Педагогические науки
Р.Т.Игенбаева
Қорқыт Ата атындағы
Қызылорда мемлектттік университетінің доценті, педагогика
ғылымдарының кандидаты
А. С.Рахметов
Қорқыт
Ата атындағы Қызылорда мемлектттік университетінің
магистранты
Жыр жампозы Базар
жыраудың тағылымдық мұрасы
Cыр өңірі ата–бабаларымыздан мирас болып келе жатқан
ақындық дәстүрді іргелі жалғастырушы қасиет
қонған қара шаңырақ. VIII-ІХ ғасырларда
ғұмыр кешкен ұлы Қорқыт бабалардан бастау
алған Сыр бойының ақын-жыраулары өзіндік
дәстүрімен өзге аймақтардан ерекшеленіп тұрады.
Өлеңді өнердің пірі тұтып, басқа
қонған бақ, абырой санап, жақсы жыр тудыруды басты
мақсат тұтып, ерен дарындылығымен суырылып алға шыққандарды
Сыр бойы халқы үлкен
құрметпен дүр, шайыр,
сүлейлер деп атады. Шайыр, дүр, сүлейлер өз шығармаларына рухани
құндылықтарды арқау еткен. Сүлейлер дүниеге
келтірген жырлар ұлтымыздың болашағына үлгі-өнеге
ретінде жол салған, теңдесі жоқ мұралары арқылы
жақсылық, ізгілік туын жоғары көтеріп, жастарды
ауызбіршілікке, адамгершілікке, елжандылыққа, еңбек етуге
үндейтін толғау-термелерде игі қасиеттерді
көңілге тоқып, зердеге сіңіруге баулыған.
Дәстүрлі киелі жыр өнерінің Сыр
еліндегі қайталанбас тұлғалары Балқы Базар, Жиенбай,
Тұрмағамбет Ізтілеуов, Шораяқтың Омары,
Қарасақал Ерімбет, Дүр Оңғар, Бұдабай
Қабылұлы, Ешнияз сал, Тұрымбет Салқынбайұлы,
Тасберген жырау, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп,
Нұртуған, Нартай Бекежанов, Рүстембек, Көшеней секілді
майталман жырау-шайырлар жас ұрпаққа
тәлім-тәрбие, өнеге қалдырып, өсиеттік мәні
бар ақыл-нақылдар жазған. Олардың шығармашылығын барынша
терең зерттеп, оны жастар тәрбиесінде қолдану
ұлттық тәрбиенің маңызды міндеттерінің
бірі. Сыр сүлейлері
шығармашылығындағы ұлтжандылық идеялар
өмірді, адамды сүюден бастау алып, жастарды
еңбексүйгіштік дағдыларын қалыптастыруға,
адамгершілік асыл қасиеттерді насихаттауға, сана-сезімді
жетілдіріп, ұлттық рухты көтеруге бағытталған.
Жалпы, Сыр сүлейлерінің педагогикалық ой-пікірлері мен
оның шығармаларындағы ұлтжандылық идеялары арнайы
зерттеліп, оған қатысты теориялық тұжырымдар мен
ұсыныстардың нақты көрсетілмегендігі ғылыми
педагогикалық тұрғыдан зерделеуді қажет етеді.
Сыр өңіріндегі
жыраулар жайлы, олардың
әдеби мұрасы жайлы біраз зерттеулер бар. Солардың
ішінде Ә.Қоңыратбаев,
Р.Бердібай, Б.Кәрбозұлы, Ә.Оспанов, Т.Тебегенов,
Т.Еңсегенұлы, А.Алматов, Б.Жүсіпов зерттеулерін атап
өтуге болады.
Зерттеулерге
жасаған талдау педагогика ғылымының даму тарихына
қатысты қоғамдық сұраныстарға орай,
көтеріліп отырған мәселенің жастар тәрбиесіне
рухани қажеттілігін және Сыр сүлейлерінің
мұраларындағы ұлтжандылық идеялардың толық
зерттеп -зерделенбеуі, ғылыми жүйеленбеуі,
ғылыми-педагогикалық айналымға енгізілмеуі, сондай-ақ,
болашақ ұрпақты тәрбиелеуде өз деңгейінде
пайдаланылмауы мәселенің өзектілігін айқындай
түседі.
Сыр сүлейлері, дүрлер
мен шайырлардың, ақын, жыраулардың өсиеттері - адамгершілікке, өнер-білімге,
әділеттілікке үндейді. Мазмұны жағынан олар ел тілегі,
халық мүддесі, болашақ қамы үшін айтылған
адамгершіл ақыл-тағылым
сөздер.
