Нұрпейіс Б.К. – өнертану докторы, профессор.

                                                                          Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер

                                                     академиясының «Кино,ТВ және өнертану» 

                                                     факультетінің деканы                     

 

Қазақ театр режиссурасының жаңа белестері

 Қазақ театрының өткен жолына көз жүгіртетін болсақ, сахналық өнеріміздің өсіп-өркендеуіне талай режиссерлердің сүбелі үлес қосқанын байқаймыз. Соның ішінде, қазақ елінің мақтанышына айналып, жарық жұлдыздай жарқыраған КСРО халық артисі, Қазақ ССР және КСРО Мемлекеттік сыйлықтарының иегері, Халық Қаһарманы Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетовтың  есімі айрықша ілтипатпен аталады.

 Қазақ театры мен киносының майталман шебері, ұлы суреткер, ұлағатты ұстаз, профессор Әзірбайжан Мәмбетовтың асқақ тұлғасы тек отандық қана емес, сондай-ақ, әлемдік мәдениетте де өзінің ерекше орнына ие екені анық. Оған дәлел Ә.Мәмбетовтың көптеген атақтары мен жүлделері, сонымен қоса әлемдік деңгейде жазылған  ғылыми-теориялық еңбектерге арқау болуы дер едік. Ол  ұлттық  театр өнерімізді алыс-жақын шетелдерге  Ресейге, Францияға, Польшаға, Қытайға  алғаш рет қазақ театр өнерін насихаттаған кемел суреткер. 

Өрелі өнерпаз 1964-1966 жылдардың аралығында Мәскеудің жоғары кинорежиссер курсында белгілі экран шебері Григорий Чухрайдан  мол тәлім алды. Кино саласындағы «Ән қанатында», «Қан мен тер», «Жаушы», «Ғасырдан да ұзақ күн», «Абай», «Ғасырлар пернесі» фильмдері қазақ кино өнерінің алтын қорын толықтырған құнды туындылар.

Режиссурадағы қолтаңбасын тайға таңба басқандай етіп тарихқа шегелеген Ә.Мәмбетов  мемлекеттік жұмыстардың тізгінін де қатар ұстаған дара тұлға. Ол қазақ өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрын 35 жыл бойы үздіксіз басқарып, ұлттық драма өнерімізді дүниежүзіне танытты. Қазақстан театр қайраткерлері одағына жиырма жылдан астам  жетекшілік етті. Сонымен қоса, Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің депутаты, қалалық партия комитетінің мүшесі ретінде мол қызметтер атқарған. Саналы ғұмырының көп жылдарын қоғамдық, мемлекеттік, мәдени өмірде қыруар істер тындыруға жұмсап, республиканың сан – салалы мәдениетінің өсіп, өркендеуіне қомақты үлес қосқан ірі қайраткер.

 Ә.Мәмбетов тәуелсіздіктен кейін Астанада жаңадан шаңырақ көтерген К.Байсейітова атындағы опера және балет театры сахнасына «Біржан-Сара» мен «Қыз Жібекті» сәтті қойды. Қ.Қуанышбаев атындағы  музыкалық –драма театрын бірнеше жыл бойы басқарып жас театрдың кемелденуіне бар күшін салды. Жаңадан бой көтерген Астананың мәдени-рухани өмірінің кемелденуіне барынша ат салысты.  Қарап отырсақ, әлемдік ауқымда аңызға айналған хас шебердің   буырқанған өмір жолы  ұрпағына үлгі болатындай ізгі істерге толы.

Жастайынан ата-анасынан айрылып, өмірдің кермек дәмін көп татқан Ә.Мәмбетов 1947 жылы театр училишесіне түсіп, ұстаздарының ерекше назарына ілінеді. Оның білім мен өнерге деген таудай талабын байқаған көзқарақты  ұстаздары Мәскеудің Луначарский атындағы Мемлекеттік театр өнері институтының режиссерлік факультетіне тапсыруға  кеңес береді.  Аталған оқу орнында  өзінің курс жетекшісі болған Ресейдің халық артисі Н. М.Горчаковтан мол тәлім алумен бірге, кеңес театртану ғылымының алыптары С.С.Мокульскийден, Б.В.Альперстен, Г.Н.Бояджиевтен, П.А.Марковтан мазмұнды дәрістер тыңдады.

