Секция педагогика

Педагогикалық процесте  дамыта оқыту технологиясының ерекшеліктері

Ишанов П.З. Ph.D.

 Абдикадирова А., магистрант

                Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

 

Қазіргі таңда білім сапасын арттыру, оқушылардың толыққанды жеке тұлға болып қалыптасуына негіз қалау мақсатында білім жүйесіне көптеген жаңалықтар енгізіп, оқытуға технологиялық тұрғыдан келу кеңінен қолданылуда. Білім беру саласының қызметкерлеріне қойылатын міндеттердің бірі – оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру, қазіргі  заманғы педагогикалық технологияларды меңгеру. Осы мақсатта оқытудың  әр түрлі педагогикалық  технологиялары жасалып, білім жүйесіне енгізіліп жатыр. Оқыту технологияларын пайдаланып, жақсы нәтижеге жету үшін оқыту технологиясы түбегейлі ойластырылған мақсат арқылы жоспарлы түрде жүргізілуі тиіс. Педагогикада «технология» ұғымын техникалық құралдарды пайдаланумен байланыстыруға болмайды, ол оқу процесін басқаруға қатысты қолданылады [1].  Педагогикалық технологиялар теориялық және тəжірибе негізінде жүзеге асады. Қазір дидактикада əртүрлі оқыту технологиялары қолданылып жүр, олардың қатарында бұрыннан келе жатқан технологиялармен қатар жаңа технологиялар да тәжірибе жүзінде қолданысқа енген. Әр ғалым педагогика саласына өзінше жаңалық қосып, түрлі технологияларды ұсынып жүр. Педагогикалық технологиялардың басты міндеті  оқушының  оқу-танымдық әрекетін жандандыра отырып алға қойған мақсатқа толықтай жету болып  табылады.  Сондай технологиялардың бірі – дамыта оқыту технологиясы. Дамыта оқыту жүйесі бұл күнде еліміздің мұғалімдері арасында кең қолданысқа енген. Дамыта оқыту идеясы 1959-1960 жылдары академик Л.В.Занковтың басшылығымен жасалған. Л.В.Занков жүйесіндегі сабақтардың нәтижелілігінің  басты көрсеткіштері болып ойлай, пайымдай, нақтылай, жүйелей, дәлелдей білу болып табылады. В.В.Давыдов, Д.Б.Элькониннің дамыта оқытудың теориясына қатысты жазған зерттеу еңбектерінде дамыта оқыту технологиясының міндеті жан-жақты дамыған жеке  тұлғаны қалыптастыру  болып табылады. Д.Б.Элькониннің пікірінше дамытушы технологияны іске асыру оқушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты жүйелі іс-əрекеттік оқу бағытын ұстануды қажет етеді. Дамыта оқыту технологиясы күрделі құрылымды, біртұтас педагогикалық жүйе болып табылады. Бұл технологияда әрбір оқушыға жеке тұлға ретінде қарай отырып, оқу арқылы оның әрі қарай дамуына жол ашады.

Дамыта оқыту жүйесіндегі қойылатын сұрақтар проблемалы, ойлауды, пайымдауды қажет ететіндей етіп беріледі. Оқушы да ондай сұраққа өз ойын, өз пікірін білдіруге дағдыланады. Жауаптардың бірнеше нұсқалары болуы мүмкін екендігі қарастырылады. Дамыта оқыту сабақтарында жаңа материалды талдауға зор көңіл бөлінеді. Себебі, талданбаған шығарма бала жүрегіне жетпейді деп есептелінеді. Талдау арқылы бірлескен ізденіс барысында мұғалім әр баланың көңіл-күйін бақылауға, ой-пікірін байқауға мүмкіндік алады. Сабақта салыстыру әдісін қолданып, объектілер арасындағы ұқсастық пен айырмашылықты анықтауға болады. Салыстыру неғұрлым қарапайым, бірақ аса мәнді ойлау операциясы, оқушының талдау, жинақтау қызметінің маңызды жағы заттар мен құбылыстарды салыстырмайынша олардың елеулі белгілерін анықтау мүмкін емес. Дамыта оқыту жүйесінде оқушыны қарапайым ойлауға жетелейді. Мысалы, белгілі бір тақырып өткен кезде мұғалім сол жайында жалпыға мәлім ақпарат бергеннен гөрі оқушылардың сол жайында не білетіні, ол туралы қалай ойлайтынын өздеріне айтқызады, содан кейін барып оқушыларға кеңінен мағлұмат береді [2]. Оқытудың жаңа педагогикалық технологияларын  меңгеру мұғалімнен орасан зор іскерлік пен шығармашылыққа негізделген ізденістерді қажет етеді. Дамыта оқыту жүйесінде мұғалім мен оқушы арасындағы  қарым-қатынас қандай болу керек деген сұраққа келсек, екеуінің арасындағы   қарым-қатынас ынтымақтастық, өзара сыйластық, түсіністік сияқты жаңа қағидаларға негізделеді. Бұл дегеніміз, бұрынғы дәстүрлі оқытуда мұғалім мен оқушы арасында сыйластық болмады деген ой емес, дамыта оқытуда оқушы өзін жеке тұлға ретінде мұғаліммен тең дәрежеде пікір алмаса алады дегіміз келеді. Мұғалім сабақ процесін ұйымдастырушы, бағыттаушы адам ретінде әр оқушыға өз ойын, пікірін айтуға мүмкіндік беріп, жауаптарын тыңдайды. Жауаптар барлық жағдайда дұрыс бола бермейді, дегенмен әр бала жасаған еңбегінің нәтижесімен бөлісіп, дәлелдеуге талпыныс жасайды, жеке тәжірибесін қорытындылауды үйренеді.

