А.Р.Тұрсынбаева1, С.Г.Жупышева2

1Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы №4 орта  мектеп;

 2Қарағанды қаласы №23 орта мектеп  

 

АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІН ОҚЫТУ – ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕНІҢ НЕГІЗІ

 

Өскелең жас ұрпақ өз елінің, жерінің тарихын, ата-бабаларының тарихын білуі және оның жақсы жақтарын үйреніп, жаманынан жиренуіне қорытынды  жасай білуі керек. Әрбір азамат, өзінің ата-бабалары қалдырған кең байтақ ел мен жердің лайықты мұрагері болуға  міндетті екенін білуі тиіс. Қазақ тілі мұғалімі бола отыра, қазақтың сан ғасырлық тарихының ең жарқын беттерін жазған Алаш қозғалысының қайраткерлерін зерттей отырып, елін сүйер патриот жастарды тәрбиелесек деп ойлаймыз. Бұл мақаланы жазғандағы мақсатымыз – Алаштың соңғы тұяғы болған Әлімхан Ермеков туралы кең көлемде мағлұмат беру, жасөспірімдерді ұлы дана мұрасын терең игеріп, танымдық мәнін меңгеруге талпындыру.

Әлімхан Әбеуұлы Ермеков  — Алаш қозғалысының жас та, алғыр, іскер қайраткері. Алашорда үкіметінің мүшесі, табиғатынан зерек тұлға, математика ғылымдарынан тұңғыш қазақ профессоры.

Әлімхан Ермеков 1891 жылы осы күнгі Қарағанды обылысы, Ақтоғай ауданы, Бөріктас деген жерде дүниеге келеді. 1899 жылы Қарқаралыдағы қалалық училищеге оқуға түседі. Мектеп қабырғасында зейінді, алғыр болған Әлімхан мектепті үздік бітіріп, 1905 жылы Семейдегі ерлер гимназиясына түседі. Осы оқу орнын 1912 жылы алтын медальмен бітіріп, Томск технология институтының тау-кен факультетіне қабылданады.

Патша өкіметі құлатылғаннан кейін елдегі қалыптасқан жағдайды айқындап, алда не істеу керектігін шешіп алу үшін жер-жерде қазақ съездері ашылып жатты. Ә.Ермеков, алғаш рет саяси іске алаш қозғалысына, 1917 жылы 27 сәуір, 7 мамыр аралығында өткен II Бүкілқазақтық съезіне Семей облысынан делегат болып қатысып, Алашорда үкіметіне мүшелікке өтеді.

1917-1918 жылдары Алаш автономиясы, Уақытша Сібір үкіметі, Комуч, Башқұрт үкіметі, Сібір облыстық думасы, Уфа директориясы атынан Колчактың Омбы үкіметімен келіссөздер жүргізеді.

1921-1924 жылдары Семей губерниялық атқару комитетінің, губерниялық жоспарлау басқармасының, Қазақ АКСР-і Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағаларының орынбасары, өнеркәсіп секциясының меңгерушісі қызметтерін атқарады. Қазақ АКСР-інің 6-7 шақырылған Орталық Атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Оқуын жалғастырып, 1923 жылы Томск технологиялық институтын бітіріп, геолог-барлаушы инженері мамандығын алып шығады. Кеңес өкіметіне, коммунистік-репрессиялық жүйеге қарсы қызметі, Алаш партиясын құрысып, Алашорда үкіметіне мүше болғаны үшін 1930 жылдың 22 қыркүйегінде істі болып, М.Әуезовпен бірге түрмеде отырып, үздіксіз тергеуде болады. 1932 жылдың 20 сәуірінде ОГПУ үштігінің үкімімен алдын ала түрмеде отырған уақыты есепке алынып, босатылып, бақылаушы органдардың бақылауына алынады. Алайда 1937 жылғы қара бұлт Ә.Ермековтің басына тағы да үйіріліп, 1939 жылы сотталып, 1947 жылға дейін түрмеде отырып шығады. Түрмеден шыққаннан кейін жаламен қайта ұсталып, 1954 жылы ісі қайта қаралып, 1955 жылдың 7 наурызында КСРО Бас прокурорының қаулысымен түрмеден мерзімінен бұрын босатылып, 1957 жылы қарашада толық ақталды.

Әлихан Ермековтің тарихи зор еңбегінің бірі — Қазақ автономиясы шегарасының біртұтастығын жанқиярлықпен қорғауы. Осы орайда ол 1920 жылы 17 тамызда Лениннің төрағалығымен өткен қазақ өкілдері қатысқан Халық комиссарлары кеңесінің мәжілісінде Қазақ автономиясы туралы мәселе қаралғанда, Қазақстанның жағдайы туралы Ә.Ермеков баяндама жасайды. Онда ол жер, Қазақстанның шегарасы туралы мәселелерді қамтып, өктемшіл, озбыр, отаршылдық пиғылдағы өкілдермен қызу айтысқа түсіп, өз пікірін тиянақты, жан-жақты, бұлтартпас дәлелдермен қорғап шығады. Окупанттар өз кінәсін мойындап, нәтижесінде, кезінде қазақтардан тартып алынған Каспийдің теріскей жағалауындағы ені бір шақырымдық және Ертістің сол жағалауындағы он шақырымдық ұлан-ғайыр жер Лениннің тікелей қолдауымен Қазақ еліне қайтарылады

1926 жылы ғылыми-педагогикалық қызметке ауысып, 1926-1928 жылдары Ташкент қаласындағы Қазақтың жоғары тұңғыш педагогикалық институтының жоғарғы математика кафедрасының мұғалімі, әрі жаратылыстану-математика факультетінің деканы міндеттерін атқарады.

