Ғабит Мүсірепов прозасының суреткерлік бітімі.

 

Жәмбек С.Н.

Қазақстан.Көкшетау.

Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты

 

         Ғабит Мүсірепов жай жазушы емес, үлкен суреткер. Ал суреткер дегенің өзін жазушы санайтындарының барлығының маңдайына бұйыра бермейтін ерекше бақыт. Ол жаратқанның, тәңірінің берген ұлы сыйы, ерекше қасиеті.

         Ғабит Мүсірепов – қазақ сөз өнерінің майталман шебері, сөзден маржан түзген, қазақ сөзін қақпақылдап ойнатқан, бір сөз екінші сөзіне жарық түсірген сирек талант иесі, қаламынан өнері төгілген сөз зергері. өзіне де сөзіне де аса талғампаз, кірпияз, дегдар, текті қалам иесі. Үлкен талғам, зор талап биігінен қарайтын, сөз өнерінің эстетикасын бойына барынша жинаған эстет, сөздің қадірін де қасиетін де киесін де жан-жүрегімен терең сезінетін әр сөзін аса ыждаһаттылықпен пайдаланатын мәдениетті жазушы. Ғабең, Ғабит Мүсірепов – қазақтың қара сөзінің қаймағын сапырған, ұлттық мәдениеттің мәйегіне бөліп, уызына жарыған, құнарлы топырағынан нәр алған жазушы. әдебиет әлемінің ұңғыл – шұңғыл ын зерттеп, ізденіс баспалдақтары арқылы, шеберліктің биік шыңына шықты. Бізде әңгімемізді жазушы прозасындағы шеберлік мәселесіне, оның суреткерлік бітіміне бұрмақпыз.

         Ғабит Мүсіреповтей сөз зергерінің өз шығармашылығына аса талғампаздықпен, жауапкершілікпен қарағандығын академик – сыншы Мұқаметжан Қаратаев былай деп көрсетеді: «Көркем творчествоның міндеті мен шартына Ғ.Мүсірепов әуелден – ақ жеңіл – желпі қараған жазушы емес. Ол әдебиет дүниесіне асықпай, аптықпай, аяқты жай басып келгені сияқты, келген соң да өз ісін үнемі үлкен жауапкершілікпен, ұқыптылықпен қарайтын байсалды жазушы екенін танытты. Бұл шебер жазушының негізгі принципінің бірі болса керек. Мұны біз Ғабеңнің баяу, бірақ байсалды істейтінін де, шыңдалған стиль шеберлігінен де, жастар творчествосының көркемдік сапасы мен қазақ тілінің тазалығы жөніндегі жанкүйер қамқорлығынан да анық көреміз.»  [1.187]

         Ал, академик- сыншы Серік Қирабаев Ғ.Мүсіреповтің көркемдік әлемін түйсіне, терең пайымдай отырып, былай деп жазады: «әдетте, жазушыға сипаттама беруден көп қолданылатын кітап аттарымен геройларды атау, олардың тақырыбы мен идеясын айту Ғабиттің жазушылық жолын әңгімелеуге келе бермейді.Оның әдеби мұрасы жалпылай сөйлеуді ешқашан көтерген емес. Өйткені, Ғабиттің әр кітабы – өз алдына эстетикалық мұрат – мақсаты бар көркем қазына. Жалпы адам абласының көркемдік ой –пікірін байытудағы сөз зергерлерінің қызметін ол жақсы түсінеді. Абай айтқан «қиыннан қиыстырар ер данасы» көп болмаса, сол азғана топтың ішінде Ғабиттің де өз орны бар» [2.122].

         Жиырмасыншы жылдардың аяғы, отызыншы жылдардың бас кезіндегі Ғ.Мүсіреповтің негізгі шығармалары: «Қос шалқар», «Талпақ танау», «Үздіксіз өсу», «Туннель», «Жеңілген Есрафил», « Бір адым кейін, кейін екі адым ілгері» (бұл повесть кейін «Алғашқы адымдар» деген атпен басылған). « Көк үйдегі көршілер», «Өмір ертегісі», және ана туралы әңгімелер циклі.

