Курманалина Ж. Б.
учительница физики Актюбинская область, Мугалжарский
район
Кумжарганская основная школа, Казахстан
Физикадан эксперименттік есептер
шығару
Физика –
эксперименттік ғылым, ал тәжірибе – физикалық
зерттеулердің негізгі түрі. Физиканың даму тарихына
үңілсек, аса ірі жаңалықтардың көбі
эксперимент нәтижесінде ашылғанын көрер едік. Эксперимент
физика ғылымында негізгі таным әдістерінің бірі болып
табылады. Ұлы ғалым М.В.Ломоносов табиғат туралы
ғылымдарда эксперименттің маңызы жөнінде былай деген:
«Мен тек қиялдан ғана туған мың пікірден гөрі бір
тәжірибені жоғары қоямын». Физика пәнінің
мұғалімдерінің алға қойған басты
мақсаты – оқушы бойындағы эксперименттік дағдыны
қалыптастыруға баулу, оқушыны физикалық
құбылысты көре білуге, мектептегі оқушының
алған білімін өмірде шеше білуге бағыт-бағдар беру. Ол үшін физика пәнінен
алған білімдерін өмірде, тұрмыста қолдана білуге баулу
керек. [1]
Өзімнің
көп жылғы тәжірибемнен байқағаным –
оқушылардың логикалық ойлау қабілетін
қалыптастыруда, теориялық алған білімдерін практикаға
қолдануда эксперименттік есептер шығарудың маңызы зор. Білімді
игерудің нәтижелілігі таным процесіне адамның әр
түрлі сезім мүшелерінің іске қосылуы және
нақты заттар мен құбылыстарға бетпе-бет келгенде оны
сезіну, көре білу және қабылдауы арқылы артады. Оқушылар
өздері жасайтын тәжірибенің алға қойған
мақсатын білу керек. Физиканы оқытудың алғашқы
сатысында-ақ оқушыларды өз бетімен эксперимент жасауға
үйрету керек. Физикалық эксперимент жасау кезінде физикалық
заңдылықтардың дұрыс екендігіне көздері жетеді.
Сонымен бірге оқу материалдарын неғұрлым тереңірек
меңгеріп, физикалық құралдармен жұмыс істеу
дағдыларын өмірде қолдана білуге дағдыланады. [2]
Эксперименттік
есептерді сабақ кезінде ұйымдастырудың жолдары мынадай:
-
жаңа сабақты бекіту кезінде оқушылар есепті
мұғаліммен бірлесе отырып шығарады.
-
өтілген материалды қалай меңгергенін тексеру кезінде.
Мұнда оқушы тақтаға шақырылып, эксперименттік
есепті шығарады. Қажетті құрал-жабдықтарды
өзі таңдайды.
- үйге берілетін эксперименттік есептер. [3]
Физика
сабақтарында оқушылардың эксперименттік жұмыс
дағдысын, шығармашылық қабілетін дамыту
тұрғысынан арттыруға болады. Оқушы қабілеті
дегеніміз – оның педагогикалық ықпал аясындағы білім
алу әрекеті. Жеке тұлғаны дамыту, оқыту әдістері
оның шығармашылық қабілетінің дамуына әсер
етеді. Шығармашылық қызметтен тәжірибе
жинақталған сайын есеп бұрынғыдан да тез
шығарылатын болады. Шығармашылық қабілеттерін артыруда
эксперименттік тапсырмаларды үйге берудің маңызы ерекше.
Экспериментті жүргізудің дидактикалық құрылымы
мынадай болуы мүмкін: демонстрациялық тәжірибелер, фронтальды
зертханалық жұмыстар, физикалық практикум, үй
жағдайындағы тәжірибелер. Мұғалімнің
үйге эксперименттік тапсырмалар беруі сирек кездеседі. Дегенмен де
оқу процесінде осы тәсілді қолданудың ерекше
маңыздылығы – үй жұмысының формасын
түрлендіреді, оқушының алдына өздігінен эксперименттік
тәжірибе жасау арқылы ғана шешілетін мәселені қояды.
