МУЗЫКА ӨНЕРІНЕ ЗОР
ҮЛЕС ҚОСҚАН
ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ КОМПОЗИТОРЫ, КҮЙШІ ДӘУЛЕТКЕРЕЙ
ШЫҒАЙҰЛЫНЫҢ
ОРЫНДАУШЫЛЫҚ ШЕБЕРЛІГІНІҢ ӨЗІНДІК
ҚОЛТАҢБАСЫ
Аға оқытушы Арыстанова Ш.С., Алтаева А.Х.
Оңтүстік
Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты
Шымкент қаласы,
Қазақстан.
Резюме
В
статье представлено творчество народного композитора, кюйши Даулеткерей Шыгайулы, его
мастерское исполнение, проанализированы музыкально – лирические особенности произведений композитора.
Summary
In this research article provide by musical creativity national compositor’s,
kuishi Dauletkerei Shygaiuly, as so
analyzing his masters
performance and musical –lyrical features of compositor.
Қазақ
халқы ертеден-ақ өз тіршілігінің барлық
кезеңдерін көмейдегі әні мен домбырадағы күйі
арқылы баяндаған. Күй өнері - қазақ
халқының ең басты рухани байлығының, жан
дүние байлығының ең бір киелі, қасиетті
түрі. Күй дегеніңіз қазақтың бүкіл
тарихының шежіресі, жүрек лүпілінің жазбасы
(кардиограммасы), жабырқаса мұңдасы, жадыраса сырласы.
XVIII ғасырдың
екінші жартысы мен XIX ғасырдың бірінші жартысы
қазақтың аспапты музыкасының біршама дамыған кезеңі болды.
Өйткені Ұзақ, Баламайсан, Байжұма, Боғда,
Қуандық, Есжан, Сарша сияқты халық композиторлары сол
уақыттың өкілдері. Осы аталған күйшілер
халықтың өмірі мен тұрмысын өз
шығармашылыға арқау етіп, болашақ шәкірттеріне
жол салды. Қазақтың аспапты музыкасының көрнекті
өкілдері Құрманғазы, Дәулеткерей,
Тәттімбет, Байсерке сияқты классик халық
композиторларының әрқайсысының өзіндік мектебі,
орындаушылық шеберлік жолы бар.
Қай халықта болмасын өзінің
атадан балаға жеткен, қадірлеп көзінің
қарашығындай сақтап, қымбат қазынасына
айналдырған ұлттық музыкалық өнері болады. Ұлттық
өнердің негізін қалаушылар-халық, сол халық
арасынан шыққан композиторлар. Осы композитордің бірі
Дәулеткерей жайында Абай атамыз айтқандай: «тұла бойын
түршігер халге тап боласың, налисың,
қайғырасың» [1].
Дәулеткерей
шығармашылығы халықтың ой-арманын, жан күйін А.Қ.Жұбановтың айтуы
бойынша, философиялық тұрғыда сипаттайды [2].
Дәулеткерей - философиялық
дүниетанымы терең, ойшыл композитор.
Дәулеткерей -
өздерін қоршаған ортаның үнін, табиғатты,
жануарлар дүниесін жанымен сезіне білген, өз дәуірінің
ойлы-қилы кезеңдерін, қоғамдық қайшылыққа
толы өмірді көріп, соны шынайы суреттеуде айқын із
қалдырған халық күйшісі.
