Магистрант Байжан Қалқа Қалжігітқызы

 

«Тұран-Астана» университеті, Қазақстан

 

Сатпаев қаласындағы №4 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі

 

ОҚУШЫЛАРДЫҢ ТІЛДІК ҚОРЫН ДАМЫТУ

 

Тілдің негізгі элементі – сөздік қор. Ол – тілдің құрамының ішіндегі ең тұрақты, талай ғасырлар бойы өмір сүріп келе жатқан, жалпы күнделікті өмірде кеңінен қолданылатын халыққа ортақ сөздер жиынтығы.

Тілдің негізгі сөздік сөздік қоры – тілдің сөздік құрамының ең тұрақты бөлігі. Сөздік қор тілдегі сөздерді ғасырлар бойы сақтай отырып, тілдегі жаңа туынды сөздер мен жаңа туынды сөздер мен жаңа мағынаның жасалуына ұйытқы болады. Сөздердің негізгі сөздік қорда кең қолданылуы мен ұзақ сақталуы олардың сөз жасау қабілетін дамыта түседі. Сөздік қордың тіл бірлігін сақтап,көне дәуір әдеби ескерткіштерін ұғынуға, тануға мүмкіндік тудырады.

Бастауыш мектепте оқытылатын әр пәннің оқушы тілін дамытуға қосар үлесі болғанмен, бұл үлкен міндетті жүзеге асыруда «Ана тілі» пәнінің атқаратын қызметі зор. Пәннің негізгі мақсатының өзі – оқушының сөздік қорын дамыту. Және сөздік қормен қоса оқушының тіл мәдениеті нормаларын меңгеруіне түрткі болады. Оқушылардың таза, жатық, түсінікті сөйлеуін қалыптастыру – осы пәннің міндеттерінің бастысы. Осы орайда белгілі ғалым Н. Уәлиев: «Тіл мәдениеті дегеніміз – сөйлеудегі, жазудағы сыпайылық, ізеттілік қана емес, сонымен қатар айқын ойлылық, сөзді дәл айыру шеберлігі, сөйлеу өнеріне шыныққандық», - дейді. Жалпы, ана тілі сабағы арқылы жазу мен сөйлеу мәдениетінің алғышарты қаланады.

Бүкіл оқыту барысында оқушының тілін дамытып, сөз байлығын арттыру – ең маңызды жұмыстардың бірі. Бұл әрине бастауыш сыныптан бастап оқушылармен үзбей жүргізілетін жұмыстар нәтижесінде ғана іске асады.

Сабақ сайын өтілген тақырып ауқымына қарай кем дегенде екі-үш сөзден болсын оқушының лексикалық минимумы артып отырады және барлық үйренген сөзі күнделікті өмірде белсенді қолданыла бермеуі мүмкін. Көнерген сөздер (зат, киім-кешек, салт-дәстүр, музыкалық аспаптар, ай, жыл, қару- жарақ атаулары), кәсіби сөздер т. б. қажеттілік болмаса, үнемі белсенді қолданысқа түсе бермейді. Осыдан келіп сөздік қордағы сөздерді белсенді және белсенді емес сөздер деп қарастыру қажеттігі туындайды.

Бала тілін дамытып қалыптасуына жоғарғы жүйке жүйесінің жетілуімен тығыз байланысты. Баланың айналасындағы өмірді танып, білудегі басты жәрдемшісі де тіл. Ал тілдің дамуы оның сана-сезімінің, ой-өрісінің басқа да психологиялық үрдістің жетіле түсуіне негіз болады.

Бастауыш сынып оқушыларының сөздік қорын байытуда сөздерді үйретудегі ұстанымдары: сөздің оқушылардың күнделікті өмірмен байланыстылығын ескерту; үйретілген сөздің жеңілділігі; бастауыш сынып оқушыларының ұғымына сөз мағынасының сай келуі; сөздерді оқытылатын тақырыптармен байланысты таңдап алу; сөздердің мағыналық ерекшеліктерін ескерту; сөздердің тәрбиелік, ізгілік ұғымына сәйкестілігін есепке алу және т.б.

Сөйлеуге байланысты мазмұнды сөйлеу, дәл сөйлеу, жүйелі сөйлеу және мәнерлі сөйлеу талаптары қойылады.

Оқушының тілін байыту жұмыстары тіл мәдениетімен тығыз байланысты екені белгілі. Тіл мәдениеті бойынша бастауыш сынып оқушыларына мына талаптар қойылады:

- сөздерді лексикалық, фонетикалық нормаға сай орынды қолдана алу;

- орфография, орфоэпия нормаларын сақтай білу;

- ауызша, жазбаша тілде сөздерді талғап қолдана білу;

- шамасы жеткенше ертегі, әңгіме жаза білу т. б.

Мақал-мәтелдер мен тұрақты тіркестерді үйрету барысында да оқушының тіл байлығы артады. Оқулықта берілген және басқа да мақал-мәтелдерді, тұрақты тіркестерді ұдайы үйретіп отыру – мұғалімнің күнделікті жұмысының бір түрі. Үйренгендерін ұмытып қалмауы үшін оны сөздік дәптеріне жаздырып, әр тоқсанда соларды көбейту кестесі тәрізді жатқа жаздырып, бақылау жұмыстарын алуға болады. Мақал-мәтелдерді қаншалықты білетінін анықтау үшін, әрі мейлінше көп меңгерулері үшін осы бағытта сайыс сабақтар ұйымдастырылады. Сөздік қорының ең маңызды міндеті оқушылардың ауызекі сөйлеуде қолданылатын сөздер қорын толықтыратын сөздікті белсенді ету. Жаңа сөздерді есте сақтаудың тәсілдері мен жаттығулары да бар.

Тіл дамыту мақсатындағы жүргізілетін жұмыстар оқушының ойлау қабілетіне, сондай-ақ өз ойын жеткізе білуіне, шығармашылық ізденісіне жол ашады. Мұндай жұмыстар оқушының білімін ғана жетілдіріп қоймайды, жеке дара шығармашылық қабілетінің ашылуына түрткі болады. Сабақ үдерісінде мұғалімнің басшылығымен мұндай жұмыстар жүзеге асырылып, жүйелі орындалып отырса:

- оқушының сөздік қоры мен тілін байытуға ықпал етеді;

- ауызша және жазбаша тіл мәдениеті талаптарын меңгереді;

- сауатты жазуға үйретеді;

- оқушы өз бетімен шығармашылықпен айналысуға үйренеді.

Қорыта келгенде, мақала көлемінде ана тілі сабақтарында оқушының тіл байлығын арттыруға жәрдемі тиетін әдіс-тәсілдер мен іс-әрекет түрлері қарастырылды. Осындай жұмыстар жүйелі жүргізіліп отырса, кез келген мұғалімнің мақсатына жететіні даусыз.

Әдебиеттер:

1. Рахметова С. Бастауыш сынып оқушыларының тілін дамытудың ғылыми-әдістемелік негіздері. педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған дисс. авторефераты. – Алматы, 1994.

2. Уәлиханұлы Н., Тілемісұлы Н. Сөз мәдениеті. – Алматы, 2002.

3. Балақаев М., Серғалиев М. Оқулық. - Алматы: Зият Пресс, 2004. -140 б.