         «Ғабит негізінде шебер әңгімеші. Ол әңгіменің бас – аяғын шашыратпай, нақтылы бір идеяның төңірегінде жинақы оқиғаға құрып, сурет пен бояуды әңгіменің көлеміне лайықтап шым-шымдап, шебер, дәл пайдаланады. Қысқа репликамен, ұжымды сөзбен характерді ашып кетеді.

         Жазушы әңгімелер, шағын повестер жазу арқылы өз шеберлігін шыңдап, үлкен жанрға дайындалады. Көп оқиды, көп ізденеді. Оның осы алғашқы әңгімелерінен – ақ драмалық таланттың нышшы сезіледі. Ол ең алдымен диалогке шебер». [3,42].

         Жазушының прозадағы алғашқы қадамы, «Тулаған толқында» повесінен бастау алған.  Әлі ысылмаған, тәжірбиесі аз қаламгердің бұл тырнақ алды туындысында көркемдік тұрғыдан алып қарағанда  оқиға шашырандылығы, образдар жүйесінің босаңдығы секілді композициялық олқылықтар кездеседі. Бірақ осы алғашқы аяқ алысының өзінде болашақ сөз зергерінің көркемдік қарымы, стильдік өрнегі, тіл байлығы, өзіндік юморы байқалады. Шығарма тақырыбында өзі жақсы білетін өмір құбылысы – ел іші, ауыл тұрмысынан алып жазады. Жазушының суреткерлік болмысының алғаш осы туындыдан тамыр тартқан алғышарттарын әдебиет сыншысы Сайлаубек Жұмабеков былайша ашып көрсетеді: «Жазушының тұңғыш туындысы- «Тулаған толқында» повесі. Ендеше болашақ ұлы суреткердің жемісті творчествосының төл басы саналатын осынау «ұзақ әңгіме» -  «Тулаған толқында» повесіне тоқталмай оту әсте мүмкін емес. Өйткені, бұл шығарма, біріншіден, әдеби – тарихи елеулі факті – дерек ретінде қызығушылық тудырмай қоймайдыы. Екіншіден, ұлы суреткердің жұртты сүйсінткен дара стиліне тән кесекте кемел сипаттардың әуелі осы туындыда алғаш нышандар танытқанына күмән жоқ» [4.27].

         Жазушының суреткерлік стилі «Тулаған толқында» оның көркемдік тіл өрнегінен байқалады. Мысалы : «Шегірткелінің құба жанында, кілемдей көк майсаға жаңа ғана қонған Шынтемір ауылы. Құжынаған қалың мал, екі дөңнің астын алып, көрпедей жауып жатыр. Алалы – сиыр, ақтыыл қой қотанды ыңырсытады. Ауылдың төңірегіндегі өңкей ақ ордалар Шынтемір тұқымынан басқаның түк ортағы жоқ...» [5.15].

         Бұл – Оспанның үйі. Ары: «Көз үйреніп, ішіндегі адамдардың анық түстегеннен кейін бұл үйде қорқарлық дәнеме жоқ. Кәдімгі кедей адамының үйінің іші. Үйдің қақа жартысын алып, шөгіп жатқан соқпа пеш, үсті – басы тілім – тілім. Жаққан қамыстың бұрқыраған күлі аузынана шығып, үйге төселген шөптің үстіне лықсып төгіледі де жатады. Қамыстың түтінен пештің үсті де қап – қара. Төбе ағаш та, төбе ағаштың арасынан салбырап тұрған қамыс та қап қара құрым. Пешке қарсы тұрған жарымжан бір кәрі төсек – ағаш. Оның кейінгі жағында аузы былжиған қара сандық пен бір қу кебеже. Нан илейтін астау, қырма қара табақ, бір ағаш шелек, қара қазан, қара құрым тұтқыш, бір ағаш ожау секілді нәрселерді қоспағанда Қалишаның бар мүлкі осы ғана»» [5.13]. Бұл жесір әйел Қалишаның үйі.  Екі жағдайдағы әлеуметтік тұрмысты суреттеу үшін жазушы бұл жерде кереғар, котристы бояуларды әдейі таңдаған. Мақсат – өмір шындығын дәлде, шыншылдықпен бейнелеу.

