Тұрар Арман

Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің

2- курс магистранты/ Алматы қ.

 

Монотеистік діндерде кездесетін кейбір діни рәміздер

 

Діни символдар әр уақытта адамға қолжетімсіз құдайдың абстрактылы ұғымын білдірген. Әлемдік діндердің барлық символдарының басты мақсаты Тылсым күшті (Жаратушыны) аллегория арқылы бейнелеу болып табылады.

Діни символдар сыйынушыларға өз сенімін ұғыну және жете түсінуге көмектеседі, олар сенімнің саналы және эмоционалды түрде қабылдануын біріктіреді. Айналамызда әр түрлі көптеген рәміздер бар, бірақ діни рәміздердің айырмашылығы – олардың құдіретіне ие болуында деп саналады, өйткені олар моральді, құндылықтарды, тәртіпті және қарым-қатынасты білдіреді. Сондықтан сиынушы адамда діни рәміздер міндетті түрде болу керек.

 Монотеистік діндерге қысқаша тоқтала кетсек. Олардың бірі – иудаизм. Иудаизм – монотеистік діндердің арасындағы ең ежелгі дін, еврей халқының діни, ұлттық және этникалық дүниетанымының негізі. Қасиетті кітабы –Таурат. Тілдердің көпшілігінде «идей» және «еврей» бір термин ретінде қолданылады және сөйлесу кезінде бір ұғымды білдіреді. Орыс тілінде «еврей» және «иудей» сөздері екі түрлі түсінік, біреуі ұлт атауы болса, екіншісі – дін атауы.

Символдары туралы айтатын болсақ, иудаизмның танымал символдары Менора майшамы мен Давид жұлдызы.

Менора (сурет 1) – жеті майшам дегенді білдіреді. Алғашқыда еврейлер Синай шөлінде босқын болып жүргенде жеті майшамда тіккен қостарында Құдайға мінәжәт ететін кезде қойған. Кейін ол б.з 70 жылдарына дейін Иерусалим ғибадатханасының рәмізі болды. Сол жылы бұл ғибадатхана қаламен қоса император Тит әскерінің шабуылынан кейін толығымен жойылып кетті.

Менора иудейлік және еврейлік діни атрибуттардың ежелгі рәміздерінің бірі болып қала берді. Қазіргі уақытта менора суреті (Давид жұлдызымен бірге) еврейлік ұлттық және кең тараған діни таңба болып табылады. Менора Израиль мемлекетінің елтаңбасында бейнеленген. Бұл синагогаларда, витраждардағы, кемелердегі, Таураттың бұрама қағаздарында және қаптамаларында арнайы әшекейі ретіндегі және архитектуралық құрылымдардағы әйгілі декоративті элемент.

Иудаизмде осы менора майшамына қатысты арнайы «Адамның рухы – құдайдың шамы» деген нақыл сөзі бар. Израиль мемлекетінің көшбасшылары ресми елтаңбаларын өңдеп жатқан кезде ежелгі және еврейлікке қатыстылығын анық көрсететін рәміз іздеген. Осыдан менора Израиль мемлекеті елтаңбасының негізгі элементі болды. Менораның бронзадан құйылған 5 метрлік мүсін бейнесі Иеруссалимдегі Кнессет ғимаратының кіреберісіне қарама-қарсы орналасқан. Бұл мүсін авторы Бенно Элкана (1877—1960). Бұл менораны 1956 жылы Израильге Британия парламенті сыйға тартқан.

Иудаизмның тағы бір ең танымал рәміздерінің бірі Давид жұлдызы (сурет 2)

Давид – құдайдың нұры түскен патша ретінде саналған және еврейлердің әміршісі болған. Қазіргі уақытта ең көп қолданылатын рәміз. Давид жұлдызы – алты бұрышты жұлдыз (екі үш бұрыш) эмблемасы. ХІХ ғасырдан бері еврейлік символ ретінде есептеледі. Давид жұлдызы Израиль мемлекетінің туында бейнеленген. Давид жұлдызының символикалық мағынасының көптеген, дәстүрлі, дәстүрлі емес және ХХ ғасырда ғана ұсынылған түсіндірмелері бар:

·          Гексограмма екі бастаудың (ерлік және әйелдік) қосылуы және үйлестірілуі ретінде түсіндіріледі;

·          Магендовид тағы жерге бағытталған аспан бастамасы мен аспанға бағытталған жер бастамасының үйлесімділігі ретінде сипатталады;

·          Ежелде Магендовид барлық табиғи төрт элементті бейнелейді деп есептелген.

