Өскемен қаласы С. Аманжолов атындағы 
Шығыс Қазақстан Мемлекеттік Университеті 
«Психология және педагогикалық коррекция» 
кафедрасының аға оқытушысы, магистрі Матаева Б.Ү. 
«Дефектология» мамандығының 3 курс студенті 
Мұратбекова Н.М.

 

Мүмкіндігі шектеулі балалардың сөйлеу тілін мақал – мәтел арқылы дамыту.

 

Халық ауыз әдебиеті – талай ғасырлардан келе жатқан мұра, сарқылмас бай, асыл қазына, халық шежіресі. Балалардың сөйлеуін, ой – өрісін дамытуда, көзқарасын,  тәлім тәрбиесін қалыптастыруда  халық ауыз әдебиетінің бір түрі – мақал – мәтелдердің  алатын орны ерекше. Мақал – мәтел – әрі  қысқа,   әрі  нұсқа  айтылған  сөз  мәйегі, ой  маржаны. Мақал – мәтелдерден  халықтың   ой-санасы,  дүниеге  көзқарасы,  ақыл -   өнегесі  мол  көрініс  тапқан. Мақал – мәтелдер  балаларға терең ой салып, көркем образды сөйлеуге жаттықтырып, сөздік қорын дамытады.  Мақал  менен  мәтелдерде  халқымыз  жақсылық  пен  жауыздықты,  адамдық  пен  арамдықты,  еңбеккерлік  пен  еріншектікті,  жомарттық  пен  сараңдықты  салыстыра  сөз  етеді.  Мақалдар  мен  мәтелдерде адамның  жан-жақты  тәрбие  алуына  үлкен  мән  берген,  тәлім-тәрбиені мақал – мәтел  арнасына шеберлікпен  сыйғыза  білген.   Мақалдар мен  мәтелдердің мазмұны  бабаларымыздың  өмір  тәжірибесін қамти  отырып,  біздің  санамызды,  әсемдік  сезімімізді,  талғамымызды,  көзқарасымызды  дамытады.  Сонымен  қатар  ұлтымыздың  мақал – мәтелдері  сөздің  мағынасын  түсіне білуімізге  және  тапқырлыққа баулиды,  шеберлікке,  шығармашылыққа  бастайды,  көркем  сөз  табиғатына жетелейді  әрі  ұшқыр, көңілге  қонымды,  ойлы,  бейнелі  сөйлеуге  үйретеді,  сөйлеу  мәдениетін  дамытады.

Жалпы мектепке дейінгі мекемелерде балалардың ой – өрісін, санасына туған тіліне, халқына деген сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімін ұялатып, қиялдарын қанаттандыру, ұлттық рухты бойларына сіңіру, ана тілі мен Отанына, тарихы мен мәдениетіне деген сезімдерін қалыптастыруда қазақ  халқының ауыз әдебиетінің орны ерекше.  Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан халқымыздың ауыз әдебиеті – мектепке дейінгі жастағы балалардың ой өрістерін дамытуға, қиялын шарықтатуға, тіл байлығын молайтуға тигізетін пайдасы ұшан-теңіз... Бастауыш сыныпта оқушылардың тіл орамдылығын арттырып, өмірге көз қарасын қалыптастырса, ой – өрісін кеңейтіп, сөздік қорын байытады. Балаларды жақсыға үйретіп, жаманнан жиренуге тәрбиелейді.

Біздің жарқын болашағымыз – өскелең жас ұрпақтың біліктілігімен байланысты. Жас ұрпақ – өркениетті тәрбие шуағына шомылса ғана, білім нәрімен сусындаса ғана мемлекетіміздің көсегесі көгереді, егеменді ел баянды болады. Тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақ екені ақиқат.

Осыған орай балалардың бойындағы барлық сапаны , дағдыны, қабілетті, білім мен біліктілікті тұтас сәйкестікте дамытуға бағытталған білім жүйесін қалыптастыру қолға алынуда. Жан-жақты білімді , өз ойын ашық айтатын , сөйлеу мәдениеті жоғары «жеке тұлғаны» бастауыш сыныптан бастап дайындауға ерекше көңіл бөлінуде.

Бастауыш сынып жасындағы балалардың сөздік қорын байытып, тілін дамыту әдістемесі оқушының тұлғалық ерекшелігін дамытуда ерекше орын алады.

Түзете дамыта оқыту сыныптарындағы психикалық дамуы тежелген оқушылар ҚР мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандартына сәйкес білім алады. Психикалық дамуы тежелген балалардың бір бөлігінің сөйлеу тілінің жүйелі түрдегі бұзылыстары болады, ұяңдық ,баланың бойындағы өз – өзіне деген сенімсіздіктің басым болуы, олардың тақырыпты меңгерулеріне кедергі келтіреді. Осы оқушыларды оқытудағы түзету міндеттерінің бірі – сөйлеу тілін жан – жақты дамыту жатады. Бастауыш мектеп бағдарламасында балалардың жас ерекшелігіне  сай тапсырмалар, жаттығу жұмыстары берілген. Бірақ сол тапсырмаларды орындату үшін мұғалім әр баланың даму деңгейін ,яғни қабылдауын, зейінін, ойлау қабілетін біліп барып, ол баламен жұмыс жүргізеді. Оқушының даму деңгейін көтеруде тіл дамыту жұмыстарының алатын орны өте жоғары.

