Педагогические науки

Р.Т.Игенбаева

 Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлектттік университетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты

Қ.Т.Серікбаева

 Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлектттік университетінің магистранты

 

Мәшһүр Жүсiп Көпейұлының педагогикалық мұрасы

 

Тәуелсіз елімізде жастарды бүгінгі күн талабына сай ұлттық тәлім-тәрбие беруде халқымыздың бай мәдени мұраларын, педагогикалық ой-пікірлерін, жинақталған ұлттық құндылықтарды зерттеп, жүйелеп, жоғары оқу орындарының оқу-тәрбие процесіне пайдаланудың маңызы зор. «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты 2014 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың: «Жаңа Қазақстандық Патриотизмнің идеялық негізі мемлекет құраушы, жалпыұлттық құндылықтарда жатыр» деген қанатты сөзінің жастар тәрбиесінің кілтін ұстап отырған білім беру жүйесіне қойылатын маңызды міндет екендігін атап өту керек [1,11]. Осы мәселені іске асыру үшін болашағымыздың рухани дамуын дұрыс жолға қоя білуіміз керек. Тағылымдық ой-тұжырымдарын жас ұрпаққа зерттеп, зерделеп жеткізуде алдыңғы саптан орын алатын тұлғалардың бірі  - Мәшһүр Жүсiп Көпейұлы.

ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында өмiр сүрген Мәшһүр Жүсiп Көпейұлы педагогикалық бай мұра қалдырды. Ол  қоғам өміріне белсене  араласып, әдеби шығармалар жазды, фольклор жинақтады, балаларды оқытты, мақалалар жариялады, кітаптарын бастырды. Ақын білімге, ғылымға деген шынайы қатынасымен абыройға, құрметке ие болды.

«Мәшһүр Жүсіптің бүкіл тірлігі - жастарға үлгі, өнеге, ол мал мүлікті көзіне сүрітпеген аса жомарт, мол білім иесі, ғұлама, ағылып – төгіліп тұрған ақын. Адам Атадан бері қарай толғап кетсе – шежіреші, тарихшы, этнограф, әр нәрсенің байыбына бармай, тексермей қалам тербемейтін терең ойшыл екені даусыз», деп жазады  ғалым У. Қалижан [2].

Белгілі ғалым ақын Ә.Тәжібаев: «Мәшһүр-Жүсіп Көпеев дегенді білмейтін қазақ зиялыларында жан жоқ. Әрі ақын, әрі ақылгөй жан, ұлы Абайға ілесе шықты да осы данышпан ұстаздың ағартушылық жолын берік ұстанды. Ақындығын да өзіне мұрат етті» - деген [3]. 

М.Көпеевтің шығармашылығында ерекше айшықтанып, маңызды орын алатын тақырып – жастарды оқуға, білімге шақыру.

Балалар, жалқау болмай оқы сабақ,

Ашылмас оқымасаң көз бен қабақ.

Айырылса оқу оқып, білгенінен,

Біз оны деп айтамыз: «арамтамақ!»,  - деп, оқу-білімнің, ғылымның ұрпақ тәрбиесіндегі орны мен маңызын көрсете отырып, білімді қастерлеуге жетелейді.

Ақын оқу мен ғылым үйрену қажеттігі туралы тұжырымдарын өлеңде ғана өрнектеп қойған жоқ, қара сөзбен де жазып қалдырды. Оның ұтымды баламасы - ғылымды адам жанына түндіктен түскен күн мен ай іспетті нұр құятындығын айта келіп, әркім өз жанын тірілтуді керек қылса, ғұмырын ғылым-білімге сарп қылсын. Ғылым-білімге сарп қылған пенденің жаны тіріліп, сыйлы болады деп тұжырымдайды. Мысалы, «Ғылым-білім» атты еңбегінде ол: «Ақымақтың тізгіні – құлағы, ақылдың тізгіні – көңілі. Қатықтай қатып, сүттей ұйып жүре береді. Ғақылды не нәрсені естісе, естуіне қанағат қылмай, ғақылына салып, көңілінің дауалауына тоқтайды»[4]. Ақын-ағартушы барлық ізгіліктің негізінде білім жатыр, тек білім ғана олардың маңызын анықтайды дейді.

Ғылым біл, жұмыс істе оған серік,

Жарлыға мал-бұл, ғылым-болар көрік

Ғылым, білім өнерсіз, қадірсізді,

Өлік біл, оны жан деп білме тірік.

Ақынның ғылымды меңгеруге шақыратын ой-тұжырымын  «Дала уалаяты» (1890 № 7) газетінен төмендегі үзіндіден байқаймыз: «Кәсіппен айналысу, мысалы, етікшілік ұсталық арқылы етуге болатын болса сол тәжірибемізді ғылыммен  ұштастыра білсек, көп жағдайды ұтатын едік. Ғылыми жолмен кәсіп игеру, жалпы білім алу, халқымызғи аса қажет. Біз бекер еріншектікке, наным сенімге бой алдырамыз. Ұлы адамдардың бәрі де ғылымды қадір тұтқан».

