Негіз – сөзжасамның басты элементі

ӘӨЖ  800.1: 943.42 (5қ)

                                       Жахина Бәрия Бадыққызы п.ғ.д., проф.,

                                Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау

                                                 мемлекеттік университеті, Көкшетау қаласы

 

Резюме

  В статье рассматриваются вопросы систематизации и унификации некоторых терминов словообразования в казахском языкознании. Всесторонне анализируются фундаментально-научные взгляды профессора Н.Оралбаевой об историческом развитии словообразовательных единиц в  казахской лингвистике. Автор указывает, что в современной казахской лингвистике одновременно употребляются несколько терминов:  «негізгі түбір», «түбір», «түбірсөз».  Предлагает унифицировать термин «негіз», обозначающий «основа», «организующий», которая по своему значению ближе к словообразовательной проблеме.

 

Summary

This article shows some aspects of ordering and unification of some terms of word formation in the Kazakh linguistics. Fundamental-scientific views of professor’s N.Oralbaeva about historical development of word- formation units in the Kazakh linguistics have been thoroughly analyzed. The author points out that in the modern Kazakh linguistics the same terms are used simultaneously: "negіzgі tүbіr", "tүbіr", "tүbіrsoz." There is a proposal to unify the term "negіz" labeling "foundation", "organizing", which according to the recent findings closer to the word formation problem.

 

 

Сөзжасамдық мәселелер әр сөз табымен байланысты зерттеліп, жеке сөз табының сөз жасалымы ретінде қаралып келгендігі белгілі.

Осыған орай, сөз бойындағы семантикалық, грамматикалық, қолданыстық сипаттардың арасындағы тілдік қабат шекара, олардың мәні, ерекшеліктері сараланып, айқындалмады. Ал cөзжасамның лексика-семантикалық тәсілдері де сөз мағыналарын ауыстырудың тәсілі ретінде лексикология саласында қаралып келді. Сөзжасамға қатысты ерекше сипаты, өзіне тән негізгі қасиеті болып табылатын жаңа сөз, жаңа ұғым атауын тудыру қасиеті, сол арқылы тілдің сөздік құрамын байыту қызметі ескерілмеді. Морфологияға енбейтін сипаттары көлеңкеде қалып, проблемалық негізден айырылып қалды.

Н.Оралбаева осының бәрі қазақ тілінің сөзжасам проблемаларының жүйелі түрде тілдің  біртұтас  саласы ретінде арнайы зерттелмегендігінен деп көрсетеді. Әрі тілдің жасау жүйесімен байланысты жалпы теориялық проблемаларының терең зерттелмей, үнемі назардан тыс қалып келгендігін айтады.

Ғалым, осыған орай,  қазақ тілі білімінде сөз жасау жүйесінің жалпы сипаттары, ортақ құбылыстары ғылыми тұрғыдан өзінің шешімін таппағандығын айтады. Сондықтан да ғылымда осы проблемалармен байланысты қажетті терминдер де қалыптаспағандығын көрсетеді. Оған себеп – сөзжасамның тіл білімнің негізгі бір саласы ретінде танылмай келуі деп есептейді.

Ал сөздердің жасалуының қалыптасқан күрделі жүйесі, өз заңдылығы  бар. Бұл жүйенің өзіне ғана тән жолдары мен тәсілдері, сөз жасауға қатысатын тілдік тұлғалары, олардың қолданылу заңдылықтары  бар. Сол заңдылықтар арқылы тілде жаңа ұғым атаулары жасалады да, қазақ тілінің сөздік құрамын үнемі байытып отырады.

Сөзжасам жүйесін сипаттайтын ірі теориялық мәселелерге сөзжасаудың амал-тәсілдері  жатады. Осы орайда Н.Оралбаева: «Сөзжасамның әр тәсілі белгілі тілдік тұлғаларға негізделетінін естен шығаруға болмайды. Олай болса, тілдің сөзжасам жүйесіне сөз тудырушы тұлғалар жатады», -    дейді [1, 3 б.]. Ғалымның пікірінше, сөз жасау процесі тілде бар нұсқалардың негізінде жүзеге асады. Тілдің сөзжасамдық тұлғаларына сүйінбей, ешбір жаңа сөз жасалмайды. Түркітанушы ғалымдардың пікірлерін негізге ала отырып, түркі тілдерінің сөз жасау тәжірибесінде де «жоқтан» сөз жасау кездеспейтіндігін, қазақ тілінің сөз жасау тарихында да жаңа сөз  тілдегі бар сөзжасамдық морфемалардың негізінде  жасалатынын дәлелдейді. Әрі қазақ тіліндегі сөз жасауға қатысатын негізгі тұлғаларға «түбір сөз» және «қосымша» жатады деп таниды.

