МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДЫҢ ҚОЗҒАЛЫС ДАҒДЫЛАРЫН ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР АРҚЫЛЫ ТӘРБИЕЛЕУ

Айтжанова Р.М., Ануар С.

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

     Мектеп жасына дейінгі балалардың дене тәрбиесі жұмысының сапасын және тиімділігін арттыру қазіргі педагогикалық ғылымның және қоғамның алдына қойған маңызды ісі болып табылады. Ал дене тәрбиесі арқылы баланың денсаулығын нығайту, өмірге қажетті қозғалыс дағдыларының дұрыс қалыптастыруын іске асыру бүгінгі таңда өзекті блып отыр.

 Ғасырлар бойы қазақ халқының бала тәрбиесінде ерекше орны бар, уақыт сынынан өткен,  халықтың ұлттық ойын  түрлерімен ұштастыру әсіресе баланың денсаулығының негізі балабақшалардағы  дене шынықтыру сабағында қолдануды іске асыру, ұлттық тәрбиенің жалғасын табудың бірден бір жолы болып саналады. Қазақстан халқы тәуелсіздік алысымен Кеңестер одағы кезінде тоқырауға түскен ұлттық құндылықтарды  қалпына келтіру жолында үлкен істерді қолға алып келеді, соның бірі ұлттық ойын түрлерін ұрпақ тәрбиесінде қолдану болып табылады.

Ұлттық ойындар халық тәрбиесінің дәстүрлі табиғатының жалғасы. Ежелгі дәстүрлі ойындарда халықтың өмір сүру әдісі, тұрмыс – тіршілігі айқын көрініс тапқан. Халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан ойындарындағы  көзделген мүдделер жеке адамның әлеуметтік белсенділігіне ғана емес, ұлттық психологиясына да әсері бар екендігі белгілі.

Халық ойындарын бала тәрбиесінің бір құралы деп қарастырған және оны логикалық тұрғыдан нақтылап дәлелдей білген ғалым Г.А. Покровский.

Ол балаларды  жан-жақты тәрбиелеу әдісін іздестіру барысында бірден-бір тиімді әдіс деп халық ойындарына жете мән беріп, баланы  табиғи тәрбиелеуде әрі тартымды,  таңдаулы тәрбие құралы деп білген. Ғалым Г.А. Покровский өз  еңбектерінде  қазақтың халық ойындарының әлеуметтік тәрбиелік маңызын,  ерекшелігін зерделей келіп, Азияның көшпелі халықтарының ұлттық ойындарын халық мәдиенетінің бір бөлшегі екендігіне көз жеткізеді.

К.Д.Ушинский халықтық тәрбиенің мақсаты мен мазмұнына және тәрбие мен оқыту әдістеріне тоқтала келе ойын былай сабақтайды: «Халықтың бала тәрбиесі сол халықтың сан ғасырлық тарихымен тығыз байланысты, тәрбиенің негізін халықтың жақсы-жаман дәстүрінен іздестіру керек» деп атап өтеді. Ойынның ұлттық деп атауының астарында түрлі мағына жатыр. Олай болатыны ұлт ойындары әртүрлі ерекшелігін даралап көрсететін ұлтқа тән қасиеттерді ашып айтып көрсете алатындығымен ерекшеленеді. Екіншіден, ұлттық ойындар, ұлттық әдет-ғұрыптарды салт-сананы, дәстүрді өз ойына жақсы сіңірген, сол арқылы жас ұрпақ ана сүтімен ұлтқа тән қасиеттерді ойын барысында еркін меңгеріп бойына жастайынан дамытуға мүмкіншілік алады.

Ұлттық ойындардың бойына ұлтқа тән психологиялық ерекшеліктер топтасқан, өйткені ол өмір, тұрмыс, еңбек тәжірибесінің көрінісі бала соларды өзінше қайталап, толықтыра отырып өнеге, үлгі, тәлім-тәрбие алады ұлттың өкілі ретінде қалыптасады.

Бала өзінің қоршаған ортаны, айналасындағы заттар мен құбылыстарды ойын арқылы түсініп, ұғынады. Тек көру, байқау арқылы емес, тікелей араласып, іс-әрекетке көшіп, нақты қарым-қатынас барысында біледі.  Мұны ұғынуда ойын шешуші мәнге ие болады. Былайша айтқанда, түрлі заттар мен құбылыстарды, адамдар арасындағы қарым-қатынасты баланың білуі, сезінуі ойын негізінде жүзеге асады.

«Баланың таным түсінігі, іс-әрекеті ойыннан бастау алады да, болашақ өмірінде жалғасын табады. Баланың ойын кезіндегі қимыл – қозғалысы дене бітімін жетілдірсе, іс - әрекеттегі амал тәсілдері ой сананың дамуына, таным -  түсінік, мінез – құлық әдептерін бекітуіне, бәрі тұтаса келіп жеке тұлғаның қалыптасуына жол ашады деп атап көрсетеді ғалым Ү. Т. Төленова [6,59].

