Рапишева Жанат Дабыловна (канд.фил.наук, доцент),

Нұрмағанбет Жібек Сериковна

Карагандинский государственный университет им. ак. Е.А.Букетова, Казахстан

 

ҚАЗАҚША ҒЫЛЫМ ТІЛІНІҢ ЗЕРТТЕЛУІ ТУРАЛЫ

 

Мақалада қазақша ғылым тілінің зерттелуі сөз болады. Авторлар зерттеу еңбектеріне сүйене отырып, ғылым тілінің туу, қалыптасу дәуірін белгілеп, оның дамуына әсер еткен әлеуметтік-экономикалық (лингвистикалық және экстралингвистикалық) жағдайларды көрсетеді. Қазіргі тіл біліміндегі ғылым тілі, ғылыми стиль, ғылыми тіл, ғылыми мәтін деген терминдердің айырмашылықтары туралы айтылады.

 

Қазақ тіл білімінде жасалған еңбектердің негізі, онда көрсетілген бағыттар мен жобалар және қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге сәйкес қоғамдық қызмет аясының кеңеюі мен күшеюі, соған сай қазіргі қоғамдағы ғылым тілін қазақша дамытып, қалыптастырудың талап-мүдделері қазақ тіліндегі ғылыми стильдің қалыптасуы мен дамуын арнайы қарастыруды қажет етеді.

Жалпы стиль мәселесінің зерттелу жайын алсақ, орыс тілі білімінде жалпы стилистикаға, әрбір функционалдық стильге арналған зерттеулер де көптеп саналады. Мәселен, В.В.Виноградов, М.Н.Кожина, А.Н.Гвоздев, Р.А.Будагов, А.И.Ефимов, В.П.Мурат, Л.А.Булаховский өз еңбектерінде көркем әдебиет стилін, саяси-публицистикалық стильді, ресми стиль және ғылыми-зерттеу стильдерін қарастырады. Ал қазақ тіл білімінде стилистиканың қалыптасуы қазақ әдеби тілінің тарихын зерттеу барысында әдеби тіл стильдеріне қысқаша шолу түрінде сипаттама берілген Қ.Жұбанов, М.Балақаев, І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев, А.Ысқақов, Р.Сыздықова, Б.Әбілқасымов, Е.Жанпейісов, М.Томанов, С.Исаев т.б. ғалымдардың еңбектерінен басталады.

Түркологияда ұлттық татар тілі мен оның стильдерінің дамуын В.Х.Хаков  [1],  ХІХ ғасырдағы әзірбайжан әдеби тілінің ғылыми стилін В.В.Адилов  [2] және қазіргі әзірбайжан әдеби тілінің ғылыми стилін А.Г.Кулиева [3] зерттеген.

Ал қазақ тіліндегі жеке стильдердің зерттелу мәселесіне келсек, көркем әдебиет стилін Р.Сыздықова, Ш.Бердібай, қазақ прозасының тілін Е.Жанпейісов, алғашқы қазақ газеттерінің тілін Б.Әбілқасымов, 1920 жылдардағы мерзімді баспасөз тілін С.Исаев, қоғамдық-публицистикалық стильді О.Бүркітов, ресми іс қағаздар стилін Н.Ерғазиева зерттеген. Осы арада қазіргі қоғамдық-әлеуметтік шындыққа байланысты коммуникативтік қызметі ерекше публицистикалық стильдің жан-жақты қырлары зерттелуде екенін атап өткен жөн. Мысалы, газет лексикасына байланысты А.Алдашеваның, Б.Момынованың, сол сияқты публицистика, газет тілінің прагматикасы туралы Б.Жұмағұлованың, Ф.Жақсыбаеваның т.б. зерттеулері бар. Дегенмен, жоғарыда атап көрсетілген стилистика саласының бастау көздері іспетті әдеби тіл тарихына қатысты еңбектерде көркем әдебиетке көбірек көңіл бөлініп, басқа стильдердің қалыптасуы баспасөз стилімен бірге қарастырылады. Мәселен, Е.Жанпейісов т.б. зерттеушілер ғылыми әдебиеттер тілін “баспасөз және кейбір әдебиеттер тілі” деген тақырыппен берген [4, 110].

Әдеби тіл тарихын жалпылама сипаттаумен қатар, оны танытатын нұсқаларды зерттеген жұмыстарда ғылыми-көпшілік әдебиет стилін қалыптастыра бастаған үлгілердің тіл ерекшеліктері тікелей болмаса да, жанамалай сөз болады. Мәселен, Б.Әбілқасымов ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақтың жазба әдеби тіліне толық сипаттама бере отырып, функционалдық стильдердің даму барысын, оларды танытатын кейбір баспа нұсқалардың тіл ерекшеліктерін қарастырады [5, 51].

Ғылым тілінің жетілуі, дамуы сияқты мәселелер термин және терминологияға қатысты зерттеу жұмыстарында қарастырылатыны белгілі. Өйткені ғылым тілінің негізгі материалы (кейбір зерттеушілер «кірпіші» деп те айтады) – терминдер. Өз еңбектерінде Ә.Қайдаров қазақ терминологиясының қалыптасып, дамуын жаңа тұрғыдан қарастырып, ғылым тілінің өзіндік белгілерін, қасиеттерін, ерекшеліктерін сипаттайды  [6]. Ал Ө.Айтбаев  қазақ терминологиясы ғылымының қалыптасу тарихын жазса [7], Ш.Құрманбайұлы  қазақ лексикасының бір ғасырлық терминдену үрдісін бірнеше кезеңге бөліп, әрбір кезеңнің өзіне тән ерекше белгілерін көрсетеді  [8].