Ол  қазақ театрының алып көшіне 1950 жылдардың соңында келіп қосылды. Театр сахнасы мен кино экранына алғаш қадам басқан сәттен-ақ, бірден қанатын кеңге жайып, соншалық зор күш-қуатпен, ешкімге ұқсамайтын тегеурінмен және нық сеніммен аршындай келді. Оның режиссурадағы алғашқы қадамы облыстық театрлардан басталды. Өзінің тырнақ алды дүниелерін әуелі Атырауда А.Штейннің “Жеке адам ісі”, одан кейін Жамбылда  К.Гольдонидің “Екі мырзаға бір қызметші” комедиясын қойды. Ол осы спектакльдерімен-ақ режиссерлік дайындығы мен табиғи дарын иесі екендігін бірден танытып үлгірген еді.

Ә.Мәмбетов  театр өнеріне  жаңа сахналық тәжірибелер әкелді. Дәл сол жылдары Кеңес Одағының бірқатар  театрларында  режиссура өнерін  жаңа қырынан дамытқан айтулы режиссерлер легі  келе бастады. Олар: Н.П.Охлопков, О.Н. Ефремов,  А.В. Эфрос, М.А. Захаров – Россияда, В.Пансо – Эстонияда,  Грузияда – М.Туманишвили  т.б. атап айтуға болады. Осылардың қатарынан М.Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театрында еңбек еткен Әзірбайжан Мәмбетов та орын алды.

 Есімі аталған режисерлер батыс-еуропадағы режиссерлік эксперименттерді көре отырып (Б.Брехт, Ж.Вилар, П.Брук және тағы басқалар) батыл ізденістерге кіріскен болатын. Шарттылыққа негізделген режиссураны театр теоретиктері «белсенді режиссура» деп атады.  Оның негізгі ұстанымы – қойылымның бейнелік жүйесі мен актерлік өнер және режиссер, суретші, сазгер арасындағы тығыз байланысқа құрылды. Басқа сөзбен айтсақ, нағыз авторлық режиссерлік шығармашылық алдыңғы кезекке шықты.

Заманауи режиссерлік ойдың бай мүмкіндіктерін жетік меңгергеніне қарамастан Мәмбетов – қазақ театрының ең керемет дәстүрлерін: оның эпикалық кеңдігін, поэтикасын, сырлы сазын және сахналық тілінің метафоралық байлығын одан әрі дамыта отырып, нағыз ұлттық суреткер екенін дәлелдей алды. Ә.Мәмбетовтың режиссерлік ұстанымына сай жасалған  М.Әуезовтың «Абайы» мен «Қарақыпшақ Қобыланды», «Айман – Шолпаны», «Қарагөзі», Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлуы», Шыңғыс Айтматовтың «Ана–Жер-анасы», Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен тер»  спектакльдері ерен ерліктерді, намыс пен рухқа толы терең сырларды, қайсар үндерді, жанкешті ойларды ақтарды. Сөйтіп, ұлттық ой-сананы жаныды, жігерді оятты, өмірге құштарландырды.

М.Әуезов атындағы академиялық драма театрындағы еңбегінің алғашқы қадамдарынан-ақ Ә.Мәмбетов бір қағиданы жақсы түсінді. Ол қазақ театрына жаңаша леп әкеліп, өзінше дамыту үшін ұлттық сахналық дәстүрлерді қайта қарап, екшеп, көркемдік құралдардың қажеттісін ғана алып, керексізін алып тастау амалын пайдалануды берік ұғынды. Жас режиссер өз әдісін біртіндеп жүзеге асыра бастады.

Театрға қабылданған алғашқы жылы  режиссердің алдынан кездескен мәселелер шаш етектен еді. Бұл, әсіресе, өз дәстүрі қалыптасқан театрмен жұмыс істеудің қиындығынан туындады. Аталмыш ұжымда сол дәстүрдің дұрыстығына ешкімнің күмәні де жоқ еді.  Мәскеу сияқты сұранысы жоғары көрермені бар қалаларда театр өнері жаңаша дамып, заман тынысына сай қызмет етіп жатты.  Ал тың жаңалықтан шеттеп қалған қазақ театрының сол кезеңдегі күйі түбірлі өзгерістерді талап ететінін талғампаз режиссер Ә.Мәмбетов бар болмысымен түсінген еді.

