Каппасова А.Ш.

Е.А.Букетов ат.Қарағанды мемлекеттік университеті,  оқытушы

 

Фразеологизмдер аркылы «жаксылық/жамандык» концептілерінің берілуі 

 

«Адам-Қоғам-Табиғат» құрамының «Адам» макрожүйесіндегі «ер адам», «әйел» концептілері сияқты «жақсылық» және «жамандық» қарама-қарсылық концептілері күрделі концептілік құрылымға жатады. Сонымен қатар олар әр ұлттың дүниетанымында өмір сүретін негізгі концептілер. Бұл жөнінде зерттеуші Ж.Уматова былай дейді: «Базовыми концептами являются: правда и истина, свобода-воля-вольность, человек и личность, добро и благо, долг и обязанность, ум и глупость, судьба, интеллигенция, совесть, дух и душа и.др. Они употребляются в контекстах разных типов сознания – обыденном, художественном и научном, что делает их предметом изучения культурологов, историков различных религий, антропологов, философов» [1, 8]. Орыс әлемінің тілдік бейнесін зерттеген Г.А. Хамитова жақсылық пен жамандық концептілерін «ядерные концепты» деп атайды: «... выделяются ядерные концепты, или концепты-доминанты, к которым в русской картине мира относятся пронятия добро/зло» [2, 5]. Қысқасы, жақсылық/жамандық концептілері концептуалды өрісі күрделі, мазмұны терең, оппозициялық мәндегі негізгі концептілер болып табылады. Этикалық тұрғыдан алып қарағандағы жақсылық/жамандық концептілерінің эстетикалық мәніне келсек, ол сұлулық пен ұсқынсыздықты береді. Бұған мысалдарды эпос-жырлардан көптеп табуға болады.


Қазақ тіліндегі қарама-қарсы мағынадағы «жақсылық» және «жамандық» концептілері – тақырыптық аясы кең, мазмұны терең, қамтитын мәселелері өте маңызды, концептуалды өрісі де күрделі концептілер болып табылады. Жақсылық пен жамандық адам өмірінде араласып жүретін екі түрлі, біріншісі  «+», екіншісі «-» таңбаға ие, біреуі жағымды қасиет болып жақсы істерге бастайтын, біреуі жағымсыз қасиетке ие болып тек жамандыққа батыратын күрделі ұғымдар. Сондықтан бұлар қарама-қарсы табиғатқа ие болып есептеледі. Кез келген адам танымында олар белгілі бір дәрежеде өзгешеліктері бар ассоциацияларды тудырады.

Жақсылық пен жамандық әлемнің тілдік бейнесінде және әлемнің көркем бейнесінде (художественная картина мира) көрініс тапқан ең негізгі, орталық категория болып табылады. Этика мен философияда да осындай қызмет атқарады: оларда адамның өзіндік тұрмысының көрінісі бейнеленеді, сол арқылы адам өзінің осы өмірдегі тіршілігін анықтайды, олар барлық жағымды және жағымсыздықтың өлшеуіші болады. Осылар арқылы адам өзінің жасаған істеріне баға бере алады. Философиялық сөздікте жақсылық пен жамандыққа адамдық қызметтің жағымды және жағымсыз аспектілерін білдіретін, бір-біріне қарама-қарсы ұғымдар деп жалпылай түсініктеме берілсе, қазақ тілінің түсіндірмелі сөздігінде бұл ұғымдарға мынадай анықтама келтірілген: «Жақсылық – 1. Қайырымдылық, рақымдылық, мейірімділік. 2. Белгілі бір заттың бойындағы тәуір қасиет, сапа. Жамандық – жағымсыз іс, оқиға, зұлымдық, қастық, жауыздық» [3, 324]. Н.А.Бердяев, И.А.Ильин, Н.О.Лосский, В.С.Соловьев, Л.М.Лопатин, Л.П.Карсавин сынды орыс ойшылдарының ойынша, жақсылық және одан ажырамайтын жамандық мәселесін шешпесе толыққанды этикалық жүйенің жұмысының жүруі мүмкін емес. Жақсылық пен жамандық ұғымының салыстырмалы характеріне қарамастан, көп зерттеушілер адамдық қызметтің позитивті бағыты жақсылық екенін баса айтады.

