ӘӨЖ 39+069.013] (574)

Марван Хамитова  т.ғ.к.

Орталық-Азия университеті

. Алматы

 

Материалды емес мәдени мұраны зерттеу мәселесі және

академик Ә.Марғұлан

 

Мәдениеттің барлық түрлеріне оның ішінде мәдени мұра мәселесіне бүгінгі таңда ерекше көңіл бөлудің бір себебі ол: дүниежүзілік өркениеттің негізін құрайтын ұлттық мәдениет, ұлттық өнер және олармен тығыз байланысты әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердің азайып, “технизация, урбанизация” деп аталатын үдерістерімен алмасуы. Әлемде материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту мәселесінде Латын Америкасы мен Азия елдері бай тәжірибесімен ерекшеленеді.

Қазақстан Республикасында негізгі нормативті құжат материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту жөніндегі тұжырымдама Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 408 қаулысы негізінде тек 2013 жылғы 29 сәуірінде ғана қабылданды. Осы құжаттың "Қазақстан Республикасында материалдық емес мәдени мұраны дамытудың пайымы"-деп аталатын бірінші бөлімінде: "Қазақстан Республикасы халқының материалдық емес мәдени мұрасы ұлттық мәдениеттің аса маңызды құрамдас бөлігі, ұрпақтардың рухани байланысын нығайтатын ұлттық сана-сезімнің негізі бола отырып, Қазақстан мәдениетін қалыптастыруда басты рөл атқарады. "[1] - деп жазылған.

Академик Әлкей Марғұлан өткен XX ғасырдың басында-ақ материалды мұрамен қатар, материалдық емес мәдени мұраға ерекше көңіл бөліп, тереңінен зерттеу, оны қорғау, келешек ұрпақ санасына жеткізу мәселесі қазақстандық қоғамның өзін-өзі айқындауына, ұлттық және мемлекеттік сана-сезімнің нығаюына, білімділік пен мәдениетаралық түсіністіктің нығаюына терең әсер ететінін терең түсінді. Өз кезегінде академик Ә.Х. Марғұлан қазақ халқының, оған туыстас халықтарға тән көне, ежелгі жыр-аңыздарға тиянақты да терең ғылыми талдау жасап, ғалым Жайық Бектуровтың сөзімен айтсақ, "небір шиеленіскен түйіндерді шешіп, босаң арқан арқауларды ширатып, желі-көгеннің бұршақтарын көбейтіп, қазықтарын тереңірек қағып кетті". Ыждаһатты зерттеулер нәтижесінде: «Ғасырлар бойы ежелгі Қазақстанды мекендеген көшпелі және жартылай көшпелі тайпалар туғызған барлық мәдени құндылықтардың ішінде ең жақсы сақталғандары халықтық эпос және ою-өрнек, ал сәулет өнері ескерткіштері, тас мүсіндер секілді басқа да көне ескерткіштер із-түзсіз жоғалды немесе бізге олардың тек сынықтары және қорғандар мен мұнаралардың қираған орындары ғана жетті» – деп жазды Ә.Х. Марғұлан [2, 75-б.].

Кезінде Қорқытты ауызға алудың өзі бір қорқынышты, тосық жағдай болса, академик Әлкей Марғұлан, "Қорқыт ата" аңызын, халқымыздың "Қозы-Көрпеш-Баян сұлу, "Көрұғлы", қырғыз халқының "Манас" жырларының тарихын, шығу төркіндерін анықтап, саралай білді. Ғалымның сан жылғы ыждаһатты да жемісті еңбегінің нәтижесінде көне аңыз, ертегі, жырларымыз ұзақ жылғы шаң басқан кір тозаңынан тазарып, бүгінгі қауымға өздерінің халықтық, шынайы бұқаралық таза да пайдалы кейпінде жетіп отыр. Жетіп қана қоймай, осы аталған "Қорқыт ата" аңызы және халқымыздың "Қозы-Көрпеш-Баян сұлу жыры, Көрұғлы жыры Қазақстан Республикасының материалдық емес мәдени мұрасының Ұлттық тізіміне кіріп отырғанын мақтанышпен айтуға болады.