         Ғабит Мүсірепов стилінің тағы бір ерекшелігі, кейіпкерлерінің характерлерін сомдаудағы суреттеу, мүсіндеу тәсілдері, портрет берудегі шеберлігі айрықша көзге ұрады. Мысалы: « Сетік танау жақ ерніне бір алақан насыбайды жымқырып алып, былшылдатып түкіреді тұрады...

  Қасына жақындап кетуің мұң, аузы насыбайға толып тұрса да, «Насыбайың жоқ па?»- деп бір айтпай қалмайды». [5.11].

         «Бірақ мұның інісі Омар, ондай емес. Отпен кіріп, күлмен шығатын епті жігіт. Бір түнде тоғыз ауылдың итін үргізіп, тоғыз үйдің босағасын тырнап, мазасын алу қолынан келеді» [5.11]. Бұл – Итемгенің екінші баласы Омар. «Көтібардың Итемгені тығыршықтай тығыз, шертіп қалсаң, шырт ете түскендей ашуланшақ адам. Екі танаудың алдын таңқита қырқып тастаған. Берекеусіздеу шыққан қара мұрты екі езуінде мысықтың  мұртына ұқсап селтиеді де тұрады. Тымағын бастыра киіп алып,  шарбақтың ішіне Итемген кіргенде, мал жайласып жүрген балалар да, жұмыскерлерде аяқтарын қаздаң – қаздаң басады» [5.11]. Бұл – кәдімгі Итемген байдың өзі.

         Бұл үзінділердегі сатиралық – юморлық, ирониялық – гротескілік әсіреулер, саналуан портреттер, образдар мен характерлер, өмірдің әр түрлі реалистік штирхтары Ғабит Мүсіреповтің суреткерлік стилін айшықтайтын белгілер.

         Ғ.Мүсіреповтің прозадағы үлкен көркемдік белесі- «оянған өлке»романы болып табылады. Романның алғашқы журналдық нұсқасы «әдебиет және исскуство журналының 1952 жылғы 1-5 және 10-12 андарында жарияланып,  1953 жылы «оянған өлке» романы жеке кітап болып шығады. Ал, романның екінші кітабы – «Жат қолында» - романы арада отыз жыл откен соң, 1984 жылы шығып, оқырмандар қолына түсті.»

«Сонымен көп жылға созылған  тынымсыз еңбек баянды аяқталып, қазақ совет әдебиетінің бәсіре – еншісіне тағы да бір роман – эпопея келіп қосылды.

Екі кітаптан тұратын осынау роман – эпопеяда ХІХ ғ.дың ІІ жартысы мен ҰлыОктябрь революциясына дейінгі мерзімдегі қазақ халқының әлеуметтік – экономикалық хал – ахуалы, барша тұрмыс – тіршілігі, қоғамдық жағдайы кеңінен қамтылып, жан – жақты терең суреттеледі». [4.52-53]

         «Романда қазақ өмірінің сол кездегі тарихыв да, әлеуметтік тұрғысы да, пәлсепелік ойы да, этика мен эстетика да,  әдет – ғұрыптық, салт – санасы да – үлкен суреткердің ой елегінен өтіп, бейнелі көрініс тапқан.

 Жазушы романда  кесек те сом образдар, типтік характерлер жасаған. Романдағы кейіпкерлердің барлығы жазушының эстетикалық мұратын ашуға қызмет етеді.

         Романның бүкіл сюжеттік желісі Игілік образына байланысты өрбиді. Сан алуан оқиғалар, тікелей де, жанамалай да сол Игілікке кеп тіреліп жатады» [6.160].

  Жазушы «Оянған өлке»романында адам характерін, кейіпкердің ішкі жан – дүниесін беруде порттерік тәсілдерді шебер де ұжымды пайдаланады.