Мәшһүр Жүсіп Көпеев өзі қоршаған әлемді танып білуге, ғылымды игеруге ұмтылған адам ретінде жарқын өнеге болды. Ақын білімді байлық, атақ, мансаптан жоғары қойды. Ол тек жастарды ғылымға шақырып қоймай, оған қол жеткізудің жолдары мен тәсілдерін көрсетті. Жастық – танып білудің қолайлы кезеңі, бұл уақытты босатып алмайтындар сирек кездесетінін ескертеді. Баланы жастан үйрету керектігін айта отырып білім беру мен тәрбиенің мазмұнын былайша анықтайды: «Қарсылық тудыратын тыйым салудың орнына, тәрбиешілер біздің әрекетімізден, сөзімізден, қатынасымыздан пайда болатын келеңсіздікті сипаттауы дұрыс» [5].

Мал жиып, бай болуды ойлама. Ғылым үйреніп білгіш болуды талап қыл. Неге десең, ғылым – пайғамбарлардан қалған мұра. Яғни пайғамбарлардың бұрынғы өткен хандарының, жақсыларының қылып өткен өнері. Мал қарау – байдан қалған мұра. Әлі күнге шейін оны жер жұтып барады және мал несі малды қалай сақтаймын деп соның уайым, қайғысында болады. Ғылым иесін өзі сақтайды. Малды кісінің дұшпаны көп болады, ғылымды кісінің досы көп болады. Мал жұмсай бастасаң таусыла бастайды, ғылым жұмсай бастасаң артылып үсті-үстіне көбейе береді. Мал біткен кісі сараң болады. Әркімге бір беруге қимайды. Ғылымды болған кісі ғылымын шашып жұртқа үйретудің жаһтұнда болады. Малы көп кісінің қияметте сұралуы, тергелуі көп болады. Мал иесіне үлкен зарар болады. Ғылым иесіне сол күнде үлкен пайда келтіріп, неше таршылықтан құтқарады. Малға бір апат болмай қалмайды. Жау алады, өртке күйеді, суға кетеді, ең болмағанда, көп тұрумен шіриді» [6].

«Бейнет түбі зейнет», «Еңбек пен бақыт егіз» «Еңбек ырыстың бұлағы» сынды мақалдарды дүниеге келтірген қазақ халқы қашанда жас ұрпаққа адамның тәні және жанының кемеледенуі еңбекке байланысты екендігін өсиет етіп қалдырған.  М.Көпеев те кемел келешектің кілті білімде, сол білімге жетудің бірден-бір жолы еңбекте екендігін жырлаған. Ақын 1889 және 1890 жылдар аралығында «Әңгіме», «Бәрі қысқа, еркін дүниеге келеді екен», «Кедейлікке үш қырсық оралады», «Күн шықпай ерте тұрып», «Білмейді ел өнерлісін аулақ болар» өлеңдерін жариялады. Бұл өлеңдердің бәрінде ақын  жастарды еңбекке, өнер-білімге, егін салуға шақырады:

                            Әр істі ойлау керек әуел бастан,

                            Не пайда өнер жоқ жігіт жастан, - деп еңбек ет, еңбек адам баласының анасы дегенді меңзейді.

Халқымыздың орасан зор адамгершілігімен, үлкенге деген құрметімен, кішіге ізетімен, ақыл-парасатымен, көсемдігімен, шешендігімен, әділдігімен, өз мүддесін ұлт мүддесімен ұштастыруымен, көрегендігімен ерекшеленетін салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын, мол мәдени, рухани мұраларын сақтап, оны заман өткен сайын еселеп жаңғырта түсетін қырларын жастарға ұғындыра білім беруді негіздеу қажеттігі айқын.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1.          Назарбаев Н.Ә. Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ // Егемен Қазақстан, 2014 жыл 17 қаңтар

2.          Қалижан У. Мәшһүр Жүсіп: зерттеу / У. Қалижан. Алматы: Атамұра. – 1998.

3.          Тәжібаев Ә. Имандылыққа үндеген / Ә. Тәжібаев // Социалистік Қазақстан. 1990. 26 қыркүйек. 222. 3 б.

4.          Бурабаев М.С. Общественная мысль Казахстана в 1917-1940г.г.- Алматы: Ғылым, -1991. -220 б

5.          Ақышев З. Қолдағы мұраны қолға алса... / З. Ақышев // Қазақ әдебиеті. – 1986. – 15 тамыз. – № 33. – 15 б.

6.          Асенова Н. С. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының педагогиялық идеялары: Педагогика ғылым. канд. автореф. дис.: 13.00.01 / Н. С. Асенова; Абай атындағы Қазақ Ұлттық ун-ті. – Алматы, 2007. – 28 б.