·          Тағы бір түсіндірмеде Давид жұлдызы құдайдың бүкіл әлемдік басқаруын, жер, аспан және әлемнің төрт тұсын (солтүстік, оңтүстік, батыс, шығыс) білдіреді делінеді.

Элиягу Эссас раввинының түсіндірмесі бойынша бұл белгі 6 жаратылыс күнін бейнелейді және әлем өрнегін қамтиды. Екі үшбұрыш – екі бағыт. Жоғарғы бағытпен тұрған жұлдыз жоғарғы бұрыштық нұскауымен құдайдың аспанда екенін және ол жалғыз екенін білдіріп тұр. Осы бұрыштық нұсқаудың жаратылуы кезінде екі жаққа жайылуы екі қарама-қайшылықтың, жақсылық пен жамандықтың пайда болуын білдіреді. Екінші ұшбұрышты Эссас адамның жаратылған әлемнің «оң жақ» және «сол жақ» идеясының бірігуінде адамның бар болуы мақсатының рәмізі ретінде қарастырады.

Магендовидтың 12 қабырғасы бар, ол Израильдің «12 ұрпағына» сәйкес. Аңыз бойынша осы Израиль ұрпақтарының шөлде қаңғырып жүрген жылдары шатырлары сынған кезде үш-үштен қосылып Скиния айналасында 6 қырлы жұлдыз кейпінде отырған. Осылайша Давид жұлдызы еврей халқының бірлік рәмізіне айналған.

Еврей үйінің тағы бір рәмізі – мезуза. Иврит тілінде «мезуза» – босаға деген мағынаны білдіреді. Мыңдаған жылдар бойы еврейлер есік босағаларына «мезузот» қораптарын қойған. Әр қорапта мезуза туралы өсиеті бар, арнайы көшірмеші жазған «Шманың» бірінші және екінші параграфы бар кішкентай бұрама қағаз болған. Еврей үйге кіріп мезуза көрген кезде ол өзін үйде қалай ұстаз керек екенін, ал шыққан кезде оны барлық жерде сондай дұрыс тәртіппен күтетінін еске салатын. Мезуза әрқашан көзге көрінетін жерде болуы үшін оны әр бөлменің босағасының жоғарғы бөлігіне қойған. Еврей жаңа үйге кірген кезде ол бірден (немесе 30 күн ішінде) мезузаны ілу керек. Ілгеннен кейін дұғасы айтылады. Еврейлердің көбісі мезузаның қасынан өтіп бара жатқанда әдетте оған саусағын тигізіп сол саусағын сүйеді. Соңғы жылдарда «адамның бақытсыз болу себебі – босағасына әріп, сөздері қате жазылған немесе өшіп қалған мезузаны іліп қойғаны үшін жазаланғаны» деген жалған діни ырым-жырым пайда болды. Бұндай жағдайды болдырмау үшін еврейлердің көбісі көшірмешілерге өз мезузаларын жүйелі түрде тексертіп тұрады.

Христиан діні. Монотеистік діндердің ішінде діни рәміздерге өте бай дін – христиан діні. Христиан діні – Ибраһимдік діндер қатарына жататын монотеистік сенім жүйесінің бірі. Б.з. І ғасырында пайда болса да әлі күнге дейін өзінің ықпалын жоғалтқан жоқ. Саны шамамен 2.2 млрд христиандықтар Исаның құдайдың ұлы және адамзатты құтқарушы екеніне сенеді. Бұл сенім олардың қасиетті кітабы Інжілмен тарап, әр түрлі бағыттары - католицизм, православие және протестантизм ретінде дамыды. Христиандық пұтқа табынушылықты жоққа шығарып адам баласын ізгі жолға салды.

Сонау ерте кезеңдерден бері келе жатқан христиандық рәміздер жүйесі кешегі кезеңде де, бүгінде де мән – маңызын жоғалтқан жоқ. Өйткені олар тұтастай бір діни әлемнің мәдениетінен, эстетикасынан хабар береді. Христиан дінінің негізгі рәмізі – крест белгісі. Крест Иса (а.с.) пайғамбардың құнды символы болған, өйткені пайғамбар сол крестте дүние салған деп есептейді христиандар. Бірақ шын мәнінде крест христиандық рәмізі және осы христиандық арқылы кешірілу мен құтқарылу символы болып саналады. Көптеген християндық конфессияларда крест табыну объектісі ретінде саналған. Крест мүсін мен пұттардың христиандықта пайда болуының бастапқы қадамы болды. Басында кресті алғашқы христиандар ізгі ниетпен киетін киіміне басқалардан ерекшелену белгісі ретінде тағып жүрген. Кейін дін қызметшілерінің киімінде де шіркеулерде де пайда болады. III-IV ғасыр аралығында христиан дініне крестке табынушылық әрекеті енеді. Шіркеулік иерархтар шіркеуге пұтқа табынушыларды тарту үшін осы крестті қолданған. Адамдарды құтқару үшін өз өмірін берген құтқарушының махаббаты арқылы емес, таныс заттары, белгілері арқылы қызықтырған. Осының арқасында адам еркі мен ой-пікірі құдай еркінен жоғары болды.

