ЕЖЕЛГІ ТАРАЗДЫҢ ТАРИХЫ ЖАЙЛЫ
ЖАЗҒАН МҰСЫЛМАН ТАРИХШЫЛАРЫ
А.А.Жумадилова
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті
Қазақстанның көне
қалаларының бірі - Тараз. Көне қаланың
өзіндік тарихы, тағдыры бар. Қызық-қилы
кезеңдерде өсіп-өркендеген даму жолдарының да шежіре -
сырлары мол. Ең негізгісі, ірі сауда орны, әрі мәдени -рухани
орталық болғаны да көпке мәлім.
Көне Тараз
туралы алғашқы тарихи деректер гректің елшісі - Земрах,
Қытай жиһанкезі -Сюан Цзян жазбаларында кездеседі.
Тараз - ежелгі
қала, үлкен руханият орталығы. Ірі сауда-саттық орны болған.
Тараз тарихы бай, жері құнарлы, табиғаты көркем
қала. Орта ғасырдағы Әл-Идрисидің картасында
неғұрлым ертедегі деректемелер бойынша кеңінен белгілі Тараз
қаласы көрсетілген. «Нұзхат әл-мұштақ»
текстінде Тараздың солтүстік жағында
қарлұқ-түріктер мекендейтіні атап өтіледі;
Тараздың оңтүстігіне таман 5 фарсах болатын Касрибас деген
жердегі жайылымдарда қарлұқтардың қыстаулары бар
екені де айтылады. Фирдауси: "Тараздың садағындай
қиылған қас" ("Шахнаме") десе, Баккулық
Абд ар-Рашиддың жағрафиялық шығармасында:
"Тараздың ауасы таза, суы мөлдір, жері құнарлы,
нағыз бейішті еске түсіреді. Ал, тұрғындары
жарқын жүзді, кең пейіл, әйелдері мен
еркектерінің жүздері қандай сұлу", - деп тебірене
жазады. Араб саяхатшысы, ғалым Максиди: "Қаланың
аймағында 200-ден астам қалалар мен қыстақ-кенттер
орналасқан. Ал, қала ішінде сауда жасап тұрған
жүңгіршектер, іші қайнаған базар, оның бір
жағында мешіті, медреселері, қолөнершілердің
шеберханалары, абыр-сабыр, ары-бері жүрген адамдардан кезің
талады", - деп таңданысын, қызығушылығын
білдіреді. Сонымен, Тараз сырттан келген адамдардың назарын бай
тарихымен, көркем табиғатымен, қонақжай халқымен,
әдеби-мәдени мұраларымен баурап, ұлт руханиятының
ғажайып ғаламаттарымен де назар аудартқан айшықты да
әсем қала болған.
Тараз ерте
замандардан-ақ көптеген елдердің назарын өзіне аударып
озық мәдениетімен, үлкен сауда орталығы екендігімен
қызықтырған. Тараз өңірі
мен оның тамаша адамдарын бұдан мың жыл бұрын, онан
кейінірек өмір сүрген небір шайыр ақындар
өздерінің жырларына арқау еткен. Тараз
жайында тамсанып қызықтаған, мадақтаған жыр
жолдары бізге жеткен.
Еліміздің маңызы зор
өндірістік және мәдени орталығы болып табылатын
қазіргі Тараз қаласы орналасқан жерде, тарихшыларға
Тараз деген атпен белгілі Қазақстанның ең үлкен
ортағасырлық шаһарларының бірі орын тепкен. Бұл
қала жайлы жазылған ең алғашқы мәліметтер
IV - ғасырдың аяғына жататын Византиялық жазбаларда
кездеседі. Орта ғасырдағы ірі қалалардың бірі Византия
императоры ІІ Юстинианның Шығыс бөлігінің
әскербасы Земарх бастаған елшілерді түркілер
қағаны Дизабулдың ордасына аттандырды. Византия тарихшысы
Менандрдың суреттеуі бойынша Земарх сапар барысында Тараз қаласында
және сол қалаға жақын бір жерде үлкен
мемлекеттің әміршісі, Түрік қағанының
ордасында қабылдауда болды.