 Ізденімпаз режиссер бұл істі жастық жалынмен қызу қолға алды.  Оның режиссерлік әдіс-тәсілі өзінің азаматтық ұстанымы мен шығармашылық көзқарастарын танытатын спектакльдерінде айқын жүйеленді. Мәмбетовтың белсенді, қойылымдық режиссурасы – жаңа көркемдік идеясының көрінісі болды.  Заманының қарымды да, озық ойлы театр қайраткері бола отырып, Ә.Мәмбетов актерлік өнерді өзінің шебер ойластырылған тұжырымына, яғни спектакльдің басты идеясына, күрделі режиссерлік шешімге бағындырды. Өзіне дейінгі режиссерлер мен театр актерлерінің жинаған мол тәжірибесін жалғасытыра отырып, Мәмбетов қалыптасқан актерлік мектептің тиімді, өзінің мақсаттарына сай жақтарын орынды пайдаланды. Ол таптаурындықтан қашып, қалыптасқан әдіс-тәсілдерге, актерлік бейнелеу құралдарына жаңалық лебін енгізе бастады. Оған дейін қазақ театр сахнасында актерлік өнер спектакльде басымдылық танытса, енді режиссураның басымдығы алға шығып, актерлік өнер тұтас бір спектакльдің құрамдас әрі бастаушы бөлшегіне айналды. 

1958 жылы жас режиссер Ә.Мәмбетов сол күннің өзекті тақырыптарын көтеретін Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» комедиясын сахнаға шығарды. Спектакльді жақтаушылар да, қарсы шыққандар да табылып, екі ұшты пікірталастар туғызғаны қазақ театрының тарихынан жақсы мәлім. Баспасөз беттерінде Шәкен Айманов, Тахауи Ахтанов, Зейін Шашкин сынды қайраткерлердің сыни мақалалары жарық көрді. Бұл мақалаларда тек режиссура мен актерлік шеберлікке ғана қатысты міндер айтылған жоқ, сонымен қатар, комедияның кемшіліктерін дөп басып айтқан әділ сын пікірлер де бар болатын.  

 Айтылған сыни пікірлерді ойға түйе жүріп режиссер Қ.Мұхамеджановтың «Құдағи келіпті», Ә.Тәжібаевтың «Той боларда», Қ.Шаңғытбаев пен Қ.Байсейітовтың «Беу, қыздар-ай!» комедияларын сәтті шығарды. К.Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметші» шығармасынан басталған комедиялық спектакльдер Ә.Мәмбетовтың режиссерлік  қызметінің үлкен бір саласына айналды. Ол қазақ сахнасында комедиялық шығармаларды игерудің озық үлгісін көресетті. Комедиялық спектакльдерде жанр сипатына, күлкі табиғатына, бейнелеу құралдарына режиссерлік өлшеммен келді. Сондықтан ол қойған спектакльдерде жеңіл күлкіге ойысатын  сатиралық сахналық типтер кездеспейді. Барлығы да, шығарма ерекшелігінен туындап, табиғи өрбиді.  

Бұдан кейін  классикалық комедиямен бағын сынап көруді жөн санап, 1960 жылы М.Әуезовтың «Айман-Шолпанын» қоюды қолға алады. Бұл Мәмбетовтың қазақ классикасының інжу-маржанымен жұмыс жасауының бастапқы сатысы еді. «Айман – Шолпан» спектаклі баспасөз беттерінде оның тұңғыш шығармашылық жеңісі ретінде бағаланды. Бірақ сахна кеңістігін  тұрмыстық дүниелерден босату, режиссерлік ой-тұжырымына музыканы шебер өлшеммен қолдану сияқты режиссерлік жаңалықтар әлі де болса танылмай жатты. Театр сыншылары спектакльдегі жекелеген актерлердің жұмыстарына терең талдаулар жасағаны болмаса, жалпы қойылым бойындағы жаңашылыққа талпынған өзгерістерді байқамаған сыңай танытты. Соған қарамастан, өзінің шығармашылық қуатына сене бастаған жас маман ендігі жерде күрделі мінездер қақтығысына құрылған, актерлік және режиссерлік өнерде жаңаша бейнелік шешімдерін іздеуге мүмкіндік беретін салмақты пьесалар қоюға батыл кірісті.

