Право/7. Экологическое, земельное и аграрное право

Аға оқытушы Айдаров Б.Ж.

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ, Қазақстан

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЭКОЛОГИЯСЫН ҚОРҒАУ ТУРАЛЫ ЗАҢДАРДЫ ЖЕТІЛДІРУДІҢ МЕХАНИЗМДЕРІ

 

      Бүгінгі таңда ғылымның бір ағымы, қоғам талабы, адамзаттың күн көрісі үшін табиғат байлығын пайдалануды кеңейтуді қажет деп тапса, келесі бір ағым қоғам талабына, адамзат қажеттілігіне қарама-қарсы, яғни табиғат  пен адам арасындағы тепе-теңдіктің сақталуы қажеттігін айтады. Демек өндірістік дамудың зиянды жерін азайта отырып, табиғатқа ешбір залал келтірмей, оның өзін-өзі реттеп отыру белсенділігін сақтау деген сөз.

     Соңғы  ондаған  жыл  ішінде  Қазақстанда  қалыптасқан  экологиялық  ахуал  адамдар  өмірі  үшін  неғұрлым  қолайлы  жағдай  жасауға  бағытталған  батыл  шаралар  жүргізуді  талап  етеді.

      Конституцияның  ережелеріне  сәйкес  Қазақстанда  Экологиялық  қауіпсіздік  тұжырымдамасы  әзірленді,  онда  экологиялық  қауіпсіздікті  қамтамасыз  етудің  негізге  алынатын  принциптері,  стратегиялық  мақсаттары,  міндеттері  мен  басым  бағыттары  көрініс  тапқан. Табиғат  қорғау  құрылымдарының  функциялары  мен  мәртебесіне,  дербес  мүдделерді  қорғауға,  ғаламдық  және  интеграциялық  процестерде  Қазақстанның  басым  міндеттерін  шешуге  ерекше  назар  аударылды.

      Осыдан кейін Қазақстан Республикасырың “Экология кодексі” кодекісі   қабылданды. Ол  ұлттық  экологиялық  құқықтардың  бірқатар  жаңа  ережелері  мен  талаптарын  орнықтырды.

Біз  осы  Заңның  қабылдануымен  Қазақстанда  қоғамның  саяси  және  әлеуметтік-экономикалық  дамуының  маңызды  проблемаларын -  қоғам  мен  табиғаттың  өзара  әрекеттестігі  проблемаларын  шешуде  тағы  бір  қадам  жасалды  деп  есептейміз.

         БҰҰ  Декларациясының  “Экологиялық  мәселелер  барлық  мүдделі  азаматтардың  тиісті  деңгейде  қатысуымен  бәрінен  де  жақсы  шешіледі”  деген  принципті  негізге  алына  отырып,  Заңда  қоршаған  ортаны  қорғау  саласында  азаматтардың  және  қоғамдық  бірлестіктердің  құқықтары  мен  міндеттеріне  айтарлықтай  назар  аударылған. Конституциялық  нормалар  дамытылып,  әрбір  азаматтың  өз  өмірі  мен  денсаулығы  үшін  қолайлы  қоршаған  ортаға,  оның  жай-күйі  туралы  шынайы  хабарламаға,  өзінің  денсаулығы  мен  мүлкіне  келтірілген  зиянның  орнын  толтыруға  құқығы  бар  екендігі  жазылған.

         Заң  азаматтардың  қоршаған  ортаны  қорғау  саласындағы  міндеттерін де   табиғи  ресурстарға  ұқыпты  қарауын,  өздерінің  экологиялық  білім  деңгейін  көтеруін  және  жеткіншек  ұрпаққа  экологиялық  тәрбие  беруге  жәрдемдесуін  нақты  тұжырымдайды.

         Қоғамдық  бірлестіктердің    Заңда  көрсетілген  негізгі  міндеттерінің  бірі  өздерінің  экологиялық  бағдарламаларын  әзірлеу  және  насихаттау,  азаматтардың  құқықтары  мен  мүдделерін  қорғау,  оларды  ерікті  негізде  қоршаған  ортаны  қорғау  саласындағы  белсенді  қызметке  тарту  болып  табылады.