Кейіннен Тараз
(Талас) туралы ортағасырлық географ, тарихшы, саяхатшылардың
бәрі дерлік жазады. Бұған таң қалуға
болмайды, өйткені қаланың орналасқан жері Ұлы
Жібек жолындағы маңызды орындардың бірі еді. Сондықтан
да, авторлар Тараз жайлы жазған кезде ең алдымен оның сауда
саласындағы маңызы туралы айтады. Тараз қаласы транзиттік ірі
сауда орталығы болғандықтан, деректемелерде
«мұсылмандардың түріктерімен сауда жасайтын орны» және
«көпестер қаласы» деп жазылады. Талас-Тараз қаласын негізгі
орталық нысана ете отырып, заманымыздың ХІІІ- ғасырына
дейінгі Ұлы Жібек жолының бағыт-бағдарлары және
бұл күндері ертедегі Үйсін хандығының астанасы
болған Чигу (Қызылсай, Қызыл аңғар)
қаласының бекінісінің орны туралы деректер бар Сонымен бірге,
ол түргештердің, ал содан соң
қарлұқтардың және қарахандардың
астаналық орталығы болған.
Орта
ғасырдағы Әл-Идрисидің картасында неғұрлым
ертедегі деректемелер бойынша кеңінен белгілі Тараз қаласы
көрсетілген. «Нұзхат әл-мұштақ» текстінде
Тараздың солтүстік жағында
қарлұқ-түріктер мекендейтіні атап өтіледі;
Тараздың оңтүстігіне таман 5 фарсах болатын Касрибас деген
жердегі жайылымдарда қарлұқтардың қыстаулары бар
екені де айтылады. Қарлұқтардың Тараз аймағы
шегінді мекендегенін басқа авторлардың мәліметтері де
қуаттайды. Қарлұқ тайпалары билік еткен тұста,
Тараз қаласыVIII ғасырдың бірінші жартысында-ақ «
даңқты да инабатты шарұқ-түріктер» қаласы
деп аталған еді. Талас- Тараз қаласы ерте орта
ғасырлардағы Ұлы Жібек жолының кемінде
үш-төрт тармағы түйісер нағыз тоғыз
жолдың торабындағы ірі мәдени-сауда орталығы әрі
Шығыс пен Орхон- Алтай өңірінен басталатын ірі әскери
жорықтар нысана алған стратегиялық бекіністі қала еді .
Тараз ығы-жығы халқы көп, саялы бау-бақшасы бар
қайнаған базар, орталығында түркі тілімен қатар
араб, парсы, соғды, қытай тілдері жиі естілген қала.
Көне Тараз
кезінде «ғалымдар қаласы» деп аталып, оқымысты, ғалым,
ғұламаларымен де атағы шыққан қала болды. Араб
деректеріне қарағанда ХІ-ХІІ ғасырларда Тараздан Махмұт
бин Әли әл-Тарази, Әбу Тахир Мұхаммет ат- Тарази,
Әбд Садық Ахмет ибн Хасан сынды көрнекті ғалымдар
шықты. Тарихи жазбалар бұл ғалымдарды жоғары
бағаландығын көрсетеді. ХІ ғасырда аты
мәшһүр энциклопедист ғалым әрі ақын
Жүсіп Баласағұни 6500 бәйіттен тұратын теңдесіз
әдеби әрі ғылыми ескерткіш – «Құдатғу
білік» атты философиялық поэмасын жазып қалдырды. Тараз
өңіріне қатысты алғашқы тарихи деректер осы
ғалымдардың ғылыми мәні зор мұраларында
және өлкемен танысқан саяхатшылардың жазбаларында
сақталды. Орта Азия мен Қазақстанның жергілікті
түркі және ирандық тілдерде сөйлейтін ғалымдары,
әдебиетшілері мен ақындарының үлкен бір тобы өз
шығармаларын сол кезде халықаралық ғылыми тілдің
рөлін атқарған араб тілінде жазды. Тараздық
ғалымдар қай өлкеден екендігін білдіру мақсатымен
есімдеріне «ат-Тарази» жұрнағын қосқан.
