1ҚАДЫРОВ
Ж.Т., 2ТАЛАСПАЕВА Ж.С.
1М.Қозыбаев атындағы СҚМУ, ф.ғ.к., доцент;
2М.Қозыбаев атындағы СҚМУ, ф.ғ.к.,
доцент
С. МҰҚАНОВТЫҢ «АДАСҚАНДАР»
РОМАНЫНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Қазақ
тілінің сөздік қорында ерекше орын алатын фразеологизмдер
шығармаға ерекше өң беріп, туындыны жандандыра
түседі. Олардың ерекшелігі –экспрессивті-эмоционалды реңкке
ие болуы. Зерттеушілер, әсіресе, фразеологизмдердің
мағыналық түрлеріне көркем туындылардағы
қызметіне, лексика-грамматикалық ерекшелігіне, стильдік
ерекшелігіне баса назар аударады. Фразеологизмдердің
шығармадағы негізгі қызметі – бейне жасау, кейіпкерлерге мінездеме беру, оқиғаны
бейнелі тілмен суреттеу, белгілі бір жағдайға баға беру, ойды
түйіндеу, қорытындылау, айшықты көркем сөзбен
жеткізу. Фразеологиялық тіркестер барлық
стильдерде де қолданылғанымен, бейнелілік пен экспрессивтілік,
негізінен, көркем әдебиетке тән және көркемдік
құрал автордың жан дүниесі, шығармашылық
идеясымен астасып, көркемдік құралы ретінде қызмет
етеді. Бұл
туралы Х.Қожахметова: «Көркем шығарма тіліндегі фразеологизмдерді таңдап
қарастыру – автордың өзіндік стиль жасаудағы тілдік
тәсілдерінің бояу өрнегін айқындау болып табылады.
Фразеологизмдердің
стильдік бояуы жеке сөзбен салыстырғанда әлдеқайда
күшті, экспрессивті мүмкіншіліктері анағұрлым мол. Осы
қасиеттеріне орай фразеологизмдер белгілі бір баяндауға, не
сөйленген сөзге стильдік әр береді.
Қалыптасқан
бұл тұрақты тіркестердің көркем әдебиет
тілінде атқаратын қызметі
алуан түрлі. Бұлар шығарманың идеясын беруде, образ,
характер жасауда, кейіпкерлердің «өзін-өзі әшкерелеу»
сияқты тілдік тәсіл болып келеді. Осылар арқылы
қоғам өмірінің сан құбылыстарын,
табиғат көрінісін бейнелі түрде бағалай, суреттей
беруге болады» [1,53]. Осы дайын
материалды әр қаламгер әр мақсатта қолданып,
шығармаларын әрлендіре түседі. «Тұрақты тіркестер
– әдеби тілдің ілгері даму барысында қалам
қайраткерлерінің әрекеті арқылы жанданған
әсем кестелер. Олар – сөз зергерлерінің ой-түйінін
ықшамдап аңғартатын жинақтылықтың
үлгісін көрсететін көркемдік құрал.
Тұрақты тіркестерді қай жазушы болса да өз
шығармасында қажетіне қарай қолданады», - дейді
ғалым М.С.Серғалиев [2,264].
Фразеологизмдерді
жазушы өз туындыларында белгілі бір көркемдік нақыш беру
қызметінде жұмсайды. Көңілдегі көрікті ойды сөзбен
кестелеп айту үшін, фразалық тіркестер де тілде орасан зор
қызмет атқаратыны белгілі. Кейіпкерлердің шаттық,
қуаныш сезімдерін беруде, яғни,
кейіпкердің ішкі сезімдерін айқындау, кейіпкерге портрет
жасап, мінездеме беруде, бейнелілікті күшейту мақсатында
фразеологизмдер зор рөл
атқарады. Мысалы, Ауыл үймен де, бірде бие, бірде түйе. [3,8]
Абысын-ажынмен көңілі түскенде ауыз жаласып,
көңілі түспесе шаңқылдап ұрсысады да
жатады. Әкем ұлтшылдық пікірінен әлі өзгерген
жоқ, большевиктерді иттің етінен жек көреді [3,15]. Бұл
мысалдарда кейіпкердің ішкі сезімі тұрақты тіркестер
арқылы айқындалып тұр.
С.