Сонымен бірге ғылыми стильдің кеңес дәуіріндегі дамуын зерттеуге арналған жұмыстар да кездеседі. Ж.Әмірова қазақ тіліндегі ғылыми стильдің дамуындағы орыс тілінің әсер-ықпалын сөз етсе [9], Ш.Біләлов ұлттық ғылым тілі негіздерін қалыптастырудағы А.Байтұрсынов сияқты қазақ зиялыларының рөлін көрсетеді [10].

 Ғылыми әдебиет стилінің қалыптасуын аудармамен байланыстырып қарастыратын зерттеулер де бар. Ө.Айтбаев «Алғашқы аударма үлгілері және олардың терминге қатысы» деген мақаласында қазақ тілінің терминологиялық жүйесін жасап, қалыптастырудағы, ғылыми әдебиеттер стилінің толық қалыптасуындағы алғашқы аударма үлгілердің алатын орнын көрсетеді. З.Тұрарбеков «Қазақ тіліндегі аударма тәжірибесінен (ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басы)» деген диссертациялық жұмысында ғылым мен техника жаңалықтарын баяндайтын алғашқы кітаптар мен мақалалардың аудармасын қарастырады.

Қазақ әдеби тілінің ғылыми стилі жеке функционалдық стиль ретінде ХІХ ғасырдың екінші жартысында қалыптаса бастағанымен, оның жаңа сатыға көтеріліп, әрі қарай дамуын, әдеби тілдің толыққанды стиліне айналуын зерттеушілер ХХ ғасырдың басында жүзеге асты деп есептейді. Ғылыми стильдің қалыптасу тарихы Ш. Мажитаева, Ж. Рапишева еңбектерінде қарастырылады. Ш.Мажитаева «ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ әдеби тілі» деген диссертациялық жұмысында ғылыми стильдің дамуын, ғылым тілін дамытудағы бұрын аттары аталмай келген А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Х.Досмұхамедұлы т.б. қызметін жан-жақты қарастырады [11].

Ғылым тілі бойынша XX ғасырдың соңғы ширегінде жүргізілген зерттеулер жаңа нәтижелер әкелді. Ғылым тілінің дербестігі туралы, оның «шағын тілдің» бір түрі болып табылатындығы жөнінде кеңінен сөз бола бастады. Ғылыми қолданысқа алғаш XX ғасырдың 60-жылдары енген «шағын тіл» (sublanguage, подъязык) термині жалпылама қолданысқа кірді. Оның жалпыхалықтық тілдің функционалдық бір түрі екендігі, әрқилы кәсіби қызмет аясында қолданылатындығы белгілі болды. Жалпыхалықтық тілдің негізгі бөлігін құрайтын әдеби тіл мен жалпылама қолданымға тән емес салалық ғылым тілдерінің арақатынасы айқындала бастады. Шетелдік ғылыми ортада бұл кезде халықтық тілдің ерекше бір түрі ретіндегі арнайы мақсатта қолданылатын тілдер туралы зерттемелер жасалды [12].

Ғылым тілі бойынша кейінгі кезеңдерде жүргізілген зерттеулердің негізінде қалыптасқан жаңаша көзқарасты қолдайтын ғалымдар оны жеке функционалдық тіл ретінде қабылдағанды жөн көреді.

Тіл білімі ғылымында қарастырылатын лингвистикалық түсінік бойынша, кең мағынадағы ғылым тілі – ғылыми мәтіндердің тілі. Тар мағынадағы ғылым тілі – ғылыми пәннің өзіне тән салалық метатілі. Ғылыми мәтіндерді зерттеушілердің бір тобы оларды функционалды тіл ретінде, екінші тобы функционалдық стиль ретінде қарастырып келеді.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Развитие татарского национального языка и его стилей, АДД. –Алматы, 1971. – 50 б.

2.     Научный стиль азербайджанского литературного языка ХІХ века, АКД – Баку, 1980. – 30 б.

3.     Научный стиль современного азербайджанского литературного языка, АКД. – Баку, 1989. – 30 б.

4.     Балақаев М., Жанпейісов Е., Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. – Алматы, 1968.

5.     Әбілқасымов Б. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдеби тілі (Баспа нұсқалардың тілі негізінде). – Алматы, 1980.

6.     Қайдаров Ә. Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас. – Алматы, 1998; Ғылым тілі – әдеби тіл статусы //Терминдер және олардың аудармалары, Алматы: Ғылым, 1990, Б. 9-22.

7.     Айтбаев Ө. Қазақ терминологиясының қалыптасуы мен дамуы. –  Алматы, 1988.

8.     Құрманбайұлы Ш. Қазақ лексикасының терминденуі. – Алматы, 1998.

9.     Амирова Ж. Влияние русского языка на формирование научного стиля казахского языка, АКД – Алматы, 1982.

10.     Біләлов Ш. Ұлттық ғылым тілін қалыптастырудың өзекті мәселелері (математика саласы негізінде). – Алматы, 1996.

11. Мажитаева Ш. ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ әдеби тілі. – Алматы: Ғылым, 1999. – 180 б.

12.  Никитина С.Е. Семантический анализ языка науки. На материале лингвистики. М., 1987. –109 с.