың салт-дәстүрімен, дүниетанымымен сәйкестендіру өте орынды.

С.Қондыбайдың «Жауынгерлік рух кітабы» 4 бөлімнен тұрады. Мұнда бұрын қазақтың беймәлім болған жауынгерлік әскери қару-жарақтары, әскери атақ-атаулары, шен-дәрежелері, ежелгі әскери музыкалық аспаптары, соғыс өнері, әскери айла, ту, елтаңба және олардың түп негізі сөз болады. Ғалым Қазақстан тәуелсіз ел, өз армиясы бар, оның рухани патриоттық ахуалына селқос қарауға болмайтындығын ескертеді. Сондай-ақ бүгінгі әскери киімнің қатардағы жауынгерден бастап, офицерлік құрам мүшелерінің рухани патриоттық ғұрып-рәсімдік комплексінің жұтаңдығы, оның ұлттық дәстүрлерден нәр алмай жатуы, тәуелсіз халықтың күштерінде орыстық-кеңестік әскери терминдердің өзгеріссіз қолдануын сынға алды. Шынайы патриот С.Қондыбай сынмен шектелмейді, «Бес қаруға қатысты жауынгерлік атаулар», «Қазақтың жауынгерлік Кодексі», «Ту магиясы» турасында терең зерттеулер жасап, оларды арнайы бөлімдерге бөліпжазып қалдырды.

Мысалы, ту турасындағы түсінік ұғымдарға тоқталсақ, «Қазақта «ту қандау» деген әскери ғұрып бар. Жер тағдыры, ел тағдыры сынға түскен шешуші шайқастардың алдында ақ боз атты құрбандыққа шалып, ақ туға оның қанын жаққан » [5, Т.8.б. 183].Немесе,туды таңдаулы жауынгер, қолбасшы не арнайы тағайындалған адам ұстаған. Оның арнайы атауы бар, ол  - туғашы. Шайқаста бас қолбасшының туын (бүкіл әскердің туы) ұстауға атақты батырлар тағайындалған. Өйткені туды жауға алдырмай, құлатпай ұстап жүру асқан ерлікті қажет етеді. Қолына жебе тисе де туды ұстап тұрған Байғозы батырдың, өзі өлсе де туды құлатпай ұстап қалған Қазымбет батырдың ерліктері елге аңыз болып қалды. Әскербасыларының байрақтарын ұстап жүрген адамдарды «байрақдар» деп атайды [5, Т.8. б. 184]. Бұлар Қондыбай еңбектерінен табылатын өшпес мұра.

С.Қондыбай сондай-ақ, қазақтар Алтын орданың юридикалық тұрғыда заңды мұрагері болып табылатындығын  тарихи сабақтастықтар арқылы дәлелдеп, елтаңба туралы геральдикалық түсініктеме береді. Ғалым «Қазақ бүгінде екі емес, үш мәдени кеңістіктің ортасында (қытай-шығыс, орыс-европа, ислам-оңтүстік) қалып отыр, сондықтан қазақ самұрықты елтаңба етер болса, оның басын екеу түгілі үшеу деп те бейнелей алар еді»[5, б. 229] -деп елтаңбадағы символдың бүкіл түркілік өркениетке тән екендігін тарихи деректермен айқындайды.

Халық санасында ғасырлар бойы сіңген тарихи сана, дәстүр, ойлау жүйесі түгел жойыла қоймайды.Жаһандану заманында ел қорғау түсініктеріндегі ұлттық дүниетанымымызды  сақтай отырып, өзгелердің қағидаларын қабылдауға тура келеді.Ал ұлттық санамыз бен ойлау дәстүрімізге орай ұғымдар үлгісін оқып-білу, ой елегінен өткізу, пайдалану  ұлттық қайталанбас рух, намыс, сенім, ерлік т.б. қасиеттерін танып,  жалпы азаматтық түсініктердің дұрыс та нық қалыптасуына өз үлесін қосады.  Өйткені кез-келген обьектінің ішкі заңдылығына мән беру оның мазмұнын ұғынып,сана мен сезімге жетуге әсер етіп,  тәрбиеленушінің мінез-құлқында, іс-әрекетінде көрініс табады. Олар елжандылық (патриоттық) тәрбие барысында сендіру, үлгі ету әдістерін қолдану болып табылады да  позитивті мотив туғызады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.Харламов И.Ф. Педагогика. М.: Юристъ, 1997.-512с.

2.Айталы А. Қазақты намысы қамшыласын.Алматы.-Арыс, 2009.-б.248.

3.Нысанбаев Ә.Қазақстан. Демократия. Рухани жаңару. Алматы. - Қазақ энциклопедиясы, 1999.-Б.416.

4.Гумилев Л.Н. Көне түріктер. Алматы.-Білім, 1994.-Б.480.

5.Қондыбай С. Жауынгерлік рух кітабы. Алматы.-Арыс, 2008.-Б.416.