Біз әлемге,
түркі халқының ислам дінінің дамуына өлшеусіз
үлес қосқанымызды мақтаныш етеміз. Осыдан 1260 жыл
бұрын Талас-Атлах тарихи шайқасы өтті. Сол шайқаста екі
діннің, екі сенімнің Орталық Азияда басымдыққа ие
болуына ұмтылған сәтте тұрғылықты
халықтың ержүректігінің нәтижесінде түркі
әлемі жаңғырып, жасарып, ислам дінінің діңгегі
беріктене түсті. Осы шайқастағы жеңіс әлем
өркениетіне түркі халқының қосар үлесін
өлшеусіз еселеді. Сол оқиғадан кейін Тараз қаласы
құлпырып, жайнады. Қала мен оның айналасындағы
бекіністерде қолөнер, зергерлік, құрылыс дамыды.
Ең күрделі деген фарфор бұйымдары шығарылып,
теңге соғылды. Қаланың көркі мен
адамдарының мәдениеті Шығыс пен Батысты тамсандырды. Сол
кезде ортағасырлық ұлы шайырлар Тараз қаласының
сұлу көріністері мен қыздарын жырға қосты.
Сол кезде парсының ұлы
ақыны Рудаки:
«...Сергітер жүрек жарасын,
Мөп-мөлдір көздің қарасын,
Тараздан ғана табасың...», – деп жырласа, Низами:
«...Мол толды дастарқанға жер ырысы,
Жарқылдап алтын кесе зерлі ыдысы...», – деп жыр маржандарын терді.
Ал
шығыстың тағы бір шайыры Әсәди Туси:
«...Қаланың барлық жері жібекпен
безендіріліп, әнге бөленген,
Қарасаң Тараздың шеберханаларындай сәнденген», – деді.
Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Фирдоуси –өзінің
«Шаһнамасында» қазақ жеріне, еліне қатысты
көптеген мағлұматтар берген. Соның бірі
қазақ даласында орналасқан Тараз жайында
екенін айтқан жөн. Мысалы: Екі қасы Тараздың
садағындай иілген,Кірпігіне жас шыбықтай сүйінгем...
Мамық төсекте бір көркем әйел отыр, Әдепке толы,
үстінде Тараздың әсем киімі...
Әсәди
Туси –Фирдоусиға еліктеп төрт мың бәйіттен
тұратын «Гәршасб наме» эпопеясын дүниеге келтірген. Осы
шығармасында Таразды: Тараз тұтас
малынады жібекке, Әсем сазбен шеберханаларда сәнденген... деп
жырлаған. Фәррохи Систани – Фиррохи Систани (толық есімі
Әбу әл Хасан Әли ибн Жулуг, туған жылы беймәлім,
1038 ж. өлген). Систан аймағында дүниеге келген.
Ғұмыр жасы қанша болғаны жайында дерек жоқ. Иран
әдебиетінде Тараз қ-ның
әр түрлі құндылықтарын қасида жанрында
теңеу ретінде молынан пайдаланған. Мысалы: Шекерлігің
өтті ақын сынынан, Шарапты іш, Тараз кербездері
қолынан...
Тамим ибн
Бахр – орта ғасырлардағы араб саяхатшысы, тарихшы 9
ғасырдың бірінші жартысында алғашқылардың бірі
ретінде қимақтар елінде болған. Тамим ибн Бахр
саяхатының мақсаты белгісіз , тек оның Ертіс
жағалауындағы қимақ қағандығының
иеліктерін, тоғыз- оғыз қағанының астнасын басып
өтіп, Шығыс Түркістанға дейін жасаған сапарында
қандай да бір дипломат, тапсырманың болғаны анық. Ол
осы сапары жөнінде жазған «Жазбалар» еңбегінде
қимақтардың елді мекендері, шаруашылығы, Тараздан
қимақ қағанының ордасына дейінгі көрген-
білгендері туралы баяндайды. Оның шығармасын шығыстаннушы
В.Ф. Минорский зерттеген. Пайдаланылған әдебиеттер
Қазақстан. Ұлттық энциклопедия сегізінші том.