Психикалық дамуы тежелген оқушыларды оқытуда тіл дамыту жұмыстары мынадай бағытта ұйымдастырылады:

- Оқушыға қоятын талаптар баланың мүмкіншілігіне сай болу керек.

- Баланың тілін дамыту үшін өзі қажет деген әдісті пайдалануы.

- Оқу материалының күрделілігі, орындалатын жаттығу жұмыстары, баланың ұғымына таныс, жеңіл болуы.

- Тіл дамытуда мақал – мәтелдер, мысалдар, өлең – жыр, қызықты әңгімелер, шешендік сөздер таңдалып алынуы.

- Жаңа сөздерді үйретіп, оны іс жүзінде қолдана білуге үйрету.

Бала тәрбиесіндегі халқымыз асыл сөзін, даналық ойларын мақал-мәтелдер арқылы үлгі өнеге ретінде ұрпақтан – ұрпаққа  жеткізіп отырған.  Баланы мақал – мәтелдер арқылы тәрбиелеу тақырыптық жүйемен топтап ұсынған. Мысалы: «Оқу-білім бұлағы», «Еңбек», «Достық-жолдастық» т.б.

Балаларға арналған мақалдар білім алуға, оқуға шақыра отырып, олардың тілін ширатуды көздейді. Еңбек ету, білім алу, жақсы азамат болып өсу үшін тәрбиенің де жақсы болуы керектігі мақал – мәтелдерде  толық қамтылады.  Мақал – мәтелдердің адал достық, жақсы жолдастыққа баулитын, адамгершілікке жат мінезден аулақ болуға да тәрбиелейтін тұстарыда баршылық «жаман аттан аяғым артық», «еңбек түбі зейнет» және т.б.

Бала тәрбиесіндегі басты мәселенің бірі – еңбек ете білуді, үлкендер еңбегін бағалауды үйрету десек, мақал – мәтелдерде бұл назардан тыс қалмаған.

Тіл дамытудың тиімді құралдарының бірі мақал –мәтелдер айтқызу арқылы баланың тілін дамыту. Тіл дамытудың қандай түрі болсын, бәрі бала тілін дамытуға, жазу және тіл мәдениетін жетілдіруге бағытталады. Оқушылардың сөздік қорын дамыту кезіндегі логопедиялық сабақтарда халық ауыз әдебиетінің үлгілерін қолданса, олардың сөйлеу тілін дамытуда және жеке дамуына ілгері әсерін тигізеді..

Мақал-мәтелдер – ел  аузында,   сөйлеу тілінде қолданылатын  мазмұнды  салалардың  бірі.   «Сөз  асылы – мақал»  деп  тегін  айтылмаса  керек.

             Қазақ   халқы   мақал – мәтелге өте  бай.   Мақал – мәтелде халқымыздың  өніп – өсуіне,  мінез – құлқын  қалыптастыруға,  тіршіліктің  қыры  мен  сырын  түсінуге, оның  қайшылығын  тануға   терең  баға  беріледі.

Психикалық тәсілдерді пайдалана отырып,  дамуы тежелген оқушылардың тек қана сөйлеу тілін ғана дамытып қоймайды, қайта олардың таным процестерінің, басқалармен қарым – қатынасының дамуына, сынып оқушыларын татулыққа, бірлікке, бір сөзбен айтқанда адамгершілік қасиеттерге баулуға өз септігін тигізеді.. Мақал – мәтелдер балаларға терең ой салып, дұрыс сөйлеуге жаттықтырып, сөздік қорын дамытады. Негізінен, мақал-мәтелдерді психикалық дамуы тежелген оқушылардың тобының сөйлеу тілін дамытуда көптеген әдіс – тәсілдер арқылы қолдануға болады, ребустар шешу, жалғасын табу , сәйкестендіру т.с.с. Дыбыстарды анық, дұрыс айта алса, сөзді дұрыс айтып, оның мағынасын меңгереді. Осыған орай, психикалық дамуы тежелген балалардың сөздік қорын молайту жұмыстары бірнеше жұмыстың мәселесін шешеді. Яғни, олар:

- Тілдік қарым – қатынасқа түсу және өз ойын басқаларға еркін жеткізу.

- Сөздерді қолданып, тілдері жетіледі.

- Сөздік қоры дамиды және ойы жетіледі.

- Сөйлеуін жетілдіру арқылы олардың таным процестерін де дамытуға болады.

Мақал – мәтелдердің  тәрбиелік  мәні  өте зор,   балаларды  жақсылыққа баулып,  жамандықтан  аулақ  болуға  үгіттейтін өнеге  сөздердің  мағынасын  талдап, соған орай  белгілі бір қорытынды  жасалады.  Балалардың өмірге  көзқарасын кеңейтіп, сөздік қорын байытуға  бағыт  беру, сөз  шеберлерінің  ғажайып өнерін  сипаттауда  балаларға  көркемдік білім беру еді.

Елбасымыз Н.Ә .Назарбаевтың дәстүрлі жолдауында даму мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиесіне ерекше мән беріліп , мұғалімдер мен тәрбиешілердің іс – тәжірибелерін саралай келіп , коррекциялық тәрбие жүйесі құрылды . Бұл тәрбиенің негізгі мақсаты - еңбекке үйрету, өмірде өз орнын табуға баулу , өмірге икемді , өзін-өзі тани білетін жеке тұлға қалыптастыру.