Өскемен қаласы С. Аманжолов атындағы

Шығыс Қазақстан Мемлекеттік Университеті

«Психология және педагогикалық коррекция»

кафедрасының аға оқытушысы, магистрі Матаева Б.Ү.

«Дефектология» мамандығының 3 курс студенті

Қайратова Ә.Қ.

 

Мүмкіншілігі шектеулі балалардың ата-аналарына

кеңес

 

               Қандай мемлекетте болмасын өзінің заңды тұлға, азаматы болғандықтан дүниеге келген мүмкіндігі шектеулі азаматтарына қамқорлық жасауға, өз қатарларымен бірге жүріп, өмірден тиісті сыбағасын алуына жағдай жасап жатады. Ал дүниеге алпыс тамырын идіріп, алып келген баласының мүмкіндігі шектеулі болуы, кез-келген ата-ана үшін психологиялық тұрғыдан үлкен соққы болары да, анық. Есін біле, өзін қоршаған ортамен араласа бастайтындай жасқа келген де ондай балалар, әрине олардың да ішкі жан дүниесі (психологиясы) аласапыран күйде болуы табиғи заңдылық. Отбасы – баланың тек өмір сүретін ғана емес, сонымен бірге оның адамгершілік сапалары, адамдар әлеміне деген қатынасы, тұлғаралық байланыстардың сипаты туралы түсініктері қалыптасатын микросоциум болып табылады. Қазіргі заманғы зерттеу жұмыстарындағы отбасына қатысты қағидалар, дамуында бұзылуы бар баламен диагностикалық және түзетуші жұмыс жүргізуде ескерілуі қажет.

Ата-аналармен жұмыстың формалары мен әдістері:

- Кеңес беру – «ерекше» баласы бар әрбір отбасына деген дифференциалды тұғыр. Бастысы, ата-аналардың өз балаларына сенім білдіргені және мамандар үшін көмекші болғандары дұрыс.

- Ашық есік күндері – ата-аналар баламен бірге топқа барады, мамандардың жұмысын бақылайды.

- Семинар-практикумдар – мұнда ата-аналар ойындармен, әдебиеттермен танысады, алынған білімді тәжірибеде қолдануға үйренеді.

- Іскерлік ойындар.

- Бірлескен мерекелерді өткізу – мұнда ата-аналар өз баласының жетістіктерін көре алады, баламен бірлесіп қатыса алады.

Мамандардың міндеті – ата-аналарға өз баласынан ұялмауға үйрету, оны сол күйінде қабылдауға үйрету, баланың өзіне деген сенімді болуын үйрету, оның танымдық іс-әрекетін және эмоционалды-ерікті сферасын дамыту.

           Әлеуметтік педагог мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелейтін отбасыларына, мүгедектікті тағайындауда және жеке дыбыс күшейтуші аппаратураны, қосалқы техникалық құралдар мен жабдықтарды алуда, нақты практикалық көмек береді. Басқаша айтқанда, ол балалар мен ересектердің арасындағы байланыстырушы буын қызметін атқарады, жалпы білім беретін ұйымда әлеуметтік-психологиялық қолайлы жағдайды құруды қамтамасыз етеді, ата-аналар мен қауымдастықты әлеуметтік-маңызды іс-шаралар мен акцияларды ұйымдастыруға және өткізуге тартады.

Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелейтін отбасыларына психологиялық көмек беру.

Жұмыс формалары:

1) дамуында бұзылуы бар баланың ата-анасына (анасына) жұмыс тәсілдерін көрсету;

2) психолог жүргізетін сабақтарды ата-ананың (ананың) конспектілеуі;

3) өз баласымен үй тапсырмасын орындау;

4) ата-аналардың (ана) психолог ұсынған арнайы әдебиетті оқуы;

5) баламен жұмыста шығармашылық ой-пікірлерді ата-ананың (ана) жүзеге асыруы.

             Психодиагностикалық әдістемелер ретінде келесі суретті тесттер қолданылады: «Адам суреті», «Өмірде жоқ жануар», «Отбасы суреті», «Үй, ағаш, адам». Бұл әдістемелер 4-5 жастағы балаларды зерттеуде қолданылады, Жекеленген жағдайда әдістемелердің тізімі «Отбасының кинетикалық суреті» әдістемесімен толықтырылады.

            Психологиялық-педагогикалық және отбасылық кеңес беру көп жағдайда бірыңғай кеңес беру процедурасының аясында жүзеге асырылады.

            Мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасына кеңес берудің ұйымдастырушылық формалары ретінде алынатындар:

Бірінші саты: танысу, сенім мен өзара түсіністіктің қажетті деңгейі бар байланысты орнату.