«Түбір»  тіл ғылымында әртүрлі аспектіде қаралып жүргенімен, дәл сөз жасаушы негізгі тұлғалардың бірі ретінде толық зерттелді деуге келмейді. Профессор Н.Оралбаева: «Түбірсіз ешбір сөз жасалмайды, сондықтан ол сөз жасамдағы негізгі тұлға»,  – дейді [1, 5-6 б.]. Түбір сөздің сөзжасам жүйесінде өзіндік қызметі бар. Алдымен түбірлердің сөз жасаушы негізгі морфеманың бірі ретінде танылуы оның жаңа сөздің мағынасын белгілеуде атқаратын қызметіне байланысты. Сөзжасам процесіндегі түбірдің негізгі тұлға болып саналатын себебі, түбір сөздің лексикалық мағынасы жаңа сөздің лексикалық мағынасына арқау болады, өйткені тілде бір лексикалық мағына екінші лексикалық мағынаның негізінде жасалатындығын айтады.

Сонымен қатар түбір сөздердің  сөзжасамдық тәсілдерінің барлық түріне де қатысатындығын, тілдің сөзжасам жүйесінде түбір сөздер басқаша тұрғыда да қызмет атқаратындығын, оны аналитикалық тәсіл арқылы жасалған жаңа ұғым атауларынан көруге болатындығын айтады. Әрі «Аналитикалық тәсіл бойынша жаңа сөз кемі екі түбір сөзден жасалады, яғни бұл тәсілдің сөзжасамдық тұлғалары – түбір сөздер», – дейді [1, 7-8 б. ].  Оны үш бұрыш, қызыл ала, он жеті, алып кел, келіп кет сияқты  мысалдармен дәлелдейді. Синтетикалық тәсіл арқылы жаңа сөз жасалғанда, түбір сөздер лексикалық мағынаға арқау болса, аналитикалық тәсіл арқылы сөз жасауда жаңа лексикалық мағынаға бір түбір сөз емес, ең кемі екі түбір сөздің лексикалық мағынасы арқау болатындығын онын ерекшелігі деп таниды. Осыған орай, аналитикалық тәсіл арқылы жасалған жаңа туылымның лексикалық мағынасы осы жасалымға қатысқан түбір сөздердің мағынасының негізінде пайда болады деп есептейді.

«Тіліміздің сөз тудырым құрылысының тағы бір негізгі тұлғасы қосымша», – дейді ғалым [1, 9 б.].   Себебі сөз тудырушы жұрнақтар – тілдің сөзжасам жүйесіндегі негізгі тұлғалардың бірі. Сөз тудырушы жұрнақтардың тілді жаңа сөзбен байытуда атқаратын қызметі өте зор. Ғалымның ойынша, ол  – сөзжасамдағы синтетикалық тәсілдің шешуші тұлғасының бірі. Тілімізде сөз тудырушы жұрнақтар өте көп. Ол қазақ әдеби тілінің барлық қалыптасып  даму кезеңінде болған.

Ғалым Н.Оралбаева туынды ұғым атауларының тек қана негізгі түбірден жасала бермейтіндігін айтады. Туынды сөздің түп негізі туынды түбірлерден де болады деп есептейді. Әрі оған  егінші, білімпаз, жинал – ыс, көркем – дік, өнер- паз, өнеркәсіп – тік деген мысалдар келтіреді. Мұнда  түп негізден туынды сөздің морфемдік құрамы күрделі екендігін, бұл заңдылықтың   жалпылық қасиетін байқататындығын, «егінші» деген туынды түбірдің түп негізі – «егін», ол екі морфемадан тұратындығын айтады. Соңғы туынды сөздер морфемдік жағынан өзінің жасалуына негіз болған сөзден күрделі болып тұрғандығын, білімпаз бен білім, жиналыс пен жинал дегендердің де морфемдік құрамы соны көрсететіндігін айтады. Көріп отырғанымыздай, туынды сөздің жасалуына негіз болған сөздердің морфемдік құрамынан кіші. Бірақ олар жалғыз морфемадан тұратын сөздер емес, өйткені олардың өздері де туынды сөздер. Осылай ғалым туынды сөздер де жаңа туылымға негіз болатындығын дәлелдейді. Ал өнеркәсіптік деген туынды сөзге біріккен сөздің негіз болғаны,  екі сөздің бірігуінен жасалған туынды сөздің келесі бір туынды сөздің жасалуына негіз болуы –  сөзжасамда кездесетін  заңды құбылыстардың бірі екендігін айтады.

Ғалым мұндай құбылыстардың ешбір талас тудырмайтындығын, «негізгі», «туынды», «біріккен», кейде «қысқарған»  түбірлер жаңа сөздің жасалуына негіз бола беретіндігін, бірақ олардың әрқайсысының сөзжасамдық қабілет бірдей емес екендігін атап көрсетеді.

Сөз орайында айта кететін бір мәселе – ғалымның  зерттеулерінде де басқа да ғылыми еңбектерде де «Негізгі түбір», «Түбір», «Түбірсөз» терминдерінің жарыса жүруі.