         Игілік образын сомдаудағы оның портеріне үңіліп көрелік: «Игілік би паң да, тәккапар да емес. Даусын көтере сөйлегенін, бір адамға суық жүз көрсетеп, қабақ шытқанын ешкім көрген де, естіген де емес. Ала көзін бір төңкеріп,  қалың қабағын бір түйіп қалса, бұл маңайдағы елдер басына қара жамылғандай болар еді... Бұйырғаны өтінгендей ғана, кесім айтқаны – бітім айтқандай ғана» - деп мінездейді. Ал Игіліктің осы мінезін жазушы тек айтып қоймайды, іс-әрекет үстінде көрсетеді.

         Ғ.Мүсірепов адамның ішкі жан дүниесінің қатпар – қатпар бүкпе сырларына үңіле білер, жазушы екеніне тағы бір мысал келтірейік: «Ушаков Тұрсынбай қудың бет аузын түгел қыдырып ажым  - ажарларының арасынан опасыздық білгілеріңіз»- дейді.

  Тұрсынбай «Алтынды қырқасына Попов қазық қағып кеткенін» хабарлағанда, Ушаков бір нәрсені секем ала қалады. Осы опасыздық жасап жүр –ау»деген күдік басына ойнап шыға келеді. Ол енді сол күдігін оның жүзінен іздейді. Ақыры тапқан да сияқты: оң көздің астыңғы қабағы бүлкілдей бастапты... Енді екі зәрлі жылан арбасып қалғандай, көздерін қадасып алып, бедірейісіп қатып қалды. Тұрсынбайдың өңі сұрланып, көздері жыланның тіліндей ғана жылт – жылт еткен ұшқын шашады. Ушаковтың көпшіл көзі мұзға айналып бара жатқандай. Әрине, айыпты адамның көзі көзі бұрын қағылып кетті. Тұрсынбайдың көзі әлгі ұшқыны өткендей қайтадан ілгештене қалды» [7.61-62].

         Жазушы екеуінің арбасу үстіндегі жан құбылыстарын айнытпай бере алған.  Осы суреттеуде бір жалғандық жоқ, нанымды, сенімді.

          Ғ.Мүсірепов адам психологиясын берездегі шеберлігін Сандыбай бейнесін мүсіндеу үстінде ед тамаша көрсете білген.

  Сандыбай – шебер. Он саусағыынан өнер тамады. Ағаштан түйме түйеді. Өзі айтқандай он саусағы алтын.  Шеберлігімен елге танылған. Игіліктің ақ үйін салып берген сол.

  Жазушы: «Тезге салып, иіп, сүргілеп – қырнап сымбатын келтірген ақ теректер қазір байлықты емес, шеберлікті сөйлеп тұр...

Дұрысында бұл үйдің бар мақтары шебердің өнерінде еді. Игілік ақ үйді салып бергені үшін Сандыбайға он құлынды бие бермек. Соны қай үйірден алғысы келеді, таңдауды шебердің өзін берген Игілік.  Сандыбай алдынан Игілік жылқылары үйір – үйір болып өтіп жатыр. Ыңғай тобылғы торылар бір үйір, ыңғай теңбіл қара көктер бір үйір, өңкей мақпал қаралар бір үйір. Өз аулына бітпеген Сандыбай не істерін білмеді, абыржып қалды. Бәрі – суреттей сұлу»[7.97].

         Игілікте он екі мың жылқы бар. Осы үш үйірден алып, артынан қапы ұрам ба деп те қорқады. Жазушы осы кездегі Сандыбайдың  арпалысқан ішкі жан құбылысын былай суреттейді: «Сандыбайдың тілі біржола байланып қалғандай еді. Бет – аузы,  құлақ – мұрны түгел діріл қағады. Күліп тұрған жоқ, қуанышынан жылап тұрғандай. Терлеп те кетті... Жүгіріп өзенге барып, құлындардың қалай суға жүзіп, суды қалай ішіп жатқандарын көргісі келіп кетті... Аяқтары қозғала алар емес...