Мұқанов перде, перне сөздерін көркемдікпен окказионал
тұрақты тіркес құрамында қолданады. Мысалы, Екінші
себеп: 14-15 жасқа келген соң, жігіттік пердесі еркін түріліп
кетпегенмен, сағым сықылды ма, тұман сықылды ма? [4,17]
Бозбалашылықтың пернесі көзіме елестеп, өлең
жинауға айналғаннан кейін, үйренгендерім осы болды. [3,19]
Үй жылы болғанмен денем қалшылдап, тісім тісіме
сақылдап, құлап
қала жаздап, шымылдыққа әрең жетіп, арт
жағын көтеріп, еңкейе бергенімде, бір ыстық қол
білегімнен ұстай алып, адам ба, әлде нұрдан жаралған
адамның пернесі ме? [3,55]. Жігіттік пердесі, бозбалашылықтың
пернесі деген тұрақты тіркестер адамның ең
бақытты кезеңін, шаттық сезімін танытуға қызмет
атқарып тұр. Адамның пернесі деген тіркес жылылықты,
сезімнің нәзік иірімдерін танытып тұр. Таңырық
молдамен жанжалдасқаннан кейін, сабаққа бел байлағаным
осы жол, жасым биыл он төртте. [3,13] Сондықтан оқу
басталғанына көп уақыт болмаса да, оқуға
түсуге белді байладым [3,17]. Адамның белгілі бір шешімге келуін таныту
үшін жазушы бел байлау тіркесін қолданған. Ақын адам ерекше адам екені рас.
Қаламгер ақын сөзінің мағынасын
асқақтату мақсатында жансызға жан бітіріп тұрақты
тіркесін, жандымен тілдестіретін деген тіркеспен қатар алады. Жансызға
жан бітіріп, жандымен тілдестіретін адамды, адам емес-ау, ақынды,
бұ заманның пайғамбары десең болмас па? [3,27].
Фразеологизмдердің
адам психологиясын білдіретін түрлері көбіне соматикалық
атауларға байланысты болады. Соматикалық фразеологизмдер
адамның дене мүшелері атауларының қатысуымен жасалады.
Ғалымдардың пікірінше, тіліміздегі
тұрақты тіркестердің 30%-ын соматикалық тіркестер
құрайды. І. Кеңесбаев сөздігінде 630-дан астам
соматикалық фразеологизм тіркелген. «Сөз мағынасының
кеңеюі, сөздердің семантикалық өрісінің
бір-бірімен ұласуы, олардың тілдегі белгілі бір
құбылысты, атауды білдірудегі бір-бірімен тура немесе жанама
байланысын, адамның ақыл-ойы арқылы тану процесінің бір
қырын соматизмдер арқылы танытады» [4,27]. Соматикалық фразеологизмдердің
жазушы туындыларындағы көрінісі мынадай: Тіл, көзге сақ
боларсың, біздің тұқымға көз жақпайды
[3,23]. Сондықтан әкем, ел адамы болғанда, парадан
басқа түк білмейтін, надан, құр арам тамақ
атқамінер емес, өзінше санасы бар, көзі ашық атқамінер
[3,15]. Бұл мысалдардағы көз
жақпайды, тіл, көзден сақ болу, көзі ашық деген
тіркестер соматикалық атаулар болмақ.
Тұрақты
тіркестердің жасалуына ұлттық болмыс зор әсерін
тигізеді. Егер ұлттық
ерекшелік болмаса, ұлттық болмыс туралы айту қиын. Осы
ұлттық болмыс туралы академик
М. Қозыбаев өзінің «Ұлт тілі» деген
мақаласында: «Барлық елді табыстыратын – тілі,
тағдырластыратыны – тарихы, сырластыратын, мұңдастыратын,
жырластыратын – әдебиет, атамекеннің тұтастығын,
бүгіні мен ертеңін ойластыратын, отанын қорғауды
ұйымдастыратын – мемлекеті. Ендеше тіл, әдебиет, тарих –
ұлттың жаны мен қаны, рухани басшысы. Тіл дамып, әдеби
тілге айналған тұста шығыстанушы Н. П. Конрад
айтқандай, жаңа этнос қалыптасып, биік тұғырға қонады. Тек
тіл, тарих, әдебиет бірігіп, кірігіп, тұтас бір рухани материк
болып ұлттың болмысын тудырады» - деп ой түйеді [5,221]. Ұлт тілі көркем шығармаларда ұлттық
дүниетанымның көрінісін береді. «Ұлттық
нышандардың сақталу тәсілдері «мәдени кодтар» деп
аталады. Бұл кодтардың көрінер тұсы – топонимдік
атаулар мен тарихи тұлғалар аттары ғана емес, сонымен
қатар күнделікті тұрмыста қолданылатын
ұлттық атаулар. Осы аталмыш кодтар қазақ фразеологизмі
құрамында көптеп кездеседі» [6,29]. Кез келген көркем шығармада ұлттық
ерекшелікті танытатын тілдік қолданыстар кездеседі. «Мәдени кодтарды» С.
