философия/4.Философия культуры.

 

Маш-13-2 тобының студенті Е.Қ. Айтмағанбетов

Маш-13-2 тобының студенті Н. Мереке

ӘГП кафедрасының аға оқытушысы Н.Ж. Сарсенбеков

Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, Қазақстан

 

Киiз үй - ғаламның моделi!

 

Киіз үй - тарихымыздағы ең алғашқы сәулеттік құрылыс. Көшіп қонуға ыңғайлы, жер сілкінісіне төтеп беретін ең қолайлы жәдігер. Киіз үйдің жалпы салмағы жиһаздарымен қосқанда 300-400 келіге жуық. Бұл салмақты бір түйе еркін көтере алады. Кереге, шаңырақ, уық, сықырлауық - киіз үйдің негізгі бөлшектері. Соның ішінде - Кереге киіз үйдің негізгі қаңқасы болып есептеледі. Ол - талдан, жіңішке қайыңнан жасалады. Кереге санына қарай киіз үй  4, 6, 8, 12 қанат етіп тұрғызылады. Ал, Хан ордасының кереге саны 30 - ға дейін жеткен. Ал шаңырақ болса - киіз үйдің еңсесін құрап, тұтастырып тұратын күмбез. Қазақы нанымда шаңырақты ешуақытта төңкеріп қоюға болмайды. Тіпті шаңырақ көтеріліп жатқанда ешкімнің сөйлеуіне болмайды екен. «Жетi уық шаншылғанша жетесiз ғана сөйлейдi» деген сөз осының дәлелі болмақ. Ал, уық кереге мен шыңырақты жалғап тұрады. Сықырлауық болса кереге шеңберін тұйықтап, киіз үйге кіріп – шығатын есік қызметін атқарады. Ағашы толығымен құрылып болған соң - киізі жабылады. Сөйтіп, дайын үйге еңкейіп кіреді қазақ баласы. Киіз үйді әдетте 3-4 адам 1 сағаттың ішінде құра алады. Ең қызығы, әлемде киіз үйге ұқсас аралдар мен таулар бар екен. Мәселен Шерқала - Батыс Қазақстанда орналасқан ерекше тау.

Киіз үй - Қазақстанды және орта Азияны қоныстанған мал өсірушілердің негізгі баспанасы. Ол мәдени-тұрмыстық және шаруашылық мақсатқа арналуына қарай төрт түрге бөлінеді: жаздық тұрғын киіз үй, мереке жиынға немесе қадірлі қонақты күтуге арналған салтанатты киіз үй, жорық кезінде тігуге арналған абылайша немесе жолым үй және асхана, қойма, сарай ртінде тігілетін үй.

Ақ үй, ақ орда, боз үй деп аталатын қонақ үйлер көркем безендірілу жағынан ерекше көз тартады. Жас жұбайларға арналған отау үй де жасау-жиһазға бай, сәнді де салтанатты келеді. Қазіргі біз көріп жүрген киіз үй бірден дәл осы қалпында пайда бола қалған жоқ. Ол, негізінен адамзат дамуының әр кезең, сатыларындағы тұрғын үйдің қарапайым түрлерін жетілдірудің нәтижесі болып табылады. Орманды далада өмір сүрген көшпелі халық әуелі бірнеше сырықтың басын қосып буып күрке жасады. Келесі сатыда сырықтардың басын қосып бумай, оны шығыршыққа өткізіп қойды. Одан беріректе сырықтың ұшын әр жерден арнаулы тесік жасалған дөңгелекке (қазіргі шаңырақтың қарапайым түрі) кигізетін болды. Мұндай күрке бұрынғыға қарағанда әрі кең, әрі биіктеу болатын. Ал төртінші сатыда күркенің сырықтары жоғарғы және төменгі бөліктерден тұрды. Уық пен керегенің негізі осылай қаланды.

Соңғы 7-8 ғасыр бойына киіз үйге жөнді өзгерістер енгізілмей, малшылар үшін ең қолайлы баспана болып қалды. Ол ауа райының қандай жағдайында да пайдалануға өте ыңғайлы - ішіне жарық жақсы түседі, ауа алмасуы талапқа сай, жел-дауылға көп шайқалмайды, берік, төбесі жадағай емес, күмбез болып келгендіктен жаңбыр өтпейді, жинап-тігуі оңай. Осындай ерекше ыңғайлы қасиеттері үшін киіз үйді ертедегі жаугершілік дорықтарда сарбаздар да үнемі қолданып жүрген.

