Әбдіқалық
Күнімжан Сәдірқызы
ҚазмемқызПУ-дің доценті, ф.ғ.к.,
Қазақстан
Муталиева Раушан Мамырқызы
С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің
профессоры, ф.ғ.к., Қазақстан
І.ЖАНСҮГІРОВ
ПОЭМАЛАРЫНЫНЫҢ ТЕКСТОЛОГИЯСЫ
Ілияс Жансүгіров поэмаларының
әр кезеңде жинақта бірнеше рет жарық көргені
белгілі. Ақынның газетте басылған поэмаларын кейінгі
жарық көрген жинақтардағы нұсқаларымен
салыстыра отырып, мәтіндік айырымдарына назар аударамыз. «Қазақ әдебиеті» газетінде
(1959 жыл, 10 март) «Ілияс
Жансүгіров
«Аяқталмаған екі дастан» (бұрын жарияланбаған
қолжазбадан)» деген атпен «Көбік шашқан» мен «Исатай»
поэмалары жарияланды. Ақынның бұл шығармалары көзі
тірісінде жарық көрмей, қолжазба күйінде бізге жеткен.
Газеттік нұсқадан кейін алғаш рет Ілияс Жансүгіровтің толық шығармалар
жинағының (1960-1964) 2-томында берілген. Осы шығармалары
кейінгі 2003 жылғы «Атамұра» баспасынан шыққан
«Құлагер» жинағы мен
2004 жылғы «Қазығұрт» баспасынан
шыққан «Көп томдық шығармалар жинағында» да
басылған. Екі
жинақтық нұсқада да ешқандай өзгеріс
жоқ, мәтіндері бірдей. Ал осы жинақтық
нұсқаны қолжазбамен,
яғни, газеттік нұсқамен өзара салыстырғанда
бірсыпыра айырмашылықтары аңғарылады.
Алдымен Ілияс
Жансүгіровтің «Көбік шашқан» поэмасына
тоқталсақ, мұнда сөздердің арнайы
өзгертілуі мен сөз ішіндегі әріптен кеткен қателер
бірден көзге ұшырасады. Мәселен, қолжазба
нұсқасы бойынша поэманың екінші бөлігіндегі:
Күй тартты ел толқынын,
елдің ерін,
Көрінді көтерілген елдің бәрі,–
деген өлең жолдары 2003
жылғы жинақтық
нұсқада:
Күй тартты ел толқынын,
елдің ерін,
Көрінді хан ордада бидің
бәрі (344-б.),–
деп берілген. Сонда өзгертілген сөздердің қайсысы дұрыс?
Дұрысы – газеттік нұсқа. Олай дейтін себебіміз, біріншіден,
қолжазбадағы нұсқа ақынның өз
сөзі, яғни, түпнұсқа. Екіншіден, «ел
толқыны, елдің ері» туралы айтылған күй
мазмұнында хан ордасындағы билердің көрінгенінен
гөрі, ел бейнесінің көрінуі қисынырақ.
Сондай-ақ осыдан кейінгі өлең шумақтарындағы:
Бір толқын ел ішіне келген
дейді,
Ел толқып атқа мінді
деген дейді (345-б.),–
деген өлең жолдарының
мазмұнына алдыңғы жолдардағы, яғни,
қолжазба нұсқасындағы «көтерілген елдің»
көрінуі әбден орынды болмақ.
Әріптен кеткен қателерге келсек, қолжазба
нұсқасы бойынша поэманың бірінші бөлігіндегі «Ажаулап
сиырды әйел, жылқы
азынап» деген өлең жолындағы «ажаулап» сөзі, «Жылқыға бөгелектер
найза салып» деген
өлең жолындағы «бөгелектер» сөзі, «Қыдырып қымыз ішіп, бағыланды жеп» деген
өлең жолындағы «бағыланды» сөзі,
поэманың екінші бөлігіндегі «Қашаған
қамшысына бүйрін таяп»
деген өлең жолындағы «бүйрін» сөзі 2003
жылғы нұсқада «ауһаулап», «бүгелектер», «бағланды»,
«бүйірін» деп орынды
түзетілсе, ал поэманың
бірінші бөлігіндегі «Бауырымдап бір іңірде неге жылау» деген өлең жолындағы «бауырымдап»
сөзі, поэманың екінші бөлігіндегі «Күңірентті домбырашы – күйдің нары»
деген өлең жолындағы «күңірентті» сөзі 2003 жылғы нұсқада «баурымдап»,
«күнірентті» деп қате
берілген. Соңғы сөз
теруден кеткен қатеге жатады.