...Әрбір алдынан өткен айғырды мініп те көреді. Көз алдына қалай мінетіні, қалай сауатыны да келеді... бірінен – біір ажарлы көрінген жылқыдан Сандыбай әлі таңдай алмай жүр.  Жылқы өзеннен түгел суырыла шығып қыр асып барады. Сандыбай әлі сандалып тұр...» [7.98-99]

         Жазушы әр түрлі ситуация үстіндегі Сандыбай мінезінің әр қырын көрсетеді. Игілік жылқыларын көріп, ішпей – жемей мәз болып келген Сандыбайдың Күңшемен әңгімесі үстінде жаңа бір мінезі жалт ете қалады. «Бұрын торсықтай томпиып, үндемей салбырап, уһілеп қоятын Сандыбай Күңшеге «Сүтін басыңқырай құйсаңыз – тағы бір шыны аяқ ішер едім» деп шыны аяғын еркін ұсынады. «Құдағиым болсаң қалай болар екен?.. Екі құлынды биені қазір беріп кетем... Бірі қара көк, бірі мақпал байтал берем де, келінімді аламын. Қызыңды ұзатып  апарғанда өзіңе бір қара көк дөнен мінгіземін... Сиыр – миыр, қой – ешкі дегенді араластырмаймын... бір жақтырмаймын малым...»деп күпсіне сөйлейді. Соның бәрін ол шын пейілмен айтып отыр. Көңілінде еш бөтен ойы жоқ. Қалтқысыз расы. Сондықтанда ол жұртты өзіндей көреді, сенеді. Сандыбай –ақ адам, аңқау адам. Игіліктің ішкі арам пиғылын аңғармайды, оның айтқанын шын  деп ұғады. Ал Игілік сұм тобылғы торы, мақпал қара үйірлерін, Сандыбай алдынан өткізіп, оны қызықтырады, бірақ қолына ұстатпайды. Сандыбай оны сезбейді, білмейді. Би алдайды деген ойы жоқ. Сандыбай мінезіне күлесің, зілің жоқ, аяйсың.

Ғ.Мүсіреповтің поэтикалық синтаксисі таң қалдырады. Ол прозада – ақын. Оның сөйлемдері ырғақ, ұйқасымен, үнділігімен тіл қатады. Үйлесе сыр шертеді, бейнелі ойы мол, қат-қабат астары көп. Саздылығы ғажап жазушының сөйлемдері ықшам, етең-жеңі жинақы, ойнақы. Сықақ-қалжыңы, астарлы күлкі-ажуасы, шымшып алар әзілі жазушы шығармасының өн бойында үнемі көрініс беріп отырады.»

          Ғ.Мүсіреповтің қолтаңбасы бесенеден белгілі. Тіпті оған етене реалистік мәнерімен ұқсас жазушы Бейімбеттен де оқшауланады.

         Ғ.Мүсірепов – ақын. Ол прозада поэзия тілімен сөйлейді. Қазақ прозасында бұл жағынан келгенде Ғабеңдей – жазушы ілу де бір. Оның жаны – ақын.сондықтан да болар ол жасаған  сөз образдары ірі де терең. Аумағы кең. Ойға шомдырады, толғаныс-тебіреністерге еркін жол ашады. Оның қаламынан жаралған әр бейнелі ой – үлкен философия, өнер тілімен сөйлеген терең социология.

         Жазушының мына бір жолдарына үңілейікші: «Қоғам үлкен бе, кіші ме, ойлы ма, өнерлі ме, сол қоғамның алыс – жақын арманынаортақпысың, жоқпысың, өзім деген әміршің өзіңнен өзгенің қайғы – қуаанышына қалтқысыз ортақ етеме, жоқ па, - бәрібір, әркімнің сол қоғам ішінде өз үйірі, өмір ішінде өз түкпірі, өз қайғысы, өз қуаныыш бар. Оның үлкен істен жырып алған, қуаныш – мұңы да басқа, үлкен топтан таңдап алған достары да басқа. Соларының бәрі Мұсақай еді»

         Бұл – шынай да сұлу поэзия. Мұнда поэзияға тән бар қасиет бар: ырғақ та, әуен де, үйлесім де, үндестік те, бар-баршасы бар, мөлдір поэзия. Осы жолдар өмір философиясына толы.