Крест формасы орыс шіркеулері үшін өте маңызды. Батыстағы католиктерде, көбінесе, төрт тармақты крест қолданса, орыстар тек сегіз тармақты крестті дұрыс деп санаған. Ресейде кең таралған сегіз тармақты крестің  ортаңғы көлденең ағашының жоғарғы жағында тағы маңдайшасы бар, ал төменгі жағында қисық көлденең ағаш қағылған.

Орыс және серб шіркеулерінде жиі қолданылатын православтық крестте (сурет 3) ортадағы көлденең маңдайшадан бөлек тағы екі ағаш қағылған. Жоғарғы жағында қағылған тақтайшасында латынша «INRI» деген әріптер, «Иса (а.с.) назареттік, иудей патшасы» деген мағынаны білдіретін жазба бар. Төменгі жағында

орналасқан аяққа арнайы баған қисықтығы арқылы «әділ игілік өлшемін» білдіреді. Бұл ағаш бағанның сол жағының төменге және оң жағының жоғарыға бұрылып қағылуы арқылы Пайғамбардың оң жағында шегеленген өкінген қарақшының жұмаққа сол жағында шегеленгеннің тозаққа жіберілгенін білдірген.

Католиктік және православтық крест айырмашылықтарына тоқталатын болсақ:

1.       Ең басты айырмашылық олардың формаларында, православтық крест 6 немесе 8 жақты ал католиктік 4 жақты болады.

2.       Тақтайшаларда сөздер әр түрлі тілде – католик крестінде латынша (INRI), ал православ крестінде орыс-славян тілдерінде (IHЦI) жазылған

3.       Аяқтарының орналасуы мен шеге санында да айырмашылық бар. Католик крестінде пайғамбардың аяқтары бір шегемен бірге, православтарда әрқайсысы бөлек қағылған.

4.       Кресттегі құтқарушы бейнесі де әртүрлі, православ крестінде мәңгі өмірге жол ашып тұрған құдай бейнеленген, ал католиктерде азап шегудегі адам.

Негізі крестті қолданған елдердің арасындағы алғашқы өркениеті дамыған ел ежелгі Египет болған. Египет дәстүрінде жүзігі бар крест, анкх, өмір және құдайлар рәмізі бар болған. Вавилонда крест аспан құдайы Анудың рәмізі ретінде саналған. Ал Ассирияда Ашшура – күн құдайының белгісі болған. Бірақ ерекше құрметке христиан дінінде ие болған.

Христиан сенімі бойынша бүкіл әлем ер тектік бастаудан басталады: әке-құдай, Христос. Алайда, христиандықта тек бір ғана әйел образы кездеседі: Мария (ол қасиетті Петрмен және Павлмен тең дәрежеде). Христиандықтағы әйел Адам атаның күнәға батуына себепші болса, келесі жағынан - өнегелік қасиет пен мейрімділік, қайырымдылық символы. Мария ана қасірет шегушілер, езілушілер мен құдай арасында дәнекер. Марияның орны – тек жерге тән, билік – ер-құдайлардың қолында. Дегенмен де өнер туындыларында әйел махаббаттың символы, аналық мейрімділік белгісі ретінде суреттеледі.

Христиандықта Христос – ақиқаттық сабақ, ал ізбасарлары – оның бүршіктері. Бұл тағы шіркеу мен сыйынушыларды да бейнелейді. Мысырда жүзім сабағы Озириске арналған. Жүзім сабағы – өмір және құнарлылық рәмізі, «Тіршілік ағашы», ал кейбір салт-дәстүрлерде – «Таным ағашы». Бір шоқ жүзімі бар ағаш құмарлылық пен әуесқойлықты, ал жабайы ағаш жалғандық және опасыздықты бейнелейді. Грек-рим салт-дәстүрінде бұл ағаш Дионис рәмізі ретінде саналады және Аполлонға арналған. Еврейлерде жүзім сабағы – Израиль халқын құдайдың таңдаулылары ретінде бейнелеуінің белгісі. Жүзім сабағы израильдіктердің Мысырдан кеткеннен кейін олардың өмірін және өз құдайымен ара қатынасын суреттеуде арнайы рәміздік бейне ретінде қолданылған. Жүзім Палестинада кеңінен егілген және оған үлкен мән берілген. Жүзім сабағы бейбітшілік пен аманшылық белгісі болып табылады.

