Экономичекие науки/ Экономика предприятия

 

Өтегенова К.А.

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің аға оқытушысы, э.ғ.к.

Жусупов А.М.

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің магистранты

 

әлеуметтік нысандар құрылысын жобалау

тиімділігін жетілдіру

 

Әлемдік экономикада орын алған дағдарыс құбылыстарына қарамастан бізде құрылыс индустриясы дамып келеді. Бюджеттен қаржыландырылатын барлық нысандарды пайдалануға енгізу - ел Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес өңір тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған шара.

Құрылыстың басқа саладан ерекшеленетін және құрылыс өндірісін ұйымдастыру мен басқарудың айрықша нысандарын қажет ететін өзіне тән ерекшеліктері бар. Бұл – құрылыс объектілерінің қайталанбаушылығы, құрылыс өнімінің тұрақты сипаты, құрылыс үдерісіне қатысушылардың алуан түрлілігі, капиталдың салыстырмалы түрде баяу айналушылығы мен тәуекелдің жоғары дәрежесі. Негізгі қорларды құру кезінде құрылыс ұйымдарының құрылыс өнімін    ұсынатын, қызмет жасайтын қызметкерлер жұмыс істейтін еңбек құралдары (техника) және еңбек заттары (материалдар) пайдаланылады. Өзара әрекет ете отырып, құрылыстық үрдістің негізгі элементтері заттай және ақшалай түрде соңғы құрылыстық өнімді (ғимараттар, құрылыстар, объектілер) құрайды. Құрылыс үрдісін келесідей үш кезеңде қарастыруға болады: құрылысқа дайындық; құрылыстың жүргізілуі; құрылыс өнімін сату (дайын объектілерді пайдалануға беру).

Қазақстанның жүйелер мен үдерістерді әлемнің экономикалық дамыған елдерінің тәжірибесімен үйлестіру арқылы әлемдік экономика жүйесіне кірігуге ұмтылуы; халықаралық сауда қатысушыларының ДСҰ-ның техникалық реттеу саласындағы қағидаттары мен ережелерін сақтауын талап ету;қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайларына, субъектілердің техникалық реттеу қажеттіліктеріне жауап бермейтін мемлекеттік қадағалау мен бақылау әдістері мен дәстүрлерінің ескіруі; Қазақстан Республикасы аумағында жылжымайтын мүлік объектілерінің жоғары сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құрылыс мәдениетін арттыру қажеттілігінен құрылыс саласын техникалық реттеу жүйесінің қажеттілігі  туындайды.

Экономикалық дамудың қазіргі қарқыны құрылыстың  қауіпсіздігіне, уақытылы тапсырылуына, сапасына  қатаң талаптар қояды. Құрылыс жүргізу Қазақстан Республикасының заңнамасымен, техникалық реттеумен, мемлекеттік стандартпен, нормативті құжаттармен, құрылыс ережелерімен талап етіледі. Жоғары дәрежедегі қызмет көрсетуді қамтамасыз ету бағытында құрылыс компаниялары ИСО 9001-2001 Сапа менеджменті жүйесі халықаралық стандартымен  сертификатталуы тиіс.

Құрылыс жүргізуде кәсіби шеберлікті және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында «Техникалық реттеу туралы» және «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына құқықтық және ұйымдық сәйкес болу; құрылыс, қабылдау және пайдалануға беру үдерісінде объектілерді инспекциялық тексеру; жобалық құжаттаманы тексеру; құрылыс өнімінің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету шарттары ретінде техникалық реттеу субъектілерінің кәсіби қызметін және өзге де аспектілерді лицензиялау; әлемде кеңінен қолданылатын бағалау және сәйкестікті растау жүйесін енгізу керек [1].

Құрылыс нормалары мен ережелерін оңтайландыру әлеуметтік нысандар құрылысы барысындағы шығындарды азайтуға мүмкіндік берді.

Бүгін «Атамекен одағы» Ұлттық экономикалық палатасының мәлімдеуінше құрылыс нормалары мен ережелерін оңтайландыру шарасының бірінші кезеңі аяқталды. Мектеп, аурухана мен емханалар құрылысына қатысты нормалар оңтайландырылды. Соған орай, әлеуметтік нысандардың құрылысы барысында біршама шығындар үнемделді. Мұндай нысандар құрылысының «арзандауы» 2013 жылдың басынан бері көрініс тауып отыр.

