Алматы облысы, Іле ауданы,

Жетіген ауылы

№3 орта мектебі мектепке дейінгі шағын орталығымен мемлекеттік коммуналдық мекемесі
Тарих пәнінің мұғалімі

Сыдықова  Жұлдыз  Құрманжановна

 

 

Қорқыт Ата мұралары туралы замана лебі

 

 

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылғы 12 қарашада «Қорқыт және түркі әлемі» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясына қатысушыларға арнаған құттықтауында төмендегідей пікір айтты: «Түбі бір түркі халықтарының ортақ ойшылы саналатын атақты ақын, дәулеткер күйші, философиялық мазмұны аса терең аңыздардың кейіпкері Қорқыт бабамыз – баршамыздың рухани болмысымыздың алтын арқауы болып табылады. Егемендікке қолжетіп, өзінің өткеніне көз жіберебастаған қазақхалқы үшін Қорқыт бабамыз қалдырған гуманистік ниеттегі дидактикалық мұралардың маңызы өзгеше зор дер едім. Өйткені, оның осыдан он ғасырдан астам уақыт бұрын айтқан өсиет қағидалары қоғамымыздың бүгінгі тыныс-тіршілігімен де жақсы үйлесім тауып отыр. «Өлген кісі тірілмес, өткен қайтып келмес», - дейді абыз өзінің сөзінде. Иә, өткенді қадірлеуге, одан сабақ алуға болады, бірақ оған қайтып оралу жоқ екен, тек ілгері ұмтылу қажет. Осы қарапайым айтылған кемел ойды келешегіне үлкен бағдар белгілеп, әлемдік өркениет көшіне ілесіп, Орталық Азияның Барысы болуға бекем бел байлап отырған бәріміз де мұқият зерделесек болады. Аңыз бойынша Қорқыт бабамыз артына адамның өлімнен қашып құтылмайтындығы, оның ғұмырын жарық дүниеде бітіріп кеткен жасампаздық ісі мен өшпес өнері ғана жалғастыра алатындығы туралы данышпандық пәлсапалық байлам қалдырды. Осы ғаламат ой әрбір саналы жанның ғұмыр бойы темірқазық етіп ұстар бағдаршамы болуға лайық десек, қателеспейміз».

Қорқыт ел аузындағы аңыз ғана емес өмірде болған, есімін үлкен әріпттермен жазуға болатын алып тұлға. Оны дәлелдей алатын құнды дерек ол – тарих. Тарихқа үңілетін болсақ, Қорқыт дәуірін көре аламыз. Ғалымдар VIII-XХ ғ. Орта Азия мен Қазақстан жерлерінде бұл кезеңді «Қорқыт дәуірі» деп атаған:

· Біріншіден, көне түркілер тарихының «Қорқыт дәуірінде» түркі тайпалары Орта Азияны толықтай жаулауға кіріскен, сондықтан да Қорқыт мұралары бір ғана елдің емес, бүкіл түркі халықтарының әдеби – рухани қазынасына айналып отыр.

· Екіншіден, Қорқыт дәуірінде Сырдария қалалары қуаттанып, қала мәдениетінің көркеюі. Ал, Сырдария өңірі Қорқыт бабамыздың туған жері.

· Үшіншіден, Қорқыт өзі өмір сүрген дәуірде түркі халықтарына ақылгөй, дана болған.

