Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті

 

Қазақ әдебиеті кафедрасының

қауым. профессор м.а.,

филология ғылымдарының

 кандидаты

б.с.бЕГМАНОВА

 

Н.Мәукенұлы лирикасындағы жатсыну мәселесі

          Қазақ поэзиясы тәуелсіздік кезеңінде жаңа толқынмен толықты. Бұл кезеңде тәуелсіздікпен бірге әдебиетке қадам басқан ақындар поэзиясында болмыс-бітімі өзгеше өрілген жырлар дүниеге келіп жатты. Бұл кезең поэзиясы тақырып жағынан да жаңашылдығымен ерекшеленді. Атап айтқанда, поэзияда дәстүр жалғастығы (түркілік сарын, жыраулар дәстүрі), жалғыздық сарыны, жатсыну мәселесі, өлім мен өмір арпалысы т.б. көптеген тақырыптармен толығып жатты. Қазақ поэзиясындағы бұл көрініс оқырманды, әдебиетші қауымды әртүрлі ойға жетеледі. Жалғыздық сарынына құрылған туындыларға әр қилы сын айтылып жатты. Писсемистік, күйректік деп сын тезіне алынған бұл туындылар бүгінгі күнде қазақ әдебиетінің бір бағыты ретінде жалғасын тауып, дамып келеді. Жатсыну мәселесі адамның психологиялық табиғатын ашып, кейіпкердің белгілі бір кезеңдегі көңіл-күйін, толғанысын, өзіндік «менін» көрсететін бағыттың бірі ретінде қазақ әдебиетінде кеңінен қолданылып келеді. Пафосқа, әр түрлі ұрандарға құрылған туындылармен қатар кейіпкердің оқшауланған көңіл-күйінің көрінісін суреттейтін шығармалар да ақиқат өмірдің бір көрінісі.    

       Адам баласының ғұмыры  тіршілік ету барысында тек қана қуанышқа құрылмайтыны белгілі. Оның өмір өткелдерінде ақ пен қара, жақсылық пен жамандық, қуаныш пен қиыншылық  сияқты контрастқа құрылған жолдардан өтетіні ақиқат. Сол себепті шаттыққа толы қуанышын, қиыншылыққа толы арпалыстағы көңіл-күйін сипаттайтын туындылар осындай себептен дүниеге келеді. Жалғыздық сарынына құрылған шығармалар да өмір айнасы. Шынайы өмір көріністерін өлеңмен өрнектеген қазіргі қазақ лирикасынан жалғыздық сарынын көптеп кездестіреміз. Өлең сүйер қауымға ойлы да нәрлі жырларымен танымал болған ақын Н.Мәукенұлы жырларында жатсыну сарыны төмендегідей өрілген:

                                  Мен жалғызбын.

Ол жалғыз.

Сен де жалғыз.

Жағалаудан таппадық емге жалбыз.

Біздің жалғыз жазымыз жалбыздайын

Жоғалыпты жұлмалап келген әр күз.

   Жалғыздық психологиясы, жан азабын қайғы мен қасіретті аза тұту арқылы емдеу процесі. Өлең жолдарындағы «жалғыздық» сөзінен туындағын жалғыздық емес. Кейіпкер көңіл-күйі арқылы адам жан дүниесінің жалғыздықтан жабырқауы өлең болып өрілген. Өлең жолдарында табиғат пен ортаның тартысы психологиялық паралеллизм арқылы берілген. Табиғат пен адам егіз. Әдетте табиғат мезгілі көркем әдебиетте адамның өмірімен байланыстыра суреттеледі. Абай поэзиясынан бастау алған табиғат мезгілінің адам өмірімен байланыстыра, жансыз дүниеге жан бітіре суреттеу қазақ поэзиясының әр кезеңдеріндегі ақындар жырларында кездесіп отырады. Сол үрдісті Нұрлан Мәукенұлы да өз өлең жолдарында қолданған. Жадыраған жаз адам өмірінің жайқалған жастық шағымен байланыстырыла суреттелсе, күз есейген шақтың белгісі. Бұл көрініс ақын жырында өтіп бара жатқан өмірді бейнелейді. Жазда жайқалып өскен жалбыздың күздің суық желінде тоңазып, түгі қалмай жұлмалануы да адамдар арасындағы тартысы бейнелейді. Күнделікті күйбең тіршіліктің тартысы – табиғат ананың әр мезгіліндегі көрініспен шебер бейнелеген. Жалбыз өсімдіктің бір түрі. Емдік қасиеті бар жалбыздың адам ағзасына дәрумендік көмегі мол. Жалбыздың осы қасиетін таныған ақын күйзеліске түскен кейіпкер болмысын ашуда жалбызды символ ретінде қолдануда шеберлік таныта білген. Көктемде бүр жарып, күзде солатын басқа да өсімдіктер секілді, күздегі дауылдан «жұлмаланып» түк қалмаған жалбыз бейнесі жалғыздықтың белгісі. Ақын поэзиясындағы жалбыз тапшылықтың ролін атқарып тұр. Өлеңіндегі құндылық – ой тереңдігі. Жалбыздың болмыс-бітімін суреттеу арқылы жалғыздық сарынын терең суреттей білген.

    Бұл жағдайды «күйреуіктік» деп бір сөзбен қорыта салмай, ақын өміріндегі уақытша орын алған психологиялық жағдай екенін түсіне білу қажет. Ақын да адам, ол да психологиялық қасиеттерді бойына жинақтаған тіршілік иесі. Сол себепті оның өмірінде болып жатқан әртүрлі психологиялық жайттар оның туындыларына негіз болатыны сондықтан. Сол кезеңдерді басынан өткізіп жатқан ақынның ішкі жан дүниесіндегі құбылыстар оның өлеңдерімен өріліп сыртқа шығады. «Әдебиет өмір шындығының айнасы» деген қанатты сөз осындай тәжірибеден туындаса керек.