Әбдіқалық
Күнімжан Сәдірқызы
ҚазмемқызПУ-дің доценті, ф.ғ.к.,
Қазақстан
Акбота Нұрпейісова Тыныштыкбаевна
филиал АО "НЦПК "
Өрлеу", ф.ғ.к.,
Қазақстан
Ш.МҰРТАЗАНЫҢ ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ
ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ ӘҢГІМЕЛЕРІ
Шағын проза жанрына
өз үлесін қосқан Шерхан Мұртазаның әңгімелерінде заман
шындығы, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тыл өміріне
қатысты қазақ ауылының тыныс-тіршілігі,
қазақ әйелдерінің
тағдыры, жалпы адам психологиясының барлық
қырлары шынайы тұрғыда суреттелген.
Қаламгер туралы
Тахауи Ахтанов “Шерхан Мұртаза
шығармаларының мені
сүйсіндірген бір қасиеті – осы уақытқа, мезгілге
деген дәлдігінде, шындыққа
көзінің жітілігінде... Шерхан әңгімелерінде де
сарғайған сағыныш
ыстық пен суықтай оқушы жүрегін қарып
өтетін қуаныш пен
күйініш сызаттаған
үміт пен сыздаған мұң сияқты адам сезімінің небір иірімдері
байқалады” деген пікірін білдірсе, Әбіш Кекілбаев “бүгінгі қазақ руханиятының
тұлғасы” деп
бағалайды.
Расында да оның “41-жылғы келіншек”, “Бір нәзік сәуле”,
“Сол бір күз”, “Интернат наны”, “Тұйық
шарбақ”, “Жүз жылдық жара”, “Шешек шырылдайды”,
“Кәрі солдат”,
“Соғыстың соғы жесірі”, “Ұзақ
командировка», “Тілсіз қоңырау”, “Аманат”, “Алтын тікен”, “Шақалақ”,
“Жаңбырлы той”, “Сусамыр”, “Жүрекке әжім түспейді”,
т.б. әңгімелерінде өмір шындығын көркемдік
шындыққа ұластыра білген жазушы шеберлігі танылып жатады.
Мәселен, “Шақалақ”,
“Жаңбырлы той”, “Жүз жылдық жара” әңгімелерінде
қазақтың әдет-ғұрпы, ұлттық
наным-сенім мен мінез-құлқы насихатталып жатса,
“41-жылғы келіншек” әңгімесіндегі Хадишадан ауылдағы салт-дәстүрді берік
ұстанған қазақ әйелінің табиғи
болмысын, “Сол бір күз”, “Интернат наны”, “Тұйық шарбақ” сынды әңгімелердегі жетім балалардан соғыстың зардабынан ел ішіндегі ауыр бейнеттің
дәмін татқан жеткіншектер бейнесін
көреміз.
Ш.Мұртазаның 1960-80
жылдары жарық көрген әңгімелерінің
көпшілігінде Ұлы Отан соғысының қазақ
халқына әкелген
қайғы-қасіреті мен соғыстан кейінгі жылдардағы
елдің ауыр тіршілігі суреттеледі. Жазушының
“41-жылғы келіншек”, “Бір нәзік сәуле”, “Сол бір күз”,
“Интернат наны”, “Жүз жылдық жара”, “Шешек шырылдайды”, “Кәрі
солдат”, “Соғыстың
соғы жесірі” сынды туындыларында соғыстың халыққа
тигізген зардабы, жоқшылық тауқыметі мен жақындарынан
айырылып, қаралы күй кешкен ел мұңы шынайы түрде
баяндалған.
Қаламгердің “41-жылғы келіншек”
әңгімесіндегі бас кейіпкері – Хадиша. Күйеуі
Мақсұт өзгелермен бірге соғысқа аттанғанда
ол небәрі жиырма сегіз жастағы жас келіншек болатын. Соғыс
аяқталып, тірі қалған ер-азаматтардың барлығы
елге оралғанда мұның жарынан хабар болмайды. Өлдіге жорығысы келмеген
жарының ошағын сөндірмей, қара шаңырақка
жалғыз ие болып қалады.
Қызы Жанар тұрмысқа шығып, Хадишаны қолына
алғысы келгенде де үзілді-кесілді қарсы болып, Мақсұт
үйінің түтіні өшпегенін қалады. Осылайша сарыла,
сағына күтіп бар жас ғұмырын соғысқа
аттанған күйеуінің жолын тосуға арнады.
