Киршибаева  Б. А.

Биология пәнінің аға оқытушысы

Орталық Азия университеті, Алматы

 

ҚАЗАҚ ЭТНОПЕДАГОГИКАСЫ АРҚЫЛЫ БИОЛОГИЯ   САБАҚТАРЫНДА ОҚУШЫЛАР ДҮНИЕТАНЫМЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖАҒДАЙЛАРЫ

 

Жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру барысында, біріншіден, бүгінгі өркениетті дүниеде болып жатқан өзгерістерді ескеріп отыруға, екіншіден, өз халқының ұлттық мәдени - тарихи, әлеуметтік - экономикалық ахуалын терең танытуға айрықша назар аудару қажет. Мұндай мұраттар басшылыққа алынған жерде, ұлттық мектептің өзекті мақсаты - адамзаттың және ұлттық құндылықтарды бойына дарытқан жоғары интеллектуалды, парасатты тұлғаны тәрбиелеу болып шығады. Соның ішінде, этнопедагогика материалдарын жаратылыстану пәндері (география, биология) мазмұнымен байланыстыра отырып, жеткіншектер дүниетанымын қалыптастырудың объективті қажеттілігі артты.

Жаратылыстану пәндерін кіріктіре оқыту процесінде қазақ этнопедагогикасы материалдарын пайдалана отырып, жеткіншектер дүниетанымын қалыптастырудың маңызы зор және алуан түрлі. Орта мектепте оқытылатын жаратылыстану пәндері арқылы этнопедагогикалық білім беру тұтас педагогикалық білім берудің құрамдас бөлігі.

Жеткіншектер дүниетанымын қалыптастыру нәтижелігін арттыруға болар еді, егер орта мектеп практикасына жаратылыстану пәндерін (география, биология) кіріктіре оқыту процесінде этнопедагогика материалдарын ендіру жүзеге асырылса; жаратылыстану пәндері мазмұнына сай және білім мен тәрбие беру мүмкіндіктеріне қарай этнопедагогика материалдары мақсатты түрде сұрыпталып, оларды оқушылардың меңгеруі ұтымды әдіс-тәсілдер арқылы ұйымдастырылса; этномәдени мұраларды оқу - тәрбие процесіне ендіруге байланысты мұғалімдер арнайы ғылыми - әдістемелік құралдарымен қамтамасыз етілсе; онда қазақ этнопедагогикасының бай мұрасын жаратылыстану пәндері сабақтары мен сыныптан тыс жұмыстарында тиімді пайдалану арқылы оқушылар дүниетанымын жоғары  деңгейде қалыптастыруға негіз болар еді.

         Орта мектепте оқытылатын жаратылыстану пәндерінің типтік бағдарламаларын этнопедагогика материалдарымен байланыстыру рухани дүниесі бай, ана тілі мен халықтық салт-сана, дәстүрді жақсы меңгерген, ой-өрісі кең жеке тұлғаны қалыптастыруға мүмкіндік жасайды. Нақтылай айтқанда, оқушыларды қазіргі табиғат, адам және қоғам арасындағы қалыптасқан қарама-қайшылықтар түйінін шешуге, қоршаған ортаға деген имандылық сезімін дамытуға тәрбиелейді.

Қазіргі қазақ мектептерінде этнопедагогика материалдарын физикалық география курсы материалдарына ендіре отырып жетісіншектер дүниетанымын қалыптастыруды жетілдіруде педагогтар үшін төмендегідей ұсыныстар беріледі:

1. Жеткіншектер дүниетанымын қалыптастыруда этнопедагогика материалдарын оқу және тәрбие жұмыстарында пайдаланудың жүйелі-мақсатты әдістемелік кешенін жетілдіру, мұғалімдер мен оқушыларға арнап ғылыми-теориялық және әдістемелік әдебиеттер шығару;

2. Жеткіншектер дүниетанымын қалыптастыруда этнопедагогика материалдарын пайдаланудың кешенді нысандарын: түрлі спорттық сауықтыру ойындары, викториналар, тележарыстар, танымдық ойындар және т.б. кеңінен дамыту;

3. Этнопедагогика материалдарын күнделікті оқу-тәрбие жұмысына ендіруде үлгілі ұстаздардың озат тәжірибелерін кеңінен насихаттау үшін республикалық, облыстық және аудандық көлемде педагогикалық оқулар, әдістемелік семинарлар ұйымдастыру.

Болашақта этнопедагогика материалдары арқылы жеткіншектер дүниетанымын қалыптастыра отырып, оларға кәсіптік бағдар мен эстетикалық тәрбие беру, ұлтжандылық сезімдерін қалыптастыру мәселелері дербес зерттеуді қажет етеді деп есептейміз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Табылдиев Ә. Халық тағылымы.-Алматы: Қазақ университеті 1992.

2. Орынбеков М. Абайдың дүниетанымы мен философиясы. - Алматы:   

    Ғылым, 1995.

3. Сағындықов Е. Абайдың ұлттық тәрбие негіздері. //Ақиқат 1994 № 7, 76-6.

4. Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақ тәлім-тәрбиесі.-Алматы: Санат, 1995

5. Қожахметова К. Мектептің ұлттық тәрбие жүйесі: теория және практика.-Алматы: РБК. 1997.