Өскемен қаласы С.Аманжолов атындағы ШҚМУ

Матаева Бақыткүл Үкіжарқызы магистр,

«Психология және педагогикалық коррекция» кафедрасының аға оқытушысы

Айтбайқызы Жансая

Өскемен қаласы С.Аманжолов атындағы ШҚМУ

«Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығының 3курс студенті

 

Отбасындағы бала тәрбиесі.

Тәрбие – адамның қоғамда өмір сүруіне қажетті сапаларын қалыптастыратын дамыту мақсатында оған ықпал ету процесі. Қай заманда да, қай халық болсын тәрбиеге ерекше мән берген. Оны үнемі қоғамның дамуына сай ілгерілетіп, жетілдіріп отырған. Алайда адамды бар мінінен арылтып, бірден тұлға ретінде қалыптастырып жіберетін тәрбиенің өз алдына тігілген отауы жоқ. Тәрбие халықтың, адамдардың сан алуан қатынастарымен, адам санасындағы қоғамдық мұраттармен бірге келіп отырады. Ол қоғамдағы білім, ағарту жүйесі арқылы күрделеніп, толығып, белгілі бір мақсатқа сәйкестендіріріледі. Халқымыз «сегіз қырлы, бір сырлы» адам тәрбиелеуді мұрат ете отырып, өзіндік бай тәрбиелік жүйе қалыптастыра білген.

«Адамның бір қызығы бала деген » деп Абай атамыз айтқандай, адамның да, өмірдің де қызығы жас жеткіншектерді әдепті, кішпейіл, өнегелі, өнерлі азамат етіп тәрбиелеу тек ата-ананың ғана емес, қоғамның алдына қойған міндет болуы тиіс.

Жас ұрпақ біздің өміріміздің тікелей жалғастырушысы ғана емес, еліміздің тірегі, мызғымас болашағы. Адамзаттың өмірдегі ең қымбаттысы, көз қуанышы – бала. Бала – дербес тұлға. Оның бойындағы табиғи қасиеттер, адамгершілік құндылықтары отбасында, мектепте, әлеуметтік ортада нәрленеді. Тәрбие үрдісінің бір тарауы отбасымен жұмыс десек, отбасынан басталатын тәрбие мектеп өмірінен жалғасын табады. Қазақтың отбасында өмірге келген әр бала ес біліп, етек жиғанша, негізінен әке мен ананың тәрбиесінде болады. Бүгінгі мақсат әрбір бала түбегейлі білім мен мәдениеттің негіздерін білу және олардың жан жақты дамуына ата-ана, мектеп жағдай жасауы керек. Сондықтан сіздерге балаларыңыздың мектептен барлық мүмкіндіктерді пайдаланып білім алу мен тәрбие жұмыстарына қатыстырып өзін-өзі басқаратын азамат болуына ат салысу қажет.

Отбасындағы бала тәрбиесінде ата-ананың жауапкершілігінің төмендеуінің салдарынан көше кезіп, қателіктерге бой алдырып, жағымсыз істерге әуес балалар саны көбейе түсуде.  Мысалы осындай балалардың бопсалаушылыққа, ұрлық жасауға, шылым шегуге, ішімдікке деген қызығушылықтары артып, білімге деген  ынтасының төмендеуіне әкеледі. 

Ғалымдардың айтуынша, бала ата-анасынан күніне орта есеппен 14 құшақты қажет етеді екен. Бұл баланы 14 рет қапсыра құшақтау емес, мысалы: жылы сөз айту, жақсы көзқараспен қарау, баланы мақтау, қолдау, т.б. Осы 14 құшақ арқылы ата-ана баланың бойына мейірімділік шуағын ұялата алады. Жан  дүниесі мейірімге толы бала жамандыққа бармайды.

Баламен үнемі терең психологиялық байланыста болу – барлық ата-аналарға  бірдей дәрежеде ұсынылатын, тәрбиеге қойылатын әмбебап талап. Нақ осы ата-анасымен байланысын сезіну және басынан  өткеру балаларға ата-ана  махаббатын, үйірлігі мен қамқорлығын сезінуге мүмкіндік береді.

