Мажитаева Шара

Е.А.Букетов ат.Қарағанды мемлекеттік университеті,  ф.ғ.д., профессор

 

Тұрақты тіркестердегі адамның  мінез-құлқының көрінісі

 

Мінез-құлық  – адамдардың барлығына ортақ қасиет.  Қоғамда адамды мінезіне, жұрыс-тұрысына, өзін басқалармен қарым-қатынаста қалай ұстайтынына қарап анықтайды, сол бойынша бағалайды. Өйткені әркімнің тұрмыстағы, еңбектегі, өзгелермен қарым-қатынасындағы қылықтарынан өмірлік бағыт-бағдарынан, талғам-танымынан, ой өрісінен, мақсат-мұратынан, жан-дүниесінің байлығынан, сезімінен мінезі айқын байқалады.  Күнбе-күнгі тіршілікте адам, әдетте, ақкөңіл не жауыз, көпшіл не менмен, қайырымды не сараң, биязы не дөрекі, батыл не солқылдақ, табанды, ержүрек, салмақты  не байбалаңшыл болып сипатталады. Бұл сөздер арқылы адамның бір нәрсеге (моральдық қасиеттер) не мінез-құлық амалына (жеке адамның ерік сапалары) қатысы  сипатталады, яғни мінез негізіне жеке адамның моральдық-еріктік қасиеттері жатқызылады. Жеке адамға немесе адамдар тобына тән өзіндік қарым-қатынастар, мінез-құлық пен қимыл қозғалыстардың тәсілдері – кісінің танымы мен іс-әрекетінде, тәрбие мен өзін-өзі тәрбиелеу үдерісінде қалыптасады.

Мінездің көрінісі көптеген тұрақты бітімдерге айналып, адамның қоршаған дүниеге, басқа жандарға, психикалық процестерге деген қарым-қатынасын байқатады.  Адамның мінезі туа бітпейді, бұндай қасиетті адам жүре келе өзін-өзі тәрбиелеуінен де қалыптасды.  Мінез адамның дүниеге көзқарасын, сенімі мен мұратын, әлеуметтік жағдайын, сыртқы ортаның әсерімен де көрінеді.  Ол біртіндеп өмір барысында дамып, қалыптасып отырады.

Адамның мінезінің алуан түрлілігі тіл арқылы жеткізіледі. Г. Смағұлованың тұжырымдауынша: «Тіл білімінде қазақ ұлтының таным парасатын, ой-қиялмен жаңа ғасыр табалдырығында тұрған жас буын, келер ұрпақ алдында ұлттық мәдени ерекшеліктерін өзі жасаған тілі арқылы зерделеу – ең маңызды мәселе» [1, 5]

Адамның мінез-құлқы барша ұлт, адамзат баласына ортақ қасиеттер болып табылады. Өзіндік ұстанымдары бар адам өзінің мінез-құлқын да соған сай көрсете алатын болады. Осыған орай мінез-құлық барлық адамзат үшін қоғамдағы орнын анықтауға ықпал етеді. Тілде адамның мінез-құлқының түрлі қырлары мақал-мәтелдер, ауыс мағыналы сөздер, тұрақты теңеулер, метафоралар, фразалық тіркестер, дисфемизм, жаргон сөздер арқылы да беріледі.

Мәселен, «Жақсыда кек жоқ, кектіде тек жоқ» деген емес пе, кешірім болса, шын таныстық-білістілігіміз енді басталсын (Сейдімбеков А. «Аққыз», 84-б.). Автор осы мақалда кісілік, адамгершілік, достық мәселелеріне ерекше мән берген. Осындай мақалдар арқылы адамның бойындағы жақсы қасиеттерді марапаттауға, адамгершілікке баулып, тәрбиелеуді көздеген. Кекті болу ол – ұлт азабы десе де болады. Жақсы адам мен кекті адам, қарама-қайшы ұғымдар. Ендеше екеуін салыстыра келіп, кектіден шыққан ой-пікірде дұрыс болмас деген қорытындыны шендестіру арқылы білдіріп отыр.  – Далбасалама, деді шалы ежірейіп, - ірігеннің аузынан шіріген сөз шығады (Исабеков Д. «Тіршілік»). Үндемеген сайын құтырып кеттің ғой, семірейін деген екенсің, түлейін деген екенсің, - деп Ырыскелдіге тап-тап берді. Жуас түйе жүндеуге жақсы (Жүнісов С. «Әжем мен Емші және Дәрігер»).

Адамның мінезі дос-жарандарымен қарым-қатынасынан да байқалады:

Үйдің жылы-суығын

Қыс түскенде білерсің.

Достың алыс-жақынын

Іс түскенде білерсің.