1962 жылы Әзірбайжан Мәмбетов М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абай» трагедиясын сахнаға шығаруды ұйғарады. Режиссер Абай мұрасының қазақ халқына  қаншалықты қымбат екенін жақсы түсінді. Бұл пьеса алдындағы жауапкершілікті одан да күрделендіре түсті. Сондай-ақ, трагедияның 1940 жылғы нұсқасы, әсіресе, Абай бейнесінің жоғары бағаланғаны, көрерменнің көңілінде әлі де сайрап жатуы  режиссердің назарынан тыс қалмады.

Ә.Мәмбетов пьесаға жаңа қырынан келді және алғашқы нұсқаға «Абай» эпопеясы бойынша жасалған спектакльдердің шешімдеріне еш ұқсамайтын, түбегейлі жаңа әдіспен жұмыс жасады. Тарихи оқиғаға заманға сай көзқараспен келді. Сахналық әрекеттің қарқынды дамуы үшін ол спектакльді тұрмыстық себеп-салдарлық дәлдіктерден ажыратты. Қойылымның бейнелік-метафоралық шешімі арқылы оның ырғақтық, пластикалық жағын күшейтті, сөз астарындағы тереңдіктерді аша білді.

      Спектакльдің тамаша жетістіктері жайында   Қ.Қуандықов, Б.Құндақбаев, О.Кайдалова, Л.Богатенкова, И.Борисова т.б. ғалымдардың ғылыми еңбектерінде жүйелі түрде талданып, келелі пікірлер айтылды.

     Ең бастысы Ә.Мәмбетов өзінің жаңаша өзгерістерін сахналық бейнелеу құралдарын жаңғырту, актерлік техниканы таптаурындылықтан тазарту сынды идеяларын осы қойылымда толықтай көрсете алды. 

Бәрімізге мәлім, қазақ театрында халық поэзиясы мен халық орындаушыларынан бастау алатын – сөз өнері мен мәдениеті жоғары бағаланады.  Сөз құдіретіне бас ию, оның айшықты да көркемдігіне мән беру қазақ актерлері үшін бірінші орында тұрды. 1926 – 1960 жылдары ұлттық драматургия бойынша сахналанған дүниелерде сөз өнері – қойылымның ең мықты жағы болатын. «Абай» трагедиясындағы афоризмге айналуға сұранып тұрған көркем тіл, кейіпкердің философиялық тереңдікпен суреттелуі, әрі пьесаның көп желілігі актерлерге «сөзбен әрекет» етуге мол мүмкіндіктер ашқан болатын.

Ә.Мәмбетов  актерлердің сөздің қыр-сырын жетік  білетін асқан қабілеті бар екенін жақсы түсінді. Бірақ режиссер ретінде оған пьеса тартысының қарқынды дамуын көрсетуде маңызды болатын. Оған спектакльді дәстүрлі психологиялық шешімде қою аздық етті. Халықтың өткеніне ойлы көзбен қараған қырағы режиссер үшін тарихтың тезі сахналық әрекеттің қарқынды ырғағында бейнеленуі керек. Яғни,  спектакльдің ырғақтық құрылымы арқылы көп актілі пьесаның бөлшектенбей, тұтас шығармашылық туынды ретінде көрінуін қалады. Сахналық ырғақты бәсеңдетпеу үшін сахналық безендірулер бірінен кейін бірі жылдам ауысып тұруы керек еді. Бұл мақсатына жетуі үшін   жасау-жабдықтарды мейілінше азайтып, сахна кеңістігінде актерлердің емін-еркін қозғалуы үшін қолайлы жағдайлар туғызды. Қаһармандар тартысындағы драмалық шиеленістерін ашық та анық, оқиғаның динамикалық дамуын үздіксіз ету, сахналық көріністердің бірінен кейін бірі толассыз өткізу үшін тұрмыстық және салттық ерекшеліктерден Мәмбетов саналы түрде бас тартты. Бірақ әрекеттің өрістеуіне қажетті бутафория қолданылды. Бұл қажетті сахналық реквизиттер спектакльдің «оқылатын» бөлшегі іспетті рөл атқарды. Олар кейіпкер мінезіндегі ерекшеліктерді толықтырып отырды.

Сахналық декорацияның күрт өзгеруі – дәстүрлі тарихи спектакльдерде ойнап үйреніп қалған актерлер үшін тосын жаңалық болды. Әдеттегі киіз үй, масаты кілемдердің орнына олардың жұрнағы – шартты белгілер ғана қалған. Сол арқылы Мәмбетов актердің психофизикалық мүмкіндіктерінің еш бүкпесіз  яғни, сахналық жасаулардың тасасында қалмай жарқырай көрінуіне жол ашты. Көрерменнің назары тек актерлерге ойысты. Актерлер ендігі жерде кейіпкер ойы мен сезімдерін психологиялық тереңдікпен әрі дәлдікпен жеткізуі керек болды.