Осы жолдар музыкалық саздылығымен, үйлесім – ырғағымен оқушыны өмір сырларына жетелейді, ойға шомдырады. [6.192-193].

  «Зергер суреткердің көркемдік талантының енді бір қыры – пейзаждық, декорациялық, ситуациялық картиналарды безендіріп беруге үздік шеберлігі. Еске түсірейікші: көктемнің, күздің, қыстың, жаздың, айлы түннің, ақ боранның, үріккен жылқының, өршіген өрттің, қазақ әйеленің қарғысының  ғажап сипаттамалары еріксіз көз тартпай ма, көңілге ұяласпай ма?!» [7.195-196].

         Жазушының өртті суреттеген жерлері де әсем. Мінсіз. Қылқаламның үздіксіз шеберлері  жасаған полотналарындай көркем. Әсем сазды. Зерлі өрнек. Оқшау үн жоқ. Барлық дыбыс, сөйлем іштей де сырттай да үйлесім тапқан.  Сөз бояулары бір-бірімен жымдаса кіріккен.

«Құрауы жеткен күзгі қау мен ақ селеулер сылқ – сылық күлгендей сытырлай жанып, дүрілдей жөнелді.  Тар жер – ошақта , қапаста қалғып қана жанған от желкем күнде жазыққа шығып алған соң, ойнақ салып кетті. Ақ селелеулерді қылғып жұтып, қурай тұқымын әуелі жығып алып, артынан ұсақ оттар мүжіп жатқандай көрінеді. Қызып алған өрттің алды кейін қалып бара жатқан ұсақ – ұлпаңға қарамай дүркіреп ілгері кетіп барады...»

Осы келтірілген үзінді поэтикалық өрнектерге толы. Ақ селеулер сытырлай жанып сылқ-сылқ күледі, от ойнақ салады, жығылған қурайды ұсақ оттар мүжіп жатқандай.

         Ғ.Мүсірепов дыбысқа жаңа әуен, жаңа үн, жан бітірген шебер композитор, әншідей ол сөзге де сондай жан бітіреді, құлпыртып, құбылтып ажарландырады. Шебер құрылысшы сияқты әр кірпішті орнына қалай біледі. Зергер жазушы сөзге, сөздің мәнінен үлкен мән береді. Жазушы: «Сөйлем сөзден құралады. Сөйлемнің құрамына кіретін әрбір сөздің өзі тұлғалы болу керек. Сонда сөйлем тұлғалы болып шығады. Көркем әдебиетте сөз тұлғалы болуымен бірге текемелі, әр сөз тұлғалы, әрі бейнелі, көркемдік содан туады» [8.165].

  Бұл жолдардан жазушы әр сөздің мәнін, реңін, тұлғасын жоғалтпау керектігін баса айтады. Осыған тағы мысал келтіріп көрелік:

-         «Ұлпан не жайындағы повесть?» - деп сұрады Онегин.

-         «Ұлпан» менің Монна Лизам – дедім оған.

-         «Ұлпанның» идеялық тақырыбы неде? – деп сұрады менің зерттеушілерімнің бірі.

-         Адамның жаны мен жүрегінің ізгілігінде – дедім мен. Екеуі де түсіне алмады – ау деймін. Өйткені әл еш нәрсе жазған жоқ. «О благодарстве души и сердца» дегенді қащақша түсіндіре алмасам керек» [8.165].

Көркем шығармадағы шынайы болмыстық табиғи әсерін жан-жүрегімен етене қабылдайтындығын мына бір жолдардан байқаймыз.

«Ремарктың жаңбырды жазғанын оқып отырғанда, Алматының май айындағы ашық күні жаңбыры жауып тұрғандай сезіліп кетеді. Тургеневтің жаратылыс суреттерін оқып отырғанда, өзің сол жерде отырғандайсың екі кішкене тастың арасынан жылып аққан суды көзіңмен көресің» - деп әсерлене жазады [8.165].

