Сейсенбиева Э.С.

Қазақ мемлекеттік қыздар

педагогикалық университетінің

аға оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі

E-mail:elka1975@inbox.ru

 

«Мың бір түн» ертегісінің қазақ әдебиетіндегі көрінісі

Түйіндеме: Мақалада «Мың бір түн ертегісінің» көркемдік ерекшелігі мен қазақ әдебиетіндегі орны мен зерттелуі айтылады. Кітаби ақын А.Үлімжіұлының «Мың бір түн» ертігісің желісінде жазған қисса-дастаны талданады.

Кілт сөздер: кітаби ақындар, ертегі, әдеби байланыс.

Әлемдік әдебиеттердің бір-бірімен тығыз қарым-қатынасы, әртүрлі халықтар көркем сөз өнерінің бір-біріне ықпалы мен әсері туралы мәселесі жан-жақты зерттеуді  қажет етіп отырған көкейкесті мәселелердің бірі болып табылады. Бұл өзекті мәселенің теориялық мәселелері күні бүгінге дейін толық шешімін тауып біткен емес. Бұл әсіресе, мұсылмандық Шығыс елдері классикалық поэзиясы мен қисса-дастандарының қазақ әдебиетіне жасаған ықпалы ерекше болды. Шығыс әдебиетінің ықпалы арқылы қазақ көркем сөз өнерінде пайда болған нәзира дәстүрі күні бүгінге дейін кең көлемде, арнайы зерттеу нысаны болған емес еді.

Қазақ ауыз әдебиетінің араб ауыз әдебиетімен байланысы ерте заманнан басталған. Оған дәлел, арабтың «Мың бір түн» ертегісі. Қазақ ауыз әдебиетімен араб ауыз әдебиетінің байланысын зерттеу бүгінгі заманның өзекті мәселелерінің бірі екені баршамызға мәлім. Сонымен қатар Құран Кәрім сияқты Ислам дінін насихаттайтын, уағыздайтын қасиетті кітаптағы фольклоризм мәселелері де әлі күнге дейін терең зерттелмеген. Осындай өзекті зерттелмеген мәселелердің бірі ол Қасиетті Құран Кәрім мен діни кітаптардағы фольклоризм мәселелерінің шығуы, қалыптасуы мен дамуы болып табылады.

Ғалым М. Әуезовтің қисса-дастандар туралы айтқан мынандай құнды пікірін мысалға келтірсек: «...Дін өлеңдерін, қыссаларды алсақ, көбінің сарыны шеттікі болудан басқа, мазмұндары да түгелімен мұсылман ғаламынан келген көшпелі, қыдырма әңгімелер. Сондықтан оларды тексеріп, ұғынып түсіну үшін, жалғыз ғана қазақ топырағындағы көлеңкесіне қарап тон пішу керек емес, әрқайсысын тудырған жағдай мен себепті әуелі шыққан ұясынан бастап ұғыну керек» [1,10].

Қазақтың атақты кітаби ақындарының арасында «Мың бір түн» ертегісіне қызықпағаны өте аз тіптен жоқтың қасы деп айтсақ та қателеспейміз. Осы секілді мың бір түн сюжеттеріне негізделіп, жырланған дастанның бірі кітаби ақын Ақыт Үлімжіұлы жырлаған «Қисами Жиһаншаһ Тамұзшаһұғылы» дастаны.

Ақыт шығармашылығының ауқымды саласы – өзі көзі тірісінде  Қазанда басылып шыққан қисса-дастандары еді. Ақыт Үлімжіұлы кітаби ақын. Оған дәлел ақынның 1891-1914 жылдар аралығында Санкт-Петербург, Қазан баспаларынан жарық көрген діни қиссалары. Ақыт Үлімжіұлы жиырма жасында тұңғыш назиралық «Қисами Жиһаншаһ Тамұзшаһұғылы» дастанын одан кейін, «Сейфүл-Мәлік», «Бәдғұл-Жамал», «Сейітбаттал қазы», «Ахуал қиямет», «Қисами Ғабдүлмүлік», «Мұхаммед пайғамбардың туылуы мен есеюі», «Қиса-и-ғазап (жыр-әңгіме), «Хазірет Расулдың некелену баяны», «Мұхаммед Құнапия» сияқты қиса-дастандарымен араб әдебиетін жетік меңгергендігі мен насихаттаушы екендігін де көрсетеді. Ақыт «Қисами жиһаншаһ тамұзшаһұғылы» дастанын арабтың әлемге әйгілі «Мың бір түн» ертегісінің желісі бойынша қара өлеңмен дастан жазған.

Ақын Ақыттың дастандары шығысқа белгілі «Мың бір түн» ертегісінен  алынған. Шығыс әдебиетінен үйрене отырып, сол аңыздарының тақырыбына дастан жазу шығыс медресесін оқып, білім алған Ақыт шығармашылығына етене сіңіп кеткен ерекшелік.