Ислам діні. Ислам – мұсылман санасы айналасындағы көптеген нормалардан, білім, амал (əрекет) жəне ықыластан тұрады. Яғни, ислам діні туралы білім алу, үйренгендерін жүзеге асыру, жасаған барлық ісін Аллаһтың ризалығы үшін жасау керек. Ислам ғылымы - иман білімі, фиқһ білімі, қалб (көңіл-жүрек) білімдеріне бөлінеді. Мұсылман адам иман білімін Əһли сүннет ғалымдарының кітабынан алады. Амал білімін төрт мазһабтың фиқһ кітаптарынан алады. Əһли сүннет ғалымдары бұл деректерді сахабалардан алған. Ал сахабалар пайғамбардан алған. Ислам діні төмендегі төрт дəлелге сүйенеді:

1.       Құран Алла Тағала тарапынан Жəбірейіл арқылы Мұхаммед Пайғамбарға жіберілген кітап.

2.       Хадис – Пайғамбар Мұхаммедтің айтқан сөздері.

3.       «Ижмаи уммаят» яғни Құран кəрім мен хадистерден үкім шығара алатын əһли сүннет ғалымдарының ауызбірлігі.

4.       Құран, хадистерден немесе «Ижмаи уммаяттан» шығарылған Ислам үкімдері «Қияси Фуқаһа».

Ұзақ уақыт бойы ислам бейнесі дәстүрлермен және стереотиптермен араласып кетті. Соған мысал ретінде ислам дінімен байланысты ай мен жұлдыз рәміздерін айтуға болады. Ертеде мұсылман сана-сезімінде рәміздер болмаған. Пайғамбар Мұхаммед кезінде ислам әскерлері мен керуендері таным белгілері ретінде бір түсті (әдетте ақ, қара немесе жасыл) жалауды қолданған. Құран мен сүннетте ислам рәміздері туралы сөз жоқ.

Аңыз бойынша 1299 жылы Осман түсінде жердің бір шетінен екінші шетіне дейін созылған айды көрген. Бұны жақсы жорамал ретінде қабылдап патша айды өз династиясының символы ретінде белгілеп қойды. Кейін ұрпақтары кең-байтақ жерге иеленіп ислам әлемінде әйгілі халифалардың арасында болды. Ал Константинопольдің символы «Ай мен жұлдыз» (сурет 4) болған. 1453 жылы османдықтар оны басып алған кезде бұл рәмізді өздерінің жеңіс белгілері ретінде өзгертті. Мұсылман мемлекеттері ғасырлар бойы Осман империясының қол астында болған. Осы кезеңде ай Осман династиясының рәмізі болғанымен халық санасында исламмен тұрақты байланыса бастады.

Кез келген мұсылман бұл ай мен жұлдызды өзінің діни рәміздері ретінде мойындай бермейді. Исламда әлдебір заттың қасиетті рәміз болуы да мүмкін емес. Сондықтан айды ислам дінінің рәмізі ретінде санаудың негізі жоқ екенін ескеру керек. Бірақ осы жаңалықтарға шариғат пен адамгершіліктің тек кейбір салаларында ғана тиым салынғанын да ұмытпаған жөн.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1.       Осман Қ. Ислам діні жəне өзгертілген діндер мен топтар (секталар). – Алматы, – 2011.

2.       Энциклопедия символов / Бауэр В., Дюмотц И., Головин С. [Пер. с нем. Гаева Г.И.]. – М.: Крон-Пресс, 1998. – 502 с..

3.       Южин В. Христианство. Его термины, символы и атрибуты. Остеон-Пресс, Ногинск 2015. – 5 с.

4.       Пашоло Х.А. Жизнь Исуса. Тысячилетняя тайна христианства. – М.: Эксмо, 2014. – 592 с.

5.       Михайлова Л. Б. Религиозные традиции мира: иудаизм, христианство, ислам. – М., 2013. – 380 с.

6.       Языджы С. Основы исламских знании. – Анкара, 2013. – 396 с.

7.       Армстронг К.; История Бога. – М.: София, 2004. – 504 с.