Дәулеткерей
Шығайұлы 1820 жылдар шамасында қазіргі Орал облысының
Орда ауданында ауқатты отбасында дүниеге келген. Әкесі
Шығай да, Бөкей ордасының ханы Жәңгір де оны бала
жасынан ел билеуге, төрелік салтанат құруға
тәрбиелеген. Алғашқы уақытта ол сол елдегі жеке-жеке
руларды басқарып көреді. Бірақ билікте жүрген
адамның амалсыздан қатігез болатынын ол нәзік жүрегімен
ерте түсінеді. Туысы Жәңгір ханның қарапайым
қазақтардың жерін тартып алып, шұрайлы, өзен-сулы
жайылымдарды, қыстауларды кең даламызға бойлай еніп келе
жатқан орыс отаршылдарына беруі Дәулеткерейдің де ызасын
келтірген. Тікелей қатыспаса да XIX ғасырдың орта
тұсындағы Исатай, Махамбет көтерілісіне тілектес болған
деген дерек те бар. Мұны оның «Жігер» атты күйінен
байқауға болады.
Атақты музыка
зерттеушісі, академик Ахмет Жұбановтың айтуына
қарағанда, Дәулеткерейдің туған жиені,
Кеңес өкіметінің тұсында өмір сүрген Науша
Бөкейханов күйшінің елу шақты күйін тартады екен.
Даңқты сазгер туралы, құнды деректер берген де сол кісі
көрінеді. Дәулеткерей бала кезінде молдадан оқып,
мұсылманша хат таныған. Ресейде білім алып, кейін генерал
дәрежесіне дейін жеткен хан Жәңгір Ордада балалардың
орысша білім алуына да жағдай туғызыпты. Дәулеткерей орысша
үйреніп, оқи да, жаза да алатын болған.
Кішкентайынан-ақ оқымысты бала атанған. Домбыраны тамаша
орындаушы Мүсірәлі деген күйшіден шеберлікті үйренген.
Оның үстіне сұлтандардың қысқы мекеніне
айналған Ордаға қырқыншы жылдардың бас кезінде
Саратовтан драма және эстрада артистері шақырылады екен.
Дәулеткерей орыс және Еуропа музыкасымен жастайынан танысқан
деген жорамал бар. Ол
орыстың балалайкасында шебер ойнапты. Сондай-ақ гитара мен
мандолинаны да тарта білген. 1854 жылы француз саяхатшысы Паули сызған
суреттің нобайымен Чередеев салған акварельде күй тартып
отырған Дәулеткерей, одан басқа да аспаптарда орындаушылар
бейнеленген. Ең қызығы - ортада билеп жүрген еркек бейнесі
бар [3].
Оның
алғашқы шығармаларының бірі «Ақжелең».
Бұл күй Ақбала деген өнерлі де сұлу
қызға арналған.
Дәулеткерейдің
«Қоңыр», «Желдірме», «Керілме», «Ысқырма», «Қосішек»
дейтін күйлері тіршілік-тұрмыстағы әр алуан
көріністерді бейнелейді. «Жұмабике» деген
күйінің тарихы былай: ол кезде қыздар кішкентайынан өзі
білмейтін біреуге атастырылатын салт болған. Кейін бойжеткенде, өзі
сүймесе де, сол жігітке ұзатылуға тиіс. Бұған
наразы жігерлі қыздар Уақытша кеңес дейтін билігі бар
мекемелерге арыз айтып баратын болған. Қыз сөзі расталып,
шындықтың бет пердесі ашылса, азаттық алады екен. Міне,
асқан әнші, ақындық өнері рулы елге ерте
танылған, өз талабымен еркіндік алған Жұмабике деген
қызға ризалық сезімін Дәулеткерей күй арқылы
жеткізген.
1855 жылы Екінші Александр
патшаның таққа отырып, тәж кию салтанатына
қатысқан өкілдердің ішінде Дәулеткерей де бар
еді. Оны
делегация құрамына кіргізудегі мақсат - бірте-бірте ел
басқару тәртібін үйрене берсін дегендік еді. Бірақ ол
патша колонизаторларының сарайымен емес, озық ойлы Ресеймен, Пушкин
елімен танысуға келген. Ол осы сапардан көрмегенін көріп,
естімегенін өз құлағымен естіп қайтады. Еуропа
сазгерлерінің оркестр ойнаған шығармаларын тыңдайды.