Алдағы уақытта Қызылорда облысының Шиелі ауданынында көптеген әлеуметтік нысандар құрылысын жүргізу қолға алынбақшы. Ауданда білім беру объектілері бойынша №21 бекет елді мекенінен 100 орындық, Майлытоғай елді мекенінен 150 орындық мектеп, Бидайкөл елді мекенінен 90 орындық, Шиелі кентінен 140 орындық балабақша құрылысына, денсаулық сақтау нысандары бойынша Бидайкөл ауылынан селолық дәрігерлік амбулатория құрылысына және мәдениет объектілері бойынша Жансейіт, Қодаманов, Тартоғай, Майлытоғай елді мекендерінен 150 орындық клуб құрылысына жоба-сметалық құжаттама дайындалып мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды.

Негізінен құрылыс нысандарының құ­нын арзандату жобалық шешімдерді оңтай­ландыру нәтижесінде жүзеге асырылады. Атап айтқанда, арзандатулар жобаларда бай­қалған негізсіз және мақсатсыз шығындарды алып тастау, материалдар мен жабдықтарды асыра бағалаулар көлеміне түзетулер, сол сияқты жобалау-сметалық құжаттағы басқа да бұрмалаулар мен кемшіліктерді жою есебінен жүргізіледі [2].

Мемлекеттік сатып алулардың қазіргі бар жүйесі бойынша жобалық жұмыстарды баға­лары төмендетілген конкурстық өтініштері бар компаниялар ұтып алады. Соның сал­дарынан олар кейін субмердігерлікке кәсіби құрамы төмен және алынған міндеттемелерді орындауға дайындықтары жоқ ұйымдарды тарта отырып, өздерінің шығындарын барын­ша  қысқартуға тырысады. Соңғы он жылда мұндай ұйымдардың, сол сияқты «бір күндік фирмалардың» саны айтарлықтай өсіп кетіп отыр. Бірақ мұндай  «бәсекелестік» жобалық өнімдердің сапасына кері әсер ете алған жоқ. Оның үстіне көптеген тапсырыс берушілер жобалаушылардың  сараптамадан  өтуі  үшін қажетті уақытты да қоса алу арқы­лы, жобалаушылар үшін шындыққа үйлес­пейтін мерзімдер белгілей отырып, жобалау­дың нормативтік  ұзақтығына  қатысты талаптарға назар аудармайды.

Осындай объективті және субъективті себептерге байланысты жобалаушылар жұмы­сында кемшілік пайда болады, ал ол құры­лыстық және жоспарлы-көлемдік жобалар бойынша дұрыс шешімнің қабылданбауына, айтарлықтай қаржылық және материалдық шығындарға, салынған нысандардың сапасы­ның және оларды пайдалану қауіпсіздігінің төмендеуіне апарып соқтырады.

Нысандардың сапа жағынан мінсіз болып іске қосылуының маңызы өте зор. Сол үшін де бастапқы сатыда-ақ жобаның  тиісті сапаға сай болуына қол жеткізуге ұмтылу керек. Сарап­шы оң бағалағандай дәрежеге жетпейтін ғимараттар мен құрылыстар пайдалануға беріледі. Жеткілікті дерлік күшті дәйектері болмаған жерде және мемлекеттік сараптау­дың қосымша қуаттауынсыз бекітілген жоба­лық шешімдерден бас тартуға жол беруге болмайды. Сондықтан тапсырыс беруші­лердің, жобалаушылар тарапынан өзіндік норма бақылау қызметі мен авторлық  бақы­лау­дың  жобаларды  басқару  сапасына  деген жауапкершілігін арттыру қажет.

 

ӘДЕБИЕТТЕР:

 

1. Б. Сағынтаев.  Құрылыс нормаларын оңтайландыру арқылы әлеуметтік нысандар салу құны арзандады. - www.inform.kz

2.  Е.Ералы. Құрылыс сапасы алдымен жобалауға байланысты.- inform.kz/kaz/article/2511024.