Рухани мұраны сақтаудың бірден бір жолы – тәлімгерлік, әке жыршыдан  – бала жыршыға мирас етіп қалдыру деген пікірді Әлкей Марғұлан жазған еді. Өйткені тарихи жыр-аңыздарда үлкен тарихи хабарлы оқиғалар сақтаулы, оны ересек  кісіге бірден ұғып түсіне алу қиын, сондықтан бір ізділік болмай тарихи фактілер бұрмаланып дұрыс баяндалмайды. Осы себептерге байланысты ақын – жыршы өз баласын немесе шәкіртін кішкентай кезінен бастап үйретеді. Бала жасынан жыр аңызды жатқа оқып үйрене бастайды да, өз жадын, өз елі хақында ой өрісін әрқашан дамытып отырады. Ер жеткен соң өз білімін әрі дамытып өз әкесінің немесе ұстазының ісін жалғастырушы болып есептеледі де ақын –жыршы бала атанады. Кез –келген талапкер ақын – жыршы  бола алмайды, сондықтан да бұл іс тек мұрагерлік сипатта болып отырады. Ақын – жыршы мен шежіреші қариялардың негізгі рөлі ол  хабар – архивтік, коллективтік (этностық) жадын сақтау, қазақтың ауызша тарихын жыр – аңыз бен шежіре арқылы болашақ  ұрпақтарға жеткізу,  қазақтың ұлттық санасын жетілдіру, өз отанына деген патриоттық сезімдерін ояту, ал ең негізі олар тарихшылардың ролін атқарды. Ақын-жыршы мен шежіреші қариялар негізінен қазақ қоғамында бір халықтың тарихын сонау сақ, үйсін, ғұн, қаңлы, оғыз, қыпшақ дәуірлерінен бастап осы XX ғасырдың басына дейін күрделі өзгеріссіз жеткізді, бұл таңқаларлық жәй.

Рухани құндылықтарды зерттеу және сақтау барысында музейлер алдында бүгінде; а) материалды емес рухани құндылықтарға не жатады, ә) музейлік мазмұндағы рухани құндылықтарды айырудың критерилерін анықтау, б) рухани мұраны құжаттаудың жүйесін анықтап алу секілді біраз мәселелер туындайды.

Осы орайда, қазақ тарихы, этнографиясы, археология, филология, өнертану ғылымдарына айрықша еңбек сіңірген академик Әлкей Марғұланның ғасырлар қойнауына жасаған ғылыми саяхатының жемісі - «Қазақ халқының эпикалық әңгімелері (миф, легенда, ертегі-жыр, аңызды әңгімелер) туралы тарихи-әдебиеттік зерттеулер» атты докторлық диссертациясы немесе «Ежелгі жыр аңыздар» атты ғылыми –зерттеу мақалалар жинағының халқымыздың материалды емес мәдени мұрасын  жинап, зерттеп, сақтап, қайта жандандыруда музейтанушыларға көрсетер көмегі зор. Бұл еңбекте Ә. Марғұлан алғаш рет халықтың жыр-аңыздарын тарихи дерек ретінде қарастырады және жаңадан табылған жазба деректер мен материалдық ескерткіштерді тарихшылар, жыршылар, әдебиетшілер, этнографтар біріге отырып, салыстыра отырып зерттеудің қажеттігін өткен ғасырдың өзінде, түсіндірген болатын.

1. Қазақстан Республикасында материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту жөніндегі тұжырымдама. /Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 408 қаулысы  2013жыл 29 сәуір

2. Маргулан А.Х. О характере исторической обусловленности казахского эпоса // Известия Каз ФАН СССР, Сер.историч. Алматы, 1946 № 2 С. 75–81.