Өзі өлең жазбаса да поэзияны жүрегімен түсінетін
күйші екі жылдан кейін Пушкинге, ақынның өзі
оқыған лицей жанынан ескерткіш қоюға Бөкей
ордасынан қаржы жиналған кезде, бірінші болып өз үлесін
қосқан.
Дәулеткерей 1861 жылы Қызылқұрт
елінің билеушісі боп тағайындалған соң, бір жылдан
кейін күй атасы Құрманғазымен кездескен.
«Дәулеткерейдің Құрманғазымен
әңгімелесіп, халық дәстүрі үлгісіндегі
басқа да домбырашыларды көріп тануы, оның музыкалық
творчествосына қатты әсер етеді», - деп жазады академик Ахмет
Жұбанов [4]. Құрманғазы және оның
шәкірттерінің ең үздік музыкалық
шығармалары дауылдатқан екпінімен, тастай тегеурінділігімен,
өршіл батылдығы, кең тыныстылығымен ерекшеленеді.
Құрманғазы мектебінің жігерлі
екпінін, Дәулеткерей дәстүрінің философасын,
ақсүйектік нәзіктігін терең меңгерген
күйші. Оның шығармашылығында
Құрманғазы дәстүрінде басталған
жанрлық және тақырыптық жаңашылдықтар
жалғасын тапты.
Орындаушылық шеберлік жолын меңгеріп,
тәлім-тәрбие алған қазақтың аспапты
музыкасының көрнекті өкілі Дәулеткерей классик
халық композиторларының әрқайсысының
өзіндік мектебі, орындаушылық шеберлік жолы бар. Композитор
әрбір шығарманы алған тақырыбына қарай баяндап
жеткізуде өзіне тән ерекшеліктерді пайдаланды.
Дәулеткерей күйлерінің
тақырыптылығы қазақтың аспатық музыкасында
лирикалық күйлер бағытын қалаған сазгер.
Оның күйлерінің
тарихы пайда болу, даму жолдары, күйдің өмір шындығын
бейнелеудегі өзіндік ерекшеліктері, тақырыбы жағынан
алсақ алуан түрлі. Оның терең психологиялық
әйелдер образын сомдаған «Қыз Ақжелең»,
«Қаражан ханым», «Қосалқа», «Құдаша»,
«Мұңды қыз», «Ақ бала қыз», «Көркем ханым»,
«Бұл - бұл», «Қос ішек» күйлері нәзік лирикалық шер шертеді.
Орындаушылық жағынан қарағанда
техникалық күйлерге жататын күйлер: «Қос ішек»
күйінің айтар ойын, бітім тұлғасын
Дәулеткерейдің басқа күйлеріне мүлде бөлек
деген еді Науша Бөкейханов. Шынында, мұндағы мақсат –
күй сазын екі шекке бірдей бөле отырып, бәйгеге
қосқан қос жүйрік аттай жарыстыра, жағаластыра
сөйлетуді мақсат еткен. «Тұндырма» «Көрұғлы»,
«Таштит», «Ысқырма», «Қос ішек» күйдің шығу
тәсілі, орындаушылық үйіндер, ырғақтық
мелодикалық кезеңдері
техникалық күй тобына жатады. Дәулеткерей
күйлері орындаушылық тұрғыдан үлкен шеберлікті
талап етеді. Дәулеткерейдің өзіндік ойнау мәнері
қазақ қоғамының жоғарғы
аристократиясы арасында жайылған «төре тартысы» этикасына
байланысты қалыптасты. Дәулеткерей күйлерінің оң
қол ауқымы «тар» болып, домбыраның мойыны аса жоғары
көтерілмейді. Күйлердің әрбір қағысы
барлық саусақ пен жұдырықтың түйілген
қалпында артық қимылсыз, жұмсақ және
дәл орындауды керек етеді. Дәулеткерей күйлерін орындағанда
дыбыстың интонациялық тазалығы мен тербелісін, мелизмдер мен
қағыс өрнектерін дәл сақтау керек.