Дәстүрлі оқытуда баланың ішкі жан дүниесінде не болып жатқандығы, оның ойы, сезімдері мұғалімді ойландыра бермейтін болса, дамыта оқыту жүйесінде оқушы өз ойын қорықпай, сеніммен айта алу басты назарда болады, оның әрбір жауабы мұқият тыңдалып, дұрысы мақталып, қатесі еппен түзеліп отырылады. Оқушының пікірімен санасу, көзқарасын құрметтеу оның дамуына орасан зор әсер ететіндігі дәлелденді [3].

Дамыта оқытуда оқушының ізденушілік-зерттеушілік әрекетін ұйымдастыру басты назарда болады. Ол үшін оқушы өзінің бұған дейінгі білетін амалдарының, тәсілдерінің жаңа мәселені шешуге жеткіліксіз екенін сезетіндей жағдайға түсуі керек. Содан барып оның білім алуға деген ынта-ықыласы артады, білім алуға әрекеттенеді. Оқу процесінде алдыға мақсат қойылып, оны шешудің жолын бірлесе қарастырып, әр оқушы өз шешімнің дұрыстығын дәлелдеуге дағдыланады. Оқушы тапқырлығын зерделілігін дамытатын шығармашылық тапсырмалар орындау үлкен нәтиже береді.

Дәстүрлі оқыту мен дамыта оқытуды салыстырсақ, бұл жүйенің дәстүрлі оқытуға қарағанда өзіндік ерекшеліктері мен өзгешіліктері бар. Дамыта оқыту технологиясында көздеген мақсаты мен мұғалімнің рөлі, атқаратын қызметінде, сабақ жүргізудегі әдіс-тәсілінде дәстүрлі оқытуға қарағанда бірталай айырмашылық бар екендігін байқауымызға болады. Дәстүрлі сабақта мұғалімге жүктелген міндеттер өте көп. Мұғалім сабақта тыңдайды, сұрақ қояды, жазады, түсіндіреді, көрсетеді, тексереді, бағалайды, ал дамыта оқытуда жағдай басқаша. Мұғалім өз пәнін жетік білгенмен оқушыға барлығын өзі айтып бере салмайды, өз білімімен таңқалдыруға тырыспайды. Мұғалім оқушыны өздігінен ойлауға жетелеп, оқуда бағыт-бағдар береді. Әр сабақ сайын ізденуге үйренген бала, кез-келген проблеманы тез шешуге үйренеді. Сонымен оқыту технологиясының бұл түрі дербес жұмыс істеуге, алған білімді пайдалана білуге үйретеді. Дамыта оқыту технологиясының авторлары дәстүрлі оқыту балаға білім, білік дағды алуға қажетті ақыл, сана бар деп есептеп, сол ақылға дайын білімді құю керек деген көзқарасқа, ал дамыта оқыту бала бойындағы табиғи қабілеттерді жаңа белестерге көтеруге мақсат тұтатын принциптерге негізделген деген пікір айтады [4].

Сонымен педагогикалық технологияны тек қана техникалық  оқу құралдарын дамыту немесе компьютерлендіру емес, жоғары нәтижелерге бағытталған біртұтас өзара байланысты әдістер, тәсілдер, мазмұның  жиынтығы деп қарастыруға болады. Оқыту технологиясының басты міндеті дидактикада жасалған заңдар мен қағидаларды оқытудың нәтиже беретін әдістеріне айналдыру болып табылады. Қай технологияның білім сапасын көтеруде айтарлықтай нәтиже беретіні алдағы уақыттың еншісінде. Білім жүйесіндегі енгізілген өзгерістер алдағы уақытта өз нәтижесін беріп, қазіргі қолданыста жүрген оқыту технологияларының тиімділері іріктелініп шығары сөзсіз. Қорыта айтқанда, дәстүрлі оқыту әдістемесі сандық, мазмұндық, ал дамыта оқыту технологиясы негізінен сапалық, мәнділік әдіснамасы деп айтуға болады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.       Давыдов В.В. Проблемы развивающего обучения. М.: Педагогика, 1986.

2.       ҚР Жалпыға міндетті білім берудің Мемлекеттік стандарттары; Жоба, /12 жылдық білім беру, 2006/.

3.       Алимова Қ. «Дамыта оқыту» мәселесінің педагогикада зерттелу жайы //Бастауыш мектеп. №4, 2009. 32 б.

4.       Салқынбай А., Көккөзова М. Әдіскер тағылымы. Алматы, 2002.

5.        Құрманова Н. Қазақ тілін дамыта оқыту технологиясы. Астана: Мемлекеттік тілді жеделдете оқыту республикалық орталығы, 2007.  140 б.