Ілияс Жансүгіровтің
қолжазба нұсқасындағы «Исатай» поэмасын 2003
жылғы жинақтық нұсқамен өзара салыстырып
қарағанда біршама айырмашылықтар байқалады. Мұндағы
мәтіндік айырымдар, біріншіден, өлең жолдарының
өзгертілуінен көрінеді. Мәселен, қолжазба
нұсқасы бойынша поэманың екінші бөлігіндегі:
Ол күңірентіп
өткен күн,
Ұлардай жұртты
шулатқан
Естен
қалмас сол бір күн,–
деген өлең жолдары 2003
жылғы жинақтық
нұсқада:
Ол бір, ол бір, ол бір
күн,
Ұлардай жұртты
шулатқан
Естен қалмас сол бір күн
(347-б.),–
деп берілген. Негізінен «Ол күңірентіп өткен
күн» деген өлең жолы осы бөліктің кейінгі
жолдарында қайта кездеседі. Бәлкім осыған орай жинақ шығарушылар сол
жолдың орнына «Ол бір, ол бір, ол
бір күн» деп өзгертуі де мүмкін. Қай сөзді
қолданса да өлең мазмұнына нұсқан
келмейтіні рас. Десек те қолжазба нұсқасындағы
өлең жолы сол күннің жай күн еместігін баса
айтатындай салмақтырақ.
Сондай-ақ қолжазба нұсқасы бойынша
поэманың соңғы бөлігіндегі:
Қыз тұлғасын
қарасаң –
Айдын
көлдің қуындай,–
деген өлең жолдары 2003
жылғы жинақтық
нұсқада:
Қыз тұлғасын
қарасаң –
Айдынды
елдің туындай (350-б.),–
деп берілген. Мұнда да
бастапқы
нұсқасындағы өлең жолын қолдану орынды болмақ. Өйткені қыз
тұлғасын тудан гөрі аппақ аққуға теңеген қисынды әрі
бұл балама қазақ поэзиясында орын алған.
Екіншіден, өлең жолындағы
жекелеген сөздердің өзгеріске ұшырауы. Мәселен, қолжазба нұсқасы
бойынша поэманың бірінші бөлігіндегі «Аруын ат көтіне
салып келіп» деген өлең жолы 2003 жылғы жинақтық нұсқада «Аруын ат артына салып келіп» деп беріліп, анайы сөзді сыпайы сөзге айналдырып, жинақ
шығарушылар орынды түзету енгізсе, «Жігіттер алдық деп
жүр тамашалап» деген
өлең жолындағы «деп» сөзі 2003 жылғы
нұсқада «десіп» деп беріліп,
орынсыз өзгертілген. Өйткені «десіп»
сөзі он бір буынға құрылған өлең
жолына буын санын асырып тұр. Ал
«Астында теңбіл көгі күрс-күрс басқан» деген өлең
жолындағы «күрс-күрс» сөзі, «Төгіліп түсті белге түйген
шашы» деген өлең
жолындағы «түйген» сөзі,
«Салып тұр елге ылаң
Жәңгір – бүкіл»
деген өлең жолындағы «бүкіл» сөзі
2003 жылғы нұсқада «тырс-тырс», «сүмбіл»,
«бүлік» деп өзгертіліп берілген. Бұл арада
бастапқы нұқадағы «түйген» сөзі өз қалпында
қалғаны дұрысырақ. Өйткені шешініп жатқан
қыздың түйген шашының беліне түсіп жатуы
өлең мазмұнына сай
нанымды.
Үшіншіден, өлең жолы мен жекелеген
сөздердің арнайы қысқартылуы немесе байқаусызда түсіп қалуы.
Мәселен, қолжазба нұсқасындағы поэманың бірінші бөлігінде екі
рет кездесетін «Ылып тұр
жылпың жігіт зыр жүгіріп»
деген өлең жолының біріншісі 2003 жылғы нұсқада қысқартылса,
қыз жауабындағы «Тарылтты ғой тынысты хандар қуып»
деген өлең жолындағы «ғой» сөзі 2003
жылғы нұсқада түсіп қалған. Егер «ғой»
сөзі алынып қалса, он бір буынға
құрылған өлең жолының буын саны кеміп
қалады.
Төртіншіден, өлең
жолдарының ауыстырылып берілуі. Қолжазбада «Көз жастының бәрі
бар, Жетім, жесір жылаған» деп берілсе, 2003 жылғы жинақта
«Жетім, жесір, жылаған,– Көз жастының бәрі бар»
(348-бет) деп беріледі.
Түйіп айтқанда, Ілияс Жансүгіровтің газетте басылған поэмаларын
жинақтық нұсқалармен салыстыруда бірсыпыра
мәтіндік айырымдарына тоқтала отырып, келешекте жинақ
шығарушылар өлең жолдары мен жекелеген сөздерді
редакциялауда ең алдымен
ақын қолжазбасымен
де санасса екен деген ниет білдіреміз.
Әдебиет:
1. Жансүгіров І. Құлагер.–
Алматы: Атамұра, 2003.
Резюме
Статья посвящена рассмотрению
текстологических различий произведений И.Жансугирова.
Resume
The article
deals with textological differences in the sing of I.Zhansugirovа.
