Магистрант Каукербекова Ляззат Тилеубергеновна

 

«Тұран-Астана» университеті, Қазақстан

 

№4 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі

 

ОҚУШЫЛАРДЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҚАБІЛЕТІН ДАМЫТУ

 

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «педагог қызметкерлер оқушылардың мемлекеттік білім беру стандартында көздеген деңгейден төмен емес білім алуын қамтамасыз етуге жеке шығармашылық қабілеттерін дамуы үшін жағдай жасауға міндетті» делінген [1].

Осыған орай, Қазақстан Республикасының бүгінгі таңдағы білім жүйесінің негізгі стратегиялық мақсаты: жоғары білімді, бәсекелестікке қабілетті, шығармашыл жеке тұлғаны қалыптастыру. Сондықтан педагогикалық үрдістегі басты міндет білім дамытушылық сипатта болуы тиіс [2].

Елбасы: «Біздегі басты міндет – білім беруді жаңа сапамен және мазмұнмен толықтыру», – деген болатын кезекті халыққа Жолдауында [3]. Осы мақсаттарды жүзеге асыруда бүгінгі күні ғылым мен техниканың даму деңгейі әрбір оқушыға сапалы және терең білімнің және іскерліктің керектігін талап етеді. Сондықтан оқушылардың шығармашылық ойлауын дамыту, оқушының табиғи дарындылығын пайдалана отырып, ғылыми көзқарасы мен белсенділігін дамыту жұмыстары бірінші кезекке қойылған.

Жас ұрпаққа сапалы білім мен ұлағатты тәрбие беру мақсатында мектеп реформасына өзгерістер енгізілуде. Әр елдің даму деңгейі оның табиғи байлықтарымен емес, оның интелектуалдық және шығармашылық потенцияналдығы мен ғылым мен өндірісте технологияларды жете меңгеріп, оны ендіре білуіне байланысты.

Мектепте алған білім баланың шығармашылық әлеуетін дамытуға мүмкіндік беріп оны өнімді, шығармашыл, өзіндік ойлауға үйретуі тиіс. Баланың қабілеттерін дамыту мәселесі өзінің тамырын адамзат тарихының тереңінен алады. Ежелгі грек ғалымы және философы Сократ өз оқушысының дамуына үнемі қамқорлық жасап отырған.

Бүкіл бір халықтың ұстазы ұлы Абай өзінің қара сөзінде бала өмірге келгендегі қабілеттері әрі қарай дамытуды, шыңдауға қажет ететінін, сонда ғана олар пайдаға асатынын, керісінше, назардан тыс қалған қабілеттер бара-бара жойылып, жоқ болатынын айтқан.

Көптеген педагог-психологтар оқытудың дамытушылық ролін зерттеп, оны ғылыми түрде жаңа әдіс-тәсілдерді пайдалану арқылы жетілдіруге атсалысуда. Осыған орай Ж. Қараев, М. Монахов, Ф.Я. Вассерман, М.Жанпейісовалардың жаңа технологияларын толық меңгеріп, тиімді пайдалана білген жөн. Шәкірттің білім дәрежесіне қарап, ұстазын бағалауға болады деген ұлағатты сөз бар. Әрбір ұстаз кәсіптік білімін шыңдай түсетін, сондай-ақ білім берудің жаңа технологияларын тиімді пайдалана алатын, өзінің нақты мақсатын айқын көре алатын әлемдік ақпараттық қоғамның толыққанды мүшесін қалыптастыра алатын кәсіби шебер болуы керек.

Оқушының шығармашылық қабілеттерін дамыту және оны тәрбиелеу – бүгінгі таңдағы көкейтесті мәселелердің бірі. Шығармашылық – бүкіл тіршілік көзі. Адам баласының сөйлей бастаған кезінен бастап, бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері шығармашылықтың нәтижесі. Бұған бүкіл халықтық, жалпы және жеке адамның шығармашылығы арқылы келдік. Әр жаңа ұрпақ өзіне дейінгі ұрпақтың қол жеткен жетістіктерін меңгеріп қана қоймай, өз іс-әрекетінде сол жетістіктерді жаңа жағдайға бейімдей, жетілдіре отырып, барлық салада таңғажайып табыстарға қол жеткізеді.

М.Жұмабаев өзінің «Педагогика» оқулығында бала дамуының мәселелерін көтереді. Ол үшін оның танымын, ақылын, еркін қалыптастыру керек екенін жазады.

Ж. Аймауытовтың пікірінше, адам өмірге өзіндік табиғи қасиеттерімен, қабілеттерімен келеді. Ал, баланың бойындағы туа біткен қасиеттерді дамытатын оқыту мен тәрбие. Неғұрлым баланың қабілеті мен талантын дамытуға ертерек көңіл бөлінсе, соғұрлым оны толық ашуға мүмкіндік туады. Бала бойындағы ерекше қасиеттерді жасы үлкендер жеткілікті бағаламаса, ол «өзгелер сияқты» болып қалып қоюы мүмкін», – дейді.

Оқушының өз бетімен жұмыс жүргізуі – шығармашылық қабілетті дамытудың басты жолы. Бұл ізденіс, ойлау әрекетімен тікелей байланысты. Ол үшін балаға берілетін білім сабақтастықты қажет етеді. Мысалы, еліктеуіш сөздер тақырыбына орай айналадағы естілген дыбысты, адамдардың, жануарлардың сыртқы пішінін әр түрлі еліктеу сөздер арқылы жаттықтыру, еліктеуіш сөз қатысқан мәтінді оқу, табиғат құбылысына бақылау жасату, еліктеуіш сөз қатысқан сипаттама мәтін құрату, көркем мәтіннен еліктеуіш сөздерді табу, оқушының тілін дамыту ғана емес, шығармашылықпен жұмыс жүргізуге де әсер етеді, яғни оқушы ізденеді, талаптанады, ойланады.

Сонымен, оқушы шығармашылығы практикалық әрекеттер, ізденімпаздық арқылы дамиды, шығармашылыққа үйрететін сабақтар – жаңа технологияларды қолдану болып табылады. Мұндай сабақтарда оқушыға ерекше ахуал, мұғалім мен оқушы арасында ынтымақтастық қатынас сақталады. Мұғалім бақылаушы емес, бағалаушы емес, танымдық іс-әрекетін ұйымдастыратын шығармашылық істердің ұйытқысы. Тек осындай оқыту ғана оқушы интеллектісінің көзін ашып, шығармашылығын дамытады.

Қорыта айтқанда, оқушылардың шығармашылығын танымдық белсенділігін арттыруда шығармашылық сабақтарды өткізудің, оқушының өз бетімен ізденіп, шығармашыл ой-өрісін арттыруда алатын маңызы ерекше.

Әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы, 2002.

2. Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы, 2014.

3. ҚР Президентінің жолдауы «Қазақстан-2030 Стратегиясы».