Екінші саты: отбасының қиындықтарын ата-аналардың немесе олардың орнын алмас   тырушы адамдардың сөзі бойынша анықтау.

Үшінші саты: баланың психофизикалық ерекшеліктерін психологиялық-педагогикалық зерттеу.

Төртінші саты: ата-аналар қолданатын тәрбие модельдерін анықтау, олардың тұлғалық қасиеттерін диагностикалау.

Бесінші саты: психологтың отбасында кездесетін шынайы мәселелерін құрастыруы.

Алтыншы саты: мәселелер шешілетін тәсілдерді анықтау.

Жетінші саты: қорытынды шығару, түйіндеме жасау, психологтың құрастыруында мәселені түсіндіруді бекіту.

             Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелейтін отабсыларын социумға адекватты кіріктіру, олардың әлеуметтік мәртебесін қамтамасыз ету және олардың мүмкіндіктерін кеңейту, бірқатар арнайы шараларды жүзеге асыруды талап етеді.

Нақты отбасына түзетуші көмек беру жүйесі, кешенді зерттеу үдерісінде анықталған тұлғалық және тұлға аралық бұзылулардың өзгешілігі негізінде құрылады. «Ерекше» балалары бар отбасына психологиялық көмек беру әдістемесін, біз әртүрлі бағыттағы психокоррекциялық техникаларды қолдануды қамтитын, интеграциялық тұғыр аясында құрдық. Әдістемеде психокоррекциялық әсер ету субъектілерінің сандық-сапалық сипаттамаларына сәйкес, жұмыстың келесі бағыттары айқындалады:

- дамуында бұзылуы бар балалардың эмоционалды-тұлғалық және мінез-құлықтық бұзылуларын түзету;

- ата-аналардың тұлғалық және тұлға аралық сферасындағы бұзылуларды түзету.

               Соңғы бағыт өз кезегінде, екі блок арқылы беріледі: психологиялық-педагогикалық түзету және психокоррекция (жеке және топтық).

              Дамуында бұзылуы бар балалардың эмоционалды-ерікті, мінез-құлықтық, тұлғалық және тұлғааралық сферасын түзетудің бірнеше бағыттары болады.

Сабақтың ұзақтығы баладағы бұзылудың айқындалуына және жасына байланысты болады және 15 минут пен 35 минут аралығында созылады. Сабақтардың жиілігі – аптасына бір-екі рет. Жеке және топтық сабақтардың келесі құрылымы болады:

1. қалыптастырушы саты;

2. түзетуші саты;

3. релаксациялық саты;

4. қорытындылаушы саты.

1. Қалыптастырушы саты. Бұл сатыда балалар сабақтың тақырыбымен танысады, оларда сабақтың жүргізілуіне деген жағымды бағдар қалыптасады, зейіндері белсендіріледі.

2. Түзетуші саты.Бұл сатының міндеті балалардың эмоционалды-ерікті, мінез-құлықтық, тұлғалық және коммуникативті сферасындағы негізгі қиындықтарды жоюды қамтиды.

3.Релаксациялық саты.Бұл сатыда балаларда босаңсу және өзін-өзі реттеу дағдылары қалыптасады.

4.Қорытындылаушы саты. Бұл сатыда сабақтың қорытындысы жасалады. Барлық балалардың жұмыстары оң деп бағаланады.

              Ана мен баланың арасындағы өзара қатынастарды реттей отырып, психолог келесі психокоррекциялық техникалар мен әдістерді қолданады: холдинг-терапия, арттерапия, вокалотерапия, музыкотерапия, хореотерапия, эстетотерапия, библиотерапия, ертегі терапиясы, туротерапия, еңбек терапиясы және махаббат терапиясы.

Мұндай отбасылар арнайы педагогмамандардың, соның ішінде дефектолог, психолог, әлеуметтік – педагогтардың көмектеріне зәру. Өйткені мұндай балалар ерекше көңіл бөлуді, арнайы тәрбиелеу мен оқытуды талап етеді. Мүмкіншілігі шектеулі баланың отбасындағы қарым-қатынасын және өзі қатарлас балалармен қарым-қатынасын анықтау, олармен бірдей деңгейде араласуына мүмкіндік туғызу, білім деңгейіне сай оқыту және қоғамның болашақ өз-өзіне сенімді азамат етіп тәрбиелеу үшін педагог мамандар ата-аналармен, әлеуметтік сала қызметкерлерімен тығыз байланыста болуы керек. Тек осы жағдайда ғана, мүмкіндігі шектелген балалардың өздерін қоғамның толыққанды азаматы ретінде қабылдануына жағдай туатын еді.