     Заңда  қоршаған  ортаны   қорғаудың  ұйымдық-құқықтық  тетігі  жеткілікті  дәрежеде  егжей-тегжейлі  жазылған. Басқару  саласында  Қазақстан  Республикасы  Үкіметтің,  орталық  атқарушы  органның,  жергілікті  өкілді  және  атқарушы  органдар  мен  жергілікті  өзін-өзі  басқару  органдарының  құзіреті белгіленген.

     Қоршаған  ортаны  қорғау  саласында  бақылау  мәселесіне  айтарлықтай  орын  берілген. Атап  айтқанда: 1) арнаулы  уакілетті  мемлекеттік  орган  жүзеге  асырылатын  мемлекеттік  бақылау; 2) арнаулы  өкілетті  органның  келісімімен  ұйымдар  жүргізетін  ведомсволық  және  өндірістік  бақылау; 3) өздерінің  бастамасы  бойынша  және  өздерінің  жарғыларына  сәйкес  қоғамдық  бірлестіктер  жүзеге  асыратын  қоғамдық  бақылау  көзделген.

          Аталмыш  Заңда  қоршаған  ортаны  қорғаудың  экономикалық  мәселелері   жеткілікті  дәрежеде  толық  көрініс  тапқан. Қоршаған  орта  мен  табиғи  ресурстардың  мемлекеттік  мониторингі,  қоршаған  ортаны  қорғаудың   кейінге  қалдыруға  болмайтын  міндеттерін  шешуді  нарықтандыру  үшін  қорлар  құру,  жоғалтқанымызды  қалпына  келтіру  және  келтірілген  зиянның  өтемі  көзделген.

     “Эколгиялық  сараптама  туралы”  заң  қабылданды. Заңда   мемлекеттік  экологиялық  сараптаманы  өткізу  міндеттілігі;  министрліктердің,  мемлекеттік  комитеттер  мен  ведомстволардың,  өзге  де  орталық   және  жергілікті  атқару  органдарының  бақылаушы  және  байқаушы  органдарымен  қарым-қатнасы;  экологиялық  сараптама  қорытындыларының  әділдігі  және  ғылыми   негізділігі;  сараптама  органдарының  және  сарапшылардың  өз   өкілеттіктерін  жүзеге  асырудағы  тәуелсіздігі;  жариялылық; экологиялық  сараптаманың  кешенділігі  және  оның  түрлерінің  әр  түрлілігі;  экологиялық  және  дәрігерлік - биологиялық мүдделердің  басымдылығы  принциптеріне  негізделген  экологиялық  сараптама  мақсаттары,  міндеттері  белгіленген.

     Заңда  экологиялық  сараптаманың  обьектілері  мен  субьектілері  белгіленген,  экологиялық  сараптама   саласындағы  Қазақстан  Республикасы  мемлекеттік  органдарының  құзреті,  атап  айтқанда  Үкіметтің,  орталық  атқарушы  органның,  жергілікті  өкілді  және  атқарушы  органдардың  құзреті,  мысалы,  жергілікті  өкілді  және  атқарушы  органдардың  құзретіне  экологиялық  сараптама   өткізуге  қаржыландыру  көздерін  белгілеу;  әр  түрлі  экологиялық  сараптама өткізерде  қолданылып  жүрген  заңдардың  талаптарын  орындауды  бақылауды  жүзеге  асыру;  халықты   олар  қабылдаған  шешімдерге  сәйкес  өткізіліп  отырған  экологиялық  сараптама  нәтижелері  туралы  хабардар  ету  бекітіледі.

