Орталық Азия Университеттінің

аға оқытушысы, педагогика  магистрі

К.Ж.Абильдаева

 

Бала дамуындағы қазіргі отбасының рөлі

 

 «Әрбір бала жылулық пен сыйластық ұялаған және оған қамқор

болатын отбасында өсу керек»
Г. Гмайнер

 

 Отбасы - бала тәрбиесін қалыптастырушы ең алғашқы бесік.
Қазақстан Республикасының Конституциясында «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу - ата - ананың табиғи құқығы әрі парызы» деп отбасының міндеті анық көрсетілген          . «Қазақстан - 2030» бағдарламасында балаларымызды алыс болашақта қандай сапада көруіміз керектігі туралы айтылған. Сонымен бірге «Отбасы туралы Заң»,»Жоғары және орта білім тұжырымдамасында» әрбір отбасында өзінің ұрпағын тәрбиелеп, қатарға қосу міндеті жүктелген. Сөйтіп, отбасының әуел бастан - ақ өзіне тән киелі міндетін орындау қажеттілігі  бекемделе түсті.
       Отбасы - баланың ең жақын әлеуметтендіру ортасы қатарында өмірдің мақсаты, оның құндылықтарын біліп, өзін қалай ұстау керектігі туралы алғашқы мәліметтерді береді және онда басқалармен қарым - қатынас орнатуына іс жүзінде дағдыланады. Сөйтіп өзінің «кім» және «қандай» екенін практикада сынап байқап көреді. Отбасында әртүрлі жағдаяттар мен төтенше ахуалдарда өзін ұстаудың нормаларын, мінез - құлқын реттеудің өлшемдерін меңгереді. Ата - ананың үгіт - насихаты, түсіндіруі, олардың үлгі - өнегесі, үйдегі ахуал, отбасының психологиялық тынысы арқылы балалардың әдеті, мінез - құлқы, жақсы - жаманды бағалау критерийлері қалыптасуымен қатар қандай қылықтары үшін сөгіс алып, не үшін жазаланатынын, әділдік пен адалдық туралы ұғынып      түсінеді.
Перзент үшін дүниеде ең жетілген, білімді де мәртебелі адам - оның ата - анасы. Ал, ең әдемі де жарық үй - оның туылған үйі. Сондықтан да жас баланың дамуын ата-ананың орны ерекше.
        Отбасы тұлғаның әлеуметтенуін қамтамасыз етеді, оның тәндік, моральдық және еңбектік тәрбиесіне болған мүмкіндіктерді мейлінше шоғырландырып, іске қосады. Қоғамның азамат мүшесі отбасыдан бастау алады, қоғам келбеті отбасыдан көрінеді. Отбасының аса маңызды әлеуметтік қызметтері - азамат тәрбиелеу, патриот қалыптастыру, болашақ жанұя игерген кемелдендіру және мемлекет заңдарын мойындап, құқықтарын сауатты пайдалана білетін қоғам мүшесін       жетілдіру.

Отбасы - адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің, мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаулысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, коршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Отбасы баланың, азамат болып өсуінің негізі болып табылады.
Отбасының басты қызметі - бала тәрбиелеу. Отбасы тәрбиесі - бұл жалпы тәрбиенің ең басты бір бөлігі. Ата-ана және отбасы мүшелері жас нәресте дүниеге келген күннен бастап, оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және саналы азамат болып өсуі үшін қажет жағдай жасайды. Бұған баланың қажеттілігі толық қанағаттандыру, оны дене және ой-еңбегіне үйрету, күн тәртібін дұрыс реттеуге, салауатты өмір сүруге, адал болуға тәрбиелеу, жақсылықты үйренуге, жамандықтан жиренуге үйрету, бойында жастайынан мәдени құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру жатады.
        Балалар өз бойынан ата - анасының бар болмысын көрсетсе, керісінше ата - аналар да өмірінің жалғасын балаларынан көреді. Әсіресе, балаларды жас кезінен бастап тазалыққа, жинақы - ұқыптылыққа, еңбекті сүюге және оның қадір - қасиетін түсінуге, үлкендерді соның ішінде жасы үлкен қарттарды құрметтеуге және оларға мейіріммен қарауға, ал өзінен кішілерге қамқор болуға үйрету ежелден келе жатқан тәрбие құндылықтары болып саналады. Ата - аналар өсіріп отырған ұл - қыздарын жағымсыз қылықтардан сақтандырып отырған. Сондықтан да баланың бойынан көрінген кейбір арзымайтын кемшіліктерді дер кезінде түзеп, ескерту жасап тұрудың маңыз үлкен болған. Себебі бүгін арзымайтындай болып көрінген кішкентай қателік, ертең үлкен бір даулы мәселеге жол ашып беруі мүмкін. Ал мұның соңы жақсы нәтижеге алып келмейтіні рас. Әрине жоғарыда аталған мәселелердың барлығы қазіргі заман отбасында баланы тәрбиелеуде көрініс алады.

Сондықтан болашақ психологиялық дені сау тұлғаны тәрбиелеу отбасының қатысуымен жүзеге асатының ұмытпағалы жөн. Бүгінгіде қарастырылып отырған тақырып өте өзекті мәселелердің бірі болып саналады және әр қарай ізденістерді талап етеді.

       

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.      ҚР Конститутциясы

2.     Қазақстан-2030 бағдарламасы

3.     Торыбаева М.З Жасөспірім оқушылардың салауатты өмір салтын қалыптастырудағы мектеп, отбасын және қоғамдық қауымның бірлескен жұмысы Автореф.канд.дис. -Алматы, 2004.

4.     Қоянбаев Р.М.Тәрбие теориясы.- А.,1991

5.     Джандилдин Н.  Природа Национальной психологии. - Алматы: Казахстан, - 1971.

6.     Қазақстан Республикасының неке және отбасы туралы Заңы. 17.12.1998ж.