Баламен тепе-теңдікті сақтау- баланы тәрбиелеуде оның белсенді рөлін мойындау. Адам тәрбие обьектісі болмауы керек, ол қашан да өзін-өзі тәрбиелеуші белсенді субьект. Ата-ана өз баласы оның жан дүниесіне оның өз жетістіктеріне жету, өзін-өзі жетілдіру қажеттілігін оята алатындай дәрежеде ғана билік жасай алады.

Баламен қарым-қатынас жасау- балаға деген шексіз сүйіспеншілігіңді көрсете білу ретінде, оның өзіне тән жеке даралығын үздіксіз, қажымай-талмай тани білуге сүйене отырып құылады.  Баланың ішкі әлеміне, эмоциялық жағдайына үнемі сыпайы ғана үңіліп отыру, онда болып жатқан өзгерістерді, әсіресе жан дүниесінің құрылысын сезіну- осының барлығы қай жастағы болмасын бала мен ата-ана арасындағы өзара терең түсіністіктің тууына негіз қалайды. Баланы қабылдау – баланың қзіне тән даралығына, басқаларға,, оның ішінде ата-аналарына ұқсамайтындығына құқы,ы барлығын мойындау.Баланың бос уақытын дұрыс ұйымдастыру – баланың қызығушылықтарын ескере отырып, әр түрлі үйірмелерге, секцияларға тарту.

Ата-ана балаға деген тәрбиені дұрыс құру үшін өзінің тәрбиелік әрекетін тудыратын мотивтерді, өздерінің тәрбиелік мотивтері неден туындайтынын анықтап алып отырғаны жөн.

Ата-аналарға арналған бала тәрбиелеудің 9 өсиеті.

1.     Балаң өзіңнің көшірмең болады деп күтпе. Оған қоса, сенің қалауыңдағыдай болады деп күтпе. Тәрбие бала үшін сен болуға емес, өзіндік ерекше болуға көмектесуі тиіс.

2.     Барлық жасаған іс-әрекеттер үшін балаңнан құн сұрама: сен оған өмір сыйладың, ол қалайша саған ал,ысын жеткізе алады? Ол басқа адамға өмір сыйлайды, бұл алғыстың қайтымсыз заңы.

3.     Тәрбиелеу процесінде бар өшіңді балаңнан алма, өйткені не ексең, соны орасың.

4.     Балаңның проблемаларын түкке тұрмайтын деп асқақтап қарама: өмір ауыртпалығы әр адамға күшіне байланысты беріледі, сондықтан да баланың жүгі сеніңкімен бірдей болады. Мүмкін сеніңкінен ауырлауда шығар. Өйткені, баланың әлі дағдысы қалыптаспаған.

5.     Тәрбие беруде баланы мұқатып, кемсітпе.

6.     Өз балаңа бір нәрсені жасай алмасаң, ол үшін өзіңді қорлама. Бірақ жасау қолыңнан келіп, жасамасаң – қорлан.

7.     Бала үшін барлық жағдай жасау – тәрбие берудің ең маңызды заңдылығы. Осыны ұмытпа!

8.     Біреудің баласын сүйе біл. Басқа біреудің баласына өз балаңа жасамайтыныңды жасама.

9.     Балаң дарынсыз, қырсық, ересек болса да,  оны сүйе біл; балаңмен қарым-қатынаста қуануға ұмытпа, өйткені балаңның жанында болу – бұл сенімен өмір бойы бола бермейтін мереке уақыты.

Айтылғандардың бәрінен мынадай тұжырым шығаруға болады: балалар бұл өмірге үлкендердің тәрбиесін алу үшін ғана емес, балалар бізді де тәрбиелеу үшін дүниеге келеді. Ата-аналар өз балаларын жақсылыққа тәрбиелеу барысында өздері де жақсы бола бастайды. Бұл тәрбиелеудің негізгі мақсаты.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.     Педагогика және оқушы психологиясы 5 (8) 2014 Алматы

2.     Өзін-өзі тану Самопазнание 1(25) 2016 Алматы

3.     Педагогика және оқушы психологиясы  3(15) 2015 Алматы

4.     Өзін-өзі тану Самопазнание 1 (25) 2016 Алматы