Изз әд-Дин Әбу-л-Хасан
Әли, Ибн әл-Асир (12.5.1160 – 1233/1234) – араб
тарихшысы.Негізгі еңбегі – 12 томдық “Тарихтың толық
жинағы” (“Әл-кәмил фи-т-тарих”). Онда автор жылнама
жүйесімен баяндау арқылы жалпы тарихи сипатта мағлұмат
береді. Бұл еңбегінде 751 жылы Тараз
қалада түбінде өткен
Атлақ шайқасына көңіл бөлінген. Қарахандар
дәуіріндегі Тараз қаласының Ұлы
Жібек жолының маңызды тірек
орны қызметін атқарғаны баяндалған. 10
ғасырға дейінгі кезеңді баяндауда ол біздің
заманымызға дейін жетпеген бірнеше басқа шығармалардағы
мәліметтермен толықтыру арқылы Әбу Жаффар
Мұхаммед ат-Табари тарихын пайдаланған. Бұл еңбек,
әсіресе, оқиғаларды зерттеуде құнды дерек. 10 ғасырдың
жартысына дейінгі уақыт аралығындағы Хорасан мен Орта Азия
тарихшысы Селламидың шығармасына сүйенген. Онда саяси
оқиғалармен (арабтар, қарахандар, хорезмшаїтар,
қарақытайлар жорығы, т.б.) бірге ертедегі халықтар мен
тайпалардың рухани мәдениеті мен тұрмысы да жан-жақты әңгіме
болады. Сондай-ақ, ол орта ғасырлардағы оғыздар,
қарлұқтар, хазарлар мен қыпшақтар тарихы туралы
да маңызды дерек болып табылады. “Әл-кәмил
фи-т-тарихтың” соңғы тарауларында басқа
оқиғалармен қатар Шыңғыс
ханның Орта Азия мен Иранда, Кавказда жүргізген саясаты да айтылады. Бұл еңбекті
шведтің араб тарихын зерттеушісі К.И. Торнберг 1861 – 76 жылдары 14 том
етіп басып шығарды.
Парсы тілінде
Әмин Ахмед Рази тарапынан жазылған «һәфт-иқлим»,
қазақша айтқанда «Жеті климат» кітабын қарар
болсақ, онда Тараз жайында былай деген: «Тараз бұрынғы
заманда әйгілі қала болған. Оны «Банки» деп атаған.
Алайда өзбектердің таптауынан ойрандалған. Тараздың
маңындағы үңгірді сол халқының басым
көпшілігі мұсылман әрі ол өлкеден қадір тұтуға
уәжіб саналатын ғалымдар көптеп шыққан».
Жалпы, ежелгі
Тараздың кешегісі мен бүгіні - өткен
тарихымен де, келелі келешегімен де, үлгі
өнегелік, ғибраттық тағылымымен де айырықша
маңызды болып табылады.
Елбасы
айтқандай "Тараз - рухани байлығымыздың алтын
діңгегі". Ұлт тарихының кешегісі мен келешегінің
көркем шежіресі. Ал, халық шежіресіне құрметпен
қараған жарасады.
Әдебиеттер
1. А.Н. Бернштам. Талас алқабының ежелгі
ескерткіштері. Алматы.
2. Б.Әбілдаұлы. Талас, Айша
Бибі, Қарахан. Алматы.
Санат 2002
3.
Тараз Жамбыл облысы. Энциклопедия. Аламты 2003
4.
Қазақ энциклопедиясы,
4-том
5.
Байтілен, С.А. Талас қаласының тарихы
6.
Байпақов Қ. Қазақстанның ежелгі қалалары.
Алматы, 2005.
7.
Байтлен С.А. Ұлы Жібек жолдындағы көне Тараз