Мұқанов ұтымды
қолданады. Халқымыздың
салт-дәстүрлері алуан түрлі. Сол салт-дәстүрлерге
байланысты тіркестер қазақ халқына ғана тән, иісі
қазақ баласына ғана таныс тілідк қолданыстар. Ақырында әкесі барып:
«Шырағым, алланың бұйрығы, мені ел-жұртқа
масқара қылма, ұрын келу ойыншық емес!» - деген екен [3,93]. Бұрын барып па едің, ұрын
барасың ба, жасырын барасың ба? – дедім күліп [3,72]. Осы
мысалдардағы ұрын келу, ұрын бару, қыз ұзату,
кәде алу, кіндігін кесу, қалау қалап алу деген
салтымыздың атауларын жазушы түйдек-түйдегімен
қолданады. шаңырақ
иесі, енші алу деген тіркестер мына мысалдарда қолданылған. Шынын
айтқанда тәтем шаңырақ иесі деген жай бір белгі
болмаса, Қалияның күйеуінің әлде кім екенін, алла
білмесе, адам біліп болмайды, келгеннен
екі жыл кейін Қалия, тәтемді әкеммен араздастырып, еншісін
алдырыпты [3,93]. Ата-бабаларымыз
ұл бала туса, «ат ұстар», қыз бала дүниеге келсе,
«қырық жеті» немесе «тақия тігер» деген сөздер
қолданған. Жазушы шығармасында: «Ат ұстар ма,
қырық жеті ме?» - деп сұрайды [3,103] деген мысал кездеседі. Теріс батасын алу, теріс бата беру деген
тіркесті жазушы былайша
өрнектейді. «Аруақ сарт болып кетпесе, мені далаға тастамас,
балаға айтыңдар, қолымды теріс жайдырып, менің
қарғысымды алмасын» - деп атам отыр [3,117]. Жазушы
қолданысындағы ұлттық болмысты танытатын тіркестер
молынан кездеседі. Олар шығарманы ерекше әрлендіре түскен.
«Қазақ
тіліндегі (мелиоратив) коннотацияның негізінде пайда болған
алғыс мәнді сөздер мен мотивінде жағымсыз (пейоратив),
ұнамсыз мән жатқан қарғыс сөздер адаммен,
оның дүниетанымымен, көзқарасымен тікелей байланысты» [7,95]. Автор туындыларында пейоратив коннотация кейіпкер тілінде
қолданылады. Мысалы, «Қағынды келсін!... Ішің
толсын!... Жер жастан!...Жетпей желкең қиылсын!...Мүрдем
кет!... Көк-ала келсін!... Шешек шықсын!... Бір күндік
келсін!» [3,8].
«Фразеологиялық тұлғалар
өзіндік қолдану ерекшеліктеріне қарап, «мәтін ішіндегі
мәтін» жасап, біртектес емес екі немесе одан да көп мағыналас
фразеологизмдермен ерекше қатар түзейді. Мұндай
жағдайда стильдік әсер мен айтушының ойын жеткізуде
таптырмайтын мәнерлілікті туғызады.