 «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасамы» атты еңбекте: «Сөзжасамда негізгі сөз бен негіз сөздің қарама-қарсылығы (оппозициясы) көңіл бөлерлік мәселе. Негізгі сөз деп – туынды түбір жасауға қатысқан лексикалық мағыналы сөз аталады. Ал негіз болудың басты шарты – оның лексикалық мағынасының болуы. Лексикалық мағынасы бар сөздер туынды сөздер жасауға негіз болады», –   делінеді [2, 29 б.].

А.А.Потебня сөздің ішкі мазмұнына жиі көңіл бөліп, оны әр кезеңдерде еңбектерінде қарастырып отырған. Ғалым: «Внутренняя форма – есть отношения содержания мысли к сознанию...» деп оны тілдің психологиялық құбылысымен ұштастырады. Ал «ішкі құрылымды» жаңа сөз бен жаңа мағынаның жасалуындағы әрекеттің (процестің) өзі және қатынасын білдіреді дейді. Әрі ол: «В последующем слове... заключено всегда не предшествующее слово, а лишь отношение к нему. Если же предыдущее слово изчезло из языка, то тем самым изчезло и отношение к нему последующего... с новым понятием изменяется первоначальное значение» – деген ой түйеді [3, 285 б.]. Ғалым «ішкі құрылым» ұғымын сөзжасамдық аспектіде қарастырады. Зерттеуші кез келген жаңа сөзде алдыңғы сөзден түсінік, мағлұмат болады, жаңа сөздің мағынасында сөздің бұрынғы белгісі сақталынады, сөздің «ішкі құрылымы» жаңа ұғым атауының жасалуына негіз болады деген қорытындыға келеді.

Әрі соңғы жылдары лингвистика ғылымында тілші ғалымдар туынды сөздердің сөжасамдық қуатын қалыптастыратын «тірек негізі» болады деп есептейді. Сондықтан ішкі құрылымды тірек негізбен  байланысы бар деп санайды. Тілдің сөзжасам саласын зерттеуші ғалым Е.А.Земская сөзжасамдық қуат жайында: «...что словообразовательный потенциал зависит от семантики базовой основы (тірек негіз)», – дейді [4, 84 б.].

Себебі сөзжасамның әр тәсілі белгілі тілдік элементтерге негізделеді. Ал тілдің сөзжасам жүйесіне сөзжасам элементтері жатады. Н.Оралбаева айтқандай тілде сөз жасауға қатысатын нақтылы элементтер бар. Сөз жасау үрдісі тілде бар элементтердің негізінде ғана болады. Ғалымның сөзімен айтсақ, біріншіден, тілдік элементтерге сүйенбей сөз жасалмайды. Екіншіден, қазақ тілінде сөз жасауға қатысатын элементтерге түбір және қосымша жатады.

Алайда «түбір» термині тіл ғылымында  әртүрлі аспектіде қаралып жүргенімен,  сөз жасаушы негізгі тұлға болғандықтан толық зерттеуді қажет етеді. Н.Оралбаева айтқандай түбірсіз сөз жасалмайды, сондықтан ол сөзжасамдағы негізгі тұлға.

Түбірдің сөз жасаушы негізгі элемент ретінде танылуы – оның  жаңа ұғым атауларын жасаудағы атқаратын қызметіне байланысты. Сөзжасам үрдісінде түбірдің негізгі объект болып саналуы, оның  лексикалық мағынасының жаңа сөздің лексикалық мағынасына арқау болуы. Өйткені тілде атауыштық жаңа мағына  бірінші лексикалық мағынаның негізінде жасалады [2, 10-11 б.]. Бұ жерде әңгіме сөз негізі жайында болып тұрғандығы айқын байқалады.

Көріп отырғанымыздай, «Негізгі» деген сөздің өзі басқа туынды сөздер түрінің, яғни, басқа ұғым атауларының жасалуына «ұйытқы, «негіз» болады. Алғашқы әдіскер ғалымдардың бірі Д.Әлімжанов «Қазақ тілін оқыту әдістемесі» атты еңбегінде сөздің негізін, жұрнағын ажыратып үйретпейінше оқушы сөз таптарын, сөздердің мағыналарын түсіне алмайды  дегенді айтады [5, 59-63 б.]. Бұл жердегі «негіз» сөзі жоғарыдағы айтылған, «негізгі сөз» деген ұғымды білдіріп тұрғаны анық. Осы тұрғыдан келгенде,  тіл ғылымында жарыса қолданылып жүрген бұл терминдерге тұрақтылық енгізген жөн.

 

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

 

1        Оралбаева Н. Қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. − Алматы, 1989. − 367 б.

2     Оралбаева Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. − Алматы, 2002. − 181 б.

  3.   Потебня А.А. Слово и миф. − Москва, 1989. − 285 б.

       4. Земская Е.А. Современный русский язык. Словообразование. − Москва: Просвещение. 1973.−  301 с.

       5. Әлімжанов Д. Маманов Ы. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. − Алматы, 1965. − 246 б.