Оның режиссурасында қолданылатын үздіксіз әрекет, толассыз өтіп отыратын оқиғалар легі, актерлік өнердің бірқатар бейнелеу құралдарын қайта қарастыруды талап ететін жаңа көркемдік бейнелеу құралдарының күрделі жүйесін меңгеру «Абай» спектаклінде аса көп күш салу арқылы жүзеге асты. Спектакль қойылғаннан кейінгі алғашқы жылдары актерлік труппа өз мүмкіндіктерін аша алмай, үстірттікпен ойнап жүрді. Кейбір артистер қалыптасқан дәстүрлі стильде ойнағандықтан, олардың ойын бедеріндегі сыртқы даурықпалық пен мәнерлеп сөйлеуге деген ыңғайы, спектакль табиғатына сай емес болып көрінді. Трагедияны сахналау барысында ескі және жаңа тәсілдер арасында терең тартыстар жүріп жатты. Тұрмыстық-психологиялық театрға тән егжейлі-тегжейлі жасалған режиссерлік жұмысқа дағдыланған актерлер, көркем туындының жалпы ансамблінде өзбетінше жұмыс жасай алатын жоғарғы кәсібилікті талап ететін қоюшы-режиссердің берген тапсырмаларын игеруге көп күш жұмсады. Бір сөзбен айтқанда Ә.Мәмбетов актерлерден өз бейнелерінің авторы болуды талап етті.

Қазақ актерлік мектебінің дамуына өзіндік із қалдырып, актердің сахнада ғұмыр кешуін өзгергенін толықтай нақтылаған қойылым «Ана-Жер-Ана» болды. Бұрын интеллектуалды-сараптамалық ойын мәнері салтанат құрған театр бұл қойылымда орындаушылық шеберліктің эмоциялы қызулығын толық байқатты. Режиссер Ә.Мәмбетовтың күрделі режиссерлік тілі, сахналық бейнелік шешімдері актерлерді бұрынғыша байыппен, асықпай кейіпкер мінезінің ерекшелігін ашатын ойын мәнерінен бас тартқызды. Спектакльдің ырғақты динамикасы сөздің «майын тамызып» тұруға мүмкіндік қалдырмады. Бәрі өлшеулі. Ендігі жерде актерлер спектакльдің қысқа ғана «бөлшегінде»  кейіпкердің мұрат-мақсатын ең қажетті сахналық орындаушылық құралдарымен, яғни кейіпкер жан сарайын сыртқы өрнек нақтылығымен үйлестіріп, әрі актер өзінің азаматтық ұстанымын қосып сол арқылы жинақтық бейне дәрежесіне көтеру талабы қойылды. Бұл нұсқауды актерлер қауымы бірден меңгеріп кетті десек, артық айтқандық болар. Бірақ театр труппасындағы жас буын өнерпаздар режиссердің шығармашылық қатаң талабын мейілінше жақсы атқара алды.

  Қазақ театр тарихында «Мәмбетов кезеңі» деген атпен қалған  кезең – М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының ғана емес, бүкіл қазақ театр өнерінің «алтын дәуірі» деуге толық негіз бар. Ә.Мәмбетов режиссерлік еткен, яғни 1965 – 1990 жылдар аралығында қазақ театры ең бақытты дәуренін бастан кешті. Театр труппасында жарқырай жанған жұлдыздар шоғыры өнер көрсетті. Әмбебап режиссер, ата буын мен жас толқын актерлердің арасына алтын көпір орнатты. Көз көріп, құлақ естімеген ғажаптар жасады. Атап айтқанда, С.Қожамқұлов, С.Майқанова, Б.Римова, Ф.Шәріпова, А.Әшімов, Ә.Молдабеков, С.Оразбаев, Г.Әспетова, Ә.Кенжеев, М.Өтекешова, Қ.Тастанбеков, Ә.Боранбаев, Т.Жаманқұлов, Т.Мейрамов, Рахилам Машурова тағы басқа өнер саңлақтары жасындай жарқырады.  Жан-жақты дайындығы бар өнерпаздардың өздеріндей жаңалыққа құштар режиссермен тіл табысуы үлкен шығармашылық жетістіктерге жетеледі. Ә.Мәмбетовтің режиссура саласында ашқан батыл жаңалықтары труппаның көмегінсіз, қолдауынсыз жүзеге аспасы анық еді. Осылайша, режиссер актерлерді, актерлер режиссерді толықтырып жарасымды ансамбль түзе алды.