Жырау – атадан қалған
тағылымның жемісі ретінде ой түбінде жатқан
інжу-маржандарды халыққа тартушы. Оларды жәй ғана
тараптып қоймай, әрбір шығарманы әлеуметтік
қажеттілік пен әлеуметтік сұраныс ретінде жеткізуші ұстаз.
Ол – жыршы сияқты үлгілі сөз таратушы ғана емес,
ақын сияқты көркем тілмен сөйлеуші, бейнелеуші де емес,
аса белсенді тұлға. Жыраудың әрбір сөзі – келешек
үшін үлгі. Сол себепті жырау - әлеуметтік ой-пікірдің
үйлестірушісі. Жыраулар поэзиясы – халқымыздың неше
ғасырлық өмірін өнер өрнегіне, ақыл
сөзіне бейнелеп түсірген, өшпес, өлмес мұрамыз.
Жыраулар поэзиясы халықтың басынан өткерген тарихи
оқиғаларды, оның арман-мұратын, кешірген
ауыртпалықтарын жырлаумен ғана бағалы емес, елдің
саяси-әлеуметтік тіршілігін, ойсанасын, дүниетанымын көркем
бейнелі тілмен бере білуімен де бағалы. Жыраулар поэзиясында адамгершілік
этика, мораль мәселелері кең орын алған. Оларда бүгінгі
жастар ғибрат, тағылым алар дүниелер көптеп саналады.
Сыр бойы жыраулары
шығармашылығының басты лейтмотиві – адами
құндылықтар. Олар көркем туындыларымен, шұрайлы
тілімен жастарды өзін-өзі танып білуге, жамандықтан
жирендіріп, жақсылыққа ұмтылдыруға,
мейірімділікке, сүйіспеншілікке баули білген. Осындай тағылымды
жыраулардың бірі – аты бүкіл қазақ халқына
белгілі атақты жырау Базар Оңдасұлы Өтемісов. Жыраулардың жампозы»
атанған Базар жырау Оңдасұлы Қызылорда облысы
Қармақшы ауданында туған. Руы — Кіші жүздің
шөмекейі, оның ішіндегі
Балқы, сондықтан халық арасында Балқы Базар аталып
кеткен. Базар ерте жетім қалып, нағашысы Өтемістің
қолында тәрбиеленеді. Тоғыз жасынан Тәспен бидің
тәрбиесінде болады. Тәспен бидің ауылына белгілі жыраулар жиі
келіп, апталап-айлап жатып, жырлайтын болған. Жастайынан сол
жыраулардың тағылымды жырларын тыңдап өскен Базар жырау
15 жасынан жырау атанады. Сол кезден бастап Ор төңірегін,
Ырғыз, Сыр бойы, Қызылқұмды, Үргеніш, Хиуа
өңірін аралап, жыр жырлайды. Базар жырау Ноғайлы
дәуірінің қиссаларын, халық көп тыңдайтын
«Көрұғылы», «Жүсіп — Ахмет», т.б. дастандарын
өздігінше жаңадан жырлап, Сыр бойына таратады. Сол кезде
шығыс аңыздарының ізімен «Әминә қыз», «Айна
— тарақ» дейтін шағын дастандар дүниеге келеді. 1907 жылы Базар жырау Қазан
қаласынан тасқа басылып шыққан «Айман — Шолпан» жырын
қайтадан жаңғырта жырлайды. Кейіннен «Қыз Жібек» жырына
да көп өзгеріс енгізіп, қайта жырлап ел арасына таратады.
Жыраудың «Әр кемелге
- бір зауал», «Тіршіліктің түрлері», «Керқұлан»,
«Кермиық», т.б. толғауларына жақсылық пен
жамандық, адамшылық пен зұлымдық мәселесі
арқау болады.
«Жырау көзі тірісінде,
әсіресе, қартайған шағында құрдасы
әрі туысы Нұрымбеттің Төремұрат деген
оқыған баласына ауызша айтып отырып, көп
толғау-жырларын, дастандарын хатқа түсірткен. Оның
бұдан да басқа хатшылары болған. Жыраудың өз
айтуымен хатқа түскен 15 мың жолға жуық
өлең-жырлары, 5 дастаны сақталған» [1].
«Базар жырау
шығармашылығында, біздіңше, адам, адам тағдыры туралы
айту ерекше орын алды, адам туралы жаппай айтудан толғау үлгілі
өлеңіміздің тарихында алғаш рет нақты айту,
мораль, адамгершілік сапалар мен адамдық қасиеттерді көркем
шығарма нысанына нақты адамды ала отырып жырлау жүзеге асты.
