Әбдіқалық Күнімжан
Сәдірқызы
ҚазмемқызПУ-дің доценті, ф.ғ.к.,
Қазақстан
Әділбекова Ләззат Махайқызы
ҚазмемқызПУ-дің доценті, ф.ғ.к.,
Қазақстан
С.СЕЙФУЛЛИН
ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ МӘТІНДІК АЙЫРЫМДАР
Сәкен Сейфуллиннің
әр жылдары жарық көрген шығармаларын өзара
салыстырып қарағанда біршама өзгерістер, яғни,
мәтіндік айырымдар байқалды. Мұны төрт
бағытқа топтап алып қарастырсақ, біріншіден,
өлең жолының тұтастай
өзгертіліп берілуі. Мәселен, «Күрең атқа»
өлеңінің үшінші шумағының үшінші жолы
әр жинақта әр түрлі беріледі. 1994 жылғы «Жазушы»
баспасынан шыққан «Көкшетау» атты жыр-дастандар жинағы
мен 2002 жылғы «Көп томдық шығармалар» жинағын
салыстырғанда, 1994 жылғы жинақта:
Күрең
ат, жабырқама, арқаң босар,
Үйірден
бөлген тағдыр қайта қосар.
Ескекті
мықтап ұста кетпей ауып.
Той қылып,
алдымыздан бізді тосар, –
деп
берілсе, 2002 жылғы жинақта:
Күрең ат, жабырқама,
арқаң босар,
Үйірден
бөлген тағдыр қайта қосар.
Ел-жұртқа
есен қайтсақ, тілектестер
Той қылып,
алдымыздан бізді тосар, –
деп
өлеңнің үшінші жолы мүлдем өзгертіліп
берілген.
Екіншіден, өлең
жолдарындағы сөздер мен сөз тіркестерінің
өзгеріске ұшырауы. Ақынның 1960 жылғы
«Қазмем Көркем әдебиет» баспасынан шыққан
«Шығармаларының» 1-томындағы «Қаралы күн»
өлеңін 1972 жылғы «Мектеп» баспасынан шыққан
«Шығармалары» мен 1986 жылғы «Жазушы» баспасынан шыққан
«Шығармаларының» 1-томындағы нұсқамен
салыстырсақ, өлеңнің бірінші шумағының
үшінші жолы 1960 жылғы жинақта: «Еңбекшіл тап
бүгін жалпы дүниеде»,
бесінші шумақтың екінші жолы «Өмірінде
жауыздықпен алысқан»,
алтыншы шумақтың
үшінші жолы «Шоқ! Шоқ!»
деген жаудың үні құрысын», төртінші жолы «Көкке
жетсін Ленин тіккен қызы ту!» деп берілсе, 1972, 1986 жылғы
жинақтарда «Еңбекші тап бүгін жалпы қайғырып», «Өмірінде жауыздықпен қарысқан», «Шоқ!
Шоқ!» деген жаудың үні жойылсын»,
«Жайсын
қанат Ленин тіккен қызы Ту!» деп түзетіліп берілген.
Негізінен алдыңғы жинақтағы нұсқада теруден
кеткен емле қателері болмаса, орынды қолданылған
сөздерді өзгертудің қажеті жоқ еді. Мәселен,
«Дүние жүзінің пролетариаттары бірігіңдер! деген
ұранның ең уытты сәтінде «дүние» сөзінің қолданылуы неге бұрыс?
Өлең мәтініне сүйенсек, барлық жердегі
еңбекші тап хат арқылы ауыр хабарды естиді. Ал еңбекші
таптың ауыр жаралы болып қайғыруы, еңіреп жылауы,
жоқтауы, күңіренуі, күйінуі сияқты іс-әрекеттері
басқа өлең жолдарында баяндалған. Сондай-ақ «алысқан» сөзінің
қолданылуы да дұрыс. Яғни, өлең жолындағы
алып арыстанның жауыздықпен қарысқанынан гөрі
алысқаны түсініктірек. «Құрысын»,
«жойылсын» деген сөздерге келсек, олардың да мағынасы
бір. Қайсысын қолданса да өлең идеясына
нұсқан келмейді. «Көкке
жетсін», «Жайсын қанат» деген сөз тіркестері де осыған
саяды. Десек те қызыл тудың көкке жетуі, яғни биіктеп
асқақтауы өте әсерлі шығады.