П.В.Аравиннің
Дәулеткерей күйлерінің орындау ерекшеліктеріне «тас
жарған» тау гүліне теңей отырып
«Таңқаларлық шынайылық, қарапайымдылық
әрі ұлылық тән Дәулеткерейдің өнері
уақыт сынынан өтіп, тау гілі жарып шыққан секілді
біздің өмірімізге, біздің заманымызға халқымыздың
небір өткен кезеңдерінен өтіп, қазіргі таңда асыл
мұрамызға айналып отыр [5].
Батыс күйшілік
дәстүріндегі айтулы тұлға Дәулеткерей
Шығайұлы - қазақ халқының күйшілік
өнеріндегі айрықша тұлғалардың бірі.
Қазақ күйлерінің бір парасының тартылу мәнеріне
және әуендік құрылымына байланысты ел арасында
«төре күйлері», «төре тартыс», «төре қағыс»
деген ұғым қалыптасқан. Оқшау дәстүр
- төре тартысқа жататын күйлер лирикалық
әуезділігімен ерекшеленеді, психологиялық терең сезімге
құрылып, адамның жан дүниесіне терең бойлайды.
Бұл қағыстың тағы бір ерекшелігі, ауқымы,
шеңбері қысқа алынғандықтан, биязы,
жұмсақ болып келеді. Батыс өңірінде «қара
қағыс» немесе «тентек қағыс» деп аталған
Құрманғазы дәстүріне мүлде
ұқсамайтын өзгеше, оқшау мектеп, дара
дәстүр қалыптастырып, әуендік тұрғыда
сазды, сұлу күйлер қалдырған Дәулеткерейді
А.Жұбанов: «Төре күйлерінің атасы», - дейді [6].
Дәулеткерейдің
«Қыз Ақжелең», «Құдаша», «Ысқырма»
«Керілме», «Ақбала қыз», «Бұлбұл», «Көркем ханым»
күйлері лирикалық әуені басым, сырлы сезімге толы болып
келсе, «Топан», «Салық өлген», «Охота», «Шолтақ», «Жігер»
қатарлы туындылары терең ойға, философиялық
толғанысқа құрылған. Орда төңірегінде
Баламайсаң, Мүсірәлі, Байжұма, Арынғазы
сияқты дарынды күйші-домбырашылар болды. Ал Дәулеткерейдің
ізін баса шыққан Әлікей, Түркеш, Салауаткерей, Сейтек
сынды дәулескер күйшілер Дәулеткерей алтын діңгегі
болған осы бір күйшілік мектептің орнығуына өз
үлестерін қосты. Дәулеткерей күйлерінің
жеткізушілері - Науша, Махамбет Бөкейхановтар. Ал жеріне жеткізе орындап,
жаздырып, насихаттап, кейінгіге мұра қылып қалдырған
әйгілі домбырашы Қали Жантілеуов болды.
Дәулеткерейдің домбыраны
баптап ұстау жәйлі айтқандарының өзі де
құрметтеуді керек ететін жәй. Дәулеткерей аспапты
жаздың күні киізге орап, сандыққа салып қояды
екен. Үнемі кешкітұрым салқын түскен кезде ғана
алып тартады екен. Дәулеткерейдің перне байлаудағы, тиекті
орналастырудағы, тиек артындағы баспаны қаттаудағы
тағы басқа, сол сияқты аспаптың үнемі бабын
келтірудегі түйіндері осы кезге дейін өзінің мәнділігін
жойған жоқ. Орындау әдісіне бұл
айтылғандардың сырттай
қарағанда, тікелей байланысы жоқ сияқты болып тұрғанымен,
шынына келгенде, бапсыз жүйрік те шаппайды, бапсыз не бір
құмай тазы да еш нәрсе ұстай алмайды, бапсыз
әншінің дауысы да шықпайды, бапсыз аспап та сөйлемейді.