Философ В.А.Канкенің пайымдауынша, «Жақсылық – бұл істің, қимылдың дұрыс құндылығы. Жақсылық – бұл жауапкершілік. Ал жауапкершілік – жақсылықтың қазіргі ұғымы». «Жақсылық», «жамандық» лигвистикалық құбылмалы сөздер. Жақсылық туралы былай дейді: өте жақсы, ең үздік, теңдесі жоқ, баға жетпес, кемшілік жоқ, керемет, аса маңызды т.б.» [4, 150]. Одан соң ғалым «Жақсылықты өлшеуге бола ма?» деген сұрақ қояды да, қайдағы бір құрылғының көмегімен емес, эстетикалық құндылықтармен өлшеуге болады деген шешімге келеді. Философ Канке одан соң шындық, сұлулық, жақсылықтың бірлігін былай қарастырады: «Осы үш құндылық үндескенде ғана адам өмірі толық мәнге ие болады. Шындық, сұлулық, жақсылық – қастарында өмір бойы адасушылық, тұрпайылық, жамандық сияқты қарсы ұғымдар қатар жүретін идеалдар» [4, 224]. Сөз соңында философ «Бізде жақсылықтың не екенін мәңгіге анықтай аламыз деген үміт бар. Негізі жақсылықтың не екенін білеміз, сонымен қатар оны қайта іздейміз. Бұл – өмір заңдылығы» [4, 152] деген қорытындыға келеді

Діни тұрғыдан алып қарасақ, жақсылық – адамгершілік пен имандылықты сипаттайтын жалпы ұғым. Ислам дінінде жақсылық пен жамандықтың адамның өз ниетіне байланыстылығы айтылады. Адамға жағымды нәрселердің бәрі жақсылық ұғымы арқылы жүзеге асады немесе қарама-қарсы мәндегі жамандық жаман пиғыл арқылы өз мақсатына жетеді. Жақсылық арқылы жеке адамдардың іс-әрекеттеріне, қоғамдық қатынастарына, адамаралық байланыстарына тиісті баға беріледі. Жақсылық әр түрлі деңгейде тұлғалық қасиеттердің ізгілігін айқындайды. Жамандық болса, керісінше, тек зұлымдық, өтірік, жауыздық сияқты жағымсыз істердің көрінісі. Жалпы адам баласы тумысынан жақсылыққа да  жамандыққа да бейім жаратылады. Бұл екеуі бір-бірімен астасып жатқан қасиеттер. Жаратушы осы арқылы  адамды тепе-теңдікте ұстап, оны қай жаққа да бейімділікте жаратқан. Адамгершілік ойларын сопылық ілімнің өкілі Иассауи де дін арқылы түсіндіреді. «Жақсылық пен жамандық, әділеттілік пен әділетсіздік, адамның жақсы және жаман іс-әрекеттері сияқты моральдық сипаттары оның құдайға сенуіне байланысты болады. Кімде-кім жамандық жасаса, ол күнәдан арыла алмайды, кімде-кім жақсылық жасаса, ол құдайдың сүйіктісі болады» [5, 95].   