Сонымен түркі әлемі және «Қорқыт дәуірі» тақырыбына арналған зерттеулерге келетін болсақ, Қорқыттың сырға толы, құпия өмірі көптеген ғалымдарды толғандырып отыр. Рашид әд-Дин өзінің естіген аңыздарында, Қорқыт өз заманында төрт-бес хандықты басынан өткізіп, солардың бәрінде де бас уәзірлік қызметте болған дейді. Олар:  Дойлы хан, Инал хан, Көл-Еркі, Каңлықожа және Тұман хандар. Хандарға күшті ықпал жасай білгендіктен, олар Корқыттың ақылды кеңесінен аса алмаған көрінеді. Осы пікірді шығыстың тарихын зерттеуші Әбілғазы да растайды. Әр түрлі аңыз-әңгімелерде Қорқыттың туған жылы мен жасы жөнінде әр алуан пікір айтылады. Кейбір деректерде Қорқыт  95 жыл жасаған делінсе, кейбірінде  195,  ал кейбірінде, тіпті 400 жасқа келген деген де болжамдар кездеседі. Рашид әд-Дин “Жамиғ Ат-Тауарих” атты тарихи шежіресінде Қорқыт Атаны қайы тайпасынан шыққан десе, Әбілғазы “Түрік шежіресінде” оның тегі баят екендігі, оғыздардың елбегі болып, 95 жасқа келіп қайтыс болғандығы жайында айтылады. Сыр жағасына жақын жерде Қорқыт атаның зираты болғанын Ә.Диваев пен т.б. ғалымдардың еңбектерінен кездестіреміз. Ә.Қоңыратбаевтың зерттеулеріне  Қорқыт ата ХІ ғасырдың басында дүниеден өткен делінсе, Ә.Марғұланның еңбектерінде ол VII–VIII ғасыр аралығында өмір сүрген деген пікір айтады. «Оғыз халқының басына қайыр келетінін сөйлеген едім», – деп айтқанына қарағанда, оның бақсы болғандығы жөніндегі ықтималдар пайда болады. Бақсылар әрі ақын, әрі өткен замандарды да жырлайтын, келешектен де хабар беретін ұлы адамдар болған. Қорқыттың бақсы болғанына тағы бір дәлел қолындағы қобызы. Қобыз қазіргі біздің қабылдауымызда жай ғана бір музыкалық аспап қана, ал  ұлы болжам келтіруде, ақиқатты тануда абыздың қобызы музыкалық аспап қана емес екі дүние арасындағы дәнекерші-медитациялық құбылыстың құралы болып саналады. Сол себепті де, қобыз әулиелердің аспабы. Бұл жайында Басиловтың да өз айтары бар: «Шаманское ритуальное врачевание – это архаическое форма лекаря. В отличие от современного врача, он владеет опытом психотерапевтического воздействия».

Қорқыттың бақсылық қасиеттерін дәріптеп жеткізген көне бақсы-жыраулар: Қойлыбай, Балақай, Қарамырза, Нысан абыздар. Ал, Халықаралық түркі академиясының президенті, профессор, академик Шәкір Ыбыраев болса:  «Менің зерттеуім бойынша, Қорқыт өмірде болған. Қорқыттың, шамамен алғанда, VIII-IX ғасырларда Сырдарияның бойында өмір кешкені анық. Әйтпесе жоқ адамға ескерткіш орнатып, басына белгі қоймайды. Бұл – бір жағы. Екінші жағынан, өмірде болмаған адамнан соншама аңыз тудырып алмайды. Демек, ол – нақты болған адам. Бірақ, ол  қазақ даласына исламның енетінінің алдында өмір сүрген кісі. Жалпы, Қорқыт дәуірі тәңірлік ескі наным-сенімнің исламға орын беріп жатқан тұстарына да сәйкес келеді. Себебі ол туралы аңыздардың мазмұны соған меңзейді. Мұнда белгілі бір дәрежеде тәңірлік діннің қағидаларын қорғау бар. Сөйтіп, исламның кейбір қағидаларына қарсы келу байқалады. Мысалы, өлмеудің жолын іздеу, ажалға қарсы тұру деген – исламда жоқ нәрсе. Алдағы уақытта оның тек өмірде болған-болмағанын ғана емес, жырларының да көркемдік ерекшеліктерін ары қарай зерттей беруіміз керек», – деген пікір айтады. Шынында да, Қорқыттың аңыз әлде ақиқат екендігіне көп ғалымдар еңбектеніп, дәлелді пікірлер қалдырды емес пе?! Бір тақырыпты қазбалай бергеннен гөрі Қорқыт Атаның  жырларын кейінгі ғалымдар зерттеуге алса "нұр үстіне – нұр" болар еді дер едім.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

1. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың  2004 жылғы Қазақстан халқына жолдауы

2.  Егемен Қазақстан газеті №27,  қараша  1997.

3.  Марғұлан Ә. Қорқыт ата өмірі мен әфсаналары – Жұлдыз, 1983, №3,   139-166 бет.

4.  Басилов В.Н. Избаранники духов  Москва, 1984. – стр. 207.

5.  Ыбраев Ш. Тәңірлік дін өкілі – Қорқыт ата энциклопедиялық жинақ – Алматы: Ғылым, 1991. – 275 бет.