Дәулеткерей қос ішектен сайрата отырып,
домбыра күйлерін ілгері дамытуда кейшгі ұрпақтарға
үлкен өнеге, өшпес мол мұра қалдырды.
Қазақтың
аспапты музыкасы, халық комнозиторларының өмірі мен шығармашылығы туралы және
домбыра күйлеріне байланысты көптеген зерттеу еңбектер,
жинақтар жарыққа шықты.
А.Қ.Жұбановтың «Қазақ композиторларының
өмірі мен творчествосы» 1942, «Струны столетий» 1958, «Ғасырлар
пернесі» 1975, «Замана бұлбұлдары» (1963,1967), «Қазақтың
халық композиторлары» (1962),
«Ән-күй сапары» (1976) атты кітаптары мен
«Құрманғазы» (1960),
«Дәулеткерей» (1961) күйлер жинағы; Б.Г.Ерзакович пен
П.В.Аравин құрастырған «Очерки по истории казахской советской
музыки» (мақалалар жинағы,1962) және «Қазақстанның
музыка мәдениеті» (мақалалар мен материалдардың жинағы,
1957), П.В.Аравин, «Ұлы күйші Дәулеткерей» (1964), «Жанры
казахской инструментальной музыки» (1970), Жанұзақова, «Қазақ
халқының аспап музыкасы» (1964),
А.Қ.Жұбанов «Советтік қазақ музыкасы» (1975),
Б.Ғизатовтың «От кюя до симфонии» (1976), Ж.Рсалдиннің «Әннен-операға» (1971),
С.Күзембаеваның «Формирование гармонии в казахской музыке» (1977),
Б.Сарыбаевтың «Қазақтың музыкалық аспаптары» (1978), М.Айтқалиевтың
нотаға түсіруінен Ж.Иманәлиев құрастырған
«Каратау шертпелері» (1975), У.Бекенов құрастырған «Шертпе
күй шеберлері», «Күйлер жинағы (1977) және осы жолдардың авторы
жазған «Домбыра сазы» (1972) атты көлемді еңбектерді
атауға болады. Сонымен қатар С.Райымбергенова көлемді
ғылыми-зерттеу еңбегінде күйлерді жан-жақты зерттей
келіп, негізгі ерекшеліктерін айқындап шығарды. Сонымен
қатар, Т.Бекхожина, Г.Омарова еңбектерінде күйлердің
ерекшеліктері атап көрсетілген.
Дәулеткерей асқан талант, үлкен өнер
иесі екендігі біздің заманымызда профессионал және көптеген
күйшілердің сүйікті репертуарына айналды.
Дәулеткерей шығармалары
қазақ халқының музыка мәдениетінің
гүлденуіне тигізген әсері мол,
Халқының
осы қасиеттерінен көп зарлап шеккеннің бірі -
Дәулеткерей. Оның жазығы сол-атақты
Әбілқайыр ханнның ұрпағы!
Әбілқайырдан - Нұралы, Нұралыдан - Шығай,
Шығайдан - Дәулеткерей!..
Оның үстіне
Дәулеткерей біраз жыл ноғай, серкеш, қызылқұрт
руларының, кейін қалмақ жағының сұлтаны
болды. Бар «кінәсі» осы. Жеті атасына дейін жермен жексен етуге біздің
қазақ үшін осының өзі-ақ жетіп жатыр.
Төре тұқымы, ақсүйек
Дәулеткерейдің бүкіл әулеті кеңес
үкіметінің теперішін
көрді.
Дәулеткерей - Қазақтың маңдайына біткен
ұлы тұлға. Күй өнеріндегі лирикалық,
философиялық дәстүрдің көшбасшысы.
Дәулеткерей күйлері тек
өз заманында ғана бағалы болып қоймай, біздің
заманымыздың музыка құрылысына да кірпіш болып қаланды.