Кез келген мәселені нақты, деректі жырлауы арқылы Базар жырау
шығармалары толғаудың жанрлық мүмкіншілігін
жетілдіре түсті, көркем шығарманың өзі өмір
сүріп отырған дәуірдің ділгір мәселелерін
көтеруін, уақытпен үндесуін, реалистік сипатының артуын
жолға қойды. Кез келген өнер туындысының бойынан адам
бейнесі, оның жан-жақты жасалуы, сомдалуы неғұрлым
айқын көрінсе, бұндай ерекшелік әдебиеттің
соғұрлым нәтижелі даму жолына түскенін, есейіп келе
жатқанын дәлелдей түседі. Демек, поэзиямыздың
тарихындағы барынша жетілген, өмір құбылыстарының
философиялық мәні мен маңызын, адам өмірінің
саяси-әлеуметтік мәселелерін терең жырлайтын Базар жырау
толғауларын өз заманының үздік туындылары болды деп
нық айтуға болады», - деп жазады белгілі филолог ғалым
Б.Кәрбозұлы [1].
Базар жыраудың
өлең құрылымы негізінен – толғау.
Толғаулардың кейінгі ұрпаққа үлгі
аларлықтай терең мағыналы нақыл өсиеттерге бай
болып, ұйқасы, әуені, белгілі ырғағы болуы керек.
Базар шығармалары осы талаптарға сай келеді. Жырау толғаулары
негізінен ойға, сезімге құрылған. Пікірі тұтас
ойы терең, жүйелі болып өріледі. Базардың қай
өлең-толғауларын алмайық, бәрінен ақын
өмір сүрген кезеңнің тыныс лебі еседі. Сол кездегі
қоғамдық ортаның түсінік-танымы,
мінез-құлқы суреткерлік шеберлікпен ашылады:
Жақсы мен жаманның
Арасы жер мен аспандай.
Білерсің бір күн
басыңа
Іс түскен кезде
сасқанда-ай.
Мырза менен сараңды
Өлшестіріп
қарасаң,
Ылди мен зәулім
асқардай!
Ғалым менен наданды
Салыстырсаң білерсің,
Дария шіреп тасқандай!...
[2]
С. Сейфуллин: «Бұқар
жыраудан кейінгі қазақтың ірі жырауы Базар жырау» деп бекерге
айтпаса керек... Халқымыз ғасырлар бойы қадірлеп, әр
сөзін бойтұмарындай қастерлеп, жадында ұстап жеткізді.
Ұрпақ мүлкі, ел қазынасы ретінде сары алтындай
сақталды. Олар қалдырған татымды терме тұтымды
үгіт, адамгершілік өсиет әр кез ақын-жырауларын
тебіренткен аса құнды туындылар [3].
Базар жырау
өзінің «Сұм дүние»,
«Халқы үшін туған қайратты ер» жырында
әлеуметтік мәселелерді қозғап, елді ынтымаққа, бірлікке шақырады. Базар жырау «Ел жақсылары» толғауында
Сыр өңірінің айтулы тұлғалары: Өткелбай
сыпа, Бекетай молда, Құлбарақ батыр, Көбек, Басығара би,
Бекмырза, Бәймен, Төртқара, Үмбет секілді тарихи кісілер туралы
жырлайды. Сыр елінің әр
жерінен жер-су атаулары берілген мұндай тарихи тұлғаларымызды
жырау басқаларға үлгі ете және кейінгі
ұрпаққа мұра етіп қалдыру мақсатында
жырлаған. Кіндік қаны
тамып, өсіп-өнген туған елінің елеулі
тұлғаларының есімдерін ұлықтап, жас
ұрпақ үшін шежіреге айналдыра отырып жырлауы жастарға
тамыры терең тәлімнің, елжандылық пен
батырлықтың, туған
жерге, елге адалдық, адамгершілік қасиеттердің ұтымды
насихатталуы деп ұғамыз.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі
1. Кәрбозұлы
Б. Саңлақ сүлей – Базар жырау // Ақтөбе.
Ақтөбе облыстық қоғамдық-саяси газеті. – 12
маусым , 2014 ж.
2. www. Korkyt.kz Омаров Е. Т. Сыр
бойы ақын-жырауларының шығармалары негізінде студенттерге эстетикалық тәрбие
беру. 6М010300 – Педагогика және психология мамандығы бойынша білім
магистрі академиялық дәрежесін алу үшін дайындалған
диссертация жұмысының рефераты.
3
. Бердібаев Р. Сарқылмас қазына. А., Жазушы, 1982.