         Ағылшынның бұл мақалы Эзоптың (Aesop) мына әңгімесінен бастау алған. Көпшілікке мәлім бұл әңгімеде екі дос пен аю туралы баяндалады: Аюға жолыққан екі достың бірі жолдасын тастап ағашқа өрмелеп кеткендігі, екіншісі өлген болып, демін ішіне тартып жерге жата қалғандығы, аю кеткен соң ағашқа өрмелеп шыққан жігіт досынан “Аю сенің құлағына не сыбырлады?” деп сұрағанда досының: “Бұл ақылды аю болашақта өзіңді басыңа қиыншылық түскен кезде тастап кететін жолдаспен жолға шықпа деп ақыл айтты,” – деп жауап бергендігі туралы айтылады. Ағылшынның бұл мақалы XII ғасырда жазылған әдебиеттерде, 1484 жылы жазылған Вильям Какстонның (William Caxton)  Fables of Escope  [2]  аудармасында және сондай-ақ Джон Хейвуд (John Heywood) (1546) [3], Джон Рэйдің  (John Ray) (1678) [4],  Linda and Roger Flavell. Dictionary of proverbs and their origins [5]  мақал-мәтелдер жинақтарында кездеседі.

Қазақ және ағылшын мақалдарында кімнің нағыз дос, кімнің жалған дос екені басыңа іс түскенде танылады деген ой айтылады. Жағдайың жақсы, астыңда тақ, басында бақ барда бәрі дос, басыңнан бақ тайғанда  сол достарды қасыңнан таппайсың. Сондықтан да кімнің дос, кімнің “дос-сымақ”  екенін айырып ала білуге шақырады бұл мақалдар. Достың алыс-жақындығы басыңа іс түскенде белгілі болатындығы түсінікті нәрсе.  Ал қазақ мақалының  “Үйдің жылы- суығын қыс түскенде білерсің,” – деуінің өз себебі бар.  Негізгі күн көріс көзі мал болған кезде қазақ халқы малға жайылым іздеп көшіп-қонып жүретін болған. Осы көшпелі өмір  киіз үйді дүниеге алып келді.  Киіз үйлер жинап алып көшіп жүруге,  әрі қалаған жеріне құра салуға өте қолайлы болған.  Бірақ қысқы боранда көшпелілерге киіз үйді құру қиын әрі өз машақаты болған.  Өрт не басқа себептермен қысқы үйлерінен айрылған, не жағдайы жоқ қазақ отбасылары жас бала-шағаларымен қысқы суыққа төтеп бере алмайтын осал үйлерде қыстайтын болған. Бұл туралы толық мәліметті Ы.Алтынсариннің этнографиялық очерктерінде жан-жақты суреттелген. Қыста суыққа шыдамай өліп қалуға қаупі бар бота, бұзау, басқа төл малдарын да амалдың жоқтығынан киіз үйге кіргізіп алатын болған. Киіз үйдің ортасына от жағып, адамдар сол отты жағалай жайғасатын болған.

Көшпелі қазақ халқына қыс ауыр тиетін болған. Мал шаруашылығы табиғат жағдайына тәуелді болды. Қазақ қысқа жем-шөп дайындамағандықтан, қыс қатты болған жылдары  малдары қырылып қалып,  ашаршылыққа ұшырайтын болған.  Осыны әбден басынан өткерген қазақтың “Үйдің жылы-суығын қыс түскенде білерсің,” – деуінің түпкі мәнісі осында.

Кейіпкердің мінез ерекшелігін танытуда эпитеттердің қызметі айрықша. Кететін күні шешем аңырап көп жылады, әкем міз баққан жоқ, тас түйін мінезбен бар байлығын ала сиырға артты да, алға түсті.

Иә, ол кезде мен әкемнің көзінен қазіргідей әлдеқайда мол қуат көргем; бірақ сол қуаттың өзі бүгінгідей асау мінездің саябыр тапқан, салқын тартқан шағында ұлы ақылға ұласқандай емес, әлдеқайда, әлдеқайда тәкаппар да тәртіпсіз еді...(Бөкей О. «Қайдасың, қасқа құлыным», 65-б.). Тас, асау – дәстүрлі эпитеттің еркін пайдаланылған түрі, образдылық элемент ретінде жұмсалған. Тас түйін мінез, асау мінез адамның жан дүниесі, көркін танытуға қолданылған сөз емес, адамның бойынан табылған жағымсыз қасиеті үшін айтылған сөз.

Сонымен келешек жазылатын еңбектерде адамның мінез-құлқын сипаттайтын лексиканы түрлі сөздіктерден, көркем мәтіннен жинастырып, оны жүйелеп, зерделеуді мақсат  етпекпіз. 

 

:

1 Смағұлова  Г. Мағыналас фразеологиязмдердің ұлттық-мәдени аспектілері.  – Алматы: Ғылым, 1998. –196 б.

2 .William Caxton. Fables of Escope. 1484.

3.John Heywood. Dialogue containing  the number in  effect of all the Proverbs  in the English tongue. 1546.,

 4. John Ray. English proverbs. 1670, 1678,

 5. Linda and Roger Flavell. Dictionary of  Proverbs and  their origins. London, 2000.   162 p.