1929 жылы Қазақ педагогикалық институтында (қазіргі Алматы Мемлекеттік  университеті) доцент, 1932-1935 жылдары Қазақ мемлекеттік зоотехникалық мал дәрігерлік институтында доцент, профессор міндетін атқарып, кафедра басшысы болады.

1935 жылы қазақ тілінде «Ұлы математика курсы» кітабын, 1936 жылы «Қазақ тілінің математика терминдері» атты түсіндірме сөздігін жарыққа шығарған. 1935-1937 жылдары Алматы Кен-металлургия институтында (қазіргі ҚазҰТУ) математика және теориялық механика кафедрасының меңгерушісі, техникалық факультеттің деканы қызметтерін атқарады.

1932-1936 жылдары ҚазАССР оқу ағарту халық комиссариатының арнаулы тапсырмасымен қазақ тілінде математика терминологиясын жасап шығарады. 1937 жылы сталиндік озбырлық бұғауына түсіп, Ресейге барып бой тасалап, 1938 жылы шамалы уақыт Куйбышев қаласындағы жоспарлау институтында кафедра меңгерушісі қызметін атқарады.

1935 жылы мал дәрігерлік институтта кафедра басқарып жүріп, институт ғылыми кеңесінің ұйғарымымен (ВАК шешімі бойынша) тұңғыш рет математика саласынан профессор атағын алады.

Өмірінің соңына дейін Қарағанды тау-кен институтында (қазіргі ҚарМТУ) аға оқытушы қызметін атқарып, ықтималдық теориясы, математикалық статистика, теориялық механика, математикалық терминология мәселелері төңірегінде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысқан.  1970 жылы қайтыс болады.

Бүгінде Қарағанды, Қарқаралы қалаларының екі орталық көшесіне, Ақадыр кентінің № 131 орта мектебі мен Ақтоғай ауданы, Қаратал ауылындағы орта мектепке Әлімхан Ермеков есімі берілген.

1998 жылы Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында Алаш көсемдері Ә.Бөкейханов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермековтің құрметіне еңселі ескерткіш орнатылды.

Мағауия Ермековтың өз әкесі Әлімхан Ермеков туралы жазған “Әлімхан Ермековтің өмір беттерінен” атты кітабы 2000 жылы жарық көрді. Болгар тілінде «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы» және «Әлімхан Ермеков», «Жұмабек Тәшенов» атты кітаптар жарық көрген.

Қарағанды қаласындағы Ә.Ермеков көшесінде «Әлімхан Ермеков» атты үлкен кітап дүкені ашылған. 2000 жылдан бастап Президенттік мәдени орталығындағы мұражайға Ә.Ермековке байланысты құжаттар мен суреттер жинақталып, Алаш алыбына құрмет көрсетіліп келеді.

Ермековтердің ұрпақтары ҚР ҰҒА-ның академиктері, ғылым докторлары мен профессорлар атанды. Әлімхан Ермековтың немересі Олег Мағауияұлы – техника ғылымдарының кандидаты, облыста еңбек жолын геофизикадан сәтті бастап, Қарағанды политехникалық институтында дәріс берген, облыста экономика басқармасының бастығы қызметін атқарып, кейінгі уақытта ұлы Әділмен бірге білім саласындағы бизнеске басшылық жасауға ауысып, Ұлыбританиялық «Maryadi education» компаниясымен бірге әлем бойынша ересектер мен балаларға тілді оқытудың курстарын ұйымдастыруда. Бүгінгі күнде Лондонда Әлімхан Ермековтың 3 жастағы шөбересі – Даниял өсіп жатыр.

Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік... Біз тәуелсіздікті ақылмен, ата-баба жолымен алдық деп ойлаймыз. Бүгінгі бізге осынау бейбіт, нұрлы күндерді сыйлаған ата-бабаларымыздың, Алаш алыптарының, ел зиялыларының бізге сый еткен мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды ету, қуатын арттыру, оның игілігін, халықаралық қауымдастықтағы беделін өсіру, энономикасын дамыту - біздің парызымыз, ал жас ұрпақтың патриоттығын арттыру – қазақ тілі мамандарының бірден-бір міндеті.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. Аскерова А. Жеңіске мың тағзым! Колос,  -2010. -№ 20. - 2 б.

2. Ергөбек Қ. Жазулы хатқа айналған қария. Солтүстік Қазақстан. -2010.-5 б.

3. Қазақ ұлтынан – қазақ еліне. Алматы, -2010. http://www.kazakheli.kz

7. Сейіт К. Жеті атаны білуіміз керек. Ана тілі газеті, 13-Қаңтар 2011.