«Қисса Жиһаншаһ Тамұзшаһұғылы» дастанының негізгі идеясы Тамұзшаһ патшаның қартайғанда көрген жалғыз ұлы Жиһаншаһтың перінің қызы Шәмсібануға ғашық болып, адал махаббатын Ақыт ақын қара өлең жолымен береді. Дастанда кейіпкердің туу тарихы бұдан Тамұзшаһ патшаның баласыздықтан қайғырып, уәзірі Хажажға бал аштырады. Патша уәзірдің айтуымен Хорасан патшаның қызына ұлан-асыр той жасап алып, патша Жиһаншаһ атты ұлды болады.

Қиссаның тақырыбын тұжырымдап айтқанда, арман аңсаған адамзаттың керемет кедергіні жеңіп, небір сырлы тылсым дүние мен ғажайып мақұлықтарды, өзінің тіліне келтіріп, керегіне асыруы, жылдық, айлық  жолдарды күніне, сағатына басып, құсқа мініп қыдырып, дию мен періге серік болып дүние кезген ерлік істері сөз етіледі. Бұл қиялдағы арман асқақ романтика бүгінгі шынайы өмірмен ұштасып жатыр. Ғылым мұның көбін шындыққа айналдырып отыр. Бұл туралы М. Горький абылай деген: «Ертегі алдымен болжаушылыққа үйретеді; фактілерді күні бұрын сәуегейшілікпен айту біздің ойымыздың мейлінше шеберлігі. Аэроплан жасалудан ондаған ғасыр бұрын кілеммен аспанға ұшу туралы, газ, электорлы машиналар, паровоздар жасалғанға дейін айлықты алты-ақ аттайтын жел жетпес тұлпарлар туралы ертегілер қиялмен біліп алыпты».

Ақыт Үлімжіұлы да басқа ақындар сияқты шығармасындағы кейіпкерлерді қазақ халқының нанымына жақынырақ етіп жазған. Ақыт ақын жоғары да атап өтіп кеткеніміздей, өз замандастары секілді, өлеңдерінде араб сөздерін жиі-жиі қолданған. Ол кезде діндар қаламгерлер санаулы болмаған. Сонымен қатар сол уақыттағы ақындарды діннен хабарсыз болуы да мүмкін емес. Онымен қоса олар өз шығармаларын бір тақырыпта жазулары да ғажап емес.

Сонымен қорыта айтқанда, Ақыт Үлімжіұлы кезінде түрлі діни мектеп-медреселерде оқып, араб, парсы, шағатай тілдерін жетік меңгерген, сол арқылы араб поэзиясынан еркін сусындаған, Ислам тарихы мен араб әдебиетін терең білетін қазақтың ғұлама шайыры қазақ көркем сөз өнерін мазмұн мен норма жағынан байыта түсуге өзіндік үлес қосты. Ол шығыс классикалық поэзиясына тән нәзирә дәстүрін жан-жақты меңгеріп, қазақ оқырманының талап-тілектеріне сәйксс келетін шығармалар жазды.

Кеңес үкіметі кезінде ұмытылған қисса-дастандарды бүгінгі  таңда қайта дамытсақ, рухани дүниеміз байып, әдебиетіміз бен мәдениетіміз де дами түсері анық.  

Қазақ әдебиетіндегі қисса-дастандары әдебиетіміздің алдыңғы, кейінгі тарихымен, дәстүрлік байланысы, шығыс халықтары әдебиетімен тамырластығы, әдебиетімізден алатын орны, түбегейлі зерттей түсуді керек етеді. Сол арқылы көп уақыт назардан тыс қалып келген елеулі жанрды сын елегінен өткізе отырып, уақыт талабына жарайтынын саралап, пайдаға жарату – игілікті, бір іс болмақ.

Мұсылманша сауатты кітаби ақындар өздері оқыған шығыс әдебиетінің құнды мұраларын қазақ оқырмандарына таныстыруды мақсат етті. Оның көпшілігі бұрынғы жыр үлгісінде, дастан түрінде таныстыруды көздеді. Осылайша кітаби ақындардың қисса-дастандары қазақтың фольклор жанрының аясын кеңейте түсті. Шындығында «кітаби ақындар» шығыстың классикалық әдебиеті, аңызы мен қазақтың ауызша және жазбаша әдебиеті арасындағы дәнекерлік жалғастырушы, әрі көпір секілді қызмет атқарды. Олар кітаби ақындық дәрежеде қалып қоймай, қазақ әдебиетіне біршама назар аударатындай тың, өзгеше жаңалықтар әкелді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1     Әуезов М. Әр жылдар ойлары. – А.: Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы. 1959. – 555б.

2          Долинина А.А. Очерки истории арабской литературы нового времени Египет и Сирия. –М.: Наука. 1973. – 270 стр.

3          Кирпиченки В.В., Сафронов В.В. История Египетской литературы ХІХ-ХХ веков. – М.: Восточная литература. 2002. – 408 стр.

4          Фильштинский И.М. Арабская классическая литература. –М.: Наука, 1965. –311стр.

5          Ақыт Үлімжіұлы шығармаларының толық жинағы. І-ІІ том. Ғылыми қосымшаларын даярлаған, құрастырушы және жауапты редактор Омарова Г.С. –Кония.: 2011. –652б.