  Жазушы осы жазбаларында өзінің неге прозаға бет бұрғанын да сездіріп өтеді. Жазушының пікірінше проза жайқара сөз емес, ырғақты, лебі бар, теңеу, бейнелеу арқылы оқушының сезіміне деп тиетін көркем сөз. Сондықтан да прозаны позиядан кем көрмейді.

  Эстетикалық өрелікке, сұлулыққа ынтызар қаламгер көкірегінде 40 жыл сақтап жүрген «Ұлпан» романындағы Ұлппан бейнесін «Менің Джокондам», «Менің Моно Лизам» деп әспеттейді. Мұның өзі де жазушының сұлулыққа ынтызар, іңкәр көңілін айғақтайтын биік эстетикалық талғам – таразасын айғақтаса керек.

         «Көрнекті суреткер Тахауи Ахтанов өзінің «Талант мөлдірлігі» атты мақаласында: «Қазақ сөз зергерлерінің ішінде Мүсіреповтің қайталанбас жазушылық қолтаңбас ерекше. Стилінің әсемдігі,дәлдігі, тілінің нәрлілігі, нәзік юморы мен аса байқампаздығы – бүкіл бір ұрпаққа үлгі» - деген пікіріне сүйенсек, суреткер прозасы әрқашан әдебиетіміздің асу-асу белдерін, шоқтығы зор кезеңдерін айқфындап береді. Екен. Расында, уақыт көшінен қарасақ оның бастапқы әңгімелері 20-30 ж.ғы, «Қазақ солдаты» романы 40- ж.ғы, «Оянған өлке» романы 50-ж.ғы, «Кездеспей керкен бір бейне» поэмасы мен новеллары 60-ж.ғы, «Ұлпан» романы 70-ж.ғы, «Жат қолында» романы 80-ж.ғы қазақ прозасының, тұтастай  алғанда, қазақ совет  әдебиетінің мерейін аспандатып тұрған көшелі дүниелер екен. Ал мұндай дәрежеге жжету суреткердің суреткеріне бұйыратын бақып, ырыс-несібе. Өйткені, Тәкен Әлімқұлов сөзімен айтсақ:  «Ғабит Мүсірепов өзін де, өзгені де қайталамаған ұлы суреткер!» [4.72-73].

         Сайып келгенде өнердің өнер иесінің жан баласын сұлулыққа, ізгілікке, нәзіктікке баулыр ұлы мұратын өзінің сезімтал да сыншыл жүрегімен түсіне білген ұлы жазушы Ғабит Мүсірепов осы ақиқатты Бір сөз бір сөзіне жарығын түсіірп тұрған сәулелі шығармалары арқылы дәлелдеген сияқты. Олай болса ардақты Ғабең, қазақтың Ғабит Мүсірепов секілді әйгііл жазушы суреткерліктің биік шыңына терең эстетикалық ой-толғамдарға, өнер туралы суреткерлік сұңғыла пайымдауларға өзінің Алла берген тума талантымен қоса тынымсыз шығармашылық ізденіс, ішкі парасат пен мәдениет, зор рухани тәжірбие, азапты еңбек арқылы жеткендігін байқаймыз.

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.     Қаратаев М. Шығармалары. А., 1978.

2.     Қирабаев С. Шығармалар жинағы ІІ – том, А., 177.

3.     Ахтанов Т. Көкейкесті. А., 1980.

4.     Жұмабеков С. Ғабит Мүсірепов. А., 1989

5.     Мүсірепов Ғ. Таңдамалы үш томдық шығармалар жинағы. 1 том. Алматы «Жазушы» 1980.

6.     Ақшолақов Т. Шығарманың көркем айшықтарын таныту. А., 1994.

7.     Мүсірепов Ғ. Таңдамалы үш томдық шығармалар жинағы. 2 том. Алматы «Жазушы» 1980

8.     Мүсірепов Ғ. Суреткер парызы. А., 1970.