Киіз үйдің негізгі қаңқасын (кереге, уық, шаңырақ, сықырлауық) сүйегі деп атайды. Киіз үйдің сүйегі жасалатын «үй ағашты» алты ай немесе бір жыл бұрын дайындайды. Қабығы аршылмай бабымен кептірілген үй ағаштарын морға төсеп, балқытқаннан кейін тезге салып, ысқаурынмен қысып түзетеді немесе керекті қалыпқа келтіріп иеді. Иілген киіз үй ағаштарын арнаулы үлгідегі ырғаққа салып қатырады. Ырғақтан шығарылған ағаштарды жоңғымен қабығын аршып, жонып, қырнауышпен қырнайды, уықтың бүгілі мен керегенің бас жағына сай-сай етіп сызық салады. Бұдан кейін кереге желісіне көк өткізілетін жерге белгі - дембі салып, үскімен тесіп, қайыспен көктейді, яғни түйенің иленбеген мойын терісінен жіңішке етіп тілген таспаны өткізіп түйіндейді.

Шанырақ - Киiз үйдегi кеңiстiк - қазақ дүниетанымының тоғысқан жерi. Осында адам дүниеге келедi, үйленедi және соңғы сапарға аттанады. Яғни адамның түздегi тiршiлiгiн қоспағандағы өмiрi осында өтедi.

Киiз үй - ғаламның моделi. Бүкiл ғалам мен адам арасын байланыстырушы. Рухани мәдениет ретiнде қарастырсақ, киiз үй баспана ғана емес арғы әлеммен байланыстырып, қаскөй рухтардан қорғайтын киелi орын. Қазақ үйдiң киесi шаңырақтан бастау алады.

Шаңырақ - қасиеттi. Шаңырақ - күннiң символы. Шаңырақ көтерiлiп жатқанда ешкiм сөйлемейдi. Өйткенi ұлы iс атқарылып жатқанда үнсiздiк орнауы тиiс. «Жетi уық шаншылғанша жетесiз ғана сөйлейдi» деген сөз осының дәлелi. Шаңырақтың төрт күлдiреуiшi - төрт тарапты бiлдiредi. Уықтарды күннiң шашырандысы деп ұғыңыз.

Ертеректе шаңыраққа үрлеген қарын байлап қоятын болған. Оның мәнiсi, құт құйылады деп есептеген.

Шаңырақтың астында ошақ орналасады. Ошақ - адамның оты. Шаңырақтың үстiнде Алланың оты маздаса, төменде адамның оты лаулайды.

Есік пен төр - Киiз үйдiң есiгi әдетте шығысқа қаратылады. Бұл - күннiң сәулесi үйге бiрiншi түссiн дегендi бiлдiредi.

Есiкке қарама-қарсы бетте - төр. Төрдегi адам есiкке қарап отырады. Егер ол малдас құрып отырса, оның әкесi жоқ деп есептеңiз. Әкесi тiрi адам малдас құрмайды. Отырудың өзiнiң осындай таңбалық мәнi бар.

Төрдегi адам төрелiк айтады. Төрге ақ пен қара түстi сырмақ төселедi. Мәнiсi, төр - ақ пен қараның ара жiгiн ажырата алатын адамның орны. Төрде отырып, билiк айтқандар мемлекет билiгiне дейiн көтерiлген.

Мұны Орхон-Енисей жазбасындағы «төр» сөзiнiң мемлекет мағынасында қолданылғанынан байқауға болады.

Қазақта: «Едiл үйдiң - есiгi, Жайық үйдiң - жапсары, Түркiстан - ұлы төрiмiз» деген сөз бар.

Шыңғыс дәуiрiндегi Ақ орда, Көк орда, Алтын орда дегендердiң өзi — кеңейтiлген киiз үйдiң көшiрмесi iспеттi.

Сосын төрге қыз бала отырған. Өйткенi, қыз — қонақ. Бабалардан қалған бiр сөз - «Қыз бала - төр иесi, ұл бала - үй иесi».

Барлығына мәлім  киіз үй қазақ халқының өзімен бірге жасасып, тарих белестерінен бірге келе жатқан заттық, тұрмыстық мәдениеттің көрінісі. Ол сонымен қатар қазақ халқының материалдық мұрасының бірі ғана емес бірегейі болып бағаланады.

Қазақтың киіз үйі - қазақ баласы үшін адамгершілік ұясы, қасиет тұтар ордасы. Ол әр қазақ баласы үшін тәуелсіздігі мен бостандығының, байлығы мен барлығының, рухани кісілігі мен қоғам алдындағы міндеттілігінің символы.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.       Шаңырақ : Үй-тұрмыстық энциклопедиясы. Алматы : Қаз. Сов. энцикл. Бас ред., 1990 ISBN 5-89800-008-9

2.       «Шаңырақ» қысқаша үй-тұрмысы энциклопедиясы, Қазақ Совет энциклопедиясының бас редакциясы, Алматы, 1989 ж.

3.       «Шаңырақ» үй-тұрмыс энциклопедиясы. Алматы. 1991.ISBN 5-89800-035-6