         Рио-де  Жанейро  конференциясында  қабылданған  Декларацияның  басты  принциптерінде  “Адамдардың  жақсы  денсаулықта  өмір  сүруге  және  табиғатпен  үйлесімді  түрде  жемісті  еңбек  етуге  құқығы  бар”   екендігі  айтылған. Айналадағы  табиғи  ортаға  байланысты  мемлекеттің  саясаты  көрініс  беретін   “Ерекше  қорғаныстағы  табиғи  аумақтар  туралы”  заңды  қабылдау  барысында  депутаттар  тап  осы  көзқарасты   басшылыққа  алды.

     Ерекше  қорғаныстағы  табиғи  аумақтарға  басшылық  жасау  мәселесін қарау  барысында  Сенат  депутаттары  Конституцияның  66-бабының  4-тармағындағы  ережені  басшылыққа  алды. Онда  Үкіметтің  “Мемлекеттік  меншікті  басқаруды  ұйымдастыратыны”  айтылған. Сондай-ақ  Қазақстан  Республикасы  Президентінің “Қазақстан  Республикасының  Үкіметі  туралы” конституциялық  заң  күші  бар  Жарлығының  8-тармағында  айтылғандар  да  ескерілді,  яғни,  аталған  бапқа  сәйкес  мемлекеттік  меншікті  басқару,  оларды  пайдалану  жөніндегі  шараларды  жүзеге  асыру  Үкіметке  жүктеледі.

     Сонымен  қатар  қолданылып  жүрген  “Қазақстан  Республикасындағы биліктің  жергілікті  өкілетті  және  атқарушы   органдары  туралы”   заңда  ерекше  қорғаныстағы  табиғи  аумақтар  жөнінде  жергілікті  өкіметтің  өкілеттігі  де  көзделген. Мысалы,  44-бапта  облыстық,  аудандық,  қалалық  әкімшіліктердің  табиғатты  қорғауға   және  табиғи  ресурстардың  ұтымды  жұмсалуына  мемлекеттік  бақылауды  жүзеге  асыратыны,  сондай-ақ  тиісті  аумақтардағы  табиғат  обьектілерін  табиғаттың  қорғалатын  ескерткіштері  деп  жариялау  туралы  шешім  шығаратыны   немесе  ұсыныс  енгізетіні  айтылған. Осы ережелерді  одан  әрі  дамыту  мақсатында  қабылданған  Заңда  жергілікті  органдардың  ерекше  қорғаныстағы  табиғи  аумақтарға  қатысты құқықтары  мен  міндеттері  нақтыланды.

     Жергілікті  өкілетті  органдар  дамыту  мен  орналастыру схемаларын  қарайды  және үлестіреді,  шығындарды  бекітеді,  өздерінің  иелігіндегі  ерекше  қорғалатын  аумақтардың  жәй-күйі  мен  қызметі  туралы  басшылардың  есептерін  тыңдайды,  сондай-ақ  мемлекеттік  табиғи-қорық  қоры  обьектілерін  және  табиғи  аумақтарды  қорғау  бойынша  міндетті  ережелер  қабылдайды.

     Жергілікті  атқару  органдары  мемлекеттік  бақылауды  жүзеге  асырады,  жердің  сақталуын   қамтамасыз  етеді  және  шараларды  қаржыландырады,  жергілікті  мәні  бар  ерекше  қорғалатын  табиғи  аумақтарды  ұйымдастырады.

     Осы  ұсыныстарды  қабылдау,  әрине,  мекемелердің  қаржы  жағдайын  жақсартқан  болар  еді,  алайда  ол  қолданылып  жүрген  заңдарға  және  бірінші  кезекте  Президенттің  “Салық  және  бюджетке  төленетін  басқа да міндетті  төлемдер  туралы”   заң  күші  бар  Жарлығына  және  Бюджет  жүйесі  туралы“  Қазақстан  Республикасының  заңына  қайшы  келеді.