Сондықтан ұлттық халық ойындарын бүгінгі оқушылар өміріне енгізу қазіргі заманда туындап отырған қажеттілік.

Қазақ халқы негізінен көшпелі өмір сүруіне сәйкес ұлттық ойындар көбіне далада табиғатпен байланысты ойналған. Соған орай халық ойындарының атаулары көбіне аң, құс, мал аттарымен байланысты аталған..

Мысалы көпке танымал ойын атаулары: «Атқаума», «Асау мәстек»,  «Қаңкөбелек», «Сақ құлақ», «Бүркіт», «Қырықаяқ», «Қасқырқақпан», «Қоян», «Мысық пен тышқан», «Үлек пен тайлақ», «Түйе – түйе», «Соқыр теке», «Ортеке», «Ақшымшық», «Ақ серек – көк серек», «Қара құрт» т.б.

Әдет – ғұрып, салт – сана, дәстүр ұлтты басқалардан дараландырып, ерекшелендіріп көрсететін құбылыс, осы қасиеттер балаға жастайынан берілетін болса ұлттық тәрбиенің сапалы болуына әсер етеді.

 Соңғы жылдарғы зерттелген көптеген ғылыми еңбектердің негізгі тұжырымдамалары бойынша мектеп жасына дейінгі балалардың дене шынықтыруын нақты бір мақсатты бағытпен дамытқанда ғана денсаулығы нығайып, жұмыс жасау қабілеті дамып жеке тұлға болып қалыптасуына тікелей әсері бар екендігі дәлелденуде.

Мектепке дейінгі ұйымдардағы дене шынықтыру сабағында баланың қимыл қозғалыс дағдыларын жетілдіру мақсатында  ұлттық ойындарды ойнату кезінде әрбір баланың  жеке тұлға екендігін, оның қабілетінің  де әр-түрлі болып келетіндігін, баланың мінез-құлқының әртүрлілігін ескерген жөн.  

Баланың денесін шынықтыру барысындағы негізгі мақсат бала денсаулығын нығайтып дене дамуының толық мәнді нәтижесіне жету, дене құрылымының келісті өсуі, ағзаның жасына сәйкес дамуы, организімнің қорғаныс қабілетінің артуы, ақыл-ой және еңбек жұмысының жақсаруы, мінез-құлық, ерік-жігерін, белсенділігін  тәрбиелеу болып табылады.

Ұлттық ойынды үйрету баланың рухани және имандылық тұрғысынан дамытуына да үлкен әсер етеді. Әр халықтың ғасырлар бойы жинақтаған дене шынықтыру жүйесінде ұлттық  ойындардың орыны ерекше.  

Сөзімізді түйіндей келе, азақтың ұлттық ойындары – халық мәдениетінің бір тармағы ретінде баланың денесін шынықтыру және болашақ еңбек дағдыларына қажетті дене қозғалыстарына баулуға, елін, жерін сүйетін патриот болуға,  адамгершілік құндылықтарға тәрбиелеуге таптырмас құрал.   Қоғамның әлеуметтік – экономикалық дамуында ұлттық ойындар халық мәдениетінің бір саласы ғана емес, бүгінгі дамуымыздағы кешегі мен бүгінгі ұрпақ байланыстылығын жалғастырған өркениетті құбылыс.

Кешегі ата-баба дәстүрінің көрінісі халық ойындары бүгінгі баланың ұлттық жан – дүниесін қалыптастыруда қолдануда болатын ұтымды құрал.

Біз балалардың  спортқа қызығушылықтарын  арттыруда ұлттық ойындарды жас ерекшеліктеріне қарай үйретудің тиімді әдіс –тәсілдерін білсек өз жемісін береді деп есептейміз.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1           Асарбаев. А. Дене шынықтырудың этнопедагогикалық мәселелері. // Ұлт тағылымы. 2001. № 6.

2           Құралбекұлы А., Әкімбайұлы С. Оқушылар дене шынықтыруының этнопедагогикалық негіздері. –Алматы: 2000.

3    Сағындықов Е.С. Қазақтың ұлттық ойындары. –Алматы: Рауан, 1991.

4    Покровский Е.А. Детские игры преимущественно русские в связи с историей, этнографией, педагогикой и гигиеной, М. 1887 г.

5    Б.Төтенаев. Дене тәрбиесі сабағында ұлттық ойындарын оқыту. –Алматы:-Қазақстан, 1979.- 59б.

6    Ұ.Т. Төленова. Балабақшадағы аралас топ оқушыларын ұлттық ойындар арқылы адамгершілікке тәрбиелеу. Пед.ғыл.канд.диссер.автореф... –Алматы: 29б.