       Соның нәтижесінде, Ә.Мәмбетов қазақ актерлерінің бойындағы халық орындаушыларынан келе жатқан суырыпсалмалық, ән мен жырды көсілте айту, сөз сырын ашу сияқты ерекшеліктерін әрбір қойылымында жарқыратып көрсете білді. 

       Кемел дарын орыстың және әлемдік драматургияның озық үлгілерін де сахнаға шығарып, режиссерлік өнерінің шығармашылық ауқымының кеңдігін паш етті. Театр репертуарында ұзақ тұрақтаған М.Фриштің «Дон Жуанның думаны», В.Купряновтың «Вьетнам жұлдыздары», Шекспирдің «Кориолан», «Асауға тұсау», «Ромео мен Джульеттасы», А.П.Чеховтың «Ваня ағай» т.б. спектакльдері режиссердің қиял көкжиегінің кеңдігін, уақыт тамырын дөп баса білетін сезімталдығымен қайран қалдырды. Спектакльдер жан әлемінің түкпір-түкпіріне бойлаған әлеуметтік өткірлігімен, азаматтық үнінің тереңдігімен тәнті етті. Көрермендер көкірегіне сиқырлы өнердің нұрлы шапағатын дарытқан бұл қойылымдар кезінде Одақтас республикалардың сахналарынан да көрсетілді. Тіпті анау-мынауға селт ете қоймайтын Мәскеу көрермендерінің өзі де Ә.Мәмбетовтың құдіретті талантының алдында талай мәрте дуылдата қол соққаны әлі ұмытылған жоқ. Олег Ефремов, Михайл Ульянов,  Олег Табаков, Кирилл Лавров,  Галина Волчектей өнер тарландары Ә.Мәмбетовтың табиғи зор дарыны мен тынымсыз ізденісін мойындап   достасып кеткендері де   Мәмбетов көтерілген  шыңның биіктігінен хабардар етері сөзсіз.

    Саңлақ суреткер ұлттық театрымызды биік белестерге көтерумен бірге, еліміздегі өзге ұлт театрларының өсіп-өркендеуіне де зор үлес қосты. Олардың репертуар қорының толығуын жіті назарда ұстады. Бұрынғы Кеңестер Одағының құрамына кіретін республикалардың театрларына да арнайы шақырылып, спектакльдер қойды.

        Сол сияқты Чехтардың Ұлттық театрында «Қан мен терді»,  Мәскеудің  Е.Б.Вахтангов атындағы драма театрында «Ғасырдан да ұзақ күнді» қоюы, тек Ә.Мәмбетовтың кемелдігін танытып қоймай, қазақ өнерінің өскендігін де әлемге әйгіледі.

       Дүлдүл режиссер Ғ.Жұбановадай небір талантты сазгерлермен, театр суретшілерімен, қазақ драматургтерімен қоян-қолтық еңбек етті. Олардың есімдерінің елге танылуына мұрындық болды. Бірнеше буын қазақ режиссерлерінің ұлы ұстазына айналды. Ә.Мәмбетов тағлымын әспеттеген шәкірттері де, қазақ театр өнеріне адал қызмет етіп келеді.

      Сонымен, театр режиссурасының тамаша шежіресін жасаған, сахна өнерінің реформаторы, «Қазақ өнерінің корифейі»  Ә.Мәмбетовтың 80 жылдық мерейтойын – өскен, өркен жайған қазақ сахна және кино өнерінің биік мәртебесі, мерейлі табысы, айтулы мерекесі деп білеміз! Сахна санаткері қалдырған мол мұра халқының асыл қазынасына айналып, елімен бірге мәңгі жасай беретіне сеніміміз мол.

 

         Пайдаланған әдебиеттер:

1.      Каржаубаева С.К. Феномены казахской культуры // Современные проблемы науки и образования. – 2012. – № 1;  www.science-education.ru/101-5502

2.      Каржаубаева С.К. Сценография казахского театра: критерии и проблемы аксиологизации. rusnauka.comhttp://www.rusnauka.com/20_PNR_2011/Philosophia.htm