Қартайғанша ерінен
күдер үзбей, жалғыздықпен күн кешкен
Хадишаның жанына өз қайнысы Шалабай мен Ақшай
кемпірдің қорлығы ауыр батып еді. Мақсұттың інісі Шалабай жеңгесін жалғызбасты деп басынғаны
соншалық тиісті кәде-жоралғыны оған бермей, қоржынның аузын Ақшайға
аштыртып, Хадишаны бір
қорласа, Ақшайдың айтқан ауыр сөздері
Хадишаның жанын одан сайын азапқа салған еді. Өзін кемсіткен Ақшайдың “қубас, қақбас” деген сөздері де жүрегін
сыздатады. Сөйтіп, жастай жетімдік пен жесірліктің
тауқыметін тартып, бар азапқа төзген Хадишаның бейбіт
күнде де елден, әсіресе, ең жақыны, өз
қайнысы Шалабайдан көрген қорлығы әбден жасытып,
көңіліне қаяу түсіреді. Жазушы осындай картиналарды беру арқылы да талай сырдың
бетін ашқандай.
Әңгімеде болып жатқан эпизодтар кейіпкердің
түс көруі арқылы өрбиді. Хадиша
түсінде Мақсұтты әскерге аттанғандағы
жап-жас қалпында көреді де, көрген қорлығын, бар
мұң-зарын соған төгеді. “Сорлысың, сорлы,– деп
Ақшай ернін шығарды, ерніңе күйдіргі
шыққыр.
– Тағы отыз жыл күт,
келеді Мақсұт, – деп кекетті.
–
Күтемін, – дедім. – Жүз жыл күтемін, – дедім.
Сөйттім де,
ызаға шыдай алмай, айқай салып далаға атып шықтым.
– Қайдасың, Мақсұт! – деп айқайладым.
Үйге енді
кіріп отырғаным да осы еді, сен келіп қалдың,
Мақсұт. Ақшай енді не бетін айтар екен, бәлем.
Ол үндемеді.
Бәрін үнсіз тыңдап босағада әлі тұр.
– Неге үндемейсің,
Мақсұт?!– деп, Хадиша сонда шыңғырып жіберді.
Хадиша
өз даусынан өзі шошынып оянды” [2,301]. Табалдырықтан аттамай
бір орында тапжылмастан тұрып қалған күйуінің
бұл әрекетіне ыза болып айқайлап жіберген ол осылайша
өз түсінен өзі шошып оянып кетеді. Түсінде
күйеуінің өзіне еш тіл қатпағанына
аң-таң болған қария одан әрі өз тіршілігін
жасап, келер күндерден бір үміт күтіп қала береді.
Мұнда
жазушы бір ғана Хадишаның емес, соғыс жарынан айырып, зарлы
еткен талай қазақ әйелінің басындағы ауыр
қайғыны шынайы түрде қарапайым тілмен баяндайды. Хадиша
образы өзінің бар болмыс-бітімімен шебер сомдалған.
Жазушы әңгімесінде жеңіл
өмір сүріп, соғыс зардабы өте қоймаған
келіншектер де бар екенін Ақшай
бейнесі арқылы еске салады. Ақшай мен Хадиша бір-біріне
ұқсамайтын, қарама-қарсы алынған бейнелер.
Яғни, Ақшай – қайғы-мұңсыз, шалы мен
балаларының алдында шалқып өмір сүрген әйел
болса, Хадиша – тағдырдың ауыртпалығына
мойынсұнған, жүрегі
қан жылаған жаралы жан. Оның жары Мақсұт
елі үшін соғыста жанын пида етсе, Ақшайдың шалы
әскердегі міндетін орындаудың орнына өз қара басын
ойлап, жан сауғалаған пенде еді. Жазушы әңгімесінде
осындай опасыз жанның қылығын тез ұмытып, оны құрметтеп сыйлап отырған, ал сұрапыл
соғыста қан кешіп, ел үшін қаза тапқан
Мақсұттың әйелі Хадишаны елемеген ел-жұртты да
сынға алған сыңайын да жасырмайды. Өмірде осындай тек қара басын
ойлайтындардың “асығы
алшысынан түсуі қалай”
деген оқырмандарға сауал тастауы да тегін емес.
“Бір
нәзік сәуле” әңгімесінде де соғыстан жары
қайтпаған, бірақ күйеуінің шаңырағына
ие болып, жалғыз қызын тәрбиелеп өсірген ана образы
сомдалады. Сондай-ақ қоғамның ащы шындығын
бедерлеген бұл туындыда соғыс жылдарындағы ауылдың ауыр
тұрмысы мен қазақ әйелдерінің аянышты
тағдырлары да өзек етеледі.
Түйіп
айтқанда, Шерхан Мұртаза өзінің барлық
шығармаларында әр кейіпкердің ойын терең түсіне
отырып, адам психологиясының барлық қырларын шынайы да
көркем тілмен жеткізе біледі.
Әдебиет:
1. Мұртаза
Ш. Қырық бірінші жылғы келіншек. Алматы, 1972.
Резюме
В настоящей статье речь идет о рассказах Ш. Муртазы 60-80-х
годов.
Resume
In this article we are
talking about the stories Sh Murtaza 60-80s.