Педагогика секциясы

Модульдік оқыту технологиясы   интеграциялық және дидактикалық мақсаттар бірлігі

Ишанов П.З., Ph.D., Акеева А.Р., магистрант

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

 

Білім алу – ұрпақ тәрбиесінің негізін қалайтын адамзат әрекетінің ең маңызды түрі десек, білім беру жүйесі - әр елдің даму болашағын айқындайтын, әлемдік өркениетке жетудің негізгі бағыттарын көрсететін біртұтас құрылым.

Елімізде білім берудің өзіндік ұлттық үлгісі қалыптасуда. Білім берудегі ескі мазмұнның орнын жаңасы басуда. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында оқыту формасын, әдістерін, технологияларын  таңдауда көп нұсқалық қағида атап көрсетілген. Бұл білім беру мекемелерінің мұғалімдеріне өзіне оңтайлы нұсқаны қолдануына, педагогикалық үрдісті өздеріне тиімді үлгімен құра беруіне мүмкіндік береді. Қазіргі уақыттағы оқу-тәрбие үрдісінің ерекшелігі баланың тұлғалық дамуына бағытталған жаңа оқу технологияларын ұтымды қолданысқа алуында. Ал бүгінгі білім парадигмасының өзгеруі оқытудың ақпараттық және компьютерлік технологияларға негізделген жүйесіне өтудің қажеттілігін талап етуде [1; 229].

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев  «ХХІ ғасырда білімді дамыта алмаған елдің  тығырыққа тірелері анық.  Біздің болашақтың жоғарғы технологиялық және ғылыми қамтылған  өндірістері үшін  кадрлар қорын жасауымыз қажет. Осы заманғы білім беру жүйесінсіз әрі  алысты барлап,  кең ауқымды ойлай білетін осы заманғы басқарушыларсыз біз инновациялық экономика құра алмаймыз» деп атап көрсеткен. Ендеше, әрбір мемлекеттің болашағы оқу орындарында шыңдалатындықтан, бүгінгі басты міндет — жоғары сапалы, өзіндік айтар ой-пікірі бар, отанына пайдасын тигізер белсенді азамат тәрбиелеп шығару.

Әлемдік оқу үрдісінің өзегі – жаңа технологиялар екені мәлім. Әрбір технология өзіндік жаңа әдіс-тәсілдермен ерекшеленеді. Ал әдіс-тәсілдерді мұғалім ізденісі арқылы оқушы қабілетіне, қабылдау деңгейіне қарай іріктеп қолданады.Білім беру үрдісін басқару жүйесінің құрылымы жеке тұлғаның қайталанбас даралығының дамуына, шығармашылық бастама алуына бағыт беріп, жағымды орта қалыптастырудан тұрады. Қоғамдағы түбегейлі өзгерістер білім беру жүйесінің алдына жаңа адамды қалыптастыру, дамыту мақсаттарын қойып отыр. Оқушылардың ойлау қабілетін дамыту, ой-пікірінің дербестігі мен еркіндігін кеңейту, олардың өз бетімен білім алуға деген ынтасын арттыру, оны өз тәжірибелерінде жаңа жағдайларға байланысты қолдана алу, яғни біліктіліктерін қалыптастыру және дамыту болып табылады.

Қазіргі уақытта педагогика ғылымының бір ерекшілігі – баланың тұлғалық дамуына бағытталған жаңа оқыту технологияларын шығаруға ұмтылуы. Педагогикалық үрдістің тиімділігінің артуына мүмкіндік беретін білім беру мен тәрбие бірлігін сақтай отырып, оқушыға білімділігіне сәйкес бағдар беру, танымдық ізденімпаздығын дамытуға ұмтылған ытудың прогрессивтік қадамының бірі – модульдік оқыту.

Модульдік оқыту технологиясы – білім мазмұны, білімді игеру қарқыны, өз бетінше жұмыс істей алу мүмкіндігі, оқудың әдістері мен тәсілдері бойынша оқытудың дербестігін қамтамасыз етеді. Модуль дегеніміз – міндетті түрде оқушының білімі мен біліктерін тексеру элементі бар оқу материалының логикалық аяқталған бөлімі [2; 111]. Тағы, іс-әрекеттің мақсатты бағдарламасы белгілеген деңгейіне, яғни жоспарланған алдағы нәтижеге жету үшін сұрыпталған, дидактикалық өңделген білім, білік, дағдының белгілі мазмұнының бірлігі және оның әдістемелік нұсқауы немесе аяқталған оқу ақпараты болып табылатын модульдік бағдарламаның негізгі құралы. Басқаша айтқанда, адамның білім алуы арқылы өзіндік дамуының шамасы. Жалпы «модуль» сөзі «оқытудың мазмұны мен технологиясын» білдіреді. «Модуль мазмұны» өзіндік мағына беретін оқу материалының көлемі ретінде ұсынылады.

Модульдік технология дегеніміз – білім алушының ішкі мүмкіншілігіне, қабілетіне қарай өз бетімен ізденуіне, әрекет етуіне лайықталған дидактикалық құрылым, адамның өзін-өзі дамуының амалы, жолы. Аталмыш технологияның бір ерекшелігі – оның білімді меңгеруге емес, жеке тұлғаның танымдық қабілеттерін және жадының есту, көру, қимыл-қозғалыс жасау сияқты алуан түрін, ойлау, ынта, қабылдау қабілеттерін арнайы жасалған оқу және танымдық жағдайлар арқылы дамытуға, сондай-ақ жеке тұлғаның қауіпсіздігін, өзін-өзі дамыту, өзін-өзі бекіту, қарым-қатынас жасау, ойын, танымдық және шығармашылық қажеттіліктерін қанағаттандыруға, белсенді сөздік қорын дамытуға бағытталуында. Модульді оқыту технологиясы кешендік, интеграциялық және дидактикалық мақсаттар бірлігі, кері байланыс, қызметтік, іс-әрекеттік, практикалық бағыттылық ұстанымдарына негізделеді [3; 76].