Қазақстан композиторлары өздерінің шығармаларына
мысалы: «Қыз жібек», «Ер Тарғын», «Абай», «Төлеген
Тоқтаров» операларына, аспапты ансамбльдер үшін жазылған
поэма,сюиталарда
Дәулеткерейдің күйлері үлкен орын алды.
Оның шығармалары Құрманғазы оркестрі
репертуарының қорынан орын алды. Дәулеткерей ұлы тұлға, оның күйлері бұл күнде тек
Қазақстан емес, алыс-жақын елдердің жер-жеріне,
дүние жүзіне де тарады.
Көңіл сусынын қандыра біліп қиялға
қанат бітірер Дәулеткерей күйлерінің
тұлғасында лириканың, драманың және адам
психологиясының терең тамырлары қанат жайып, орындау
тәсілдерінің әр түрлерімен өрнектеліп,
тыңдаушының жүрек сезіміне ұласып жатады.
Дәулеткерей күйлері Республикамыздың
музыка мектептері, саз колледждері, консерваторияның, педагогика
институттарындағы музыка факультеттері домбыра кластарының
бағдарламаларына енгізілген.
Өткен ғасырда
өмір сүрген халық композиторы, күйші Дәулеткерей
өнері біздің дәуірде қайта түлеп,
өзінің мұрагер ұрпақтарына жалғасты.
Дәулеткерей
күйлері ХХІ ғасырдағы қазақ
музыкасының мәдениетіне үлкен үлес болып қосып,
халықтың музыкалық өнерінің алтын қорынан
орын алды. Дәулеткерейдің күйшілік мектебі біздің
дәуірімізде профессионалдық дамудың даңғыл жолына
түсіп, көп дауысты оркестр үнімен жаңғырды.
Дәулеткерей - күй
өнеріндегі лирикалық, философиялық
дәстүрдің көшбасшысы.Шынында да, ол өзінен
алды-артындағы ұлылардың ешқайсысына
ұқсамайды. Оның күйлері жүрегіңнің
түбіне бойлайтындай сүйкімді де нәзік.
Тұлабойыңды шымырлатып, құпия бір жұмбақ
дүниеге жетелейді. Сондықтан болар, бүгінге дейін
ескіріп-тозбай, тіпті бір міні құрамай, тыңдаушыны жан
рақатына бөлейді. Бүгінгі жан-жақты білімді,
әйгілі композиторлардың өздері Дәулеткерей күйлеріне арқа сүйеп,
үлкен шығармаларына арқау етеді.
Дәулеткерейдің әсем күйлері
жаңа дәуірде құлпыра түсіп,
халқымыздың рухани байлығына айналды.
Дәулеткерей бабамыздың күйлері
ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, халқымыздың мәңгі
рухани азығы болып қалатынына сеніміміз мол.
Пайдаланылған
әдебиеттер
1. Ақселеу Т. Қазақтың
әйгілі күйшілері. - А., 1992.
2. Жұбанов А. Ән-күй сапары.- А., 1976.
3. Тоқтаған А. Күй
тәңірдің күбірі. –А., 1996.
4. Жұбанов А. Қазақ
композиторларының өмірі мен творчествосы. –А., 1942.
5. Аравин П.Ұлы күйші Дәулеткерей. -А.,
1964.
6. Момынұлы П. Қазақ музыкасының қысқаша
тарихы. –А., ІІ-том, 2002.
Автор туралы мәлімет
Оңтұстік Қазақстан. Шымкент қаласы.
Оңтүстік
Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты
«Музыкалық
білім мамандығы», «Музыкалық аспаптар» кафедрасының аға
оқытушы Арыстанова Ш.С., оқытушы Алтаева А.Х.
Мекен жайы:
Шымкент қаласы, Байтұрсынова №63
Сот:
8 701 730 25 19, 8 700 114 27 94