Үй тапсырмасына берілетін эксперименттік тапсырмалар оқушының
интеллектуалдық, пәндік, ұйымдастыру-танымдық,
еңбек ету сияқтықабілеттерін және шеберліктерін
дамытады. Физикадан эксперименттік тапсырмаларды үйге беру осы
пәнге ерекше қызығушылықты тудырады. Өйткені
мұнда жергілікті табиғи және тұрмыстық
жағдайлар ескеріледі. [2]
Физикалық
құбылыстардың негізін ұғыну, түсініктерді,
теорияны игеру процесі әр оқушыда бірдей жүрмейді.
Оқыған материалды біреулері тез игереді, енді біреулеріне ой
қорытуына және есіне сақтауына көп уақытты
қажет етеді. Үйде оқушылар әрқайсысы өз
қарқынымен жұмыс істейді. Үй тапсырмасы дұрыс
ұйымдастырылса, сабақ кезіндегі алған білімдерін бекітуге
және тереңдетуге көмектеседі.
Кейбір
эксперименттік тапсырмаларға мысалдар келтірейін.
1. Медициналық
шприцтің, балалардың сүт ішетін бөтелкесінің,
градусниктің бөлік құнын және өлшеу шегін
анықта.
2. Заттың көлемін
біле отырып, ығысқан судың салмағын есепте және
оны осы заттың салмағымен салыстыр.
3.
Миллиметрлік бөлігі бар сызғышпен рычагтың иіндерін
өлше, күштен қанша ұтатынын есепте. [1]
4. Сыйымдылығы белгілі
ыдысқа шай құйып, температурасын термометрмен өлше.
Үстіне қайнаған су құйып, тағы да
температурасын өлше. Шайдың алған және
қайнаған судың берген жылу мөлшерлерін есепте және
салыстыр.
5. Ыдысқа мұз
кесектерін сал, сыртқы термометрдің көрсетуін пайдаланып
судың еруін бақыла. Минут сайын термометрдің көрсетуін
жазып ал, графигін сыз.
6. Шырша гирляндасындағы
шамның қосылу түрін анықтап қарап, әр
шамның кернеуін есепте. Шамдардың қосылу схемасын сызып
көрсет.
7. Горизонталь
лақтырылған тастың, доптың лақтыру
жылдамдығын есепте. Доптың ұшу алыстығын, биіктігін
өлшеуіш лентамен өлшеуге болады.
8. Сызғыштың
көмегімен механикалық сағаттың минуттық тілі мен
сағаттық тілінің ұштарының жылдамдығын тап.
9. Краннан аққан
судың жылдамдығын анықта.
10.
Шашыратқыш линзаның бас фокус аралығын анықта.
Қорыта
келгенде, физиканы өмірлік тәжірибемен ұштастыру
табиғат заңдарының физикалық мағынасын
дұрыс түсінуге, теориялық білімді практикада қолдана
білуге баулиды. Эксперименттік дағдыны өмірде, тұрмыста
қолдана білген оқушының білімі шыңдала түседі.
Жоққа жауап іздеп, алға ұмтылады. Еліміздің білім
беру жүйесі әлемдік білім беру кеңістігіне бет алған
тұста әр баланы әр сабақтың жеке кейіпкері ете
біліп, шығармашылық шәкірт даярлай алған ұстаз ғана
мақсатына жете алады деп ойлаймын.
«Мұғалім-мәңгі
нұрдың қызметшісі, ол барлық ой мен қиял
әрекетіне дәнін сеуіп, нұр құятын тынышсыз,
лаулаған жалын иесі»,- деп Ян Амос Каменский айтқандай ұлы
қасиеттерді бойына жинақтаған мұғалім ғана
нағыз ұстаз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.
Мұсабеков О. «Қолданбалы физика есептері» Алматы, 1997
жыл.
2.
Арыстанов Т. «Физикадан эксперименттік есептер шығару», «Математика
және физика» журналы №3, 2004 жыл.
3.
Байгулиева М. «Эксперименттік есептер шығару әдістемесі»,
«Математика және физика» журналы №3, 2003 жыл.