М.М.Жанпейісованың технологиясында модуль – кіріспе, сөйлесу, қорытынды деп аталатын үш құрамды бөліктерден тұрады. Әр оқу модулінің сағаты әр түрлі болады. Зерттеушілердің пікірінше 7-12 сағаттан тұратын оқу модулі анағұрлым тиімді саналады. Осы оқу модулінің ерекшелігі жалпы сағат санына қарамастан кіріспе және қорытынды бөліміне 1 немесе 2 сабақ саны бөлінеді, ал қалған сағаты сөйлесу сағаты болады.

Кіріспе бөлімде мұғалім оқушыларды оқу модулінің жалпы құрылымымен, оның мақсат-міндеттерімен таныстырады. Сонан соң осы оқу модулінің барлық уақытына есептелген оқу материалын қысқаша (10-20 минут ішінде) сызба не кесте сияқты белгілік үлгілерге сүйене отырып түсіндіреді. Оқушылар бұл кезеңде бағдарламаның аталған тарауын неге және не үшін оқып үйренулері керектігін, өздері нақты нені меңгеріп, үйренулері тиіс, алдағы жұмыстың негізгі оқу міндеті қандай екенін түсінуі қажет.

Сөйлесу бөлімінде оқушылардың оқу материалын қайта жаңғырту деңгейі, қарапайым білік пен дағдыларын және білімін іс жүзінде бірнеше рет қайта қолдануы жүзеге асырылады. Оқушылар қандай да бір деңгейдегі тапсырмаларды өздері таңдайды. Тапсырмалар қарапайымнан күрделіге қарай кезең-кезеңімен орындалу міндетті емес. Оқушы тапсырманы өзінің орындау мүкіндігіне қарай таңдауға ерікті.

Оқу модулінің қорытынды бөлімі – бақылау. Бұл бөлімде оқушы өзінің сөйлесу бөлімінде алған білімін, білігі мен дағдыларын ешкімнің көмегінсіз, өз қыбілетінің көмегімен көрсетуі тиіс. Егер сөйлесу бөлімінде оқушыларға үш деңгейлік (жеңілдетілген стандарт, стандартты, стандарттан жоғары)  тапсырмалар берілсе, қорытынды бөлімде барлық оқушыларға мемлекеттік білім стандартына сай бірдей тапсырмалар беріледі. Модульдік оқыту технологиясы – баланың белсенді оқу қызметін ұйымдастырады, бала өз әрекетін жоспарлай, талдай, өзі бақылай білуге үйренеді, әрі бұл жеке тұлғаның өзін өзі дамытуға, шығармашылық қабілеттерін арттыруға қажетті іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыратын бірден-бір технология. Модульдік оқыту білім мазмұны, білімді игеру қарқыны, өз бетінше жұмыс істеу алу мүмкіндігі, оқудың әдістері мен тәсілдері бойынша оқытудың дербестігін қамтамасыз етеді. Модульдік оқыту технологиясын білім беру үрдісінде қолдану арқылы келесідей жетістіктерге қол жеткізуге болады: уақыт  үнемделеді, сабақтың  сапасы  көтеріледі, оқу  әдісі  мен  құралдарын  таңдауға  мүмкіндік  туады, оқушылардың  белсенділігі  мен  қызығушылығын  арттырады, соның нәтижесінде оқу  үлгерімі  көтеріледі.

XX ғасырдың соңында инновациялық технологиялар қарқынды дамып қана қоймай, оқытудың жаңа технологиялары қоғамдық өмірге қадам басты. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар білімдерді жинау, өңдеу, сақтау және таратуға мүмкіндік береді [3; 77]. Білім беру саласындағы Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алғаннан бері жүргізіліп жатқан реформалар, білім берудің жаңа парадигмасын іздеу, білімденудің инновациялық технологияларының нәтижелі болуына бағдарлану, білім алушының тұлғалық моделі мен сапасын әрбір өтілетін пәннің мазмұны арқылы дамытуға бетбұрыс жасады [4; 21-22].

Заман көшіне ілесіп, алға ұмтылудың бір көрінісі – білім саласындағы алға жылжулар, өзгерістер, қарыштаулар екені белгілі. Ендеше, қайсыбір оқыту технологиясы болмасын бұл салаға өзіндік пайдасын, керегін ала келеді, әрі, бүгін де оқыту саласында үлкен жаңалықтар әкеліп, елдің алға ұмтылуына көп септігін тигізуде. Бұл бүгінгі және келер ұрпақ үшін өте маңызды, себебі қашанда білім – адам қызметінің ең бір кең саласы болып қала бермек.

 

                                      Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1 Тәуелсіздік тұлғалары: кеше мен бүгін атты студенттер мен жас ғалымдарға арналған респуб. ғыл.-практ. конф. матер. Қарағанды, 2010.  247 б.

2 Білім берудегі жаңа технологиялар: оқу құралы. Алматы: Қазақ университеті, 2011. 161 б.

3 «Мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік тілді оқытудың жаңа технологиялары: дәстүр және жаңашылдық сабақтастығы»:респуб. ғыл.-тәжіриб. конф.материалдары.  Астана, 2011.  218 б.

4 Темербаева Ж.А. Кредиттік оқу жүйесінде студенттерді модульдік технология арқылы оқыту.  Дисс. автореф. Астана, 2008.