Жақсылық пен жамандық лексемаларының лингвистикалық түсіндірілуіне келсек, жақсылық дегенде игілік, амандық, мейірімділік, рақымдылық, әдептілік, адалдық, пайда, бақыт, сәттілік, парыз, жақсы, игі іс, жақсы қарым-қатынас, молшылық, келісу т.б. деген ұғымдармен нақтылана түсетін «бәрі жақсы, оң, адамгершілік (жамандыққа қарама-қарсы)» сияқты жалпы компоненттер бөлініп шығады. Бұл компоненттер арқылы адамның тек жақсы мінезі мен іс-әрекеттері беріледі. Мысал ретінде көркем шығармадан жинастырылған сөйлемдерді келтірейік: Дауылдың қара бұлтындай болып, әдейі басына арналып келе жатқан қайғы-қасіретті көріп, соның алдынан айласыз-әлсіз күйде өзінің отырғанын біліп тұрса да, кемпірдің жүзінде үлкен сабыр бар. Сынбаған ажар, қажымаған қайрат, кең салқын ерлік бар (6,84 б). Оспан басында не айтарын білмей қысылыңқырап қарап, артынан әлденеден рақымы түскен пішінмен күлді (134). Бұл уақытқа дейін төбенің басында жүрген Мақыш ақсақал келіп, қонақтарды аттандырып, бұрынғыдай әдепті, жылы пішінмен қоштасып қала берді (147б). Сыздықтың алмағы да бай қызы емес, осындай адамшылығы бар: момын, таза мінез, таза жүректі кедей қызы болатын (148б). Адамшылықты бағалай білетін, еркекке адал дос болатын, жүрегі жылы, махаббатты адам болғандай (149 б). Бұрын бірін-бірі сыйлаған жылы көңіл тағы да қалыбына келе бастады (149 б).

Ал жамандық лексемасының жалпы компоненті: «бәрі жаман, нашар, өнегесіз, адамгершілікке жатпайтын (жақсылыққа қарама-қарсы)». Және ол мына компоненттер арқылы нақтылана түседі: зиян, қырсық, бақытсыздық, қаталдық, кінә тағу, жағымсыздық, жаман сезім, ыза, ашу, өкініш, күнә, кек, өкпе, қуланушылық. Мақаламызда одан әрі осы жамандық лексемаларының компоненттеріне көркем шығармадан мысалдар келтіру арқылы тоқталамыз. Бұл ұғымдар жағымсыз адамның бейнесін, портретін бергенде қолданылады. Мысалы, суық қарайтын қисық біткен кішілеу өткір көзінде және түксиген қабағында өзгеше қаталдық бар (70 б). Сыз деуге бұл еңгезердей үлкен бойлы, әдемі қара мұртты, ашушаң, бұлтиған пәлеқор көзді, кекірдей кісі (338 б). Орталау, қағылез бойлы Құлжатайдың ашаң қызғылт жүзінде үлкен ыза, қатты кейіс бар (338 б).

 Сол сияқты адамның жаман мінезін, бір жағдай болғандағы кейіпкердің қимылын, іс-әркетін суреттегенде: Үйіне бір қонақ қонса, соған асқан бір жілікке жаны шығып, тыжырынып отырады. Жаннан асқан дүниеқоңыз (79 б). Қалтай пішен-қораның ішіне кірісімен шөпке қарамай, үлкен жұмысы ол емес, басқа нәрсе екенін сездіріп, өңі өзгеріп, өтірік күліп қуланып, әдепсіз мінезге түсіп, ойындағы дайындап алған сөздерін сөйлей бастады (84 б). Бірақ Жұмағұлдың шешесі Қамария – жас күнінен шаруақорлықты сараңдыққа жеткізген, күтімділікті пайдакүнемдікке жеткізген, мінезі қатты, дүниеге пасық бәйбіше болғандықтан бұл жолы науқанда да қыл-қыбырын көп шығармай, шығындамай, керек нәрселерін тез қамдап алды (99б). Осыны ойлаған сайын жүрегін ыза керней бастады... Өмірінде сыртына шықпаған ашу, ыза, намыс барлық еркін билеп, дуылдап басына бір-ақ шықты (86 б).Өмір бойында ешбір жаннан мұндай қаттылықты, тұрпайылықта көрмеген Ғазиза, бір жағынан қорланып, ызаланып, өксіп жылап, бір жағынан ашу қысып,Жақыпты сол минутта барлық жас жүрегімен өлердей жек көрді (185 б). Қасым ашулы болып, қаны бұзыла бастады (217 б). Дөң басында малдас құрып отырып, ашулы суық пішінмен күн батыстағы ақ таңлаққа қарап көзін алмайды... қатал ойға бекініп, жаратылысындағы асау қаны тасып, сазарып алды (171б). Жаутаңдаған көзімен жылы шырай іздеп келе жатқанда, алдында бұрынғыдай зәрленіп тұрған Исаны көрді (217б).

