Ныязбекова К.С., п.ғ.к.,

 Абай атындағы ҚазҰПУдың доценті

Kulyanda2009@mail.ru

 

 Студенттердің кәсіби лексикасын дамытудың

педагогикалық негіздері

 

      Қазақ тілін орыс тілді топтарда оқыту әдістемесі міндетті түрде педагогика ғылымы мен соның ішінде дидактика заңдылықтарына сүйенеді. Осыған байланысты студенттердің мамандығына сай сөздіктерді меңгеруін жеңілдету мақсатында Ф.Ш.Оразбаева, Г.Еркибаева, Л.В.Занков, Н.В.Бордовская, А.А.Реан, т.б. ғалымдардың еңбектеріндегі негізгі дидактиканың қағидалары мен ұстанымдары негізге алынуы тиіс.

     Тарихи дамудың әр кезеңі жаңа дидактиканың қағидаларын ұсынады. Бірақ оқыту әрекетінің негізіне берік орнаған, дидактиканың негізгі қағидалары бар. Олар әр түрлі болғанмен бір ғана мақсатты көздейді: оқыту әрекетінің тиімді жұмыс істеуі үшін жаңа жолдарды табу және жетілдіру.

      Л.В.Занков дәстүрлі дидактикалық қағидалармен бірге өзінің зерттеу тәжірибесінде қалыптасқан басқа да қағидаларды ұсынады, мысалы:

·        теориялық білімнің жетекші рөлін бекітуші қағида;

·        қиындықтың жоғары сатысында оқыту қағидасы;

·        үйренудің тез қарқындылығы; оқушылардың білім әрекетін тану қағидасы.

       Заман талабына сай қазір студенттер мемлекеттік тілді үйренудің аса қажеттілігін және оның болашақ мамандықтарына керек болатындығын естерінде ұстағаны абзал. Ал оқытушы өзінің барлық күш-жігерін студенттердің мемлекеттік тілді меңгеруге қызығушылығын арттыруға жұмсауы қажет. Ғалымдардың айтуынша, ең алдымен осындай уәждеменің күші оқыту әрекетінің нәтижелілігіне әсер етеді. Н.В.Бордовская мен А.А.Реан студенттердің үлгерімдері интеллектіге емес, оқу іс-әрекетінің уәждемесінің күшіне байланысты екендігін көрсетеді. Жадығатты тиімді игеру тіл үйренушінің жеке ынтасына да тәуелді. Егер тіл үйренуші білімді игеруде ынталанбаса, қажетті нәтижеге жету мүмкін емес.

      Сонымен, студенттерді қазақ тіліне оқыту әдістеменің дидактикамен өзара тығыз байланысы ғана оқудың, танымның, білімді игерудің тиімділігін және олардың тәжірибеде жүзеге асуын қамтамасыз етеді.   

      Тіл саясатын жүзеге асыру жағыдайында, Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігінің қалыптасуында студенттерді (болашақ экономист мамандарды) кәсіби қазақ тіліне оқыту ерекше орын алады.

       Кәсіби қазақ тілінің мақсаты – экономика саласында қызмет ететін болашақ мамандардың бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастырып, жоғары моральдық қағидаларды, адамзаттық құндылықтарды сіңіріп, кәсіби этикетті меңгерту болып табылады. Осының нәтижесінде түрлі тәрбие жұмыстары жүргізіледі. Демек, жоғары оқу орындарында студенттер тәрбиесі – оқыту жүйесінің бөлінбес бір бөлігі болып табылады. Әлемдік бәсекеге қабілетті мемлекетті қалыптастыруда кәсіби сауатты маман-экономистерді дайындаудың маңызы артуда. Кәсіби қазақ тілі сабақтарының болашақ экономистерді тәрбиелеуде өзіндік орны бар. Ең бастысы, тілдік жадығаттардың, мәтіндердің тәрбиелік мәні болуы керек.