Үшіншіден, жекелеген
сөздердегі қателердің түзетілуі, редакциялануы.
Оған мысал ретінде 1960 жылғы жинақтың 2-томында
берілген «Көкшетау» поэмасын 2003 жылғы «Атамұра» баспасынан
шыққан «Аққудың айрылуы» атты өлеңдер
мен поэма, әңгімелер мен повесть жинағындағы
нұсқамен салыстырайық. 1960 жылғы жинақтың 11-бетіндегі «Ауасы дертке дауа, жұпар исі», «Жібектей желмен шарып
төңіректі», «Іш адам оны барып қия
алмаған», «Көкпенкөк шың басынан мұнар кет-пес»,
81-бетіндегі «Қойса да «Бұрбайды» байдан алып»,
82-бетіндегі «Ертемен тіршілікте тұтынады», «Шомылып «Бурабайға» күміс жалтыр», «Мәңгілік жабырының
құнын алмақ» деген өлең жолдарындағы «исі», «тұтынады», «жалтыр» сөздері 2003 жылғы
жинақта «исті» (39-бет), «тұтанады», «жылтыр» (105-бет) болып
арнайы өзгертіліп, ал «шарып», «іш», «көкпенкөк», «Бұрбайды»,
«жабырының» деген терушіден кеткен
қате сөздер «шарпып»,
«еш», «көкпеңбек»,
«Бурабайды», «жәбірінің» деп
түзетіліп берілген.
Төртіншіден, өлең
жолдарының қосылуы. Мәселен, жоғарыда
қаралған «Көкшетау» поэмасының 2003 жылғы
жинағындағы «Пионерлер» бөлімінің екінші шумағы,
яғни,
Тас
бұлақ Бурабайға құйған жері,
Жиекте
судыраған жасыл құрақ.
Бұлақ пен Кенесары үңгірінің
Арасы біраздау
жер, алқа қырақ (104-бет),–
деген
өлең жолдары 1960 жылғы жинақта жоқ. Осы
өлең шумағы қосылып, толықтырылғаннан кейін
2003 жылғы жинақта «Пионерлер» бөлімінің бірінші
шумағының бірінші жолы өзгертілсе керек. Нақтылап
айтсақ, 1960 жылғы жинақтағы «Құзынан Көкшетаудың»
емес жырақ» (81-бет) деген өлең жолы 2003 жылғы жинақта «Құзынан «Кенесары»
емес жырақ» (104-бет)
деп беріледі.
Сонымен, С.Сейфуллиннің
әр жылдары шыққан шығармаарындағы тұтастай өлең
жолдарының, сөздер мен сөз тіркесінің өзгертілуі,
сөз ішіндегі қателердің өңделуі, өлең
жолдарының алынып немесе қосылуы сияқты мәтіндік
айырымдарға тоқтала отырып, осындай текстологиялық
жұмыстың жүргізіліп отыруы ақынның келешекте
шығатын жинақтарында сәл де болса пайдасы тиер деген ойдамыз.
Сонымен, шығарма
мәтінінің ішіне үңіле қарап, салыстыру
барысында мәтінді барынша
дұрыс, өз қалпында берудегі жинақ
шығарушылардың ерен еңбегін де аңғару қиын емес.
Әдебиет:
1. Сейфуллин С. Көп
томдық шығармалар.– Алматы: Жазушы, 2002.
2. Сейфуллин С. Аққудың
айрылуы.– Алматы: Атамұра, 2003.
Резюме
Статья посвящена рассмотрению
текстологических различий произведений С.Сейфуллина.
Resume
The
article deals with textological differences in the
sing of Saken.