Сонымен «ақ» пен «қара» сөздері арқылы әлемдегі жақсылық пен жамандық, ізгілік пен зұлымдық сияқты дүниенің негізін құрайтын ұғымдарға бағдар жасауға болады. Қазақ тілінде жақсылық концептісі ақ тілеу, ақ босаға, ақ жол, ақжолтай, ақ ниет, ақ көңіл, ақ білек т.б. тілдік бірліктері арқылы, ал жамандық концептісі қара жүрек, қара жау (қас дұшпан), қара көңіл, қара уайым, ұрынарға қара таппау, қара түнек заман, қара күн туу, қара қол, қара күш т.б. тілдік бірліктері арқылы көрініс табады. Сол сияқты «ақ» пен «қара» ұғымдары арқылы алғыс және қарғыс сөздерінің айтылатыны белгілі.  Алғыс «ақ» тілдік бірлігі арқылы берілсе, ал қарғыс «қара» атауы арқылы көріністенеді. Мысалы, ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс, ақ күн тусын, айтқаның ақ болсын, қара күн тусын, қара шашың жайылсын, көзіңнен қара қан ақсын, қара басыңа көрінгір т.б. Қазақ тілінде ақ сөзіне қатысты түйе малына айтылатын бір қарғыс кездеседі, ол ақ шелек келгір немесе ақ шелек шалғыр. Өрістен келмей, қасқырға жем бол деген мағынаны білдірсе керек. Жақсылық/жамандық концептілері негізгі концептілер қатарында болғандықтан оның мейірімділік, адалдық, жылы жүзділік, жылы жүректілік және қаталдық, қатыгездік, арамдық, дүниеқоңыздық, сараңдық сияқты қосымша бөліктерінің болатыны анық. Біз мақаламызда фразеологизмдер арқылы жақсылық пен жамандық концептілерінің қосалқы бөліктерінің берілуін мысалдар келтіре отырып дәлелдеп бердік. «Концептік талдаудың басты мақсаты –  ғаламның тілдік бейнесін түсіндіру. Когнитивтік лингвистика концептінің көріну аясындағы тілге талдау жасау, концептінің мазмұнын ашатын мәтіндерден туындайтын ой мен оның әртүрлі контекстерде ұтымды қолданылуы, оның фразеологизмдерде, мақал-мәтелдерде бейнеленуі секілді қызметтерімен толығып отырады» [7, 8] демекші, талданған фразеологизмдер арқылы қазақ халқының тілдік бейнесіне тән мысалдарды жинастырдық. Яғни жақсылық/жамандық концептілері берілетін фразеологизмдер арқылы тек қазақ әлемінің тілдік бейнесінің көрінетінін байқаймыз. 

 

Әдебиеттер тізімі:

1.       Уматова Ж.М. Концепты дуща/жан как лингвокультурологический феномен. филл.ғыл.кан.дисс...автореф.  – Алматы,  2005  -26 б. 

2.       Хамитова Г. Концептосфера «добро-зло» в русской картине мира. филл.ғыл.кан.дисс...автореф. – Астана,  2010.  - 24 б. 

3.       Қазақ тілінің сөздігі / Жалпы ред.басқарған Т.Жанұзақов. – Алматы: Дайк-Пресе, 1998. –  776 б. 

4.       Канке В.А. Основы философии: Учебник для студентов средних специальных учебных заведений. – М.: Логос; Высшая школа, 1999. – 288 с.: ил.

5.             Философия тарихы: Оқулық. /Ж.Алтай, А.Қасабек, Қ.Мұхамбетәли. – Алматы: Жеті жарғы, 1999. – 288 б.

6.       Әуезов М. Жиырма  томдық шығармалар жинағы. – Алматы, Жазушы, 1979. 1-т. Әңгімелер. – 456 б.

7.       Хамзина Г. 1960-80 жылдардағы повестер тілінің лексика-семантикалық және танымдық сипаты (С.Жүнісов, Д.Исабеков, А.Сейдімбек, О.Бөкей, Б.Нұржекеев шығармалары бойынша): филл.ғыл.кан.дисс...автореф. – Қарағанды, 2010. – 26 б.