Мағыналасфразеологизмдердің мұндай табиғаты
амплификация деп аталады. Амплификация - ұлғайту, стильдік
фигураның бір түрі. Мәтін ішінде мағыналас
троптың түрлерін немесе біртектес конструкциямен жасалған
сөздер тізбегін қайталау» [8,82],- деп анықтама береді
Г.Смағұлова. Ойды жан-жақты терең, қоюландыра
жеткізу үшін С. Мұқанов амплификация тәсілін
қолданады. мысалы, Жалпы алғанда, екі партияның екеуінде де,
әкемнен апам қатаң: уақытсыз ас сұрап мазасын
алсаң, жұмсағанына бара қоймасаң, қаққанда
қанымызды, соққанда сөлімізді алады [3,8], Бойыма
әл кіргендей, қаным қайнағандай болып кетті [3,83], Осы
ойлар тұманмен бірге қоюланып алып, бір ойдың үшіне
көзімді жеткізбей бұлдырата берді. Жағым байланып, үнім
өшіп, дыбысым шықпай қалды. [3,146], Өлген
сықылды едім, отым өшкен сықылды еді, тірілдім, жандым! [3,210],
Ауа бітіп қалғандай, тынысым тарылып, демімді зорға алдым,
өкпем аузыма тығылып, жүрегім қысылды Мен кейіп
қалдым, ыза болдым [3,20] - деген мысалдардағы қарамен
берілген тұрақты тіркестер мағыналас, бір-бірін
толықтырып тұр.
Амплификациялық
қатар түзеп тұрған фразеологизмдердің
бірқатары авторлық фразеологизмдер. Г.Смағұлова фразеологизмдердің
авторлық қолданыстары туралы сөз айтқанда мынадай
мәселелерге назар аудартады: «1) Сөйлем ішінде бірнеше
мағыналас фразеологизмдер амплификациялық қатарлар
түзеді. Егер екі-үш қатарлы мағыналас фразеологизмдер
болса, онда бірқатары - авторлық фразеологизмдер. 2)
Мағыналас қатарлар ішінде фразеологизмдердің, әсіресе,
лексикалық вариант үлгілері жиі өзгерістерге ұшырап
отырады. 3) Мағыналас фразеологизмдер қатары авторлық
қолданыстарда сыртқы дыбыс
үйлесімділігімен жиі байқалады. 4) Авторлық қолданыста
окказионал фразеологизмдердің мағыналарында ұлттық
мәдени ойлау ерекшеліктер, стереотиптер арқылы тұтастай
ұлт менталдығын айқындайтын соны тұрақты
тіркестер тобы жиі көрінеді. Уақыт өте келе олар
фразеологиялық қорға қосылуы мүмкін» - деген
тұжырымы көңілге қонады [8,83].
Сонымен көркем
шығарманы суреттеп, бейнелеп, жандандырып беруде тұрақты
тіркестердің қызметі ерекше. Олар туындыға ерекше көрік,
айрықша ажар береді. Тұрақты тіркестер ұлттық колорит берумен
қатар, шығарманы көркейте түседі. С.
Мұқанов шығармаларында фразеологизмдер кейіпкердің ішкі
сезімін, психологиясын танытуда, кейіпкерге портрет жасауда, мінездеме беруде, белгілі бір жағдайға баға
беруде, ойды түйіндеуде, қорытындылауда, айшықты көркем
сөзбен жеткізуде, бейнелілікті күшейту мақсатында
жұмсалған. Амплификация тәсілі көркемдікпен
қолданылған. Жазушының тұрақты тіркестерді
қолдану шеберлігі айқын танылды. Халқымызға таныс
сөздерді бір-бірімен тіркестіріп, соны мағына үстейді.
Тілдің құдіреттілігі осыдан танылмай ма?
Әдебиет:
1.
Қожахметова Х. Фразеологизмдердің көркем әдебиетте
қолданылуы. Алматы: 1972. – 53 б.
2.
Серғалиев М. Көркем әдебиет тілі. Алматы:
1995. – 264 б.
3.
Мұқанов С. Адасқандар. Астана: 1999. – 329 б.
4.
Сағынова Б.Ұ. Қазақ тіліндегі интеллектісіне
қатысты лексика: филол.ғыл.канд... автореф. Алматы: 1999. – 27 б.
5.
Қозыбаев М.Қ. Өркениет және ұлт. Алматы: 2001. – 221 б.
6. Авакова Р.
Фразеологиялық семантика. Алматы:
2002. – 29 б.
7. Авакова Р. Фразеология теориясы. Алматы: 2009. – 95 б.
8. Смағұлова Г.
Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық-мәдени
аспектілері. Алматы, 2012. – 178 б.