     Заң  қабылдау  барысында  шешуге   тура  келген  проблемалардың  бірі,  ерекше  қорғалатын  табиғи  аумақтарда,  әрине,  бірінші  кезекте  мемлекеттік  табиғи  қорықтарда  шектеулі  шаруашылық  қызмет  жүргізу  мәселесі  шешілді. Орталық  атқару  органымен  келісе  отырып,  қорық  аумағында  табиғи  ортаны  шектеулі  дәстүрлі  пайдалану  үшін,  сондай-ақ  кордондарда  тұратын  қорық  қызметкерлеріне  жеке  қосалқы  шаруашылықтар  үшін  жер  (су)  бөліп  беру  ұсынылды.  Бұл  мәселенің  қорықтарда  істейтін  қызметкерлер  үшін  зор  мәні  бар  екендігін  ескеріп,  біз  жеке  қосалқы  шаруашылық  жүргізу  үшін  қорықтардан  тыс  жерлерден  немесе  қорғалатын  аумақтан  және  қорғаудағы  басқа  аймақтардан  жер  бөлуді  Заңға енгізуді  жөн  көрдік.

Заңнаманы жетілдіру мақсатында республикада оны дамыған елдердің заңнамасына жақындатуға және халықаралық стандарттарды енгізу бағыттары усынылады. Қазақстан Республикасы 19 халықаралық конвенцияға қол қойды және оларды іске асыру жөніндегі іс-қимылдың ұлттық жоспарлары әзірленді. Экологиялық сараптау жүйесі, рұқсат ету және бақылау-инспекциялық жұмыстарын жолға қойылуы тиіс.

Тужырымдаманың міндеттерін орындау нәтижесінде қоршаған ортаны қорғау салаласындағы мемлекеттік бақылауды күшейту және міндетті экологиялық сараптаманы енгізу есебінен 90 жылдардың басымен салыстырғанда қоршаған ортаны ластаудың қарқыны едәуір төмендеді. Алайда, мемлекеттің экологиялық осал аумақ және шешілмеген экологиялық проблемалар мәртебесі сол күйінде қалып отыр.

Жоғарыда аталғандармен байланысты елдің стратегиялық басымдықтарына сәйкес қазіргі жағдайдағы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің міндеттерін түбегейлі қайта қарау, нақтылау және кеңейту кажет.

Халықтың арасында экологиялық ақпарат таратудың экология қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін шешуде үлкен ағартушылық-үгіт-насихаттық мәні бар. Бұл жұмыста орталық, облыстық және аудандық бұқаралық ақпарат құралдары қатыстырылуы тиіс.

Сонымен бірге, берілетін материалдардың сапасын, жеделдігін және өзектілігін арттыру жөнінде шаралар қабылдау қажет. Мемлекеттік органдар олар бойынша ресми материалдар беру арқылы өзекті экологиялық проблемаларды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауы тиіс. Бұл үшін интернетте экологиялық сайттар құрып, онда ресми ақпаратты орналастыру, ғылыми мақалаларды, монографияларды жариялауды жалғастыру, экологиялық газеттер мен журналдар басып шығгару қажет.

Экологиялық үгіт-насихатта және ағартушылықта табиғатпен үйлесімдіктегі салауатты өмір салтын насихаттауға, экологиялық туризмді дамытуға ерекше рөл артылуы тиіс.

Халықаралық конвенциялар бойынша міндеттемелерге сәйкес үкіметтік емес экологиялық ұйымдардың әлеуетін қоғамдық бақылауды жандандыру, қоғамдық экологиялық сараптаманы жүргізу арқылы экологиялық проблемаларды шешуге, қоршаған ортаның сапасын жақсарту мәселелері бойынша қоғамдық көзқарасты қалыптастыруға қатысуға бағыттау қажет.

Әдебиеттер:

1.     Назарбаев Н.Ә. Сындарлы он жыл. – Алматы: Атамұра, 2003. 165 б.

2.      Қоршаған ортаны қорғау туралы нормативтік актлер жиынтығы2005ж. Алматы.

3.     Қазақстан Республикасының заңы. Қоршаған ортаны қорғау туралы //Егеменді Қазақстан. - 1997. 5 тамыз. 1 бап.

4.     Әбдез Стамқұлұлы. Қазақстан Республикасының экология құқығы. - Алматы. 1995. 7 б.